Алаштың ұлы - Айдын Айымбетов (5 сынып)

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Тақырыбы « Алаштың ұлы - Айдын Айымбетов»

Мақсаты : Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Айдын Айымбетов жайлы кең мағлұмат бере отырып , оның азаматтық-патриоттық тұлғасымен оқушыларды таныстыру,шәкірттерді патриотизм үлгісінде тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Ғарыш саласы, Қазақстан жайлы слайдтар ,суреттер.

Барысы:

1-жүргізуші Тоқтар, Талғат...Енді, міне, Айдын! Биылғы жаңа оқу жылы басталып жатқанда қазақтың тағы бір азаматы ғарыш көгіне көтерілді.

Ол- Айдын Айымбетов! Олай болса, ғарышкерімізге арналған салтанатты тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз!

Мемлекеттік Гимн орындалады

2-жүргізуші Айдын жер жаннаты Жетісудың Өтенай деп аталатын ауылында өмірге келген. Аспан әлеміне құмарлығы бала кезінен басталған. Ғарышкер болуды армандапты. Ақыры сол арманына қолы жетті.


Қуан , елім,қуана түс тағы да,

Бақыт қонды деген осы бағыңа

Қыркүйекте, сәрсенбінің сәтінде,

Үшінші ұлың ұшты ғарыш бағына.


Дәл оңыңнан туғандай ма ай-күнің,

Қуанышы бақытына сай бүгін.

Көкті тіліп заңғар көкке самғады.

Алаш ұлы Айымбетов Айдының!


Бұл шаттыққа жүрегім тұр елжіреп

Күтеді елім екі көзі мөлдіреп

Қасиетті қазағымның көк туын

Көк айдында, Айдан, сен де желбірет!


Вокалдық ән:«Алға, қазақ жігіттері» (Бекдәулет, Досымжан, Жасұлан)

1-оқушы: Бұл күнге де жетті ел, кемел халық

Жолына оның боз марқа бердім шалып.

Абыройдың көз жетпес мұнарына

Жеткізді ақыр Елбасым бедел салып


2-оқушы: Көпұлтты елім, қуаншы, қуан, қазақ,

Болмас еді қазақ боп туа алмасақ,

Әнұранды бірігіп шырқа, шалқыт,

Жараспайды қолға көк ту алмасақ


3- оқушы: Ғарышқа асық көрмеген жаттан құрғап.

Өз баласын жайдан-жай аттандырмақ

Күмәнді ойға берілмей күллі ел болып,

Амандығын тілейік көктен сұрап.


4- оқушы: Білетін ұл ғарыштың жайын жетік,

Алдырмаңдар, ағайын, уайымға түк.»

Әубәкіров Тоқтарың солай десе,

Айбының ол-Айдының Айымбетов!


5- оқушы: Қиял жетпес қияға бет түзе бер,

Қуаттанса бітпес не, тектің егер.

Жолда қалар Айға да, жұлдыздарға,

Дұғай сәлем,халқыңнан жеткізе гөр!


6- оқушы: Жағдайлары жақсы деп шындықты жай,

Бастарына берді де бірлік шырай

Ұлы жолда мәңгілік ел болуға,

Өре ұмтылды дерсің де жүнжіп тұрмай


7- оқушы: Елең етер ниеттес күллі түркі,

Үміттерін үкілеп бірлік ғұрпы

Айымбетов Айдынды- қазақ ұлын,

Төрт күллі әлем түп-түгел білді жұрты


8- оқушы: Жан шақ келмей жағалай жарысқанда,

Алып ұрған шағың бұл алысқанда

Осы емес пе қатары елу елдің

Желбіресе көк туың ғарыштан да!


9 - оқушы: Келген болсаң таратшы өкпеңді үйіп,

Жүзеге асар айтылған көптен жиі.

Ұл туа алған қазағым болғай еді,

Сенің асқақ рухың көктен биік


10- оқушы: Тәуелсіздік, мың тағзым, қай күнде алда,

Құшағыңды ғарыш көк жайдың ба алдан

Қабыл болсын Елбасы, ел тілегі,

Аман орал, жол болсын Айдын арман!





1-жүргізуші

Арғы –бергі тарихта адамзаттың асыл арманы болып келген аспан әлемі қазақтың үшінші ғарышкеріне құшағын осылай ашты.Байқоңыр айлағынан Айға самғап, тартылысы жоқ кеңістікте ұлттық тағамдарды таныстырды.

Ғарышкер Айдын Айымбетовтың өмірбаяны жайында слайд көрсетіліп отырады.

Айдын Айымбетовтың естелігіне тоқталайық:

  • «Ғарыштан біздің жер өте әдемі болып көрінді. Қазақстанның үстімен өткендегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өзіңіз ойлаңызшы, қазақ жерімен ұшу ұзақтығы небәрі екі-ақ минутқа созылды.Бірақ сол санаулы минутқа менің Отаныма деген ыстық сезімім сыйып кетті». Осы кезекте Айдын Айымбетовтың ғарышқа ұшу сәтінен бейне материалды тамашалаңыздар.


Хор: «Біз – отанның ұланымыз»


2-жүргізуші Енді ұшқыш Айдынымыздың балалық арманы қалай басталғанына бір сәт оралып көрейікші

Оқушылар арасында көрініс: «Айдынның балалық шағы»


  • Жетісудың жұпар аңқыған жусанды даласында аунап- қунап жүрген бала Айдын үйілген мая шөптің үстінде жатып, бір ғажайыпқа куә болған екен. Күн алтын ұясына бата бергенде қою күңгірт аспанды әлдебір жұлдыз сызып өтеді .

  • Сол құбылыс бала Айдынды өзіне тарта береді. Беймәлім аспан денесімен танысқысы, көргісі келеді. Аспанға ұшқысы келеді Ол кезде әке-шешесімен бірге шөп жинауға барған болатын Көкіректе «Көрсем, білсем» деген арман мәңгілік орнап қалады.



  • «Ғарышкер болу менің бала күнгі арманым болатын. Алғаш рет ұшақ басқарғанымда керемет әсер алдым. Енді, міне ,арманымның орындалғанына шынымен қуаныштымын. Мен ғарышта түрлі зерттеулер жүргізбекпін. Онымен қоса, биыл Қазақ хандығының 550 жылдығына орай арнайы жалау мен елдің Туын өзіммен бірге ала кетемін. Ашық кеңістікте желбірететін боламын.»



  • Иә,ол 1972 жылы 27 шілдеде қазіргі Алматы облысы Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылында туған.1989 жылы Талдықорғандағы №14 мектепті Алтын медальмен бітірген. 1993 жылы Армавирдегі жоғарғы әскери авиациялық училищені «жоюшы-ұшқыш» мамандығы бойынша аяқтаған.Ол үш баланың әкесі. Аяулы жар,алаштың ардақты ұлы.

Әке туралы ән «Әке сағындым сені»

1-жүргізуші Сонымен,қазақтың тағы бір ғарышкерінің есімі тарихқа енді.Ақын Есей Жеңісұлы Айдын Айымбетов ұшқанда «Қолыңды бер, әке» деп Қызы Даянаның сезімімен жыр жолдарын газеттерге жариялаған еді.Тыңдап көрелік

Шақырып қиырсыз шартарап,

Алдыңнан ұсынды төте сын.

Ел-жұртың тұр, әне, алқалап,,..

Құрметке лайықсың , әкешім!



2- жүргізуші Сәрсенбінің сәтінде зеңгір көкке самғаған Айдын Айымбетов қасиетті Жер-Анаға тура он күннен кейін аман-есен оралды.

1- жүргізуші Дәлірек айтсақ,12 қыркүйек күні таңғы 06. 51-де Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 146 шақырым қашықтықта үш ғарышкердің табаны жерге тиді.Арқа даласына түскен ғарыш капсуласынан күлімдеп үшінші қазақ ғарышкері шықты. Ғарышта он сатылы ғылыми зерттеу жүргізіп, радиация деңгейін анықтап қайтқан жетісулық ұщқыш дін аман.

2- жүргізуші . Жұлдыздарға жол салған қазақ жігітін үлкен ұлы Әмір мен екінші ғарышкеріміз Талғат Мұсабаев бірінші болып құшағына қысты.Айдынның жанында даниялық астронавт Андрес Могенсен мен ресейлік танымал ғарышкер Геннадий Падалка бар еді.Осылай аспан әлеміне көз тіккен тағы бір сапар сәтті аяқталды!

Осы сәтте Айдынның жерге қону сәтінен шағын бейнекөріністі тамашалаңыздар!

1- жүргізуші Жерге түскендегі Айдынның бірінші айтқаны:«Біз жерге сәтті қондық. Оның үстіне туған жерім маған ерекше күш-қуат берді. Мен мұнымен шектеліп қалмаймын. Болашақта ғарыш саласындағы жұмысымды ары қарай жалғастырамын.» деген сөз еді.Ендеше Жұмыр жердегі жұмысыңа да біз де сәттілік тілейміз,ғарышкер аға!

2- жүргізуші Тыңдаңыздар!Тыңдаңыздар! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы: Қазақстан Республикасының ғарышкері Айдын Айымбетовке «Халық қаһарманы»атағын беру туралы. Қаулы етемін:Ғарыш кеңістігін игеруге сіңірген зор еңбегі, ғарышқа ұшу кезінде көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін Қазақстан Республикасының ғарышкері Айдын Айымбетовке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгі- Алтын Жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын.Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев.Астана.Ақорда, 2015 жылғы 14 қазан №102 бұйрық

Ғаламтордан онлайн желісінде ғарышкер Айдын Айымбетовтың

«Халық қаһарманы» атағын алу сәті көрсетіледі.


1- жүргізуші Міне ,қымбатты, көрермен! Ер еңбегі осылай жоғарғы наградамен марапатталды.Қуанса, бүгін, қуансын қазақ дегіміз келеді!

Хор: «Қуанса, бүгін қуансын қазақ»

Мұғалімнің қорытуы: Бүгін біз тағы ғарышкеріміз жайлы терең мағлұмат алып, патриоттық толғанысқа толайым болдық! Армандаңыздар, арман ешқашан алдамайды дегім келеді! Уақыттарыңызды бөліп,

сынып сағатымызға келгендеріңізге көп-көп рахмет!