«Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі - бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырудың негізі» тақырыбындағы мақала

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі- бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырудың негізі

Адилбекова Салиха- «Өрлеу» «БАҰО» АҚФ, ОҚО ПҚБАИ ДБО тренері

Туякбаева Багила Абжаппаровна - Түркістан қаласы, М.Жұмабаев атындағы №15м/г, қазақ тілі пәні мұғалімі

Альназарова Кунсулу Улыкбековна -Шымкент қаласы, Алпамыс батыр атындағы №40 м/г, бастауыш сынып мұғалімі



  Кәсіби құзіреттілік деп мұғалімнің жеке бас сапалары мен оның психологиялық – педагогикалық және теориялық білімнің, кәсіби біліктілігі мен дағдысының, тәжірибесінің бір арнада тоғысуы деуге болады. Мұғалім өз ісінің шебері болу үшін мамандығына қажетті қабілеттерді және жалпы әлемдік мәдениетті, өз елінің мәдениетін, қарым-қатынас мәдениетін, тіл мәдениетін игеріп, интеграциялық үрдістерді меңгеріп, жаңа технологияны меңгеріп әлемдік білім кеңістігінің өрісінен шыға алуға талпынуы керек.Ұстаз қоғам талабына сай өзін-өзі үздіксіз тәрбиелеп отыратын ортамен, оқушылармен қарым-қатынасқа тез түсе алатын, ұйымдастырушылық қабілеті мен адамгершілік қасиеттерді жинақтағанда ғана оның бойынан кәсіби құзіреттілігі анық байқалып тұрады.Кәсіби құзіреттілікті қалыптастыру жеке шығармашылық қабілетті дамытуды, инновациялық жаңа үрдістерді дұрыс қабылдауы, күнделікті өзгеріп жататын ортаға тез бейімделуді қажет етеді. Қазіргі әлеуметтік – экономикалық өзгерістер жағдайында біздің қоғамымызда өздігінше шешім қабылдай алатын және оны жүзеге асыра алатын әлеуметтік белсенді, шығармашыл тұлғаға сұраныс күшейеді. Осыған орай, әр тұлғаның кәсіби құзіреттілігін қалыптастырудың маңыздылығы да арта түседі. Жоғары дәрежелі кәсіби құзіреттілік маманның бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Өздігінше еркін ойлау қабілеті бар, тәрбие – білім беру үрдісін модельдей алатын, тәрбие беру және білім берудің жаңа технологиялары мен жаңа идеяларын өздігінше іске асыра алатын болашақ ұстаздың кәсіби құзіреттілігінің деңгейін арттыру – өзекті мәселе, себебі, біріншіден, кәсіби құзіретті мұғалім мектепте тәрбие – білім беру процесінде шығармашыл тұлғаның қалыптасуына дұрыс әсер етеді; екіншіден, өзінің кәсіби қызметінде жақсы нәтижелерге қол жеткізе алады; үшіншіден, кәсіби мүмкіндіктердің іске асуына ықпал жасайды.Білім беру жүйесіндегі мұғалімнің кәсіби құзіреттілігінің теориялық негізін айқындап алу үшін, осы терминнің дербес анықтамасын келтірейік. «Кәсіби құзіреттілік – жеке тұлғаның кәсіби іс – әрекетті арттыруға теориялық және практикалық әзірлігі мен қабілеттілігінің бірлігі». Яғни, оқытушының құзіреттілігі – жеке тұлғаның білімі мен тәжірибесін нақты бір жағдайда қолдана білу іскерлігімен байланысты тұлға қасиетін білдіретін ұғым деуге болады. Кей зерттеушілер «біліктілік» ұғымын «құзіреттілік» ұғымымен нақтылайды. Алайда, осы екі ұғымды салыстыра отырып, «Құзыреттілік» ұғымының мағынасы кең екенін аңғаруға болады. Себебі, оған біліктілікті сипаттайтын таза кәсіби біліммен және іскерлікпен қоса топқа, әлеуметтік ортада жұмыс істеуге, коммуникативтік қабілет, оқу, бағалау, логикалық ойлау, ақпаратты алу және пайдалану т.б. іскерліктер жатады.Дегенмен, білім берудегі әлеуметтік қажеттілік пен қажеттілікті қанағаттандырудың арасындағы қарама-қайшылық білім беру саласының дағдарысына әкеліп соғуда. Сол себепті мұғалімдердің әдістемелік шығармашылығын дамытуды педагог-мамандардың біліктілігін жетілдіру жүйесінде ұйымдастыруды, оларды кәсіби компетенттілігі негізінде жүзеге асыру қажеттілігі туындайды. Бұл тәсіл білім берудің нәтижесіне басты орын береді. Оның сапасы алған білімнің көптігімен емес, сол білімді қолдана білумен маңызды.Компетенция – жеке тұлғаның таным мен тәжірибе арқылы жетік меңгерген мәселелерінің жиыны десек, «компетенттілік» — компетенцияға ие болу дегенді білдіреді. Сонда білім беру саласындағы компетенция – оқыту мақсаты, компетенттілік – оқыту нәтижесі деп қарастырамыз.«Түйінді компетенттілік» деп адамның өмір сүруіне қажетті және өзгермелі қоғамда кәсіби қызметінде табысты болуына байланысты компетенттіліктерді айтады. Д.Дьюн, У.Уоллер, М.Мид, К.Юнг, П.Сорокин, Ф.Знанецкий сынды философтар кәсіби құзіреттілікті адамның ортаға үйренуіне қажетті әрекеттер түрі ретінде қарастырады. Олар адамның мамандығы оның белгілі бір нәрсеге деген қызығушылығын тудыратынын, көзқарасын қалыптастыратынын, мақсатқа жетуге талпындыратынын, ортақ пікір алмасуға жетелейтінін айтады. Оқытушылардың өздігінен білімін жетілдіру қабілеттілігінің диагностикасы, ұстаздардың өз білімін көтеруге уақытының тапшылығы – негізгі кедергі деген ой туындатады. Осы себепті мектепте өткізілетін әдістемелік жұмыстардың өте тиімді, танымдық пайдалылығы жоғары деңгейде өтілу қажеттілігі – күн тәртібінде тұрған мәселе. Әрбір ұстаз педагогика ғылымының, педагогикалық іс-тәжірибе жетістіктерімен танысуы керек, оны талдап, іс-тәжірибеде қолдануы керек. Қазіргі таңда еліміздің келешегін, нағыз өз елін сүйетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін қастерлейтін ұрпақты тәрбиелеу- біздің басты парызымыз.



Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қазақстан Республикасының 2011-2020 жж дейінгі «Білім беруді дамыту бағдарламасы».

2.Г.К.Селевко. «Педкеңестер технологиясы».

3.А.К.Маркова. Кәсіби құзыреттіліктің даму деңгейі//2009