CASIE-2016 симпозиумы-кәсіптік білім беру саласында ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың мүмкіндігін дамытуға бағытталған жол
[pic]
Елбасымыз Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 77-ші қадамын жүзеге асыруға қатысатын республикамыздың 10 үздік колледждер қатарына енген Жамбыл политехникалық колледжі үстіміздегі жылдың маусым айында Астана қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттерінің білім берудегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі V симпозиумына (CASIE-2016) қатысты. Симпозиумға Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген 60-тан аса маман бірлескен талқылау жасауға шақырылды. CASIE-2016 қатысушылары Орталық Азия елдерінің кәсіптік-техникалық білім беру саласында АКТ-ды пайдалану дағдыларын дамытудағы мәселелерді талқылады. Симпозиум барысында Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан, Корея мен ЮНЕСКО-ның Бангкоктағы бюросының өкілдері кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы ақпараттық технологиялар жөніндегі жасалған үздік жобалармен таныстырды. Қазақстанның барлық дерлік колледждері өз жобаларын ұсынып, жетістіктерін көрмеге қойды. Жамбыл политехникалық колледжі оқытушы Ильяс Айдостың жетекшілігімен «Радиоэлектроника және байланыс» мамандығының студенттерінің ғылыми-шығармашылық жұмысы «Виртуалды контакт-орталығы» жобасын ұсынды. Виртуалды контакт-орталығы мекеме ішінде ұялы телефон арқылы немесе компьютер арқылы тегін байланысқа шығуға болатындығымен ерекшеленіп, көпшіліктің назарын өзіне аударды.
Тұтынушымен тығыз қатынаста болу үшін қазіргі замандық контакт-орталықтарының (Contact Center) көптеген саласы дамып келеді. Солардың ең жаңа түрі, экономикалық және әлеуметтік жағынан тиімдісі виртуалды контакт-орталықтары. Виртуалды контакт-орталықтары күнделікті өмірде өзіміз естіп жүрген шақыруларға қызмет көрсету (колл-орталықтар, контакт-орталық) орталықтарының жаңадан бағыт алған саласы. Әуелі «виртуалды контакт-орталығының қарапайым контакт-орталықтарынан қандай айырмашылығы бар?»-деген сұрақты қарастырып өтейік. Бұл жерде операторлар арнайы орталықтарда отырмай-ақ, үйлерінде отырып, не болмаса басқа жерлерде жүріп тұтынушыларға қызмет көрсетуге мүмкіндік алады. Тек ғаламтор желісіне қосылуға мүмкіндік болса жеткілікті. Виртуалды контакт-орталықтары IP – технологиясын және ғаламтор желілерін қолданатын болғандықтан, байланыс желісіне кететін қаражат мөлшері де әлдеқайда төмендейді. Бұл жоба қысқа мерзімде жобаланады, оған кететін шығын мөлшері әлде қайда аз және ол виртуалды болғандықтан контакт-орталықтарда қызметкерлердің таңнан кешке дейін отыруын, арнайы бөлмелерді жалға алуды талап етпейді. Операторлар, жұмысшылар тұтынушылардың қандай да бір сұрақтарына кез-келген жерде жүріп жауап бере алады, тек ғаламтор желісіне қосылатын мүмкіндік болса жеткілікті.
Осындай қолжетімді жобалар 1306000 «Радиоэлектроника және байланыс» мамандық студенттерінің кәсіби біліктілігін шыңдауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Бұл симпозиумнан үлкен әсер алдық, болашаққа деген жаңа ойлармен, ерекше серпінмен оралдық.
[pic] [pic]
Қ.Б.Бекмолдаева, Жамбыл политехникалық колледжі,
«Ақпараттық жүйелер, радиоэлектроника және байланыс» ЦӘК меңгерушісі