Баяндама ағылшын тілінен Функционалдық сауаттылық

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Ағылшын тілі бойынша орта буын оқушыларын функционалдық сауаттылыққа дамыту


Куанова Жанылганым   Капезовна

42  «Ақ ниет»гимназиясы

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары (бұдан әрі – Ұлттық жоспар) ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілді. Ұлттық жоспар Қазақстан Республикасындағы білім сапасын жетілдірудің негізгі бағдары ретінде мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту іс-қимылдарының мақсаттылығын, біртұтастығы мен жүйелілігін қамтамасыз етуге бағытталып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту үдерісін мазмұндық, оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтиды.

Функционалдық сауаттылық бұл, адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның мамандығына , жасына қарамай үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Зерттеушілердің болжамы бойынша адамдардың сауатсыздық деңгейінің төмендеуі, оларға дұрыс білім беріп, тиянақты оқытпаудан, оқырман болуға үйретпеуден болған көрінеді. Сақтанбау, ұқыпсыздық, байқаусыздық, апаттар: мұның бәрі ережені дұрыс оқымағандықтан, түсінбегендіктен, санаға сіңірмегендіктен орын алып отыр. Қазіргі әлемдік білім кеңістігіндегі халықаралық стандарт талаптарына сай оқыту үдерісінің орталық тұлғасы білім алушы субъект, ал ол субьектінің алған білімінің түпкі нәтижесі құзыреттіліктер болып белгіленуі білім беру жүйесінде «функционалдық сауаттылықты» қалыптастыру мәселесін негізге алудың өзектілігін арттырып отыр. Осыған орай,  алған білімдері негізінде әрекет етуге қабілеттілік пен даярлықты білдіретін құзыреттіліктерді қалыптастыру үздіксіз білім беру жүйесінің маңызды буыны болып саналатын жалпы білім беретін орта мектептердегі әрбір пәнді оқытудың да басым бағыттарының бірі болып табылады. Жалпы білім беретін орта мектептердегі құзыретті тұлғаны қалыптастыруда тіл пәндерінің орны ерекше болып келеді. Функционалдық сауаттылық оқушылардың танымдық қабілеттерінің деңгейін және оқушылардың өнімді жұмысының көрсеткішін білім деңгейі ретінде қарастырады. Бұл деңгей өмірдің әртүрлі саласындағы тапсырмаларды шешуде мектептік білім мазмұнының қолданбалық сипатына және оқушылардың игерген біліміне негізделеді, сондықтан қоғамдағы өмірлік пен практикалық іс-әрекеттердің дағдылары мен әлеуметтік іс-тәжірибені меңгеру үшін оқушылардың білім алу барысында негізгі және пәндік құзыреттіліктері қалыптасуы тиіс.

Ағылшын тілі пәнінде  орта буын сыныптарында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда  пән мұғалімі ретінде  неге аса мән беруі керек? 1.Мұғалім сабақ барысында білім алу үшін түсінуді дамытуда жеке еркіндік , таңдау , ынта сезімдеріне мән бере отырып, оқушылардың негізгі екі мотив : өзін - өзі сыйлау, өзін-өзі бақылауға үйретуі тиіс. Мұғалім оқушыға сыртқы түрткі болғанның өзінде де жетістіктерге жету , оны түйсіну , түсіну сезімі іштен шығады. Сабақты бастағанда оқушы қызығушылықтарын туғызатын әдіс –тәсілдерді пайдалана отырып күнделікті өмірде қолдана алатындай тапсырмалар орындату, сонымен бірге ойландыру жолдарын да қарастыруға болады. Мысалы: moon (…) cake –honey, newspaper(…) room-  number.    Немесе түбірлес сөздерді жылдам жаз, уақытқа белгілеп шапшаң ойлауға , жазуға дағдыландыру үшін алса , мысалы:  usually (әдетте), usual (кәдімгі- сын есім ), unusual (ерекше –сын есім)  т.б. Синонимдік  қатар жазыңыз : beautіful ( handsome ер адамға), nice (милый, приятный), lovely (чудесный, милый).

Орта буын оқушылары 5-6 сыныптар А деңгейіндегі (базалық сөздік қор)  400-500 сөз  активтік сөз қорын меңгеруі тиіс. Бұл күнделікті байланыс кезіндегі 90%,ал жазбаша 70 %  жуық сөзін жоқтатпайды. 7-8 сыныптар Б деңгейіндегі (минималдық сөздік қор ) 800-1000 сөз. Бұл шамамен 95% ауызша, 90% жазбаша мәтіндегі сөздің орнына жүреді. Бұл сөздік қорды меңгерту мұғалімнің   сабақтарда жүргізу   сапасына тікелей байланысты және  оқушылардың сабақта танытқан белсенділіктеріне қатысты. Оқыту кезіндегі мұғаліммен оқушылардың бірлесе  жұмыстануы жеке тұлғаның білімді игеруі  жемісті болмақ. Ағылшын тілінде  оқушыларға функционалдық сауаттылық не үшін керек? Оқушылардың ағылшын тілінде  айналада толып жатқан ақпарат тасқынын түсіну үшін,  өмірде заманауи  құралдарды игеріп қолдану үшін,  нақтырақ айтқанда, компьютер тілін меңгеру үшін, оны дұрыс қолдануда, Интернет желісінен керекті ақпарат алуда, ұялы телефонды керегіне жарату үшін ағылшын сөздерін түсінуі тиіс. Айнала ағылшын сөздеріне толы жарнамаларды, киімдер , түрлі тауарлар да жазылған  этикеткаларды түсіну, өзінің қауіпсіздігін сақтау үшін де қажет және тағы басқа да жағдайларда қажет екені баршаға аян.

Ағылшын тілі функционалдық сауаттылығын  қалай дамытуға болады ? Бұл ашық сұраққа баяндамада толық жауап беру мүмкін емес, дегенмен, бірнешеуіне тоқталған жөн. Бірінші, мұғалім жаңа нәрсені оқыту да адамның нені білетіні мен және түсінетінін білуге тырысады. Оқушының бастапқы білім мен дағдыларын назарға алып, оларды өрістетуді мақсат еткенде ғана мәнді болады.Осы байланыстарды дамытып, нығайту үшін проблемаларды шешу үдерісін  қатыстыру қажет. Оқушыларға гипотеза жасауға, қорғауға, құруға уақыт беру; бірін-бірі оқыту да тиімді әдіс. Мұғалім пәнді оқушылардың өз түсінігі  мен пікірі қалыптасатындай өткізу, логикасы мен тиімді қарқынмен мағынаны ұғындыру әдістемесі арқылы оқушыларды дағдыларды қолдануды үйретеді. Сондай-ақ, сабақтағы диалог пен талқылау интерактивті оқытудың логикалық, ұтымды дәлелі.

Оқушыларға берілген тапсырмалардың қай түрі орындағанда оқушыда қандай ойлау процесі жүреді, ол нені дамытады, осы тақырыпқа тиімді ме, оқушының дамуына қаншалықты  ықпалы болды ? Осы сұрақтар жөнінде  мұғалім сабақ жоспарын құрғанда алдын-ала  ойлап қарастыру керек.Сабақтарда оқушыларға білімді игеруде тапсырмаларды алгоритммен берудің, оңайдан қиынға қарай ұстанымын болғанның  маңызы зор. Білімді меңгеруде Блум таксономиясын пайдалану оқушының білім деңгейінің көтерілуіне себепкер. Мысалы,жаңа сөздерді аудармасымен  жаттауы – біледі, түсінеді, оны тапсырмаларда сөздің мағынасын тауып қою – қолданады, сөздерді мағынасына қарай талдаса, салыстыра алса , жіктей алса –талдау, сөзге қорытынды жасап , нақтылай алса, сынаса –бағалау, осы сөзді басқа сөйлемде жаңаша қолдана алса –жасау.

Оқушыларды оқытуда бағалаудың алатын орны ерекше. Оқушылардың білімімен алған дағдыларын өмірде қолдана алу біліктерін жетілдіру үшін мұғалім бағалау түрлерін, мақсаттарын айқындайды.

Оқушылардың білімге ынтасының болуы, олардың сабақтағы белсенділігінің артуына білім сапасының жоғарлауына, білім алудың пайдасын түсінудің қалыптасуына мүмкіндік береді. Білім берудің құрылысын,белгілі уақыт ішінде берілетін білім көлемі  шектеулі және анық болуы, оқушылар мұғалім берген мақсаттарды түсінетіндей, қабылдайтындай етіп құру керек және оқушы мұғалім қойған мақсатты белсенді жүзеге асырушысы болуы тиіс. Оқушылардың білімге ықыласын, қызығушылығын арттырудың ең жақсы жолының бірі – сабақта ойындарды қолдану. Ойын – әрқашан кішкене білім, кішкене білім бола отырып, баланы білім алуға, еңбекке дайындайды. Рөлдік ойындар, коммуникативтік шағын әңгімелер, үлгі сөйлемдерге қарап шынайы диалогтар құрау –жұппен, топпен , оқушы- сынып, оқушы –топ т.б.

СТО стратегияларын қолдану, «Ыстық орындық», шеңбер, категориялық топтастыру.... Ағылшын тілі сабағында мынадай әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оқушылардың сабаққа ынтасын арттыра отырып, білім сапасын жетілдіріп, сауатты болуға дағдыландырады.

«Шеңбер»  пайдалы әдіс . Бұл шеңберде оқушылар бір нәрсеге өзінің түсінігін айтады, талқылайды , идеяларын бөлісе алады және шеңбер түрінде отырады. Шеңбер бұл нағыз еш сынсыз,  тілмен шағуға, кекетуге лайықсыз жер деген ережені бұзбауы тиіс.

«БББ» кестесінің алғашқы екі кестесін, яғни «не білемін», «не білгім келеді» оқушылар жаңа тақырып басталмас бұрын толтырады. Жаңа білімнің маған берер пайдасы қандай болмақ деген сұрақтарға жауап беруге ұмтылады.

Жұптағы ой қозғау. Оқушылар қандай да болмасын ақпарат туралы бар білгендерін жазбаша келтіреді. Бұл тапсырманы орындауға берілген уақыт 2-4 минут қана, оқушылар өз жұптарымен жазғандарымен бөліседі, сұрақтарға жауап береді, тізімдерін толықтырады.                                                                                                  Кластерлер (жүзімнің шоқтары деген мағынада). Идеялар мен ақпараттардың арасындағы байланыстарды айқындауға арналған жазба кестелер. Негізгі тақырып немесе тірек тақтаның ортасындағы шеңберге жазылады да, одан туындаған тақырыпшалар оның жан-жағына жазылып, шеңберленеді, оқушылар оларды бір-біріне қосады да, өзара байланыстыру туралы әңгімелейді. Мысалы:

Ойлан, жұптас, пікірлес – оқушыларға қандай да болмасын сұрақ, тапсырма ,ереже берілгеннен кейін оларды тыңғылықты орындауға бағытталған тәсіл. Тақтада сұрақ, тапсырма жазылғаннан кейін әрбір оқушы жекеше өз ойлары мен пікірін берілген уақыт ішінде (2-3 минут) қағазға түсіреді. Содан кейін оқушы жұбымен жазғанын 3 – 4 минут талқылайды, пікірлеседі. Мұғалім 2-3 жұпқа өз пікірлерін бүкіл сыныпқа жариялауын сұрануына болады.

Алдын – ала берілген атаулар – мұғалім сабақ барысында жаңа тақырып бойынша тақтаға бірнеше атау ,терминдер) жазып қойып (3-4атау) оқушыларға олардың мағынасы, мазмұны және өзара қатынасы мен байланысы туралы ойлауын сұрайды. Бұл жұмысты оқушылардың жеке жұппен немесе шағын топ ішінде ауызша яки жазбаша орындалуы ықтимал. Содан кейін мұғалімнің бірнеше оқушының ойы мен пікірін тыңдауына болады

Еркін жазу – оқушылардың тақырып бойынша өз ойларын қағазға түсіруді талап ететін тәсіл. Оқушылар берілген уақыт аумағында (5-7 минут) тоқтамай жазуы керек.  Сабақтың негізгі бөлімінде мұғалім оқушыларға білім алудың белсенді тәсілдерін ұсынып, олардың өздігінен жаңа мәліметті жан – жақта қарастырып, зерттеп, игеруіне мүдделі. Оқушылар жекелей, жұппен, топпен жаңа ақпаратпен танысып, ол туралы өзіндік пікір қалыптастырады.

Сұрақ қою қайтадан сұрақ қою – мәтіннің әр бөлігінен кейін оқушыларға бір – біріне немесе өзгеде оқушыларға белгілі бір жүйемен сұрақ қою тәсілі.Мәтіннің бірінші бөлігі оқылып жатқанда А оқушы В-ға бірнеше сұрақ жазбаша дайындайды. Мәтін оқылып біткеннен кейін В оқушы жауап береді. Екінші бөлімнен кейін керісінше В оқушы А оқушыға сұрақ қояды. Үшінші бөлімнен кейін екеуі С және Д оқушыларға сұрақ қояды. Оқушылардың өздеріне  тақырып бойынша  ағылшын тілінде басқа адамдардан  интервью  алу, беру , бейнежазбаларға түсіріп  сыныпта талдау, олар үшін өте қызықты.

Сыныпта топпен жұмыстарды ұйымдастыруда АКТ  технологияларын пайдаланып  тапсырмаларды берудің  нәтижелі екені көз жеткізілді. Бір топ басқа топқа тапсырма дайындауда ұялы телефон мүмкіндіктерін пайдаланып бейне сұрақтар дайындайды. Әсіресе, 8- сынып оқушылары  оқу жоспарындағы елтану тақырыптары бойынша қолданды. Сабақтың нәтижелі болуы басқа пәндердегі тақырыптармен сәйкес келіп бір-бірін толықтыра түссе , сауаттылықтың арта  түсуіне ықпалы зор.Оқушылардың белсенділігін арттырып , өз бетінше тілін дамытуда ,оларды  түрлі тақырыптарда сөйлеу үшін, оқу процесін жеңілдету және жетілдіру үшін сабақта бейнефильмдерді пайдаланудың дидактикалық та, экономикалық та  маңызы зор. Бейнефильмдер оқушының фонетикалық , лексикалық , грамматикалық материалды  жақсы меңгеруіне, оны интенсивті түрде бекітуге көмектеседі. Сабақта бейнефильмдерді қолдану нәтижесінде оқушылар өздері меңгерген оқушының фонетикалық, лексикалық, грамматикалық материалдарды  өз ойларын айту үшін  қолданады.Фильмді көрсету барысында мына жайлар ескеріледі: 1.Негізгі идеяны анықтау; 2. Басты ақпаратты толық түсіну;  Фильм көрсетілген соң оқушылар сұрақтар қою арқылы түсініктерін тексеру, оқушылар қажетті сұрақтар қоймаса бағыттау сұрақтарын қою, сюжетті талқылау, рөлдік ойын ұйымдастыру т.б.

«Идея» – бір ұғымға , затқа т.б. бірнеше ой айту.

«3 нәрсе» - сабақтан алған 3 нәрсені айтады, немесе ұнамағанын айту.

Әр сабақтың соңына оқушы сабақтан не алды, нені түсіну,орындау қиын болды, қай тәсіл ұнады пікірлерін ауызша, жазбаша түрде білдіреді, ұсыныстарын айтады. Оқу жылын аяқтағанда осындай сұрақтардан білгенім оларға басқа елдер туралы тақырыптарды өткен қызықтырады, сабақтардағы презентация, видеофильмдер,үлгі диалогтармен жұмыстану жеңілдеу деп ойлайды,  өздері құрастырған сұрақтар, өздері түсірген  тапсырмалар, бейнежазбалар ұнайды екен.Топпен жұмыс ұйымдастырғанда олар топтық бағалағанды дұрыс деп санайды.

Сөзімді қорыта келе, оқушылардың ағылшын тілінен функционалды  сауатты болуы - заманның қойып отырған талабы.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.МАН ІІІ,2012ж, ресурстар

2.Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары, 2012.

3.Ағылшын тілін оқытудың қазіргі замандық әдістемесі