Музыка пәні 4-сынып
Сабақтың тақырыбы: Жезтаңдай әнші Ғарифулла Құрманғалиев.
Сабақтың мақсаты:
Білімділік мәні : Әншінің шығармашылығына тоқталу , таныстыру,
таныту, жан – жақты білімдерін жетілдіру.
Дамытушылығы: Оқушылардың музыкаға деген сүйіспеншілігін дамыту.
Тәрбиелік мәні : Әншінің өмірі мен шеберлігін насихаттау.
Сабақтың түрі: дәстүрлі
Сабақтың типі: Жаңа сабақты меңгерту
Сабақтың әдісі: Жаңа сабақ түсіндіру , әңгімелеу, шығармашылыққа баулу .
Пәнаралық байланысы: Музыка әдебиеті , тарих,әдебиет.
Сабақтың барысы:
Ғарифолла Құрманғалиев (1909 —1972 жж.)- Республика мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, әнші (тенор), Қазақ КСР халық әртісі. Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында дүниеге келді. Әншілік өнерге бейімділігі бала кезінен байқалды. Ұлы Мүхиттың шәкірттері Шынтас пен Шайқыдан дәріс алды. 1934 жылы Алматыда өткен халық көркемөнерпаздарының бірінші Бүкіл Қазақстандық слетіне қатысты. Сол жылы Қазақтың музыкалық драма театрының (қазір Қазақтың опера және балет театры аталады) құрамына қабылданды.Құрманғалиев Е.Брусиловскийдің "Ер Тарғын", "Айман-Шолпан", "Қыз Жібек", М.Төлебаевтың "Біржан-Сара", А.Жұбанов пен Л.Хамидидің"Абай" операларында күрделі партиялар мен рөлдерді ойнады. Оның орындауында халық әндері асқақ та әсем әуезімен аспан астын толтыра сорғалай шырқады. Ол әрбір әуенді әуелете салған сайын оған жан мен жүрек бітіріп, дауыс сазына даланың ұланғайыр дарқандығын өз көңіл толқынысымен ұштастыра сиғызып жіберетін. Ғарифолла аңыратып, жамыратып ән төкпелеткен кезде тыңдаушының көз алдына арқыраған арғымақтар мен аса киелі аруаналар даласының кескін-келбеті келеді. Ақтарыла тасыған ақ жарма өзендер мен ағын сулар әуені қыран қүстардың қанат қағысы, алып таулар асқақтығы, ақиық ақын Махамбет жырының атойы бар бояуымен, ішкі рух нәр-нақышымен Ғарекеңнің өз жүрек түкпірінен шығып жатарды. Ол өзі негізін салып кеткен әншілік мектептің осындай өзгеше орындаушылық шеберлікті қажет ететін дара қасиеттері бар. Ғ.Құрманғалиев ән сапарымен төрткүл дүниенің талай елдерінде болып, сан-сан сахналардан ұлттық музыкалық салт-дәстүріміздің байлығын паш етті. 1967 жылдан бастап Республикалық өнер және цирк студиясында сабақ берді. Оның отандық мәдениетке сіңірген орасан зор еңбегі әлденеше мәрте мемлекеттік марапаттармен бағаланды.
Қорытындылау.
а)Ғарифулла Құрманғалиев қай жерде дүниеге келді?
ә) Ғарифулла Құрманғалиев орындаған рөлдері?
б) Ғарифулланың орындауында қандай әндер бар?
Үйге тапсырма: Оқып, түсінігін айту.Мәнжазба жазу.
Бағалау