Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шығырлы ауылы
Ә. Молдағұлова атындағы негізгі мектебі
Бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі: Рамазан Ақылбек Арыстанбайұлы
Сыныбы: 5
Сабақтың тақырыбы: Түстану ерекшеліктері.
Сабақтың мақсаты: Шығармашылық жұмыстарды жасауға деген құлшыныстарын ояту.
Білімділігі: адамның көру қабілетін, түр-түске деген психикалық реакциясын анықтау көркемдік білім беруде оқушылардың эстетикалық сезімін ояту.
Дамытушылығы: оқушылардың танымдық қасиетін дамыту, логикалық ойлау, дұрыс сөйлеу, есте сақтау, ойдан құрастыру қабілетін дамыту.
Тәрбиелілігі: оқушыларға эстетикалық тәрбие беру, түстерді қолдану кезінде суретті тез әрі оңай салуға дағдыландыру.
Көрнекілігі: жылы және суық түстердің суреттері.
Сабақтың түрі: Жаңа тақырыпты меңгерту.
Әдіс-тәсілдері: түсіндіру, сұрақ – жауап.
Сабақтың өту барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Үйге берілген тапсырманы тексеру.
Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Тапсырмалар орындау.
Сабақты бекіту.
Бағалау.
Үйге тапсырма.
Сабақтың барысы:
1.Ұйымдастыру кезеңі: оқушылармен амандасып, кезекшіні анықтап, оларды түгендеу, құрал-жабдықтарын тексеру. Барлығының назарын сабаққа аударту.
2. Үй тапсырмасын тексеру: Геометриялық фигураларды атаңдар? Геометриялық фигураларды қағаз бетіне қалай түсіреді?
3. Жаңа сабақты түсіндіру: Табиғат қоршаған ортадағы сұлулық бояу нақышымен қымбат. Олардың көркі ең алдымен түрлі түсті реңіне байланысты айқындалады. Түр-түсті арнайы зерттейтін ғылым «түр-түстану» ғылымы деп аталады. Адамның көру қабілетін, түр-түске деген психикалық реакциясын анықтау көркемдік білім беруде оқушылардың эстетикалық сезімін оятады. Түр-түстің шартты түрде толып жатқан қоғамның символикалары мен әр халықтың әдет-ғұрып, салт-санасына қатысты қолданыстары бар. Табиғаттың әр алуан түр-түстерді адам баласы екі жолмен танып біледі. Біріншісі ғылыми жолмен, екіншісі – халықтық тәжірибе бойынша. Әсіресе бейнелеу өнерінде түр-түс бейнелеудің басты құралы болып табылады. Живопись дәуірдің рухани мазмұны мен әлеуметтік дамуын бейнелеп қана қоймайды, оған белгілі бір идеологиялық концепциялау негізінде баға береді. Сондықтан суретшілер еңбектеріне назар аударып көрейік.
Живопись – бейнелеу өнерінің бір түрі, белгілі бір заттың бетіне бояу арқылы салынатын көркем шығарма. Осы тұрғыдан живопись өзі де қоғамдық күрестің құралына айналады. Живопись туындысы көрерменнің сезіміне, ойына әсер ету арқылы, оның бейнеленген шындықтан тәлім алып, [pic] [pic]
өзінше қорытынды жасауына себепкер болады. Сонымен қатар қоғамдық-тәрбиелік мәні зор деректемелік мағлұматтар да береді. Суреткер өмірді өз тұрғысынан қарап, оның түрлі құбылыстарын шығармаларында өзінше бағалайды. Живопись – бұл нақтылы көрсетілетіндіктен, оның көрерменге әсері өте күшті.
Живописьтің пайдаланатын құралы – сәуле, бояу, рең. Сәулені бояу реңдерімен нәзік астастыру арқылы өмір құбылыстарының айқын да шынайы көріністері жасалады. Суреткер шеберлігінің әсерлі көрінер жері де осында. Заттың сыр-сипатын, нәрсе мен кеңістіктің қарым-қатынасын, сәуле мен көлеңкенің құлпыруын, қысқасы, кең дүниенің барлық жаратылысын, жарасымын тауып бейнелейді.
Түс живописьтің ең басты құралы болып табылады, яғни живопись шығармасында оның көркемдік құралдарының негізін жарық және көлеңкемен бірлікте түс құрайды.
Заттардың «дәл өзіндей» түстік бояуын табиғи түрде беруге үйрену керек. Оны картинада дұрыс үйлесімді табылған түстердің қатынасы шешеді.
Нақ түстік қатынастарды дұрыс алу реалистік живописьтің негізі болып саналады. Негізінде суретші бояумен көркем шығарма жазуда заттардың түсін ғана емес, олардың өзара түстік үйлесімділігін де зерттейді.
[pic]
М. Асламазян. Үнді әйелінің портреті.
Біздің түстерді қабылдауымызға әдемі «сабақтас» түстің пайда болуына жарық, қашықтық (ауа қабаты) және түстік орта, түрліше боялған заттардың қатар тұруы шешуші ықпал жасайды.
Мысалы, күшті жарықта, яғни шаңқай түсте түстер өзінің қанықтылығын жоғалтады. Бұлтты күндері не көлеңкеде түстер өзінің қанықтылығына ие болады. Мұндай құбылыстарды қоршаған табғатта алыстан байқауға болады. Живописьтік көркем туындының бүкіл құпиясы түстік бояуда көрінеді.
Белгілі бір заттың жарық түсіп тұрған және көлеңке бөліктері жарықталумен қатар жылы және суық түстік реңдермен ерекшеленеді. Егер жарық жылы болса, онда көлеңке суық реңге ауысады. Ал жарық суық болса, көлеңке жылы реңді болады. Жылы және суық түстердің үйлесімді болып келуі живописьте әуен туғызады.
Суретшінің бояу таңдағыштығы палитра арқылы анықталады. «Палитра» сөзі екі ұғым береді. Біріншісі – суретші бояуларды салып араластыратын тақтайша, екіншісі – суретші бояуларының жиынтығы.
Х. Рембрандт бояу түсін қолданудың шебері болған. Ол кейбір картиналарды орындағанда жеті бояу қолданғанын зерттеу көрсетіп отыр.
Ал А. Рыловтың кейбір пейзаждары 12 бояу түсімен салынған. К. Коравин әдетте бір мезгілде 10-15 бояудан да көп қолданған.
Палитрада бояулар әрдайым белгілі бір жүйеде орналасуы керек.
Табиғат көрінісіндегі түстік қатынастарды шапшаң ұстап қалу үшін этюд орындау ұтымды.
Живопись туындыларын жасауда акварель, майлы бояу, гуашь, пастель, тушь та молынан қолданылады.
Живопись шығармасы негізінен кенепке , ағашқа, қағазға, мұқабаға, тасқа, әйнекке, металға салынады.
Живопись туындысы суретшінің жалпы идеясына, стиліне байланысты көркем, жарасымды болуға тиісті.
Живописьте басты нәрсе – түс. Өйткені дүниенің бар байлығы мен сұлулығын сол түс қана бере алады. Суретші заттың қасиеті мен бояуын сол түс арқылы бере алады.
Живописьтің таза мағынасы – бояу арқылы жазық бетте бейнелеу деген сөз. Музыка үшін 7 нота қандай рөл атқарса, живопись үшін ең қою қалың бояудан ең нәзік реңдерге дейін сондай рөл атқарады. Суреттің белгілі бір әсері көңіл күйдің түпкі ойын білдіреді. Түс – живописьтегі ең басты нәрсе. Әр қилы суретшілердің картиналарын салыстыра қарасақ, олардың түстік рең талдау жағынан өте-мөте түрліше екенін көреміз.
Живовись шығармасының қандай да бір бөлігін көрнекті ету үшін суретші бұл жерде бояуды саналы түрде қалыңырақ жағып, қалың етіп жазады. Суретке түскен жарықпен бояу жағындылары шағылысып, әсерді күшейтіңкірейді. Бұлай еткенде бояудың қай бағытта жағылатынын да ескеру керек болады.
[pic] [pic]
С. Мәмбеев. Терезе алдындағы қыз. М. Лизогуб. Халық шебері.
Заттардың жарасымдығы бояу түстеріне байланысты. Түр-түсті танудың адам үшін қажетті үш элементі бар екен. Біріншісі – тағдырдың адамға сыйлаған тартуы – көз; екіншісі – жер бетіндегі тіршіліктің қайнар көзі, әлемге жарық шашушы – Күн; үшіншісі – бізді қоршаған табиғат, тіршілік-болмыс. Бұлар бір-бірімен тығыз байланысты болып келеді. Табиғаттағы, қоғам өміріндегі бірде-бір құбылыстың бояусыз, реңсіз, өңсіз, түссіз болмайтыны бәрімізге белгілі. Бірақ сол бояу-реңдерді өмірдің қай саласында қалай қолдануды бәріміз біле бермейміз. Живопись дәуірдің рухани мазмұны мен әлеуметтік дамуын бейнелеп қана қоймайды, оған белгілі бір идеологиялық концепциялау негізінде баға береді.
Бояу әсемдігі ең алдымен олардың үйлесімдігіне, белгілі бір түс нюанстарының қайталауына байланысты. Нәзік үйлесімділік көңілге тез қонады, толықтырып тұрады немесе кейде қарама-қайшылық та туғызады, көңіл күйге ықпалын тигізеді, яғн онда қуаныш пен шаттықтың белгілері бар. Мұндай сезім көбінесе ақшыл бояулардан және жарықтың әсерінен туындайды. Ал күңгірт түстер уайым, қайғы-мұң, тіпті кейде үрей де туғызады. Жалпы алғанда, әрбір бояу түстерінің өз мағынасы бар екені сөзсіз.
4. Сарамандық жұмыс:Акварель техникасы арқылы көшірме жұмыс орындау.
5. Сабақты бекіту:1) Бояу түстері жайлы не білесіңдер? (Түс живописьтің ең басты құралы болып табылады, яғни живопись шығармасында оның көркемдік құралдарының негізін жарық және көлеңкемен бірлікте түс құрайды. Белгілі бір бояуды шығарып алу үшін, палитраны қолданамыз.)
2) Түстік бояу жайлы әңгімелеп беріңдер? (Живописьтік шешім – бұл тек бояу түсі ғана емес, сонымен бірге ол түрлі түсті заттардың бір жерде орналасуынан пайда болатын күрделі үйлесімділік. Живописьтік шығармада түстердің өзара үйлесіп, жарасып келуі колорит болып табылады, «колорит» - латын сөзі, ол «бояу түсі» деген мағынаны білдіреді.).
6. Бағалау: Оқушыларды бағалау.
7. Үйге тапсырма: Еркін тақырып бойынша бояумен көркем шығарма орындау.