«Абай оқулары - 2016»
Мектеп оқушыларының дәстүрлі «Абай оқулары» байқауының аудандық маусымы мәресіне жетті. Дана Абайдың тағылымға толы мол мұрасын насихаттауға арналған іс-шараның ашылу салтанатында № 5 орта мектебі оқушылары дайындаған сахналық қойылымы тамашаланған соң, аталған мектептің директоры Шахарбаев Тойлыбек Атамұратұлы сөз сөйлеп, байқауға қатынасушыларға сәттілік тіледі. Байқаудың «Көңілім әнді ұғады» номинациясы мектептің мәжіліс залының сахнасында сарапқа салынса, «Өлең – сөздің патшасы» және «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» атты өзге бөлімдері оқу кабинеттерінде өткізілді.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясында үміткерлер Ұлы ақынға арнаған өз өлеңдерін жатқа және мәнерлеп оқуы тиіс. Сонымен қатар, ой ұшқырлығы анықтау үшін арнайы тапсырма беріліп, оған сол жерде өлең шығару қажет болатын. № 26 орта мектебінен барған 9-сынып оқушысы Еркін Елхан осы талаптар үдесінен шыға біліп, жүлделі 2-орынды иеленді. Марапттау рәсімінде жеңімпаздарға мақтау грамоталары табыс етілді. Қорытынды сөзін алған аудандық білім бөлімінің әдіскері Мусина Айнұр Далабайқызы облыстық байқауға жолдама иеленген екі оқушының аудан намысын абыроймен қорғап қайтатынына сенім білдіретінін айтып өтті.
Апаханов Б.Ж.
№ 26 орта мектебінің мұғалімі,
М.Мәметова ауылы.
Құтты болсын 25!
Тәуелсіздік – арманы бабалардың,
Ізгілікті аңсаған бар адамның.
Қанымен тектіліктің келген теңдік,
Ноқтаға бас имеген ағалардың.
Баба қазақ,үлгі етем есімінді,
Бекзат ұрпақ бөленген бесігінді.
Хан алдында имеген ғазиз басын,
Хақтан ғана сұраған кешірімді.
Тәуелсізбін. Мәртебем биік менің.
Иықты елім,күн сайын биіктедің.
Бақытыңды тербеткен Тәуелсіздік
Сүйіп өтем мен сені,сүйікті елім!
«Бүгінгі ән өзгерек бұрынғыдан».
Шаттанып шырқайтұғын сырым-бұл ән.
Жер-жаһанға танытты қазақ атын,
Көкке самғап үш бірдей ұлың қыран.
Ұштасқан Алтай,Атырау,Ертісіңмен,
Картасы пейіліндей кең пішілген.
Бабаларым аңсаған талай ғасыр,
Дербестіктің қадірін мен түсінгем.
Мынау дархан даланың иесі кім?
Өтеуіндей мәрт-халық ниетінің
Қазағыма мол нығымет тарту еткен
Алланың ұлықтайық жиі есімің.
Бұл күнде қазағымның бағы басым,
Игерген Жер-Ананың қазынасын.
Менделеев құраған кестедегі,
Элементтің түр-түрі таблатын.
Өткеріп қилы заман,кер ғасырды,
Төл тарихтың тынысы кеңге ашылды.
Мақтамаймын.Марқайып,мақтан етем
Ел сенімін ақтаған Елбасымды.
Еркіңдіктің жалауын нық ұстадың,
Жиырма бес жыл атуда күліп таңың.
Құтты болсын,Тәуелсіз Қазақстан,
Жиырма бес мүшел жасың-жігіт шағың!
Апаханов Бейімбет Жақанұлы,
№26 орта мектебінің мұғалімі