Жыр жампозы - Нармамбет
«Абайдан кейінгі кезеңнің Абайы,
сол Абайды өзінен де көп реттерде
аласарта бермейтін арқалы да ақиық ақын»
Рамазан Сағымбекұлы
Жоспар
І Кіріспе
Нарманбет Орманбетұлы – Арқаның ақиық ақыны
ІІ. Негізгі бөлім
1. “Тобықтының шегір көз шешен сарысы”
2.“Зар заман” ақынының өлеңдерінің тақырыптары, өзіндік ерекшеліктері
ІІІ. Қорытынды
Ақын өмірі – үлгі-өнеге, өшпес мұра
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев: “Тарихта ашылмаған ақтандақтар болмауға тиісті” деген болатын. Олай болса, халқымыздың асылдарының ашылмаған қырларын ашып, жарыққа жарқырату-біздің, яғни тәуелсіз еліміздің бүгінгі ұрпақтарының төл міндеті. Аумалы-төкпелі кезеңдегі көркем сөз өнеріне ғана емес, жалпы қазақтың қара өлеңіне, оның қадір-қасиетіне, таным-тағылым деңгейіне теңдессіз үлес қосқан, ел тарихын өлең-жыр тілімен кестелеуде қарымды қабілет танытып, қасірет күйін шертіп өткен шежірелі тұлғалардың бірі Арқаның ақиық ақыны-Нарманбет Орманбетұлы болатын.
Жыр жамбозы, Арқаның шашасына шаң жұқтырмас ақын Нарманбет Орманбетұлының халқымыздың тарихында,қазақ поэзиясының шоқтығын асқақтатуда қосқан үлесі, қалдырған мұралары ұшан-теңіз, салған сара жолы теңдессіз.
Асыл сөздің зергері, ғұлама, кемеңгер, көріпкел ойдың иесі, халық мақтанышы болған ақынның келешек толқын ұрпаққа қалдырған мұрасы бағасыз, құнды қазына, асыл мұра.
Баға жетпес үлгі тұтар ақын ғұмырнамасы, қапылыста жол нұсқайтын ақын шығармашылығы көкірегі ояу, көзі ашық ұрпақ санасына ұялап,тек жақсылыққа бастап, парасаттылыққа тәрбиелейді. Кезінде ақын айтқандай,
«шөлдеген ішіп, татсын тойғанға» ұласып, айналары сөзсіз.
Ақын Нарманбет Орманбетұлы 1860 жылы бұрынғы Жезқазған облысы Приозер ауданы, қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Саға деген жерінде дүниеге келген. Руы – Тобықты. Нарманбет 7 атасынан қолынан билік кетпеген, байлығымен емес, шешен, әділ билігімен ауызына ел қаратқан ұрпақтан тарайды. Ақынның төртінші атасы Деріпсалды – Қазақ – Қалмақ шапқыншылығы кезінде ел қорғауда ерлік көрсеткен, Абылайдан бата алған батыр адам.
Нарманбет Орманбетұлы алдымен діни мектепте, кейін Қарқаралыдағы екі сыныпты орыс-қазақ мектебінде оқыған. [link] шығара бастаған.
Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз” деп ұлы Абайдың өзі айтқандай, жақсыдан шарапат алуды өмір бойы мұрат тұтқан Нарманбеттің балалық, жастық-жігіттік кездегі шығармалары мен тоқтасқан кездегі ойшыл, өмір ағысын сабақтаудан туған дүниелерін тап басып айту, өмірлік деректерін молынан келтіру қиын іс екені ақиқат.
Табиғатында зерек, ізденімпаз Нарманбет бала күнінен бастап-ақ шешендік нақылдарға ден қойып, ел аузынан естігендерін жаттап, ұғып алатын құйма құлақ атанады.
Нарманбет жиырма жастан асқан соң ақын, алғырлығымен ел аузына ілігеді. Сол кездердің өзінде-ақ дау-шардың дұрыс-бұрыстығына елдің көзін толық жеткізу үшін нақыл сөздерді орынды жерінде дөп қолданып, тақпақтап
кететін “Тобықтының шегір көз шешен сарысы” атанады. Ел басқару ісіне кірісіп, әкесі мен ел арасына дәнекер болады.
Қазақ халқының біртуар перзенті, алты Алаштың қамын жеген айтулы Әлихан Бөкейхановтың інісі Смақан қарияның естелігіне жүгінсек, Нарманбет он жеті жасында тілмаш, жиырма тоғыз жасында болыс болған екен.
Ақынның шығармашылық өнерінің шарықтау кезеңі 1900 жылдардан кейінгі уақыт. Оның осы жылдардан бастап жазғандары бұрынғыларына қарағанда идеялық-көркемдік жағынан, тақырыбының кеңдігі жағынан құнды да мәнді. Өйткені, ақын осы жылдардан бастап сол ортада болып жатқан шытырман оқиғаларға тереңдей қатысып, әр түрлі қиыншылықтарды бастан кешіреді. 1900 жылы Қасым, Мұса атты екі өнерпаз інісі, бір жылдан соң әкесі Орманбет қайтыс болады. Сол жылы ағайын арасының араздығы күшейіп, ел ішінде дау-тартыс молаяды. Өз аулы қыста жұтқа ұшырап, дәулеті кемиді. Осыған байланысты “Ала болса ағайын”, “Тілеш байға” өлеңдері туады.
XX ғасырдың бас кезіндегі Ресей мен қазақ даласында болып жатқан ірі-ірі өзгерістер ақынның шығармашылық өнерінің негізгі тақырыбына айналады. 1905-1907 жылдардағы төңкерістен кейін ояну сарынымен “Сарыарқаға қарасақ”, “Қазақ елі біз тұрмыз”, “Жақыпқа”, “Мектеп бастығына” деген өлеңдерін жазады. 1906 жылы Семей шаһарында өткен Мемлекеттік I Думаға депутаттыққа кандидат ұсыну жөніндегі ұлы жиынға қатысады. Осы жылдардан бастап қазақ ауылдарының қоныстан айырылуы жайында “Сарыарқа”, “Жойқын құлан жосиды”, “Шал қайғысы”, “Ауыл қайғысы”, “Бұл күнде байлар ғаяр, билер мекер” т.б. өлеңдерімен бірге отарлаудың жергілікті жердегі қара шоқпары – пристав пен оның төңірегіндегілердің екіжүзділігін, парақорлығын әшкерелейтін “Кер заман” дейтін сатиралық поэмасы дүниеге келеді.
Өздігінен талаптанып көп ізденудің арқасында озық ойлы орыс жазушыларының шығармаларын еркін оқитын, оқығанын талдай отырып көңілге тоқитындай дәрежеге көтеріледі. Кейінде, олқын-толқын жылдары ұран есебінде жазылған өлеңінде:
Пушкин менен Лермонтов
Біздей ақын емес пе?
Ақын болған адамдар
Жұрттың қамын жемес пе?
Әдебиеттен қалыспай
Бізде нұсқа салайық, - деуі Пушкин мен Лермонтов шығармаларымен жете танысып, олардың рухынан нәр алғандығын дәлелдесе керек.
Ақын өмірінің соңғы бір жарым жылдай уақытын Қарқаралыда өткізеді. 1917-1918 жылдары уездік соттың төрағасы міндетін атқарған. 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін Қарқарылада құрылған уездік комитеттің құрамына еніп, іле-шала осы комитеттің төрағасы Ақбайұлы Жақып, вицетөрағасы және төралқасы болып Нарманбет сайланады. Осы екі қызметті қатар атқарған ақын 1918 жылдың 2 ақпанында Қарқаралыда Совдеп құлаған соң өз аулына оралады.
“Нарманбет 1918 жылы Қарқаралы уезінің сот ағасы қызметін атқарады”.
Ел сүйіспеншілігіне бөлене білген Нарманбет ел ағасы, ақын ретінде халық тұрмысынан, оның басындағы қуанышты-күйінішті жайлардан әсте алшақтамайды. Халқымен бірге болып, оның жоғын жоқтасты. Өмір шындығын өз туындысына арқау еткенін М. Әуезовтың: “...Абайдың алдындағы адамдар деп Шортанбай, Алтынсарин, Мәшһүр-Жүсіп, Нарманбеттерді алу керек. Бұл адамдардың кейбірінің Абайдан жас болғандығын есеп қылуға болмайды. Бәрінің жазған сөздеріндегі бетті, белгілі сарынды есепке алу керек. Ол дәуірдің ақындары жазба әдебиеттің басы екені даусыз”, - деген пікірі толықтыра түсіп, Нарманбеттің т.б. аттары аталған адамдардың әдебиет тарихын кезеңге, дәуірге бөлудегі алатын орнын аңғартқандай. Сондықтан да болар оның шығармашылық жолынан XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ халқының саяси-экономикалық кейіпі мен әрқилы әлеуметтік шындығы анық көрінеді.
Өткен ғасырдың аяғы-осы ғасырдың басындағы аласапыран, аумалы-төкпелі кезіндегі көркем сөз өнеріне ғана емес, жалпы қазақтың қара өлеңіне, оның қадір-қасиетіне, таным-тағылым деңгейіне өлшеусіз үлес қосқан; тар заманалардағы талайлы тағдыр-тарихымызды өлең-жыр тілімен кестелеуде қарымды қабілет танытып, қасірет күйін шертіп өткен шежірелі тұлғалардың бірі-Арқадан шыққан арқалы ақын Нарманбет Орманбетұлы екендігі белгілі.
Халқының келешегі үшін “Жабыменен жарысып, надандармен алысып” өткен ұлы ақынның артында қалған мұрасы көп уақыт бойы тұтқындалып, есімі ел жадынан шыға бастады. Оған екі түрлі жағдай себепкер. Біріншісі-жазбаларының көзі тірісінде екі рет қолды болып, ізім-қайым жоғалып кетуі болса, екіншісі-
Дүние-ай, базарыңда арзан нарқым,
Болса да арзан нарқым, қымбат даңқым.
Қадір жоқ тіршілікте Нарманбетте,
Өлген соң әттеген-ай дерсің, халқым, - деп өзі айтқандай, ақынның дүниеден өтер кезеңінің алмағайып заманаларға тұспа-тұс келуі, кейіннен сталиндік қысым, қудалау арқылы халықты тарихи есінен айырып, мәңгүрттік күйге түсіру мақсатында әдейі ойластырылып жасалған саясаттың Нарманбет мұраларына қырсығының тиюі еді.
“Өзімді алма, сөзімді ал”, - деген Абай,
Алмаса да сөз жазды-ау талай-талай.
Ағаты болса ғафуын өтінемін,
“Сен соның інісі едің, - деме, пәле-ай”, - деп ақындық жолдағы дәрісін Абай мектебінен бастаған Нарманбеттің бүтіндей шығармашылық өнерін сөз еткенде, оның жеткен жетістігі мен ақындық өлшемінің айқындаушысы болып саналатын еңбектері өзі айтқандай, ұстазы мұраларымен сабақтас, тақырыптас, идеялас кей жағдайларда іштей қабысып жататынын аңғаруға болады. Осы екі алыптың еңбектерін салыстыра қарасақ, бірінде айтылмай қалған ой мен өрнек табудағы ізденістерінің екіншісінде толыға түсіп, нәрлілігі мен құндылығының жаңаша сипатқа ауысқанына көз жеткізе алар едік.
Тіпті осы мектептен тағылым алғандардың көбісі ортақ тақырыпты өздерінше жырлап, сырттай сөз сайысына түсіп отырғанына да куәгер бола алады екенбіз. Мысалы, Шәкәрімнің “Талап пен ақыл” деген өлеңінде:
Ынсап, ұят, ар, рақым, сабыр, сақтық,
Талапқа алты түрлі ноқта тақтық.
Алтауының ішінде ынсап әділ,
Өзгесінің тізгінін соға ұстаттық.
Ынсап деген аспайды, кем қалмайды,
Орын таппай ол сірә қозғалмайды.
Рақым жақсы көреді аяғанды,
Адамға қаттылықты ойға алмайды.
Ар демек-адамшылық намыс деген,
Теріс ұғып жүрмесін мұны біреу,
Сөз емес күншіл болып алыс деген, - деп ынсап, ұят, ар, рақым, сабыр, сақтық жайлы анықтамалар беріп, оларға ой мен талапты қосып сегіз етіп баяндаса, Нарманбет осы жайларды:
Әдеп, ұят, ар, намыс, сабыр, сақтық,
Қанағат, рақым, шапағат, адал-әктік.
Шындықпенен бірге өсіп, біте қайнар,
Осы он бірге ат қойып, айдар тақтық.
Өсек, өтірік, мақтан, қайырсыз бай,
Парақор бидің басына бөшке жаптық.
Соңғы бесеу әр жерден кездеседі,
Айдар таққан он бірді қайдан таптық? – деп өзінше кестелейді. Адамдық пен надандықтың осы қасиеттерін саралай көрсету арқылы ақын атақты “он бірді” салыстырмалы түрде “соңғы бесеуге” қарсы қояды. Адамдық қасиеттердің пенде бойына орнығуын қарастырғандай болып ой түйеді. Осы сияқты басқа да өлеңдерінде ақын ой толғамдарын үлкен тебіреністерге, философиялық тұжырымдарға құра отырып, әр кез имандылықты ту етіп көтереді.
“Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз” деп ұлы Абайдың өзі айтқандай, жақсыдан шарапат алуды өмір бойы мұрат тұтқан Нарманбеттің балалық, жастық-жігіттік кездегі шығармалары мен тоқтасқан кездегі ойшыл, өмір ағысын сабақтаудан туған дүниелерін тап басып айту, өмірлік деректерін молынан келтіру қиын іс екені ақиқат.
Табиғатында зерек, ізденімпаз Нарманбет бала күнінен бастап-ақ шешендік нақылдарға ден қойып, ел аузынан естігендерін жаттап, ұғып алатын құйма құлақ атанады.
Өлең-сөзге жастайынан құмарта құлаған ақын Қарқаралыға Абайдың келгенің естіп, тілдесіп сөз үйренуді ниет қылады. Оның жатқан үйіне іздеп келіп сәлем береді. Танысудың есебін таппаған Нарманбет: “Тобықты Орманбеттің баласы едім, Сізге сәлем бергелі келдім. Шахатым таусылып қалып еді”, - дейді жорта. Сонда Абай: “Баймын-қайыр-сақауытым жоқ, батырмын – мейір-шапағатым жоқ, молдамын-тағатғибадатым жоқ”, - депті. Сонда Нарманбет іле, қолма-қол: “Бар болып қайыр-сақауатыңыз жоқ болса, қарын ағаңыздан алған ғибратыңыз болар, батыр болып мейір-шапағатыңыз жоқ болса, Ғазірейілден алған һәбіретіңіз болар, молда болып тағат ғибадатыңыз жоқ болса, Әзірейілден алған үлгіңіз болар” депті.
Осы аз ғана тіл қайырысудан кейін Абай Нарманбеттің тапқырлығына сүйсініп, қасына отырғызыпты.
Осы таныстық Нарманбеттің Абай мектебінен тағылым алуына, оның жолын қуып, “сырты-күміс, іші-алтын сөз жақсысын” талмай іздеп өтуіне түпкілікті қозғау салады.
Рамазан Сағымбекұлы «Қайта жанған жұлдыз» атты көлемді мақаласында тың, тарихи мәліметтерді молынан келтірген. Автор ақынның әдебиет тарихындағы орнын Шәкәріммен теңестіріп, «Абайдан кейінгі кезеңнің Абайы, сол Абайды өзінен де көп реттерде аласара бермейтін арқалы да ақиық ақын» деп дұрыс баға береді.
Нарманбет жиырма жастан асқан соң ақын, алғырлығымен ел аузына ілігеді. Сол кездердің өзінде-ақ дау-шардың дұрыс-бұрыстығына елдің көзін толық жеткізу үшін нақыл сөздерді орынды жерінде дөп қолданып, тақпақтап кететін “Тобықтының шегір көз шешен сарысы” атанады. Ел басқару ісіне кірісіп, әкесі мен ел арасына дәнекер болады.
Қазақ халқының біртуар перзенті, алты Алаштың қамын жеген айтулы Әлихан Бөкейхановтың інісі Смақан қарияның естелігіне жүгінсек, Нарманбет он жеті жасында тілмаш, жиырма тоғыз жасында болыс болған екен.
Ақынның шығармашылық өнерінің шарықтау кезеңі 1900 жылдардан кейінгі уақыт. Оның осы жылдардан бастап жазғандары бұрынғыларына қарағанда идеялық-көркемдік жағынан, тақырыбының кеңдігі жағынан құнды да мәнді. Өйткені, ақын осы жылдардан бастап сол ортада болып жатқан шытырман оқиғаларға тереңдей қатысып, әр түрлі қиыншылықтарды бастан кешіреді. 1900 жылы Қасым, Мұса атты екі өнерпаз інісі, бір жылдан соң әкесі Орманбет қайтыс болады. Сол жылы ағайын арасының араздығы күшейіп, ел ішінде дау-тартыс молаяды. Өз аулы қыста жұтқа ұшырап, дәулеті кемиді. Осыған байланысты “Ала болса ағайын”, “Тілеш байға” өлеңдері туады.
XX ғасырдың бас кезіндегі Ресей мен қазақ даласында болып жатқан ірі-ірі өзгерістер ақынның шығармашылық өнерінің негізгі тақырыбына айналады. 1905-1907 жылдардағы төңкерістен кейін ояну сарынымен “Сарыарқаға қарасақ”, “Қазақ елі біз тұрмыз”, “Жақыпқа”, “Мектеп бастығына” деген өлеңдерін жазады. 1906 жылы Семей шаһарында өткен Мемлекеттік I Думаға депутаттыққа кандидат ұсыну жөніндегі ұлы жиынға қатысады. Осы жылдардан бастап қазақ ауылдарының қоныстан айырылуы жайында “Сарыарқа”, “Жойқын құлан жосиды”, “Шал қайғысы”, “Ауыл қайғысы”, “Бұл күнде байлар ғаяр, билер мекер” т.б. өлеңдерімен бірге отарлаудың жергілікті жердегі қара шоқпары – пристав пен оның төңірегіндегілердің екіжүзділігін, парақорлығын әшкерелейтін “Кер заман” дейтін сатиралық поэмасы дүниеге келеді.
Өздігінен талаптанып көп ізденудің арқасында озық ойлы орыс жазушыларының шығармаларын еркін оқитын, оқығанын талдай отырып көңілге тоқитындай дәрежеге көтеріледі. Кейінде, олқын-толқын жылдары ұран есебінде жазылған өлеңінде:
Пушкин менен Лермонтов
Біздей ақын емес пе?
Ақын болған адамдар
Жұрттың қамын жемес пе?
Әдебиеттен қалыспай
Бізде нұсқа салайық, - деуі Пушкин мен Лермонтов шығармаларымен жете танысып, олардың рухынан нәр алғандығын дәлелдесе керек.
Ақын өмірінің соңғы бір жарым жылдай уақытын Қарқаралыда өткізеді. 1917-1918 жылдары уездік соттың төрағасы міндетін атқарған. 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін Қарқарылада құрылған уездік комитеттің құрамына еніп, іле-шала осы комитеттің төрағасы Ақбайұлы Жақып, вицетөрағасы және төралқасы болып Нарманбет сайланады. Осы екі қызметті қатар атқарған ақын 1918 жылдың 2 ақпанында Қарқаралыда Совдеп құлаған соң өз аулына оралады.
“Нарманбет 1918 жылы Қарқаралы уезінің сот ағасы қызметін атқарады”.
Ел сүйіспеншілігіне бөлене білген Нарманбет ел ағасы, ақын ретінде халық тұрмысынан, оның басындағы қуанышты-күйінішті жайлардан әсте алшақтамайды. Халқымен бірге болып, оның жоғын жоқтасты. Өмір шындығын өз туындысына арқау еткенін М. Әуезовтың: “...Абайдың алдындағы адамдар деп Шортанбай, Алтынсарин, Мәшһүр-Жүсіп, Нарманбеттерді алу керек. Бұл адамдардың кейбірінің Абайдан жас болғандығын есеп қылуға болмайды. Бәрінің жазған сөздеріндегі бетті, белгілі сарынды есепке алу керек. Ол дәуірдің ақындары жазба әдебиеттің басы екені даусыз”, - деген пікірі толықтыра түсіп, Нарманбеттің т.б. аттары аталған адамдардың әдебиет тарихын кезеңге, дәуірге бөлудегі алатын орнын аңғартқандай. Сондықтан да болар оның шығармашылық жолынан XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ халқының саяси-экономикалық кейіпі мен әрқилы әлеуметтік шындығы анық көрінеді.
Ақынның ел аузында сақталған 4000 жолдай өлеңі бар.
1939 жылы ғалым Е. Ысмайылов Мақсұт пен Тұрғанбктің жинағы негізінде алғысөз жазып, “Нарманбеттің өлеңдері” деген атпен таңдамалысын шығарды. Осы ғалымның ақын жайлы жазған қысқаша талдауы 1941 жылы орта мектептің 9 класына арналған әдебиеттік оқу кітабына еніп, шамалы өлеңдері хрестоматияға басылды. Одан бұрын, 1926 жылы “Жиырма үш толғау” деген жинаққа “Орманбеттің жоқтауы” еніп, “Сарыарқа сайран жерім-ай” деген өлеңі сол кездегі мерзімді баспасөздерге берілді. 1966 жылы Алматыда басылған ақындар айтысының үш томдығының екінші кітабына Жуасбай ақынмен айтысы шықты. 1978 жылы Ленинградта шыққан “Поэты Казахстана” атты антологиялық жинақта біраз өлеңдері орыс тіліне аударылып басылды.
Ақын шығармаларындағы көтерілген мәселелерді санамаласақ: махаббат-жастық, саяси және көңіл-күй лирикалары, әлеуметтік-философиялық толғаулар, заман-қоғам-адам тағдырын сөз еткен шешендік жырлар, айтыс, жоқтау, жұмбақ, мақалға айналған тапқыр тұжырымдар, билік сөздермен бірге оқу-ағарту, әзіл-оспаққа құрылған ұтымды қалжыңдар мен эпиграммаларының бар екеніне куә боламыз. Бұған мұсылманшылық шарттарын сөз еткен “Әзел” атты көлемді туындысын қоссақ, ақын жырлаған тақырып аясының өте кең екені аңғарылады.
Барлық ақындар іспетті жастық сезім күйлерін өлең өрнектеріне тоқып, сыртқа шығару Нарманбетке де жат болмаған. Олардан бізге жеткендері: “Бір-екі хат”, “Көк ала үйрек”, “Ғашық тұрлауы”, кейін сала жазылған “Мен көрдім Қарқаралда бір шариф зат”, “Екі ғашық қысқа таң”, “Балдызға” (өні бар), “Күмісайға” дейтін өлеңдері.
Аталған өлең үлгілерінің көпшілігі арнау хат түрінде жазылған. Олардың ішінде әзіл-оспаққа құрылған шағын айтыс қағытпалары да бар. Көбінесе емеуірінге толы жұмбақ сырларын ақын нәзіктікпен сыршыл сезімдерге бөлеп береді. Көңіл-күй тебіреністерін жастық іңкәрлікке орай, сезім әуендеріне беріліп, әлеуметтік істерден оқшаулап алып сөз етеді.
Ақын шығармаларындағы басты және мол жырланған тақырып осы оқу-өнер. Өнер-ғылымды меңгерудің басы жас баланы оқыту, тәрбиелеуден басталатынын ашып көрсетеді. Оқу-өнер туралы “Балалық күй”, “Білім туралы”, “Жастарға”, т.б. бірнеше өлеңдер арнайды. Бұл шығармаларында қазақ балаларының жас ғұмырының қалай өткенін, шала оқу мен қисық тәрбиенің бала өміріне қаншалықты зиянды әсер еткенін терең суреттейді. Өзі дін жолын берік ұстаған бірәдәр атанса да, оқу-білім жолына бөгет болған дүмшелікті де қатты сынайды.
Әке іздеп бір молданы алып келді,
“Құтты қыл” деп құдайға налып келді.
“Екі-ақ айда баланыз хат таныр” деп,
Аңқау шал арамзаға нанып келді.
“Әліп-би” деп жарты ай жүрдік оқу алмай,
Көңілге молда сөзін тоқи алмай, - деп, дүмшеліктің мағынасыздығымен қатар кейбір қожа-молдалардың өтірікші, құлқын құмарлығын ашып көрсетеді. Дүмшеліктің осындай машақатын айта отырып, балаларға шын ғылым мен өнерді надан молдадан емес, оқымысты адамнан үйрену керек дейді.
Ақынның 1900 жылы жазылған “Бала қайдан?” деген туындысында нәрестенің ана құрсағында дамып, жарық дүниеге келуі кезеңдерін сипаттайтын таң қаларлық мазмұн бар. Онда баланың іштегі даму сатысы кезең-кезеңдерге бөлініп, бүгінгі дүниетанымға сай эволюциялық тұрғыда баяндалады. Осыған орай, ақын дүниетанымның екі түрлі бағытымен де жете таныс болған-ау деп таңдай қағасын. Аталған өлеңнің соңғы түйінінде баланың жақсы адам болып ержетуі, халқының панасы, азаматы болуы оқу-ізденуге, өнер қууға байланысты деп ата-ананың мойнына жауапты міндет жүктейді.
Бұ бала-бүгін бала, ертең бала,
Оқымаса көңіліне бітпес сана.
Адам туған баласын надан қылып,
Ата-анасы болмасын жүзі қара, - деп, өз заманы ғана емес, бүгінгі күннің ата-анасына да ой тастағандай.
Нарманбет қазақ қоғамының тарихи-әлеуметтік қайшылықтары шиеленісіп, дами бастаған кезде қызмет жасады. Ол өзінің шыншыл да, өткір поэзиясын сол қиыншылықтарды шешу мақсатына арнады. Сол арқылы қоғамдық дамуды жеделдетуді көздеді. Туған халқына болашаққа қарай жөн сілтеуді арман етті. Мұны өзінің ақындық, азаматтық борышы деп түсінді. Ағартушылық бағыт тұтынды. Ол Абай айтқан “Қалың елің, қазағың, қайран жұртың” жанымен сүйді, оның жарқын келешегі – жастарына үмітпен қарады. Жастардың келешегіне үмітпен қарағанын “Жастарға” деген өлеңі толық аңғартады. Аталған өлеңде жастарға ескерту жасап, ақыл айтады. Оларға ұран тастап, оқу-өнерге шақырады. “Халқымыздың сәуле алатын жарығы болуға тырысайық, ол үшін сегіз қырлы, бір сырлы болайық, менмендіктен, шуылдаған, пайдасыз бос жүрістен қашайық” – деп ой түйеді.
Ұлы ақын өзінің өскен ортасынан халықтың қамқоры, адал қызметшісі бола алатын жаңа адамды іздейді. Жалпы, Адам деген атты қалай ақтау керек екендігіне әркез ой жүгіртеді. Адамдықтан тікелей мағына іздейді. Ақынның жас шағы мен толысып, кемелденген кездегі шығармашылық өнеріне ортақ барлық тұста бірдей көрініп отыратын ұғымды бейне – шын мәніндегі АДАМ. Ақын адам болып туғаннан кейін осы қасиетті, ұлы атақты атқаруды ең асыл да абзал міндет-борыш деп танып, оны барлық уақытта бірдей қадірлеп, қастерлейді. Ақын адамгершілікті, ар-ұжданды ақтау үмітін өзінің жаны сүйген адамдарына – жастарға артады. Оларды үнемі ізгілікке шақырады. Өнегелі жақсы істерге баули түсуді көздейді. Оны ақынның “Құс болсаң, ақылға бай байғыз болсаң” және “Жастарға” деген өлеңдерінің жолдарынан аңғарамыз.
Нарманбет еркіндікті, бостандықты, теңдікті аңсаған ақын. Ол сол үшін өмір бойы күресіп өтті. Өзінің осы күрес жолындағы ұстаған бағытын өлең өрнегіне түсіріп, жұртшылықтың санасына жеткізу болатын. Олар: оқу-өнерді пайдалылығы, адалдық, адамдықты жоғары ұстау, кедей-кепшікке қиянат жасамау, жалқаулық пен арамтамақтықты, қиянатшыл би-болыстар мен орыс әкімдерін сынға алу және мұсылмандық-имандылықты сақтау болатын. Ақын осы санамалап көрсеткен жайларды өз шығармаларына арқау ете отырып, халықтың санасын оятуды көздеді.
Сондай-ақ жазған жылы белгісіз кейіннен табылған 418 жол көлеміндегі “Әзел” атты туындысында да мұсылмандық шарттары сөз етіледі. Онда тіршілік пен бақи дүние кезіндегі адамның бастан кешетін жайын шариғат ұғымы бойынша сипаттай отырып, тыңдаушы қалың қауымды имандылық шарттарын берік ұстауға шақырып, дін-мұсылманның тұтастығын сақтауға үндейді.
Ақынның отарлау саясатына қарсы шығарған өлеңдерінің ең көлемдісі де, мәндісі де “Сарыарқа” атты ұзақ туындысы. Бұл өлең 1906 жылы Арқадағы қуаңшылықтың салдарынан ел басында болған ауыр хал мен сол кездегі патша үкіметінің қазақ жерін отарлау саясатын түбегейлі жүзеге асыру үшін Столыпин реформасын шығарып, қиыншылыққа ұшыраған бұқара көпшіліктің соңғы қалған жерін күшпен тартып алып, оларды өскен жерінен айырған кезінде жазылған.
Елге, туған жерге деген махаббатын айқындайтын, азаматтық деңгейін танытып, қоғам қайраткерлігін дәлелдейтін туындылары көп десек те ақынның “Сарыарқасы” мен осы циклді өлеңдерінің, яғни саяси тақырыптағы лирикаларының орны бөлек. Оның ішінде “Сарыарқасы” – ақындық әлемінің шыңы деп айтқан жөн.
Қорыта келгенде, Нарманбет Орманбетұлы - өзіндік эстетикалық таным-түсінігі жоғары, қуатты да терең ойға құрылған поэзиясы бар классик ақын. Ақынның қазақ поэзиясына енгізген жаңалықтары, ойшыл-философиялық болжамдары мен өмірлік тұжырымдары, айтыстары мен жұмбақтары, мақалға айналған маржан сөздері шоқтығы биік, көлемді де салмақты дүниелер. Бұл құнды дүниелерді теңіз айсбергіне, асқақ тауларға, миуалы бәйтерекке теңеуге әбден болады. Артына өлмес жыр, ісімен өшпес із қалдырып, заман қаһарына ұшырап, кейінгі ұрпақ үшін аты ұмытылып келген ақын Нарманбет Орманбетұлы Қарқаралы уезіндегі 22 болыс елді аузына қаратқан Қотан-Балқаш болысының ең беделді, әділетті болысы болғаны жайлы деректер 1990 жылдан бастап жариялана бастады.
Қазақ әдебиет тарихында туған елінің бодандық қалпын ерекше бейнелеумен қалған Нарманбет Орманбетұлы сияқты елшіл ақынның «Алаш» қозғалысынан тыс қалуы мүмкін емес еді. Оны жоғарыдағы ақын өлеңдерінен, сол ұлт-азаттық қозғалыс тұсындағы ұлтжанды әрекеттерінен байқадық. Ахмет Байтұрсынов,Сәкен Сейфуллин, Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақпаев сияқты қайраткерлердің пәрменді істеріне үн қосқан Нарманбет Орманбетұлының ұлт тарихындағы осы оқиғадан алар өзіндік орны бар.
Халықтың өткен өмірі жалпықоғамдық мәні бар тәжірибе ретінде қорытылып, белгілі бір дәрежеде ұлт игілігіне асқанда ғана құндылыққа айналады.. Егер біз Алаш қозғалысын ұлт тарихында ерекше орны бар құбылыс ретінде ғана бағалаумен шектелсек, онда оны түсіне алмаған ұрпақ болып шығар едік. Бізге бүгін жалпыұлттық деңгейде қорытылып, жалпыұлттық деңгейде игерілген, яғни ұлттық дүниетаным мен ұстанымның іргетасы міндетін атқара алатын тарих қажет. Ал Алаш қозғалысы сол дүниетанымдық тарихтың өзегі.
11