Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов-географ және саяхатшы

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов-географ және саяхатшы


Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың (1835—1865) есімі Қазақстандық мәдениеті мен қоғамдық-ғылыми ойының тарихында заңды түрде құрметті орын алды. Осынау бір аса көрнекті ғалым әрі ағартушы Шығыс халықтарының география, тарих, этнография, фольклор салаларында айтарлықтай толымды да жемісті ғылыми зерттеулер жүргізді және сол бір кезде сыры-қыры ашылмаған беймәлім елдерге асқан қауіп-қатерге белді буып, батылдықпен саяхат жасады. Ол өз отандастарының арасынан алғашқылардың бірі болып суырылып шығып, тылсым жатқан қазақ даласында прогресшіл озық идеяларды таратуға құлшына ат салысты, орыс және қазақ халықтарының шынайы достығын шыңдауға игі істер тындырды. Өзінің ғылыми еңбектерінде, сондай-ақ бүкіл жанқиярлық қызметімен ол қазақтардың орыстармен қаны да, жаны да бір тарихи туыстығын» дәлелдеп берді. Шындығында да, біз басқа зерттеушілердің қызметін сөз еткенде олардың Қазақстан территориясының белгілі бір бөліктерін ғана географиялық жағынан танып білу ісіне қосқан үлесін баяндаумен шектелсек, ал Ш.Ш.Уәлихановқа жалпы мағынасындағы аса зерделі географ-саяхатшы ретінде қараймыз.

«Европаша толық білімдар тұңғыш қазақ» (Ф. М. Достоевский) он тоғызыншы ғасырдың орта шенінен бастап орыстың қоғамдық ой-пікірінің озық идеялары кең тараған Омбыда оқып, білім алды. Мұнда ол жер аударылып келген петрашевшіл С.Ф.Дуровпен, жазушы Ф.М.Достоевскиймен, аса көрнекті географ — ғалым П.П.Семенов-Тян-Шанскиймен, Шығыс зерттеуші ғалымдар И.Н.Березинмен, Н.М.Ядринцевпен және басқа зиялы адамдармен танысты. Сөйтіп олар жас Шоқанның көзқарастарының қалыптасуына шешуші ықпал етті.

Шоқан Уәлихановты білімге баулыған Омбыдағы Сібір кадет корпусы сол кездегі ең таңдаулы оқу орындарының бірі болатын. Оның қабырғасынан толып жатқан қоғам қайраткерлері мен ғалымдар шықты. Кадет корпусының бұрынғы шәкірттері В.И.Вагин, Г.Н.Потанин, Н.Ф.Анненский және т.б. тамаша ғылыми зерттеулер жасап және географиялық жаңалықтар ашып, даңққа бөленді. /1. 106-136 бет/

Кадет корпусын бітіргеннен кейін (1853) Батыс Сібір генерал-губернаторының аппаратында қызмет істеп жүрген кезінде Шоқан Ұлы жүз қазақтары мен Ыстықкөл қырғыздарының Ресейге бейбіт жолмен қосылуы жөніндегі мәселені шешуге белсене қатысады. Қоқан хандығының Жетісу мен Қырғызстандағы ықпалын жою үшін және ол жерлерді Ресейге бейбіт жолмен қосып алу мақсатымен патша әкімшілігі жергілікті халықпен келіссөз жүргізуге жас қазақ офицерін пайдаланды. Осы маңызды тапсырманы орындау барысында Шоқан сонымен бірге өз сапарын қазақтар мен қырғыздардың географиясын, тарихын, әдет-ғұрпын, тұрмысын зерттеп білуге пайдаланды.

1855 жылы Уәлиханов генерал Гасфорттың Орталық Қазақстанды, Жетісуды және Тарбағатайды аралаған сапарына қатысты. Олар Омбы қаласынан шығып, Семей қаласына барды, одан Аягөз бен Қапал арқылы Іле Алатауыиа өтті. Қайтар жолда Шоқан Гасфортты Алтынемел асуына дейін ғана ұзатып салды да, одан әрі өз бетімен Жоңғар қақпасына, Алакөлге және Тарбағатай тауына сапар шекті. Содан соң ол Қарқаралы, Баянауыл және Қөкшетау қалалары арқылы Орталық Қазақстанға жол тартып. Омбыға қайтып оралды. Бұл сапар жас саяхатшыға ұмытылмастай әсер қалдырды. Сөйтіп ол Қазақстаннық табиғат жағдайларымен және халықтың өмірімен тұңғыш рет кең көлемде танысты.

1856 жылғы шілдеде Шоқан Құлжа қаласына аттанады. Сапардың негізгі мақсаты — Қытаймен сауда қатынастарын жолға қою туралы қытай өкімет орындарымен келіссөз жүргізу еді. Өйткені Шүгішектегі орыстың сауда-саттық орны өртеніп кеткеннен кейін екі арадағы қарым-қатынас үзіліп қалған-ды. Уәлихановтың алдында даулы шекара мәселелерін шешумен байланысты күрделі дипломатиялық миссияны атқару міндеті тұрды. Ол осынау бір маңызды тапсырманы ойдағыдай орындап шықты. Құлжа өлкесінде; үш айға жуық болған Шоқан аймақтың физикалық-географиялық жағдайларымен, халықтың өмірімен және тарихымен танысты.

Ш.Ш.Уәлихановтың 1856—1857 жылдардағы саяхаттарының ғылыми нәтижелері оның «Ыстықкөлге сапар күнделіктері», «Іленің арғы бетіндегі өлкенің географиялық очеркі», Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы», «Қырғыздар туралы жазбалар» және басқа еңбектерінде жүйелі түрде баяндалған. Сол бір шыгармаларының өзінде-ақ 21—22-ге жаңа толған жас Шоқан өзін Тянь-Шань мен Жетісудың географиясын, сол аймақтарды мекендейтін халықтардың тарихын бес саусағындай тамаша білетін байқампаз да дарынды ғалым ретінде танытты.

Шоқан Уәлихановтың зерттеулері П.П.Семенов-Тян-Шанский арқылы Петербургтың ғылыми топтарына мәлім бола бастады. Ал көрнекті орыс ғалымының өзі Е.Ламанскиймен бірлесіп Шоқан Уалихановтың еңбектері туралы пікірлерін жазып, ұсыныс жасады. Сол пікірдің тұжырымды протоколдық жазбасында былай делінген: «Шоқан Уәлиханов Ыстықкөлдің шығыс жағалауына сапар шегіп, Қырғыз даласы хақында аса бай географиялық, этнографиялық және тарихи материалдар жинады. Жас ғалым сол деректерді мәлімдеуге әзір».

Шоқан Уәлиханов 1857 жылғы 21 ақпанда Орыс География қоғамының толық мүшесі болып сайланды. Ал мұның өзі жас ғалымның орыс ғылымы алдындағы аса көрнекті еңбегін бірауыздан мойындау еді.

Өзін ержүрек саяхатшы ретінде даңққа бөлеген Қашқар сапарына Шоқан 1858—1859 жылдарда шықты. Бұл мейлінше қауіп-қатерге толы сапар еді

Экспедицияны жолға дайындаған шақта (1857 жылдың аяғы 1858 жылдың басы) Шоқан Жетісуда болды. 1858 жылғы 12 февральда Верныйда генерал Гасфортқа мынадай хабар жолдады: «Қыстың қатал болуына және қардың өте-мете көп жаууына байланысты Алатау тауларының жолдары мен асуларыньң бәрі түгелдей қараша айынан бері бітеліп қалды және олардың ақпанның аяғына дейін ашыла қоюы неғайбыл». Сөйтіп ол Жетісуда керуеннің келуін күтті.Керуен Қапалдан 30 шақырымдай қашықтықтағы Қарамола жотасының бөктерінде орналасқан Сарыбас ауылынан жолға шықпақ болып белгіленді. Шоқан бұл араға 1858 жылғы 28 маусымда жетіп, Семей қаласынан келген керуенге қосылды. Керуеннің құрамында 43 адам, 101 түйе, 65 салт және жүк тиелген ат, сондай-ақ 6 киіз үй бар еді. Шоқан өзінің офицерлік киімін тастап, басына сәлде тартып, ұлттық ұзын шапан киді және шашын ұстарамен алдырып тастады. /11. 136-139 бет/

Ш.Ш.Уәлиханов Қашқарияда 1859 жылғы марттың ортасына дейін жарты жылға жуық болған. Осы мерзім ішінде ол қаламен танысып, Алтышаһар елін зерттейді. Солтүстігінде Тянь-Шань, оңтүстігінде Кунь-Лунь таулары қоршап тұрған Қашқар, Ақсу, Үш Турфан, Жанасар, Жаркент және Қотан қалалары сол кезде Алтышәһар деп жалпылама аталатынды. Сол дәуірде бұл қалалар Қоқан хандығына бағынған. Сондықтан Орта Азиямен және Қазақстанмен саяси әрі сауда-саттық қатынастары үшін ашық өлке са-налған. Жат адамдардың назарын аудармас үшін Шоқан керуеншілердің сауда-саттық ісіне де араласуға мәжбүр болады. (2 – ҚОСЫМША).

Шоқан Қашқария елінің саяси әрі экономикалық құрылымың тарихы және этнографиясы бойынша мол деректі материалдар жинақтайды. Қоқандықтар арқылы Қашқарияның саяси және сауда қайраткерлерімен, мәдениет өкілдерімен танысьп, ол Алтышаһардың өткендегісі мен бүгінгісі туралы өте құнды мағлұматтарды естіп құлағына құйып алады.

Қашқарияда Шоқан ұйғыр тілін тәп-тәуір үйреніп алады. Ғалымның архивінде оның Қашқарияда ұйғыр тілінде жазғандары сақталған.

1859 жылғы 11 наурызда олар қайтар жолға шығады. Қайтар жол Теректіден сәл оңға қарай Тұрғарт асуын басып өтетін-ді. Тұрғарттан керуен биік таудағы Шайыркөлге бет алды, ол көл жөнінде ғалым ел аузынан толып жатқан тарихи әңгімелер мен аңыздар естіген-ді. Шоқан осынау бір керемет әсем көлге келген тұңғыш саяхатшы еді. Ол арадан керуен Атбашы және Үзген езендерінің аңғарлары арқылы Нарын өзенінің оңтүстік жағасында орналасқан Қоқанның Құртқа бекінісіне шықты. Одан әрі керуен Нарын өзенінің бойын өрлеп, солтүстік-шығысқа қарай шеру тартты. Содан 6 сәуірде Жетімшоқы маңында Зәуке асуы арқылы Ыстықкөл алқабына баратын үлкен керуен жолын кесіп өтті. Ақыры Ыстықкөлдің шығыс жағалауы, Іле алқабы арқылы 12 сәуірде Верный қаласына оралды.

Ш.Ш.Уәлиханов Петербургқа тек 1859 жылдың аяқ шенінде ғана келді. Орыс ғылымдары оны ержүрек саяхатшы, Орта Азия Қазақстанды Терең білетін зиялы зерттеуші ретінде қарсы алды. П.П.Семенов Тян-Шанский Уәлихановты Петербургта ғылыми жұмысқа қалдыру жөнінде үкіметке өтініш білдірді. Шоқан Азия департаментінің штатына тіркелді. Сонымен қатар Бас штабтың Әскери-ғылыми комитетінде, Сыртқы істер министрлігінде, Орыс География қоғамында да қызмет атқарды. Мұнда жас ғалым өз еңбектерін География қоғамының басылымдарында жариялауға әзірледі. Шоқанның «Жоңғар очерктері», «Алтышәһардың немесе Қытайдың Нан –Лу (Кіші Бұқардағы) алты қаланың 1858-1859 жылдардағы жай-күйі туралы» және т.б. еңбектері 1861 жылы «География қоғамының жазбаларында» жарық көрді,

1865 жылғы сәуірде қазақ халқының аяулы ұлы, аса көрнекті ғалымы, әрі саяхатшысы мезгілсіз дүние салды. /7. 104-106 бет/

Орта Азияны, Қазақстанды және Шығыс Түркістанды зерттеуші ретіндегі Ш.Уәлихановтық ғылыми еңбегін әлемдік ғылым бірауыздан мойындады. Оның еңбектері орыс, ағылшын, неміс және француз тілдерінде басылып шықты. Тамаша қазақ ғалымының толымды туындыларына орыс ғалымдары П.П.Семенов Тян-Шанский, И.В.Мушкетов, Н.Н.Веселовский, Н.А.Аристов, Н.И.Березин, Г.Е.Грум Гржимайло, Г.Н.Потанин және басқалар лайықты баға берді.

Ш.Уәлиханов артында мол ғылыми мұра қалдырды. Ол Орта Азия мен Қазақстанның тарихына, географиясына және этнографиясына арналған аса маңызды қыруар еңбектер жазып үлгерді, сондай-ақ оның қаламынан қоғамдық-саяси тақырыптарға арналған көптеген шығармалар туды. Ш.Уәлиханов бірқатар шығыс және европа тілдерін жақсы білді. Мұның өзі оған Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихы мен географиясына қатысты шығыс және европалық көне деректер меи ескерткіштерді түпнұсқа бойынша зерттеуге мүмкіндік берді. Сол сияқты ол парсы, араб және түрік тілдерінде жазылған бірқатар кітаптарын («Бабыр-на-ме», «Тарихи-Рашида», «Тазкирян ходжаган» және т. б.) текстерімен де жұмыс істеді. Петербургта Азия департаменті жанындағы жоғары мектепте ол Азияға қызмет істейтін адамдар үшін түрік тілдерінен сабақ берді.

Ш.Уәлихановтың ғылыми еңбектері арасында оның Жетісу, Ыстықкөл, Тянь-Шань және Шығыс Түркістан бойынша тарихи-географиялық шолуға арналған зерттеулері өте-мөте көңіл аударарлық. Орта Азияны зерттеп білу оньң ежелгі арманы болатын. Сондықтан да ғалым өзінің күллі өмірін осы игі іске бағыштады.

Ш.Ш.Уәлихановтың өзі зерттеген аймақтардың географиялық шекараларын неғұрлым дәлірек белгілеуге ұмтылған талабын ерекше атап өткен жөн. Мәселен, ол Іле өзенінің шекараларын «Іле мен Күнгей Алатауының қар басқан жоталары арасында ұзыннан-ұзақ созылғап жатқан «алқап» ретінде анықтап, «алқаптың» батысқа қарай кеңейе түсетінін» атап көрсетті.

Бұдан ғалымнық өзі зерттеген аудандардың шекараларын анықтағанда белгілі бір аймақтың физикалық-географиялық жағдайларын ескеретінін байқауға болады. Ал бұл жағдайлар жер бедеріне, топыраққа, климатқа, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне және т. б. байланысты.

Зерттеген аймағының географиясын қарастырған кезде Шоқан ең әуелі жер бетінің құрылымын, сондай-ақ жалпы сол ауданның табиғи жағдайларының ерекшеліктерін айқындап алады. Семей өңірінің «сортаң шөлейт даласы», Арқаты шоқысы, Жоңғар Алатауы және Солтүстік Тянь-Шаньның алқаптары мен жоталары туралы оның байқаулары, міне, осыны дәлелдейді.

Географиялық әдебиетте Уәлиханов тұңғыш рет Тянь-Шань Сыртын ашты және оның климат ерекшеліктері мен жаратылысын негізінен дұрыс сипаттады. Оның ойынша, Тянь-Шань Сыртқы Зәуке асуынан Теректі Дауанға дейінгі кеңістікті альп жатыр және ол «биік таулы әрі құзды-шыңды атырап» болып есептеледі. Сырт 4000 м биіктікте орналасқан, сондықтан оның климаты өте қатаң болып келеді.

Ш.Ш.Уәлиханов тұңғыш рет Түркістанның «Кіші Бұхардың» географиялық мінездемесін берді. Оның географиялық шолуы жер бедерін суреттеуденден және географиялық жағдайын анықтаудан басталады. Қашқария экспедициясы туралы есебінде Шоқан былай деп атап көрсетеді: «I ғасырдағы қытай жылнамалары ескерткеніндей, сондай-ақ Риттер көңіл аударуды ұсынғанындай, Қашқарияда ешбір жерде қант құрағы өспейді. «Біздің ойымызша, — деп сөзін сабақтайды жас қазақ ғалымы, — қытайлар жергілікті тұрғындардың балалары сабақтарынан шыққан тәтті шырынын сорып дағдыланған қант соргосын немесе жүгеріні солайша атаған болса керек».

Ішкі Тянь-Шань мен Қашқарияның Ш.Ш.Уәлиханов берген сипаттамасы сол уақыт үшін үлкен жаңалық еді. Бұл орайда Шоқан «Тянь-Шаньның солтүстік беткейі ең жаңа заманда Россия тарапынан зерттеле бастағанымен, біздің әріптесіміз П.П.Семенов Яксарт тармақтарының бірі болып саналатын Нарын өзенінің бастауларынан әрі аса алмады; ал мен болсам Тянь-Шаньды екі бағытта кесіп өттім. Қашқария мен Жанашардың төңіректерін түгел шарлап, сол Жанашар мен Жәркенттің аралығындағы құм жоталарына дейін жеттім» — деп жазды.

Орта Азия мен Қазақстанның көлдерінің ішінде Ш. Ш. Уәлиханов Алакөлге, Балқашқа және Ыстықкелге көптен-көп көңіл бөлді. «Алакөл мен Балқаш көлдері бірге біршама бертін көзге дейін біртұтас су қоймасы болғанға ұқсайды, өйткені, қырғыздардың айтуы бойынша, Алакөл қазірдің өзінде де көктемде су жайылған шақта сортаң алқап арқылы Балқашпен қосылып кетеді», — деп жазды ғалым.

Ш.Ш.Уәлиханов өсімдіктер мен жануарлардың географиялық таралу ерекшеліктері жайында өте қызғылықты бақылаулар жүргізген. Ыстықкөлге барған сапары кезінде ол орнитологиялық (құстар дүниесі) және энтомологиялық (насекомдар дүниесі) коллекциялар жинаған. «Сол жинағандарымды өзім жоқта таныстарымның біреуі Дрезденге жіберіпті, бірақ одан әлі хабар алғаным жоқ», — деп жазды Шоқан «Жоңғар очерктерінде».

Қазақстанның жазық далаларына жасаған саяхаттарын суреттеуді аяқтай келіп, Ш.Ш.Уәлиханов жазық жерлердің өсімдіктері қырғыз даласының оңтүстік бөлігіндегілерге ұқсастығын, ал қыратты-адырлы аймақтарындағы өсімдіктер көп жағдайда таулы өңірдегілерге ұқсайтынын атап көрсетеді. Ғалым Тянь-Шаньның солтүстік және оңтүстік беткейлеріндегі өсімдіктердің бір-бірінен айырмашылығын да сөз етеді.

Ш.Ш.Уәлиханов тұңғыш рет Тянь-Шаньның сүтқоректі жануарлары мен құстарын зерттеді және олардың таралу заңдылығын анықтап алғаш рет аудандастырды. Ғалымның деректері бойынша, Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шаньның биік белдеулерінде оңтүстік Сібір мен қырғыз даласының таулы аймақтарына тән сүтқоректілер таралған. Шоқан бұл пікірін Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шаньның тауларында да бұғы, тауешкі, арқар, қарақоңыр және қызғылт түлкі, ақтөс сусар және т. б. кездесетінін айтып дәлелдейді.

Ш.Ш.Уалиханов өзі зерттеген елдерді картаға түсіру ісіне елеулі үлес қосты. Оның архивінде толып жатқан чертеждер, карталар, схемалардың сызбалары сақталған, олардың көпшілігі осы күнге дейін сыры ашылмай және қалпына келтірілмей жатыр.

1855—1856 жылдары Орталық Қазақстанға, Тарбағатайға, Жетісуға саяхат жасаған және ғылыми экспедицияның құрамында Ыстықкөлге сапар шеккен кезінде Ш.Ш.Уәлихановтың алдында ғылыми қызметін өрістету үшін кең өріс ашылды. Ш.Уәлихановтың сол саяхаттарының күнделік жазбалары жүрген жолдарының схемалық карталарымен және түрліше схема, чертеждермен толықтырылған. Мәселен, «Ыстықкөлге сапар күнделігінде» «Хоментовский отрядінің Торайғыр таулары арқылы маршруты», «Торайғыр тауларынан Күнгей Алатаудың көрінісі», «Отрядтың Мерке өзенінде түнеуі», «Шарын өзенінің шатқалы» атты суреттері келтірілген. Ол тұңғыш рет «Қарқара өзені алқабының схемалық картасын», «Солтүстік Тянь-Шань асуларының карта-схемасын жасап, оларда осы күнгі Алматы облысы оңтүстік-шығыс бөлігінің орографиясы мен гидрографиялық торын өте-мөте дәлдікпен бейнелеп, суретке салды. Ыстықкөлдің шығыс жағалауын топографиялық сьемкаға түсіру арқасында алғаш рет сол көлдің шығыс беткейінің дәлме-дәл карталары қолға тиді.

Ш.Ш.Уәлиханов дипломатиялық тапсырмамен Құлжаға сапар шеккен кезінде өте құнды картографиялық материал жинады. Ол Алтынемел шоқысынан Құлжа қаласына дейінгі жолдың схемалық картасын жасады. Шоқан Құлжа қаласының жобасын Зәуке өзенінің жоғары сағасын, Орталық Тянь-Шаньның асуларын, Қашқар қаласының сұлбасын, Жәркент қаласының толық жобасын, Ақсу қаласының шаһар дарбазалары мен қолөнер орындары жайғасқан кварталдары қоса түсірілген жобасын, Қашқария қаласы төңірегінің сұлбасын, Қашқариядан Ташкентке дейінгі жолдың картасын және т. б. суретке салып алды. Ш.Уәлиханов өз саяхаттарына әзірлік кезінде тарихи ескерткіштер мен деректерді зерттеу негізінде бірқатар карталар жасады. Олардың қатарына «Тарихи-Рашиди» кітабы бойынша жасалған «Монғолстанның схемалық картасы», «М.Ғабдулмажитовтың Ыстықкөлден Қашқарияға дейінгі маршруты» атты және т.б. еңбектері жатады.

Орта Азиямен Шығыс Түркістанның картасын құрастырған кезде Ш.Ш.Уәлихановқа көптеген ескі деректер мен материалдарды ақтарып зерттеуге, өз ізденістерімен қатар ғылыми әдебиетке де сүйенуге тура келгенін дәлелдейді. Архивте сол сияқты Ш.Ш.Уәлиханов құрастырып, әскери-топографиялық депоның архивіне түскен (1860 жылдың 1 наурызынан 1 сәуіріне дейін) кейбір карталардың тізімі келтірілген. Олардың арасында мыналар бар:

  1. Құлжа қаласының планы (бір парақ, бір дана, № 52854).

  1. Балқаш көлі мен Алатау жотасының аралығындағы кеңістіктің картасы (бір парақ, бір дана, № 52853).

  1. Іле өзенінің төменгі сағасының картасы (1 парақ, № 52854).

  1. Іле өлкесінің батыс бөлігіне әскери барлау (1 парақ, № 52855). Азия бөлімшесінің қорында экспедиция жұмысының нәтижесі туралы есепке қоса Ыстықкөлдің картасы да сақталған.

Ш.Ш.Уәлиханов құрастырған карталардың осынау толық емес тізімінің өзі-ақ оның Бас штабпен, Азия департаментімен және басқа мекемелермен бірлесіп, Петербургте қаншалықты зор іс тындырғанын көрсетеді.

«Орталық Тянь-Шань асуларының» схемалық картасы сол аймақты зерттеу тарихында осы тектес карталардың тырнақалдысы болды. Ш.Ш.Уәлиханов онда жоталардың орналасу қалпын біршама дәлме-дәл берді. Ондағы таулардың бағыты осы заманғы картадағыларға мүлде дерлік сәйкес келеді. Орталық Тянь-Шаньнан бастау алатын өзендердің, олардың салаларының атаулары берілген. Теріскей Алатаудың солтүстік беткейінен ағып шығатын өзендердің (Зәуке, Қызылсу, Жырғалаң, Түргенақсу, Текес, Түп) бастаулары дұрыс көрсетілген. Картадан Нарын өзенінің қайнар көзі Шәһарқорым тауының оңтүстік беткейінен басталатын өзендерде жатқаны сезіледі. Толып жатқан оң салалары бар ең үлкен өзен Сарыжаз өзені болуға тиіс, ол картаньң шығыс қапталында бейнеленген.

Ш.Ш.Уәлиханов зерттеулерінің ішіндегі ең маңыздысы әрі қызғылықтысы — оның Шығыс Түркістанға жинаған материалдары. Ғалымның қолжазбаларының архивінде Шоқанның күнделіктерінде жазғандарымен қоса толып жатқан суреттемелер, топографиялық және географиялық карталар бар.

Орталық Азияның Ш.Ш,Уәлиханов құрастырған картасы құнды жақтарымен қатар кейбір кемшіліктерден де құралақан емес-ті. Қашқарияны қоршап тұрған негізгі тау жоталарының орналасу қалпы мен бағытын Шоқан асқан дәлме-дәлдікпен берген. /18. 282-289 бет/

Мәселен, Уәлихановтың картасында Тянь-Шань таулары Қотан қаласының оңтүстік жағында Шығыс Түркістанды оңтүстіктен қоршап тұрған болып көрсетілген. Шын мәнісінде Нань-Шань едәуір шығысқа қарай орналасқан, ал картадағы оның орнында Кунь-лунь таулары тұр. Бірақ мұның өзі картаны сызу барысында кеткен ағаттық сияқты. Өйткені «Алтыншәһардың жағдайы туралы» есебінде Шоқан былай деп айқын жазады: «Шығыс Түркістанды үш жағынан таулар қоршап тұр: солтүстігінде Тянь-Шань, батысында — Болор және оңтүстігінде — Кунь-Лунь». Біз бұл айтылғаннан Қашқарияны оңтүстігінде Нань-Шань емес, Кунь-Луңь таулары қоршайтынын Шоқанның жақсы білгенін байқаймыз.

Ш.Ш.Уәлиханов 1852 жылы құрастырған тағы бір карта бар. Ол — Торғай даласы мен Құсмұрын дуанының қауырсынмен сызылып жасалған схемалық картасы. Картаның практикалық зор маңызы бар, өйткені оны Қазақстанның осы күнгі картасымен салыстыра отырып, кейбір геогра-фиялық объектілердің ол кезде қандай роль атқарғанын түсінуге болады.

Бәрінен бұрын бұл картаның Уәлиханов жасаған басқа да құралдардан аса маңызды бір артықшылығын атап өткен орынды. Ол — картада масштаб көрсеткішінің біршама сақталуы. Сондықтан ол практикада қолдану үшін өте құнды құрал болып табылады

Ш.Ш.Уәлиханов жинастырып, ғылыми мекемелерге тапсырған зоологиялық, геологиялық, нумизматикалық (ескі ақша, медальдарды зерттеу) және басқа коллекцияларды іздестіріп табу ісі әзірше ойдағыдай нәтиже бермей отыр. Ал көптеген ғалымдар ондай материалдардың бар екенін дәлелдейді. Мысалы, И.В.Мушкетов былай деп жазғанды: «Ш.Ш.Уәлиханов Орталық Тянь-Шань арқылы саяхат жасаған кезінде жолай ұшырасқан тау-кен жыныстарының коллекциясын жасаған. Сондай-ақ Жаркент маңындағы Міржай тауларынан және Қарақас өзенінің бойынан нефрит түйірлерін, Болор яшмасын, мраморын, хрусталін, Керия өзенінің құм арасындағы алтын түйіршіктерін жинаған» . Өкінішке орай, сол бір сирек кездесетін коллекциялар қолға түспей, жоғалып кеткен.

Ш.Ш.Уәлихановтың географиялық мұрасы осынау бір ғажайып қазақ ұлының ғылымға жан-тәнімен берілген саяхатшы әрі ғалым екенін дәлелдейді. Шоқан сапар кезінде қиын-қыстау жағдайларда асқан батылдық пен ержүректік танытты. Өзінің жан-жақты асқан дарындылығы, тапқырлығы, еңбекқорлығы арқасында ол өз дәуірінің өте білгір де парасатты саяхатшы-географы дәрежесіне көтерілді. Шоқан ат ізін салған аймақтардың географиялық сипаты . құбылыстарды ауқымды қамтумен ерекшеленеді. Зерттеген жерлерін дәлме-дәл әрі толық баяндау, Орта Азия халықтарының тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын бүге-шігесіне дейін суреттеу жөнінен Шоқан Уәлихановтың бірегей туындыларының шоқтығы өзінің көптеген замандастарының еңбектерінен әлдеқайда биік тұр. Әсіресе Орта Азия мен Қазақстан халықтарының этнографиясын, материалдық және рухани мәдениетін танып-білуде Шоқанның сіңірген еңбегі орасан зор. Сондықтан да бір кезде мешеу қалған халықтың жарқырап туған жұлдызы болған ол өз заманының аса көрнекті ғалымдары арасында тарих ұсынған лайықты орнында тұр.