Ғылыми жұмыс
Қазақ және өзбек тілдеріндегі ұқсас сөздер классификациясы
Кіріспе
Қазақ және өзбек тілдері шығу тегі және құрылымы жағынан түркі тілдері семьясына жатады. Басқа тілдер семьясымен салыстырғанда түркі тілдері грамматикалық құрылысы мен сөздік құрамы жағынан бір-біріне өте жақын. Тілдерінде ортақ белгілер көп кездескендіктен, бірқатар түркі халықтарының өкілдері (қазақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр т. б.) бір-бірімен түсінісе алады.
Түркі тілдерінің жақындығын оларға тән мынадай жалпы белгілерден көруге болады:
- фонетика саласында: тілдің және еріннің қатысына қарай дауысты дыбыстарға езу үндестігі және ерін үндестігі, ал дауыссыз дыбыстарға олардың өзара үйлесіп отыруына байланысты ықпал үндестігі тән екендігі;
- морфология саласында: сөзжасам мен сөз түрлендіру тұлғалары сөздің түбірі мен негізіне қосымшалардың жалғануы арқылы жасалатыны, сол себепті түркі тілдері жалғамалы тілдер деп аталатыны, грамматикалық род категориясының болмайтыны, тәуелдеу категориясының арнайы грамматикалық тұлғалар арқылы жасалатыны т. б.
Түркі тілдер ХІ ғасырдан дербес тіл ретінде қалыптаса бастаған. Махмуд Қашғари, Жүсіп Баласағұн, Ахмед Иассауи, Ахмед Йүгнеки сияқты ғұламалар тілдеріміздің дамуына қомақты үлесін қосқан. Сол кезде қалыптасқан түркі тілі қазіргі түркі тілдер үшін негіз болған. ХХ ғасырдың басына дейін қазақ және өзбек ұлттары бір жазудан пайдаланған. Оларда айтарлықтай айырмашылық болмаған. Бүгінгі күнде де бұл тілдер ұқсастығын сақтап қалған.
Қазақ пен өзбек тілінің туыстығы басқа көптеген түркі тілдес халықтарға қарағанда жақын болуының дәлелі толық. «Бұл екі халық бір замандарда «қазақ-өзбек» немесе «өзбек-қазақ» деген ортақ атпен дүниеге мәлім болғанын тарихтың өзі куәландырады. Сонау ХҮ ғасырдың орта тұсында көптеген тайпалар мен рулар бірлестігі «қазақ» деген атпен бөлек хандық құрғанда «өзбек» есімі Мавереннахрға қоныстанған қандастарында қалғаны
белгілі. Осы күні өзбек аталып жүрген ұлттың құрамында өздерінің рулас, тайпалас, бір тілде – қыпшақ тілінде сөйлеген бауырластары бар екенін қазақ халқы білген және ешқашан ұмытпаған. Қазақтардың «өзбек - өз ағам» дейтіні осындай тарихи сананың жаңғырығы. Бұл – қазақтардың өзіне түбірлес өзбекті және оның Орта Азиядағы түрік тілді отырықшы ұлыстармен араласып, жаңа халық болып қалыптасқанын білгендігінің айғағы...» (Р. Бердібай. «Туыс тілдердің табысуы», «Түркістан Университеті» 2001 жыл).
Бұл пікірді дәлелдеу үшін қазақ және өзбек тіліндегі ұқсас сөздердің лексикалық, фонетикалық жағынан ұқсастығына талдау жасаймыз.
Қазақ және өзбек тілдеріне ортақ сөздер
Қазақ және өзбек тілдеріне ортақ сөздерге бір кездегі жалпытүркілік көне лексикадан сақталып қалған, осы күні түркі тілдерінің бәрінде кездесетін сөздер жатады. Сондықтан олар жалпытүркілік сөздер деп те аталады. Жалпытүркілік сөздерден қазақ және өзбек тілдерінің туыстығын, бір тектен шыққандығын көреміз.
Қазақ және өзбек тілдеріне ортақ сөздерді төмендегідей топтарға бөліп зерттедім.
құлақ көз
қол
бел
тіс
шаш
аяқ
қулоқ
кўз
қўл
бел
тиш
соч
оёқ
мал атаулары
ат
түйе
қой
қозы
жылқы
айғыр
от
туя
қўй
қўзи
йилқи
айғир
туыстық атаулары
ана
іні
аға
жиен
құда
келін
қыз
она
ини
оға
жиян
қуда
келин
қиз
жан-жануар атаулары
қоян
түлкі
бөрі
арыстан
жолбарыс
піл
қуён
тулки
бўри
арслон
йўлбарс
фил
табиғат құбылыс-тарының атаулары
су
көл
ай
күн
құм
тас
қар
сув
кўл
ой
кун
қум
тош
қор
түр-түсті білдіретін атаулар
қызыл
жасыл
қара
ақ
көк
қоңыр
қизил
яшил
қора
оқ
кўк
қўнғир
сапа-сынды білдіретін атаулар
қысқа
ұзын
қалың
ескі
сұйық
суық
қисқа
узун
қалин
эски
суюқ
совуқ
сан есімдер
бір
екі
үш
төрт
он
мың
бир
икки
уч
тўрт
ун
минг
есімдіктер
мен
сен
біз
сіз
кім
қанша
мен
сен
биз
сиз
ким
қанча
қимыл атаулары
кел
кет
бар
айт
қой
өт
кел
кет
бор
айт
қўй
ўт
Фонетикалық ерекшеліктер
Қазақ және өзбек тілдері фонетикалық жағынан дауыстылардың келте – созылыңқылығы, жуан немесе жіңішке болуымен бір-бірінен ажыралып тұрады. Сондай-ақ, дауысты дыбыстар саны жағынан да, сапасы жағынан да түрлі-түрлі болып келеді. Қазақ тілінде дауыстылар он бес. Тоғыз жалаң
дауысты дыбыс (а, е, ы, і, ә, о, ө, ұ, ү) екі дифтонг (и, у), қалғандары орыс тілінен еңген даустылар (э, ё, ю, я). Өзбек тілінде дауысты дыбыстар саны он. Алты жалаң дауысты (а, о, у, ў, э, и), төртеуі дифтонг (е, ё, ю, я).
Мен зерттеп отырған тақырыпта дыбыстық жағынан негізгі ерекшелік дыбыс алмасынуы болып саналады. Сондай-ақ, кейбір сөздерде дауыстылардың немесе дауыссыздардың түсіп қалуы, кейбір дауыстардың қосылуы, орын алмасынуы сияқты ерекшеліктер кездеседі. Дыбыс алмасынуының кейбір көріністері жиі кездессе, кейбірлері сирек кездесетін құбылыс саналады. Мұндай құбылыстардың өзіне тән ерекшеліктеріне қарап екі топқа бөліп қарастыруды жөн көрдім.
1. Дауысты дыбыстардың ауысуы.
2. Дыбыстарға тән өзге құбылыстар.
Дауысты дыбыстарға тиісті фонетикалық ерекшеліктер қазақ және өзбек тілдеріндегі дауыстылардың жіңішке – жуан болып келуіне байланысты болады. Сондай-ақ, өзбек тілінде сингармонизмның жоқтығынан зерттеліп отырған тілдердегі сөздер әр түрлі айтылады. Сингармонизм заңы бойынша түбір сөздегі дауыстылар қосымшалардағы дауыстыларды билеп, өзінің әуеніне қарай икемдеп бағындырады. Түбір сөздегі дауысты дыбыс жуан болса, қосымшалардағы дауыстылар соған бағынып, жуан түрде жалғанады. Ал, өзбек тілінде дауыстылар үндестігі сақталмайды.
Дауысты дыбыстардын алмасынуы
А – А: зерттелген материалдар ішінде бұл құбылыс көп кездеседі. Қазақ тіліндегі жуан «а» қолданылған сөздердің көбісіне өзбек тіліндегі «а»сәйкес
келеді. Мысалы: аза – аза, ажырық – ажриқ, айғыр – айғир, абзал – афзал, азап – азоб, айран – айрон, айту – айтмоқ, айыл – айил, айып – айб, ақыл – ақл, алып – алп, арзан – арзон, арқан – арқон, арыстан – арслон, арпа – арпа, арық – ариқ, аспап – асбоб және т.б.
Ә - О: Жоғарыда аталған құбылысқа керісінше қазақ тіліндегі жінішке «ә» орнына өзбек тілінде о дауысты дыбысының қолданылу орындары кездеседі.
Мысалы: әдеп – одоб, әдет – одат, әділ – одил, әйнек – ойна, әйнекші – ойнасоз, әдепті – одобли, әдетте – одатда, әділдік – одиллик, әлем – олам, бәйге – пойга, бәйшешек – бойчечак, дәйім – доим, дән – дон, дәрі – дори, кәміл – комил, нәзік – нозик, тәтті – тотли, шәкірт – шогирд және т.б.
Ә - А: Бұл дауыстылар әр екі тілде де бірдей айтылады. Мысалы: әдеби – адаби, әне – ана, әрең – аранг, әсер – асар, әтір – атир, әуелі – аввал, әулет – авлод, әулие – авлие, бәлкі – бвлки, бәлі – балли, дәлел – далил, дәптер – дафтарғ мәжбүр – мажбур, мәдениет – маданият, мәлім – маълум, сәуір – савр.
А – О: Қазақ тіліндегі жуан «а» дауысты дыбыс өзбек тіліндегі «о» дауысты дыбысқа сәйкес келеді. Әр екі тілдегі ұқсас сөздерді осы ерекшелік бойынша талдаймыз. Нәтижеде бір мағынаны білдеретін ұқсас сөздер көп екенін біліп аламыз. Мысалы: аға – оға, ағым – оқим, адым – одим, аз – оз, азар – озор, азаттық – озодлик, азық – озиқ, ақ - оқ, ақсақ - оқсоқ, алау – олов, алға - олға, алма – олма, алмас – олмос, алты – олти
Е – А: Бұл құбылысқа мысал ретіндегі мынадай сөздерді айтуға болады: білек – билак, дәулет – дав-лат, дәптер – дафтар, әңгіме – ҳангома, бөлек – бўлак, егер – агар, шек – шак, ше-кер – шакар, көмек – кўмак, дем – дам, бірге – бирга, кесек – кесак, дерек – дарак, дерт – дард, десте – даста, кездеме – газлама
Кейде мұндай ұқсас сөздерде бірдей дауысты (е – е) қолданылады. Мысалы, мейман–меҳмон, мес – меш, мен – мен, кексе – кекса, кек – кек, бел –бел, белбеу – белбоғ, белгі – белги, бек – бек, бес – беш, бесік – бешик, негіз – негиз, неше – неча, сел – сел, семіз – семиз, тегін – текин, темір – темир, сезгіш – сезгир. Өзгерістің бұл түрі тек бірінші буынға ғана тән. Өйткені өзбек тілінде сингармонизм заңы сақталмағандығынан кейінгі буындарда а, о дауыстыларымен алмасынап алады. Мысалы, бекем – бекам, бекет – бекат, бетеге – бетага, келесі-келаси, келіншек-келинчак, кеме – кема, керек – керак, мерген – мерган, кеше – кеча, неше – неча, немере – невара, сергек – сергак.
Й+Э – Э. Қазақ тіліндегі й+э дыбысы орнына өзбек тілінде «э» айтылатын орындар да кездеседі. Мұндай өзгеріс «е» дыбысымен басталатын сөздерге тән. Мысалы, егілу – эгилмоқ, егелу –эгалмоқ, елу – эллик, егу – экмоқ, егін – экин, езілуші – эзилувчи, елеу – эламоқ, елші – элчи, емен – эман, емес – эмас, ен – эн, енді – энди, енсіз – энсиз, еп - эп, ер – эр, ерке – эрка, еркін – эркин, еркіндік –эркинлик, ерте – эрта.
Й+Э мен басталатын қазақ тіліндегі сөздерде бұл дыбыс и дыбысымен алмасынады. Мысалы, екі – икки, екеу – икков, емтихан – имтихон, емле – имло.
Кейде е - о дыбысымен алмасынады. Мысалы: кенші – кончи, әдеп – одоб, кесе – коса, кетпен – кетмон, неке – никох, сәлем – салом.
Сөз құрамында немесе сөздердің аралығында көршілес келген дыбыстардың бірі екіншісіне ықпал етіп, өзара үндесуі ассимиляция деп аталады. Көрші дыбыстардың бірі екіншісіне ықпал ету бағытына қарай ассимиляция екі түрге бөлінеді: оның бірі – прогрессивті ассимиляция, екіншісі – регрессивті ассимиляция.
Алдынғы дыбыстың кейінгі дыбысқа ықпал етіп, оны өзіне бағындыруы прогрессивті ассимиляция деп аталады. Мысалы, күміс деген сөзге қосымшалардың қатаңнан басталып жалғануы (күміс-тен, күміс-ке) түбір сөздің қатаңға бітіп, қосымшаның бастапқы дыбысын өзіне бағындыруынан. Ұяңдардан кейін соның ыңғайына қарай ұяң дыбыстардың келуіде, мысалы: өзбек тілінде тоғ-дан, кўз-да түрінде айтылуы да прогрессивті ассимиляцияның нәтижесі.
Кейінгі дыбыстың алғашқы дыбысқа ықпал етіп, оны өзіне бағындыруы регрессивті ассимиляция деп аталады. Мысалы, қазақ тілінде н дыбысы ерін дыбыстарының (б, п) алдынан келсе (сөнбе, Жанпейіс), ол (н) айтылуда өзінен кейінгі ерін дыбыстарының ықпалымен м дыбысына (айтылуда сөмбе, Жампейіс) айналады. Немесе өзбек тілінде з, қ дыбыстары с дыбысының
алдынан келсе, ассимиляция ықпалында с, х болып айтылады. Мысалы: тузсиз – туссиз, тўқсон – тўхсон.
Кейде регрессив ассимиляция дауыстыларда да кездеседі. Мысалы, қазақ тілінде бұл күн деген екі сөз бірігіп, бүгін түрінде қолданылады. Немесе өзбек тілінде онг деген сөзден жасалған англамоқ, бор сөзінен жасалған барча деген туынды сөздердің бірінші буындағы дауыстының (о) өзгеруі де соңғы буындағы дауыстылардың әсерінен.
Редукция мен элизия Белгілі бір фонетикалық жағдайда дыбыстардың әлсіреп көмескіленуі, соның нәтижесінде олардың дыбысталуының өзгеруі редукция, кейбір жағдайда дыбыстардың мүлдем түсіп қалуы элизия деп аталады. Элизияны редукцияның нәтижесі деп айтуға да болады. Әдетте, редукцияға ұшырайтындар - екпін түспеген буындағы дауыстылар. Мынадай түбір сөздерге қосымшалар жалғанғанда, түбірдің соңғы буынындағы қысаң дауысты екпіннің ауысып кетуінен редукцияланып, мүлдем түсіп қалады:
Қазақ тілінде Өзбек тілінде
Орын + ы орны ўрин + и ўрни
Қарын + ы қарны қорин + и қорни
Көрік+і көркі ўғил + и ўғли
Ауыз + ы аузы оғиз + и оғзи
Енді қазақ және өзбек тіліндегі ұқсас сөздерге тән элизияны көріп шығамыз. Мұнда қазақ тіліндегі сөздерде кездесетін ы, і, дауыстылары өзбек тілінде түсіп қалады. Мысалы: құлып - қулф , бақыт – бахт, борыш - бурч, дария – дарё, дүние – дунё, жыныс – жинс, зейін – зеҳн, кәсіп –касб, көрік – кўрк, шұғыла –шуъла, атырап – атроф.
Эпентеза Екі дыбыстың аралығында қосалқы дыбыстың келіп кіруі эпентеза құбылысы деп аталады. Қазақ және өзбек тілдеріндегі ұқсас сөздерден де бұл құбылысқа көптеген мысалдар айтуға болады. Мысалы, құман – қумғон, киіз – кигиз, кілт – калит, қуыршақ – қўғирчоқ, мәміле –
муомала, мәре – марра, ине – игна, мәсі – махси, сиыр – сигир, шүбе – шубха, аждаһа – аджархо.
Протеза Бұл эпентезаның бір түрі болып саналады. Эпентеза бойынша дыбыс сөздің ортасына қосылатын болса, протеза бойынша дыбыс сөздің алдынан қосылады. Бұл негізінен ғ дыбысымен, сондай-ақ, дауыстылармен басталынатын қазақ тіліндегі сөздерге тән. Мысалы, ғажайып – ажойиб, ғазиз – азиз, ғасыр – аср, ғашық – ошиқ, ғалам – олам, ғалым – олим, ғажап – ажаб, ғибадат – ибодат, ғибрат – ибрат, ғұрып – урф, орамал – рўмол, ораза – рўза және т. б.
Бұл кейде керісінше болуы да мүмкін. Яғни қазақ тіліндегі сөздерге қосымша қосып айтылады. Мысалы: лақ – улоқ, апта – ҳафта, аула – ҳовли, ақиқат – ҳақиқат, ауа – ҳаво, әзіл – ҳазил, әр – ҳар, әріп – ҳарф, әзір – ҳозир, әкім – ҳоким, әңгіме – ҳангома, әл – ҳол, әрекет – ҳаракат.
Тілде кейбір сөздердің соңындағы дыбыстардың түсіп қалу құбылысы кездеседі. Бұл құбылыс апокопа деп аталады. Мұндай құбылысқа мысал болатын ұқсас сөздердің соңындағы дыбыс айтылмайды, жазуда жазылмайды: рост – рас, маъно – мән, сариқ – сары, сиёҳ – сия, дўст – дос, тирик – тірі, кичик – кіші, аччиқ – ащы, иссиқ – ыссы, оққуш – аққу.
Метатеза Сөз құрамындағы дыбыстардың орны ауысуы метатеза деп аталады. Қазақ және өзбек тілдерінен бұған көптеген мысалдар айтуға болады. Мысалы: қақпақ – қопқоқ, қақпан – қопқон, нысап –инсоф, мейірбан – меҳрибон, сіңлі –сингил, айыр – айри, айнала – айлана, өкпе – ўпка, секпіл – сепкил, тербеліс – тебраниш, кірпік – киприк, айналайын – айланайин және
т. б.
Қорытынды
Демек, түркі тілдес халықтар деп есептелінетін қазақ және өзбек тілдерінің лексикалық және фонетикалық жағынан ұқсастықтары көп. Біз бұл ұқсастықтардың бір бөлігін ғана зерттеп көрдік. Қазіргі таңда түркітанушы ғалымдар ортақ түркі тілді жарату туралы көп айтуда. Мен де болашақта бұл тақырыпты кеңінен зерттеп, тілдеріміздің дамуына өз үлесімді қосуға ынта білдіремін.