Жаңа жыл мерекесіне арналған ертеңгілік : « Құтты болсын Жаңа жыл!»
Жүргізуші:
Жаңа жыл – жаңа қадам, жаңа бағыт,
Болашақ сыйлайтындай жаңа бақыт.
Жылқы жылы кеп қалды ортамызға,
Жақсылықпен жалғассын жаңа уақыт.
Құтты болсын жаңа жыл, барша халық.
Қуанышқа, шаттыққа тамсанайық.
Бірімізге шынайы тілек тілеп,
Бар әлемге бақытпен жар салайық!
Жүргізуші: Құрметті, ұстаздар, оқушылар! Сіздерді осындай бақытты шақтың қуанышы – Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа жыл тек қана бақыт, қуаныш әкелсін дей отырып, бүгінгі көңілді кешіміздің алғашқы сөз кезегін мектеп директоры Нұрсұлтанова Ақтолқын Батықанқызына береміз.
Жүргізуші: Бәріміз асыға күткен жаңа жылымызда келіп қалды, жаңа жылды думандатып, қарсы алайық.Сендер бүгін бәрің де әдемі болып кетіпсіңдер.Бұл жерде орманның аңдары да,сүйікті ертегілеріміздің кейіпкерлері де,сүйкімді қуыршақтар да бар .Ал бүгін ,балалар,қандай мереке?
Оқушылар: Жаңа жыл!
Жүргізуші: Дұрыс балалар,біз бүгін Жаңа жылды қарсы алуға жиналдық.Ал ортадағы әсем не?
Оқушылар: Шырша!
Жүргізуші: Шыршамыз неткен әдемі ,ойыншықтары неткен көп!Бірақ шыршамызға не жетіспейді?Кәнекей шыршамыздың шамдарын жағайық.
Оқушылар: Қуант , бізді таңырқат,
Шамдарыңды жарқырат!
Жүргізуші: Балалар, бізде шыршамыз бар,әдемі киінген балаларымыз бар.Ата-аналарымыз, көрермендеріміз бар екен,біздің Жаңажылдық мерекемізге кімдер жетіспейді екен?
Оқушылар: Аяз Ата, Ақшақар.
Жүргізуші: Кәне онда Аяз атаны шақырайық.Бар дауыспен айқайлайық.
Оқушылар: Аяз ата.Ақшақар.
Жүргізші: Аяз Ата мен Ақшақар келе жатыр ғой деймін,қол соғайық.
(Аяз Ата мен Ақшақар келеді)
Жүргізуші: Балалар, Аяз Атамыз бен Ақшақар келді ,енді атамызға арнап ән салып жіберейік.
Хор: Аяз Ата кел.
Аяз Ата кел,
Бізге сыйлық бер.
Қарша қызбен бірге
Тамашаны көр.
Жаңа жыл,жаңа жыл
Келді Жаңа жыл.
Би билеп,ән салып
Барша бала жүр.
Қалтасын арқалап,
Аяз ата да
Әкепті сыйлықты ,
Барша балаға.
Жүргізуші: Жарайсыңдар , балалар.Ал енді, жаңа жылға,Аяз Атаға арнаған тақпақтарымызды айтайық.
Гүлсезім
Кел, жаңа жыл,
Төрле, төрле жеріме,
Құт береке боп келгейсің еліме,
Үміт артып армандарға аяулы.
Шаттығына бөлегейсің бізді де.
Ақберген
Қош келдіңіз бүгінгі кешімізге,
Жаңа табыс тілейік ісімізге.
Келе жатқан жаңа жыл құт әкелсін,
Мына отырған барша жан бәрімізге.
Самұрат
Айнала қоршап шыршаны,
Шашылар шашу – жыр әні.
Мынау әсем шыршаға,
Қош келдіңіз балалар.
Айару
Ақ көңілім айналды аппақ қарға,
Көңілдене қосыл сен ән мен жырға.
Қыс қызығы басылмай ұласады,
Қуаныш көп болсын жаңа жылда.
Ақсұлу
Жаңа жылдың таңы неткен арайлы,
Ақ мамыққа бөлеп алды маңайды.
«Жаңа жылмен құттықтаймын» деген үн,
Қанаттана кең алқапқа тарайды.
Жүргізуші:
Ал,қанекей,балалар,
Ән мен жырға басайық
Той думанды жалғайық
Жаңа жыл да сайланып
Шыршамызды айналып
Би билейік,ән салып
Ән : Жаңа жыл.Орындайтын Ідіріс Камила мен Еркінбекқызы Жанар.
Ойын: «Аяз атаның таяғы».
Жүргізуші: Балалар, Аяз ата өзімен бірге ойын алып келіпті.Бәріміз соны ойнайық.Қазір Аяз ата бізге таяғын береді,музыка қосылғанда айналдырып жүргіз-улерің керек, Музыка тоқтағанда таяқ кімде қалады, сол бала бізге өнер көрсетеді.
Бақтияр
Жаңа жыл - қайсарлық пен жүректілік,
Баратын болашаққа білек түріп.
Біз жаңа жылдарға қол соғамыз,
Әлемге жақсылықтар тілеп тұрып.
Нұрбақыт
Жаңа жыл ауылдарды жарылқасын,
Қиналып әр отбасы тарықпасын.
Аяз ата бүгінгі келген күндей
Жүздеріңнен қуаныш арылмасын.
Александр
Жаңа жылды қарсы алып,
Жасаймыз той жылда бір.
Жарқын - жарқын ән салып,
Жалғасады жырға жыр.
Аян
Жаңа жыл мерекесі құтты болсын,
Әрқашан мерекелік көңіл болсын.
Кеудеміз күмбірлеген жырға толып,
Қане, достар, күлкімен орта толсын.
Жүргізуші: Бәріміз міне бас қосып,
Мерекені қарсы алайық.
Жаңа жылдың күнінде
Әннен шашу шашайық.
Хор: Шырша жыры
Жұмбақтар шешу.
1). Қыста ғана болады, Ұстасаң қолың тоңады. Ол не?
(Қыс)
2). Көлге жапқан қақпақ, Сіресіп тұр қатты – ақ.
(Мұз)
3)Кейде ұлып,
Кейде ысқырып
Ұйытқып боран соғады
Айтыңдаршы, балалар,
Бұл қай кезде болады. Қыс.
4)Қуып едім-мойнын бұрмады,
Ұстайын деп едім-қолға тұрмады. (Боран)
5)Ақ көбелек қонды,
Құстар енді тонды. (Қар)
6)Қолы жоқ, сурет салады,
Тісі жоқ, тістеп алады. (Аяз)
7)Қысы-жазы өзгермес,
Көрсең де күні-түнімен.
Қанша аяз болса да,
Айрылмайды гүлінен.
(Шырша)
Арман
Кел, төрлет, Жаңа жылым. Құтты жылым.
Өзіңді бүкіл елім күтті бүгін.
Қарсы алдық сені еңселі еңбекпенен,
Жарқырап әне алдымнан шықты күнім.
Ерасыл
Асыға күткен жаңа жыл,
Кел жаңа жыл, жаңа жыл
Жаңа заман, жаңа айлар
Кел Жаңа жыл, Жаңа жыл
Айнагүл
Ей, жаңа жыл, жаңа бақыт ырысым.
Жақсылықтың жаршысы да нұрысың.
Адамдардың асқақтаған арманы,
Ақындардың таусылмайтын жырысың
Нигина
Жаңа жыл, жаңа бақыт, жаңа жыр.
Ізгілік, бірлік дәнін ортаға ысыр.
Құт болып береке бер халқымызға
Мерейін мәртебесін биікке асыр.
Жүргізуші: Балалар, қазір мен сендерге сұрақтар қоямын,сендер «Бұл бізге оңай,бір,екі,осылай!» деп айтуларың керек.Кәне көрейік:
Балалар: «Бұл бізге оңай,бір,екі,осылай!»
Жүргізуші:Кім біледі,кәнеки,машинаны жүргіземіз біз қалай?
Балалар: «Бұл бізге оңай,бір,екі,осылай!»(көрсетеді)
Жүргізуші: Кім біледі,қанеки,қорбаңдаған аюдың жүрісі қандай?
Балалар: «Бұл бізге оңай,бір,екі,осылай!»(көрсетеді)
Жүргізуші:Кім біледі,қанеки,қу түлкінің жүрісі қандай?
Балалар: «Бұл бізге оңай,бір,екі,осылай!»(көрсетеді)
Жүргізуші:Кім біледі,қанеки,қорқақ қоянның жүрісі қандай?
Балалар: «Бұл бізге оңай,бір,екі,осылай!»(көрсетеді)
Жүргізуші: Кім біледи,қанеки, арамызда көңілді би билейтін бар ма екен балақай?
Би: Қуыршақ .
Дилназ
Жаңа жыл – жаңа қадам, жаңа бағыт,
Болашақ сыйлайтындай жаңа бақыт.
Жақсылықтың белгісі, жаңа уақыт,
Келіп, міне, жатырмыз, қауқылдасып...
Аяна
Бірге соғып бар әлемнің сағаттары,
Он екіні күтер, қалмай, тағаттары,-
Ғасырдың он алтыншы жылы келді,
Құстай ұшып, қырау шалған қанаттары!
Камила
Құтты болсын Жаңа жыл, барша қауым,
Құтқа орансын кең байтақ дархан елім.
Қазақтың пейіліне тарту етсін,
Табиғат ашық аспан, таң шапағын!
Толғанай
Өкпе жоқ ескі жылға денсаулықпен,
Жеткізген жаңа жылға аман-есен.
Ескі жыл алып қал! - деп ауырлықты,
Тілейік жаңа жылдан жақсылықты.
Жанар
Жаңа жыл алып келсін бәрімізге,
Алдымен бірінші боп денсаулықты.
Содан соң бірлік, тату, тәттілікті,
Қайғысыз жақсы іс пен сәттілікті.
Балаларға жұмбақ жасыру:
Шелек қалпақ басында,
Сәбіз екен танауы.
Қыста қардан туатын,
Тауып көрші сен оны. (Аққала)
Ата-аналармен ойын: «Аққаланың мұрнын жапсыр».
Жүргізуші: Балалар, мына суретте не көріп отырсыңдар? Ия,аққалаға не жетіспей тұр? Мұрын жетіспей тұр.Ортамыздан 3 ана шығады да,байлаулы көзбен аққаланың мұрнын жапсыру керек.
(Аналар шығып ойын ойнайды).
Жүргізуші: Балалар , біздің аналарымыз шапшаң, тапқыр, ақылды екен ия.Ал сендер ше?Менің білгенім бұл жерге ылғи үздік жігіттер мен қыздар жиналған.
Солай ма балалар?Өздеріңнің тапқыр,ақылды екендеріңді дәлелдеу керексіңдер.Ал қане ол үшін менің мына сұрақтарыма дұрыс жауап беріңдер.Ия немесе жоқ деп.
Көрінбей көзге ұлпа қар ұша ма екен алысқа?
Ақша қар да шауып,қатыса ма жарысқа?
Тиін болса ағашта,жаңғақтарға тоймайма?
Тоғайдағы қу түлкі қоянменен ойнай ма?
Қуаныштан борсықта секіре ма ағашқа?
Ән айта таң атпай көзін қысқан мысық та?
Үйшіктегі қара ит шығара ма есепті?
Аяз ата келе ма жегіп алып есекті?
Қасқыр бар орманда әсем көйлек тігетін?
Шырша күнде отыра ма ауыстырып инесін?
Боран соқса көбірек шыршаны қар орай ма?
Қаңтар айы болғанда далада гүлдер бола ма?
Тарсылдақтар,шартылдақтар ата ма ұқсап пушкаға?
Жаңа жылда шыршаны айналамыз бәріміз,
Жаңа жылда жаңа көңіл,жарасады сәніміз!
Солай ма , балалар?
Жарайсыңдар, балалар,осында ең көңілді,ең сүйкімді,ең ақылды балалардың келгені рас екен.Ал кәнеки,көңіл көтеріп би билеп,ән салайық бәріміз.
Ән: Шыршаға бардық. Орындайтын Жакенова Дилназ.
Аллаберген
Бұрқылдап шығып жатқан жақсылықтың,
Жаңа жыл қайнар бұлақ көзі болсын.
Көрсетпей ешбір бетін жамандықтың,
Ұялап әрбір үйге бақыт қонсын
Нұрғиса
Ел тыныш, бала-шаға аман болып,
Дос-жаран, ағайынмен орта толсын.
Қуаныш әкелетін әрбір жанға,
Жаңа жыл, ағайындар, ҚҰТТЫ БОЛСЫН!!!
Ілияс
Жасыл шырша, қош келіпсің,
Сені күтіп жүрдік біз.
Көркейсін деп сенің жүзің,
Ойыншықтар ілдік біз.
Нұрислам
Боранмен буып белді,
Жаңа жыл тағы келді.
Берекесін ала келсін,
Нұрға бөлеп біздің елді.
Келді тағы жаңа жыл,
Қуантумен біздерді.
Құтты болсын қуаныш.
Жүргізуші : Күнді жылда жер айналып
Жерді айда шыр айналып,
Кереметтің кезеңімен,
Келді жылдар кезегімен
Сәл ойланған байқар анық
Он екі жыл қайталанып,
Жыл тізбегін толтырады
Бір мүшел боп ол тұрады
Жамиғаттың сан ғылымын
Табиғаттың заңдылығын
Зерттеп адам ақыл – ойлы
Зерлеп жылдың атын қойды.
Адамзаттың хас ниетін,
Аңдардың мол қасиетін,
Аңғарып ол соған орай
Ат қойыпты жылға былай :
Тышқан, сиыр,барыс,қоян,
Ұлу,жылан,жылқы,қойың,
Мешін,тауық,ит,доңыз деп,
Жылдардың дәл атын қойды.
Келесі көретіндеріңіз «Жыл басына таласқан хайуанаттар» көрінісі.
Бұрынғы ерте заманда хайуандар жыл басына таласыпты. Бұл оқиға былай болған екен...
Орман ортасында қоян есінеп, ұйқыдан жаңа оянғандай, жан- жағына қарап, біреулерді іздейді. Сол сәттен бастап ешкімді көрместен өзімен -өзі билей жөнеледі. Қоянның билеп жүргенін көрген орманның түрлі хайуанаттары жиналады. Оларда билеп қоянға қосылып кетеді. Бидің аяғында сағаттың соққан дыбысын тыңдап тұрып қалады. «Бұл не ? Иә, бұл – келе жатқан жаңа жыл ғой. Ал, жыл басы кім болады»
Қоян:
Қардай аппақ қоянмын,
Жазда сұрға бояндым,
Жылды өзім бастайтын боп,
Тәтті ұйқыдан ояндым.
Сол түсімде , сен болшы деп,
Бәрің мені сұрадың,
Не? Таңдана қарайсыңдар?
Соған билеп , қуандым.
Жүргізуші:
Жыл басы тек мен болам, деп хайуандар таласты.
Өз - өздерін мақтаумен, айтыстары жарасты
Жылды қарап тұрайық, ойын – сауық құрайық.
Таңды бұрын көргенді, жыл басы деп ұғайық –деп бәрі бір дауыстан ұйғарады.
Хайуанаттардың әр қайсысы жыл басы болуды қалап: «Неге мен емес? Мен кімнен кеммін?» деген өзара талас басталады. Маңғаздана асықпай басып, ортаға алдымен Сиыр шығады.
Сиыр:
«Мө» деп мөңіредім
Молшылық төңірегім
Жыл басы боламын деп
Ертерек келіп едім
Көгалда тұрағым
Дайын тұр құрағым
Етіммен, сүтіммен
Адамға ұнадым.
Жүргізуші: Бір кезде ортаға жылқы шауып келіп, өзін мақтай бастайды
Жылқы:
Алысқа шауып барамын.
Адамның бабын табамын,
Пайдасы мол жылқының.
Жыл басы мен боламын,
Жүргізуші:
Түйе ішінен «Мен бәрінен ақылды да сұлумын, бойым да биік, жыл басын тек мен бастауым керек» деп жан жағына менсінбей, кербездене қарайды.
Түйе:
Түйе, түйе түйемін,
Жануармын киелі
Кім таласар бойыма
Жыл басына иемін.
Жүргізуші: Түйенің сөзі аяқталысымен қаһарлана ырылдап, ортаға Барыс шығады.
Барыс :
«Ырр, ырр» барыспын, барыспын,
Бәріңе де таныспын.
Айналама сыйлымын,сыйлымын,
Сезімсізбен алыстым, алыстым.
Күшіме сенемін, бәріңді де жеңемін.
Жыл басы болуға шіреніп келемін.
Жүргізуші:Барыстың қахарынан түк қорықпаған ұлу ортаға шығады.
Ұлу:
Ұлу деген мықтымын,
Жарқын – жарқын шықты үнім.
Ойым озар өзімнен, ақыл, ой бар сөзімде.
Үйім бірге өзіммен, сабыр етем төзіммен
Күш пен көріп құлпырар салиқалы сөзімде.
Жүргізуші:
Мір мезетте ортаға маймыл секіріп шығып, бәрін мазақтай бастайды. Ол жыланға келіп тиіседі.
Маймыл:
Эй, достарым, бекер дауды қойыңдар,
Бір шындықты қайсың болсаң мойында,
Бәріміздің ішімізден - мен ғана
Ұқсаймын ғой, ұқсаймын ғой адамға.
Жылан:
Жыл басына лайық сұлу жыланмын,
Күштімін де, жылдам десе жылдаммын.
Шағады деп бекер жала жабады,
Адамды мен умен емдей аламын.
Жүргізуші: Жуасыған қой да жыл басынан қалғысы келмей өзін мақтай бастайды.
Қой:
«Бә,бә,бә» мен қоймын, көк шөпке тойдым.
Жыл басы болуға кетіп тұр ойым.
Қараңдаршы қандаймын, аппақ болған таңдаймын.
Жыл басына ылайық, жарқырап тұр маңдайым.
Жүргізуші: Тауық та жыл басынан қалғысы келмей «мен болсам адамдарға ерте тұрып «таң атты» деп, кеш болса «жатар мезгіл болды»деп хабар айтып шақырамын дейді.
Тауық:
«Қо,қо, қо, қоқ» жыл әлі неге жоқ.
Жұмыртқамды жеген соң, барлық бала тоқ.
Құрт – құмырсқа жемтігім, жоқ ешбір кемтігім.
Бәрінде бос мақтанып, шаршамаңдар ентігіп.
Ит:
Абалап үремін , үйді қарап жүремін ,
Адамның көмекші , досының бірімін.
Ит болған соң үремін, Сергек өмір сүремін.
Жеті қазынаның бірімін, Адамды қорғап жүремін
Доңыз:
Қорс, қорс етемін,
Қорсылдақпын онсы рас,
Жылдың басы мен болмасам,
Сонда өзі кім болмақ?
Мен адамды мазалап, сұрамаймын тұнық су,
Тамақты да талғамай жей беремін хрю-хрю.
Жүргізуші: Тышқан не айтарын білмей тұрады да,бір қулық ойлап жиылған көпке айтады: «Бұл таластан еш нәрсе өнбес,жылды қарап тұрайық,кім бұрын көрсе,сол жыл басы болсын»-дейді.
Түйе мойнын созады, мен болам деп жар салып.
Тышқан одан озады, жылды алғаш қарсы алып.
Тышқан деген батырың, таңды көзбен атырды.
Төбесінен түйенің жылды көріп қатырды.
Тышқан:
Алақай, алақай, күнді көрдім алақай.
Қулығыммен, ақылыммен бәрін жеңдім алақай.(2 рет)
Жүргізуші:
Барлығың да қараңдар, енді үйге тараңдар,
Жылды көрген тышқанды жыл басы деп санаңдар.
Жылды Тышқаннан кейін Сиыр, Барыс, Қоян, Ұлу, Жылан, Жылқы, Қой, Мешін, Тауық , Ит, Доңыз көрген екен. Ал түйе болса аузы ашылып таңырқап, ештеңені түсінбей қала береді. Сөйтіп жыл атауларынан құр алақан қалыпты.
Жүргізуші: Ал енді Аяз атамызға арнап ән шырқап берейік.
Хор: Аяз ата.
Ән :Құтты болсын жаңа жыл . Нигина мен Аян.
Жүргізуші: Ал енді біздің балалардың жаңа жылға арнаған тілектері бар.
1-оқушы: - Жаңа жылда бүкіл адамзат атаулы бақытты болсын.
2-оқушы: Қазір ғана табалдырығымызды аттаған Жаңа жылдың бауы берік болсын.
3-оқушы Бұл жылы да елімізде тыныштық болып ырыс-құтымыз азаймасын!
4-оқушы: - Жаңа жыл әрбіріңіздің отбасыңызға жаңа нұр, жаңа шуақ, табыс пен береке, қуаныш пен мереке алып келсін.
5- оқушы: Әрдайым қажырлы қайратыңыздан күш, жылы жүздеріңізден нұр кетпесін.
6- оқушы:Жаңа жыл баршамыз үшін берекелі, мерекелі жыл болсын.
7-оқушы: - Жаңа жыл Сіздер үшін зор жетістіктерге қол жететін, ой-мақсаттар жүзеге асатын, арман-үміттер ақталатын жыл болсын.
8-оқушы:Сіздерге зор денсаулық, молшылық пен бақыт тілеймін.
9-оқушы: - Жаңа жыл құтты болсын! Бақ-береке, мол ырыс-дәулет әкелсін!
Жүргізуші: Жаңа жыл! Жаңа күн! Жаңа өмір! Бұл күн тіршіліктің барлық иелеріне жаңа үміт, қуаныш, ерекше көңіл күй сыйлайды.Сол жақсы көңіл-күй, қуаныш пен үміт жыл бойы шаңырақта болсын! Мерекелік кештің қуанышқа толы көңілді сәттері жыл бойына әрбір шаңырақта сақталсын! Ескі жыл есіркеп, Жаңа жыл жарылқасын!
Жылыстаған жылдармен жылжып есен-сау жүре берейік! Көңілге қуаныш, жүрекке шаттық сыйлаған Жаңа Жыл құтты болсын. Бауырымыз бүтін болсын, жақындарымыз аман жүрсін! 2016 жыл ырыс пен ынтымақтың, береке мен байлықтың, бейбітшілік пен бақыттың жылы болғай! Аялы арманымыз орындалып, жүректер жылудан айрылмасын!
Жүргізуші: Ал балалар,Аяз атамен қош айтысатын уақыт болды.
Қандай жақсы біздің Аяз атамыз,
Қабыл болсын ақ ниетті батаңыз.
Қош айтысып кетсеңіз сіз асығып,
Кешімізді аяқтап біз жатамыз.
Келесі Жаңа жылда жүздескенше,
Қош бол , ару Ақшақар жүздескенше.
Жыл сайын келіңіздер сіздер бізге.
-Құрметті ата-аналар,балалар, баршаңызға Жаңа жылда жаңа табыс,жаңа бақыт,жаңа жыр тілей отырып бүгінгі кешімізді аяқтаймыз.Келесі кездескенше қош-сау болыңыздар!