Қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологизмдер
Абдрахманова С.Б.
«№16 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ
Бүгінгі ғаламдастыру, жаһандандыру саясатының аясында ғылымдардың даму көкжиегін жаңа бағыттармен кеңейту, қайсыбір ғылым саласы болмасын, оны "адами факторлармен, адами құндылықтармен" бірлікте қарастыру-адамзат өркениеті мен замана керуенінің алға тартып отырған кезекті талабы. Әлемдік қолданбалы және теориялық ғылымдардың ішіндегі негізгі қоғамдық, әлеуметтік коммуникацияның жетекші идеяларын жүзеге асыруда мақсат еткен тіл ғылымының қазіргі бағыт-бағдары ғасыр талабына толық жауап бере отырып, "адам-тіл-мәдениет" үштігінің аясындағы тың міндеттердің шешілуін көздейді.
Қазіргі тіл біліміндегі өзара туыс және туыс емес тілдерді салыстырмалы тіл білімінің ұстанымдары мен әдістемелерін кең қолдана отырып зерттеу- отандық және шетелдік тіл біліміндегі ерекше дамып келе жатқан жаңа бағыттардың бірі.
Тілі, ділі, мәдениеті, дүниетанымдық көзқарасы әр түрлі ағылшын және қазақ халықтарының фразеологиясы жан-жақты, құрылымы, ішкі форма, жалғаса туындаған ауыспалы мағына, концепт, лингвомәдени тұрғысынан зерттеу нәтижесінде тіл-тілге тән ортақ заңдылықтар, жалпыхалықтық рухани дүниелер, ұлттарға тән танымдық ерекшеліктер жөнінде бірқатар жаңа мағлұматтарға қол жеткізді.
Фразеология бүгінгі таңда терезесі тең, дербес пәнге айналып, тіл білімінің жеке саласы ретінде қалыптастырылуда, оның нысандарын, тілдегі орны мен табиғатын зерттеу әдістерін анықтауда, маңызды теориялық тұжырымдар жасалуда. Фразеология – «phrasis» – орам, сөйлемше «logia» – ұғым, ілім деген грек сөздерінен жасалған термин. Бұл атау негізінен екі түрлі мағынада қолданылады. Біріншіден, тілдегі тиянақты тұрақты сөз тіркестерін қазіргі және тарихи даму тұрғысынан зерттейтін тіл білімінің бір саласы дегенді, екіншіден – белгілі бір тілдегі фразеологизмдердің тұтас жиынтығы дегенді білдіреді. Сондықтан болар фразеологизмдер көкейге қонымды, ықшам, ұтқыр да ұтымды сөз өнерінің тілдік және поэтикалық бұлақтары санатына жатады. Айшықты сөз өнерінің басым көпшілігі халықтың тұрмыс тіршілігінде, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, діни, наным-сеніміне байланысты туындаған. Олардың құрылымын, тілде қалыптасу кезеңдерін тұрақталу негіздерін зерттеу, сайып келгенде, оқырман қауымды оның тілдік табиғатынан хабардар етіп қоймай, сонымен қатар этнос өмірімен тұтастығымен ерекшеленеді.
Тілдегі [link] құрам — лексиканың ең бай құнарлы кезі. Фразеологизмдердің жаңа үғым, түсініктермен көбейіп қалыптасуы сол ұлт тілінің даму ерекшеліктерін және ұлт мәдениетінің танымдылық қасиетін көрсетеді.Егер фразеологизмдерді сөзбе-сөз аударатын болсақ, онда біз өз халқымыздың және басқа елдердің сөйлеу мен жазба әдебиетіне нұқсан келтірген болар едік. Мысалы ағылшын тіліндегі, As busy as a bee – толассыз жұмыс жасау дегенді сөзбе-сөз дәл аударсақ, ол тіпті күлкілі «жұмысты арадай жасау» деп шығар еді.Қазақ тілінде тұрақты сөз тіркесі фразеологизмдер деп аталса, ағылшын елдерінде идиома деп аталады.Ал ағылшын идиомасына келсек, ол да өзіндік ерекшелігі бар. Мысалға: идиомалар көбінесе ертегілерде, жай және құрмалас сөйлемдерде көп қолданылады.
1.The small boy was very brave. Even when the large dog grawled at him and showed its teeth he stood and did not turn a head. Бұл жердегі идиома «did not turn a head». Кішкентай ұл өте батыл болған. Ол тіпті ит үрген кезде, қорықпай бір орында тұра берген деген мағынаны білдіреді. Ал, идиомасын сөзбе-сөз аударсақ, «ол басын бірде-бір қозғаған жоқ» десек, сөздің мағынасы өзгеріп кетеді де, тіпті түсініксіз болып қалады.
2.He was too soft – hearted and could not refuse money to his children and relatives whenever they asked for it. Бұл жердегі идиома «He was too soft hearted» soft – hearted деген сөзінде жұмсақ жүрек деген мағынаны білдіреді. Ал былай негізінде ойланып көрсек, жүрек жұмсақ болмайды ғой, сондықтан бұл идиома. Толық аудармасы «Ол өте қайырымды адам болған. Егер балаға және өз туысқанына ақшалай көмек керек болса, ол көмектен ешқашан аянбаған».
3.When the boy asked his parents to allow him to learn to play piano, they agreed because they knew he had a good ear for music. Бұл жердегі идиома «good ear for music» ал, оны сөзбе-сөз аударсақ good ear – жақсы құлақ. Толық, мағыналы аудармасы – бала өз әке-шешесінен пианино оқуына баруын сұрады, олар балаға рұқсатын берді, себебі балада әнге деген ынтасы, қабілеті болды.
4.In the old films when he heroine was about to be foully murdered the hero always managed to rescue her just at the eleventh hour идиома «he just at the eleventh hour». Ағылшын халқында идиоманы тағы көбінесе жай диалогта пайдаланады.
Фразеологизмдер сөз өнерін байыту үшін ақын немесе жазушының ойын әсерлі етіп жеткізу үшін жұмсалады. Белгілі бір халық жөніндегі мәдени құндылықтарды жеткізушіні тіл десек, оның ішінде демек, фразеологизмдер адамдардың, халықтың тарихи қалыптасу, даму кезеңдеріндегі күллі тіршілік тынысын танытушы саналады.
Ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологизмдердің қысқаша сөздігі:
As stupid as donkey Ақылы жоқ
A heart of stone Тас жүрек
Be all ears Сақ құлақ
Carry water on the both shoulders Діңкесі құру
Make a mountain out of the molehill Түймедейді түйедей қылу
Dance to one`s tune Біреудің аузына қарау
Hold one`s tongue Тіліңді тый
Ағылшын тілінде әрбір идиома сөз таптарымен бірге қосарланып келеді. Мысалы: idioms are used with nouns, adjectives, verbs, prepositions және т.б. Егерде сын есімдермен тіркесіп келетін тұрақты сөз тіркестеріне келетін болсақ, ол екі немесе үш сөзден құралады. Мысалы: «light fingered» деген идиомалық тіркес ұрлыққа жақын, қолының сұғанағы бар адам дегенге саяды. Ағылшын тілінде тұрақты сөз тіркестері фразеологиялық бірлік (motivated) және фразеолгиялық тұтастық (non-motivated) деп екі топқа бөлінеді. Фразеологиялық бірліктердің мағынасын түсінуге болады. Оларға мақал-мәтелдер де кіреді.
All bread is not baked in one oven. Бес саусақ бірдей емес.
Everything comes to him who waits. Сабыр түбі сары алтын.
Everybody`s business is nobody`s business. Қойшы көп болса қой арам өлер.
Ал, фразеологиялық тұтастықтың мағынасы тұрақты болады. Олардың жеке тұрғандағы мағынасымен жалпы білдіретін мағынасы сәйкес келмейді. Мысалы: to keep oneself in hand (өзін-өзі қолға алу), to sit on one`s hands; not to do a hands`s turn (қол қусырып отыру), not to move a finger (қолының ұшын қимылдатпау), to kill time (уақытты босқа өткізу), to kill two rabbits with one stone (бір оқпен екі қоян ату), to give up all of it (қолын бір-ақ сілтеу), to keep the eyes shut (бір нәрсеге көз жұма қарау) .
Фразеологиялық тізбектер — мағынасы жағынан құрамындағы сөздердің мағынасымен байланысып, тіркесу тұрғысынан орнығып тұйықталған сөз тіркестері болып табылады. Тілде сөздердің тіркесу қабілеті бірдей десем, қайсы бірі кез келген сөзбен тіркесіп, белгілі бір ұғымды білдіруге бейім болса, енді бірі аз ғана сөздермен одақтасып, сонымен ғана тіркеседі. Тұрақты сөз тіркестерін сөздер тобы ғана жасайды. Кез келген сөз тұрақты сөз тіркестерін жасай алмайды. Мысалы: бота көз, қоян жүрек, тоң мойын, жел аяқ, т.б. Ағылшын тілінде: white crow, a bosom friend, т.б.
Фразеологиялық тізбектің құрамындағы ерікті мағынадағы сөз сан алуан сөздермен тіркесіп жұмсалу қабілеті болса, фразеологиялық туында мағынадағы сөз бірді екілі сөзбен ғана шектеліп қолданылады. Мысалы: көк бет, қысыр көз деген фразеологиялық тізбектің құрамындағы бет (жалпы бет, сопақ бет) сөз (аз сөз, бұрыс сөз, көп сөз) деген қыруар сөздермен тіркесіп қолданыла берсе, фразеологиялық мағынадағы көк сөзі бет сөзімен, көз қысыр сөзімен ғана тіркеседі.
Фразеологиялық тізбектің сыңарларының бастапқы мағынасы онша ашық та айқын болғанымен, солғын тартып сезіліп тұрады. Мысалы: көз ұшында, көз жеткісіз, көзін тырнап ашқалы, көзі тірісінде, т.б.
«Ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологизмдердің қалыптасуына ағылшын және қазақ ұлттарының тарихи, рухани және материалдық мәдени дәстүрлер негізі себеп болған»-деп тұжырымдайды К.Аханов «Тіл білімінің негіздері» атты еңбегінде. Әр елдің, халықтың, ұлттың асыл қазынасы болып табылатын фразеологизмдер халықтың, бір-бірімен жалғасқан ұрпақтар арқасында міндетті түрде сақталады. Егер тілде фразеологизмдер сақталмай, бізге жетпеген болса, халқымыздың асыл туындылары болмаса, олар бүгінгі күнге дейін сақталып жетпесе, жұртымыздың өткен өмірінен мақұрым қалар едік. Сондықтан да тілдің байлығын арттыра түсетін сөздік қордың көлемді бөлігін құрап тұратын тілдік бірліктер – фразеологизмдер.
Халықаралық және тіларалық қатынастар дамыған кезеңде шет тілін ана тілімізбен салыстыра зерттеу тіл білімінің әрбір саласы үшін маңызы айрықша.
Қорыта келгенде,бүгінде соқпағы көп сүре жолдан сүрінбей,төрт аяғын тең басып,еліміздің тәуелсіздігі аясында тәуекелге бел буып,өзге озық елдердің жаңаша дәстүрін өз бойына сіңіріп,өркендеуі және кемелденуі үздіксіз талаптанып,жан-жақты ізденуді қажет етіп отырған кезеңде жастардың тіл мәдениетінің сапасын және сөздік қорын арттыруда өзіндік ерекшелігі бар фразеологиялық тіркестердің алатын орны ерекше.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Мықтыбаева Т.Ж. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі анималистік фразеологизмдердің коннотативтік семантикасы: Дисс.филол.ғ.к. – Алматы, 2005
2.Кеңеспаев І. Қазақ тілінің фразеологизмдер сөздігі.– Алматы: Мектеп, 1977.
3.Аханов К. Тіл біліміне кіріспе. – Алматы, 1999.