Тақырыбы: «Сыйласаң-сый көресің». Топтық сайыс.
Мақсаты: сыйластық, мейірімділік, ибалық қасиеттер туралы түсінік беру, үлкендермен, құрбылармен қарым-қатынас жасай білуге үйрету; Өзіндің ой-қиялына ерік бере отырып, өзінше ой түюге баулу, сөздік қорын байыту, сөйлеу дағдыларын қалыптастыру; Сыйластыққа, кішіпейілділікке, ұқыптылыққа, әдептілікке, ізеттілікке тәрбиелеу, өз кемшіліктерін өзі реттеп, өзін-өзі жетілдіріп, тәрбиелеуге талпындыру.
Көрнекілігі: нақыл сөздер, музыкалық аппаратура, гүлдер, шарлар.
Барысы:
Армысыздар, қадірменді қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі «Сыйласаң-сый көресің» атты топтық сайысымызға қош келдіңіздер!
Сүйемін мен қазақ әнін әдепті.
Бала күннен үйреткен жақсы әдетті.
Асыл қазына жатқан жоқ па әр әнде,
Киелі одан еш нәрсе жоқ әлемде.
«Анасын сыйламағанды адам сыйламас» дейді, біздер сыйластық пен әдептілікті үйренсек, ең бірінші анадан үйренеміз, ендеше, ананы сыйлау, құрметтеу әрбір адамның борышы.
Мектебімізде өткен «Әнші балапан» байқауының жеңімпазы Рамазанның орындауындағы «Анаға сәлем» әнін бүгінгі шарамыздың беташары ретінде қабыл алыңыздар!
Қазақ халқы қашан да философ халық қой, «өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген мақалдың астарынан көп нәрсе аңғаруға болады. Сыйласа білу де үлкен өнер. Адам өміріндегі ізгі қасиеттер сыйластық, татулық болып табылады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білу- асқан ілтипаттылықтың белгісі. Біз бүгінгі бас қосуымызды сыйластық, құрмет тақырыбына арнап, оны сайыс түрінде өткіземіз. Әр сыныптан бақ сынауға келген сайыскерлерімізді сахна төріне шақырамыз.
Қазылар алқасы:
Елена апай- тарих-география пәні мұғалімі;
Салтанат апай- мектеп психологы.
Сайысымыздың І шарты: «Білер қазақ баласы: Сәлем-сөздің анасы». (Топтардың таныстыруы).
Көрермендерге ситуациялық сұрақ.
Оқушыларға:
Ашуланып тұрып досыңды ренжітіп алдың, одан қалай кешірім сұрар едің?
Бүгін сабақта 2 алдың, анаң ренжіді, не істейсің?
Досың айтқан уәдесін орындамады, ол жөнінде сізден кешірім сұрады. Досыңыз қалай кешірім сұрар еді, сіз қалай жауап берер едіңіз?
Сабақтан қайтып бара жатқанда үлкен әжей ауыр сөмке көтеріп келе жатты, қасыңдағы сыныптасың «қарам, көрмегендей өтіп кетейік» деді, сенің әрекетің..
Сыныпқа айқайлап ән айтып кіріп келдің, сыныпқа өзге бір мұғалім сабақтарыңа кіруге қонаққа келген, саған түсініксіз түрмен қарап қалған. Сенің әрекетің..
Ұстаздарға:
Көшеде келе жатсыз, сіз сабақ бермейтін сыныптың оқушылары сізбен амандаспай жаныңыздан өте шықты, сіздің әрекетіңіз..
Сіздің мектепте оқитын балаңыз бүгінгі сабақта төмендеу баға алып қалған. Оның сыныптасы бұл туралы сіздің алдыңыздан жүгіре шығып, қуана хабарлады. Сіз не дер едіңіз?
Мұғалімдер бөлмесіне кірдіңіз. Іште у-шу. Барлығы сіздің сыныбыңыздың оқушыларының жаман қасиеттерін айтуда. Не істейсіз?
2-шарт: «Айла алтау, ақыл жетеу» дегендей, көрермендерімізбен ой бөліссек, енді сайыскерлерімізді сынап көрейік. Сын сағаты. Әр топ тапсырма жазылған бір гүл дайындап келген, сол гүлді өздері қалаған топқа береді, гүл алған топ тапсырманы оқып, көрермендерге ым-ишарамен түсіндіреді.
Көрерменнің түсінуі мен жазылған тапсырма сәйкес келген топ жақсы нәтижесін көрсетеді.
«Ымды білмеген, дымды білмейді» дейді атам қазақ. Мінекей, біздің оқушыларымыз да бар өнерін сахна төрінде көрсетіп жатыр.
Тамылжыған сыршыл әннен сан қилы,
Кең даланың жұпар иісі аңқиды.
Қуат алам сырға толы әуеннен,
Жан дүниеге шуақ төккен әуелден.
«Сүгірдің термесі». Сахнада Инабат.
«Сыйласу екі кісіге бірдей» деген дана халқымыз. Адамдар бір-бірімен сыйласа білсе ғана олардың арасында татулық, береке, құт болмақ. Егер сен айналаңдағы адамдарды сыйлай білсең, өзің де сыйлы боласың.
3-шарт:Мақал-мәтелге кезек берейік. Әр топтан бір оқушыдан шығып, мақал айтысады.
4-шарт: «Өнерлі өрге жүзеді» деп, сайыскерлеріміздің өнерін тамашалайық.
Сергіту сәті: «Сөз тапқанға...» Көрермендермен ойын.
5-шарт: «Сыйлық қымбат емес, сыйлау қымбат». Халқымыз ежелден адамгершілік, инабаттылық,сыйластық сияқты асыл қасиеттерді өз бойына сіңіріп, ардақтап келеді. Адам өмірге келгеннен кейін өзара сыйласу- баршаға ортақ қасиет. Адам ең әуелі өзін-өзі сыйлай білуі қажет. Егер де өзіңді-өзің бағалап, құрметтей білмесең, өзгеден сый-құрмет көремін деу бекершілік. Біздің сайыскерлеріміздің сыйластық туралы ойларын 5-шарт арқылы көрейік. Сйыластық, әдептілік туралы көрініс көрсету.
Сазгерлер көп жақсы әндер шығарған,
Жан-дүниені әсемдікпен суарған.
Керегі жоқ батыс әні тұрпайы
Нұрға толы қазақ әнін шырқайық.
Қазылар алқасы қорытынды баға шығарып болғанша, әсем әнге кезек берейік.
Ән «Саржайлау». Эльвираның орындауында қабыл алыңыздар.
Тренинг.
Жақсы сөз жан сүйсіндіреді. Мінезі жұмсақ, сөзі түзу әрбір жан сырт көзге де жаны сұлу, байсалды, әдемі болып көрінеді.
Көреалмаушылық, кек тұту, қызғаныш секілді жат мінездерден бойымызды алшақ ұстап, еңбексүйгіштік, қамқорлық, сыпайылық қасиеттерін бойымызға сіңіре білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Жүрегі нұрлы адам өз ортасында сыйлы болады. Ал, жүрегі нұрлы болу үшін адам қандай болу керек, осы сұраққа жауапты парақшаларға жазып, «жүрекке» ілеміз.
Қазылар алқасының қорытындысы:
1-орын: 6 сынып;
2-орын: 5а сыныбы;
3-орын: 7ә сыныбы.