Ашық сабақ Ар- ұят

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Ашық сабақ жоспары:



Күні: 06.03.2015

Сынып: 5 «В»

Пәні: әдебиет

Тақырып: Жұбан Молдағалиев «Ар-ұят туралы»

Сабақ мақсаты:

Білімділік: Оқушыларды қазақтың біртуар ақыны Жұбан Молдағалиевтің өмір жолы мен шығармашылығымен таныстыру, өлеңнің мазмұнын ашу, тақырыптық идеясын түсіндіу, композициялық құрылысына қарай талдауды үйрету.

Тәрбиелік: Оқушыларға адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі – ар-ождан екендігін ұғындыру, оларды ар-намысты болуға, адалдыққа, жауапкершілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелеу. Бойларына еліне, Отанына деген сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыру.

Дамытушылық: Оқушыларды еркін сөйлеуге, ойларын ашық жеткізе білуге дағдыландыру, таным қабілеттерін арттыру, мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту.

Сабақ типі: жаңа білім беру

Сабақ түрі: дәстүрлі

Сабақ әдісі: түсіндіру, сұрақ-жауап, топтық жұмыс

Көрнекіліктер: Жұбан Молдағалиевтің портреті, ар-ұят туралы қанатты сөздер, өлең шумақтары, плакаттар мен үлестірме қағаздар, стикерлер

Бағалау әдісі: 3 түрлі смайлик болады: күліп тұрған. Жартылай күліп тұрған және ренжіп тұрған. Бірінші болып, әрі толық жауап берген топқа алғашқы, жартылай жауап берген топқа екінші, ал мүлде жауап бере алмаған топқа ренжіп тұрған смайлик берілетін болады. Қай топта күліп тұрған смайл көп болса, сол топ жеңіске жетеді.

Сабақ барысы:



І. Ұйымдастыру кезеңі: а) Оқушылармен сәлемдесу

ә) Кезекші көмегімен түгендеу

б) Сыныптың сабаққа дайындығын тексеру

в) Зейіндерін сабаққа аудару



ІІ. Үй тапсырмасын сұрау:

а) Балалар, біз өткен сабақта Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығын өттік, оның «Жамырып күнде жас өмір» атты өлеңімен таныс болдық. Өлеңді жатқа айтпастан бұрын, ең алдымен ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқталайық (сұрақтар гүл күлтелеріне жазылады, егер оқушылар сұрақтың барлығына толық жауап берсе, әдемі гүл пайда болады):

  1. Қасым Аманжолов кім? ақын

  2. Ол қай жылы дүниеге келді? 1911

  3. Қайда дүниеге келді? Қарағанды облысы, Қарқаралы жерінде

  4. Қасым Аманжоловтың бойында тағы қандай өнері болды? домбырада, скрипкада, күйсандықта ойнады

  5. Ақынның қандай шығармаларын білесіңдер? «Абдолла» дастаны, «Орамал», «Дариға», «Туған жер», «Өзім туралы» өлеңдері

  6. Ақын қай жылы өмірден өтті? 1954

ә) «Жамырап күнде жас өмір» өлеңін жатқа айту

б) Шығармашылық тапсырма: «Туған жер» деген тақырыпта өлең шығарып келу, сурет салу.



ІІІ. Жаңа сабақ:

Балалар,бүгін біз топпен жұмыс жасаймыз(әр қатар өз топбасшысын сайлайды, топбасшылар келіп топтарына ат таңдайды. «Ар», «Ұят», «Намыс»)

Бүгінгі өтетін тақырыбымыз Жұбан Молдағалиевтің «Ар-ұят туралы» өлеңі

(оқушылар дәптерлерін ашып күн мен тақырыпты жазады). Өлеңмен таныспас бұрын ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқталайық.

Молдағалиев Жұбан 1920 жылдың 5 қазанында Орал облысының (қазіргі Батыс Қазақстан облысы) Тайпақ ауданы, Сайқұдық ауылында дүниеге келген. Ірі эпик ақын, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1978 ж.), Қазақстанның Халық жазушысы (1985 ж.). 1940 жылы Орал ауылшаруашылық техникумын бітіріп, 1940-1947 жылдары әскер қатарында болып, әскери-саяси курстарда білім алды, Ұлы Отан соғысына қатысты. Соғыстан кейін 1948-52 жылдары «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жауапты қызметтер атқарды, 1958-63 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болған. Бірнеше жыл Қазақстан Жазушылар Одағын басқарды. Алғашқы жыр жинағы «Жеңіс жырлары» деген атпен 1949 жылы шықты. Содан бергі уақытта 60-тан астам кітабы, әр кезеңде қазақ және орыс тілдерінде таңдамалы шығармаларының бірнеше томдары жарық көрді. Жұбан Молдағалиев қаламынан туған «Мен – қазақпын», «Кісен ашқан», «Қыран дала», «Сел» поэмалары үшін ең жоғарғы Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды.

- Балалар, өлеңмен таныспас бұрын, ар - ұят туралы біз не білеміз? Кім, қалай ойлайды?

Өлеңді бастап оқимын, ары қарай оқушылар мәнерлеп оқиды.

-Сонымен, өлең не туралы екен?

-Өлеңге арқау болған кейіпкерлер бар ма? Тартыс неден басталды?

-Жігіттің жасаған қылығы дұрыс па?

-Қария неге ашуланды?

-Өлең қалай аяқталды? (қолын бірінші көтеріп, дұрыс жауап берген топқа күліп тұрған смайлик беріледі)

1-тапсырма. Өлең мазмұны бойынша жоспар құру.

2-тапсырма. Үш қима қағазды үш топтың топбасшылары келіп таңдайды: әртістер, ақындар, суретшілер. Бірінші қағазды таңдаған топ жігіт пен шалдың диалогын құру, екінші қағазды таңдаған топ ар-ұят туралы бір шумақ өлең шығару, үшінші қағазды таңдаған топ өлең мазмұны бойынша сурет салу.

3-тапсырма. Өлең құрылысын талдау. Үш топтан бір-бір оқушыдан тақтаға шығып өлеңді құрылысына қарай талдайды. Мысалы:

Әйтеуір// шал сөзі// жөн еді,//

Ақ атта// дегені// ағат па?//

Иә,// адам// тірілей өледі//

Ұяттан// айрылған// сағатта.//

Шумақ: 20

Тармақ: 4

Бунақ: 3

Буын: 9-10

Ұйқас: кезектес

4-тапсырма. «Мюнстенберг» әдісі

вншарашождананемоеабыройжаот

атақлролдпұятқунамыстиж

оқасиетжытожұбанллдпарызмек

Дұрыс жауабы:

Ар, ождан, абырой; атақ, ұят, намыс; қасиет, Жұбан, парыз.



IV. Сабақты қорыту:

-Өлеңнің негізгі идеясы не екен?

-Ар-ұят деген сөздерді қалай түсіндіңдер?

-Қария ашуланатындай себеп бар ма?

-Жас жігіттің айтқаны дұрыс болды ма?



V. Үй тапсырмасы. Өлеңнің ұнаған 5 шумағын жаттап келу, ар-ұят туралы мақал-мәтелдер жазып келу. Оқушылар сабақтан алған әсерлерін стикерлерге жазып тақтаға іледі.



VI. Бағалау. Ең көп күліп тұрған смайликті жинаған топ жеңіске жетеді, оқушыларды сабаққа қатысу белсенділіктеріне қарай бағалаймын.