[Р] дыбысын қою
Сабақтың мақсаты:
[Р] дыбысын қою. Буында, сөзде дұрыс айтуға үйрету.
Фонематикалық қабылдауын дамыту, ойын тапсырмалар арқылы ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамыту.
Сабақтың көрнекілігі: [Р] дыбысының артикуляциясы, артикуляциялық жаттығулар, суреттер, карандаш, айна, зонд, араның суреті, сюжетті суреттер, зымыранның суреті, қол моторикасын дамытуға арналған құрал жабдықтар, түрлі суреттер, тапсырмалар.
Сабақ барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
Амандасу. Психологиялық дайындық.
Күн жарығын алақанға салайық,
Жүрегіме басып ұстап қалайық.
Сондай жарық, мейірімді көңілмен,
Сабағымызды бастайық.
Қай әріп екенін айтыңдар.
Райханда өлең жаттады
Раушан да өлең жаттады
Қай әріптен басталады
Екеуінің аттары? [Р]
[Р] дыбысының артикуляциялық позициясын талдау:
- ерін аздап дөңгелентіп тұрады.
- жоғарғы төменгі тістер арасы алшақ келеді
- тілдің ұшы қатты таңдайға көтеріледі
- тіл мен таңдай арасында ауа толқыны еркін өтеді.
- тілдің шет жақтары азу тістерге жабысып тұрады.
- жумсақ таңдай көтеріңкі жұтқыншақтың артқы қабырғасына
жабысып, ауаның мұрын қуысына өту жағын жауып тұрады.
- дауыс шымылдықтары қатайып, бір-біріне жақындап, діріл
арқылы дыбыс шығады.
- ауа ағысы дем шығару сәтте ауыз қуысына толып, қатайып тұрған тіл ұшын қозғалтып дірілдетеді.
ІІ. Дайындық кезеңі:
Арнайы массажға арналған зондттарды қолданамыз (тіл икемдігін келтіреміз).
Артикуляциялық жаттығулар
«Күрекше»- жалпақ тілді ауыз қуысынан шығарып, төменгі ерінге салып, 10-15 секунд ұстап тұру керек.
«Ине»- ауыз кең ащық. Тілді жіңішкертіп,ауыздан шығарып,10-15 секунд ұстап тұру керек.
«Төбешік»- ауыз кең ашық. Тілдің екі бүйірі жоғары азу тістерге тиіп тұр. Тілдің ұшы алдыңғы, төменгі тістерге тірелген. Осы қалыпта 10-15 секунд ұстап тұру керек.
«Кесе» – ауыз кең ашық, жалпақ тілді жоғары тіске қарай көтеріп, 10-15 секунд ұстап тұру керек. Бірақ тіл тіске тимеуі керек.
«Сағат»- тілді ауыз қуысынан шығарып, оңға, солға қимылдату керек.
«Ат шауып келеді»- ауызды кең ашып, тілді таңдайға жабыстырып, баяу, жылдам қағу керек.Тіл асты желбезегін созу. 10-15 рет қайталау қажет.
«Саңырауқұлақ»- ауызды кең ашып, тіл ұшын таңдайға жапыстырып ұстап тұру керек.
«Алтыбақан»-тілді жінішкертіп ұстап, кезекпен мұрынға, иекке қарай созу. Бірақ ауызды ашып ұстап тұру керек.10-15 қайталау керек.
«Тәтті тосап» - жалпақ тілімен жоғары ерінді жалап, ауыз қуысынына тереңірек кіргізіп ұстау. 10-15 рет қайталау керек.
«Сылақшы»- ауыз кең ашық, тілдің ұшымен қатты таңдайды сылау. Бағытын өзгерте отырып, 10-15 рет қайталау керек.
Демалу жаттығу:
Жатыр еді сұр күшік,
Өте берді бір мысық.
Күшік оған: «ЫРР»-деді
Мысық тұрып: «бырр»-деді
Мұрын арқылы терең дем алып оны ауыз арқылы шығарамыз.
«иекті қатыру» - астынғы ернімізді үстінгі ернімізге қойып, бір демде иекке үрлеу.
«алақанды жылыту»- шынтағымызды бүгеміз қолымыздың ара қашықтығы 10-15 см алдымызда , аузымыздан жылы дем шығарып алақанымызға үрлейміз.
Мұрын ұшына мақта қойып, оны үрлеу.
Оқушы тандаған вертушкаға үрлеу.
ІІІ. [Р] дыбысын машықтандыру кезеңі:
[Р] жабық буында машықтандыру:
Екі дыбысты бірге айт. [Р] дыбысын созып айт.
А – Р ар-р-р ар – ар -ара
О – Р ор-р-р ор – ор - ор
Ы – Р ыр-р-р ыр – ыр -ыр
Ұ – Р ұр-р-р ұр – ұр - ұр
[Р] дыбысын ашық буында машықтандыру:
Логопед: р, а, о, у дыбыстарын бөліп айттады.
Буындарды қайтала, [Р] дыбысын созып айт.
-Айтылған кезекпен буындарды қайтала.
Р - А Ра-ра-ра Р – У ру-ру-ру
Р- О ро-ро-ро Р – Ы ры-ры-ры
Р - Ұ рұ-рұ-рұ
Ра-ро-ру Ра-ра-ра-ро Ру-ро-ру-ро
Ру-ру-рұ Ро-ру-ры Ры-ру-рұ
Ойын: «Кім бірінші тауға шығады?»
РА-РО-РУ-АР-ОР-ҰР
[Р] дыбысын қысқа сөздерде машықтандыру:
Ра-ра-ра-рас Ар-ар-ар-қар
Ро-ро-ро-ром Ор-ор-ор-тор
Ру-ра-ру-рух Ұр-ұр-ұр-құр
Ры-ры-ры-рыс Ыр-ыр-ыр-отыр
Ойын: «Сиқырлы сандық»
Тапсырма: сиқырлы сандық ішінен бір санды аламыз да, жабық жатқан сюжеттік суретті қолымызға алып сонша рет қайталау. (Мысалы: Радио -5 рет)
ІV. Қорытынды:
Біз бүгін сабақта қандай тапсырмалар орындадық?
[Р] дыбысы қандай сөздерде кездеседі?
Қар сөзінде [Р] дыбысы қай кезде естіліп тұр?
Сабақты аяқтау. Жақсы, сабақ аяқталды, сау бол!