Әдептілік – тәрбие бастауы.
Сабақтың мақсаты: Оқушыларды адамгершілікке, қарапайымдылыққа, кішіпейілділікке, әдептілікке, өз халқының салт - дәстүрін үйрене отырып, жаман әдеттен аулақ болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: құпияхат, алма ағашы.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру бөлімі
Психологиялық дайындық. Қане, балалар бәріміз бір - бірімізге сәттілік тілеп, әр оқушы өзінің атының бірінші әрпінен басталатын бойындағы жақсы қасиеттерімізді айтайық.
Бармысыздар жадыраған жас достар!
«Әдептілік – тәрбие бастауы» атты ертеңгілігімізге қош келдіңіздер! Біздің халқымыз әдептілікті жоғары бағалай білген. Отбасында, мектепте, қоршаған ортада баланы кішіпейілдікке, ізеттілікке, имандылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеуді мақсат еткен. Әдептілік – адамдардың өзара жақсы қарым – қатынасының, жүріс – тұрысының ережесі, осы әдептілік ережесін сақтау керек.
Уәде беріп орындамаса, кісіге дөрекі жауап берсе, үлкенді сыйламаса, ондайды жұрт «әдепсіз» екен дейді. Онымен басқа адамдар қарым – қатынас жасаудан қашады. Оны сыйламайды. Кейбір балалар әдептілік ережесін байқамай не білмей бұзады. Әдепті бала кездескенде үлкендермен сәлемдеседі. Сөйлескен кезде «сен» демей «сіз» деп сөйлесу керек. Ол әдептіліктің белгісі болып табылады.
Ал қазір әдепсіз балаға тән қасиеттерді бойына жинаған балалар қандай болады екен, осы жайлы оқушыларға сөз берейік.
1 – оқушы Назерке
Ата - ананың тілегі - адам болып өскенің,
Адамдықтың тірегі – адал болып өскенің.
Әдептілік дегенің - әрқашанда керегің,
Әсемпаздық дегенің - әуре сарсаң әлегің.
2 – оқушы Аяру
Тәртіпті бала сүйеніш,
Төбең бір көкке жетеді.
Ұрыншақ бала жанында,
Ұрыс пен керіс айқай шу.
Ұстамды бала маңынан,
Ұнамды қылық байқайсың.
3 – оқушы Мадина
Кім үлкенді сыйласа,
Кім үлкенді тыңдаса
Үлкен болған кезінде
Сыйлы болмақ өзі де.
4 – оқушы Ислам
Сыйла үлкен кісіні
Қамқорлыққа ал кішіні.
Сақтап көше тәртібін,
Бағдаршамның ал тілін.
Әдет қыл бұл ісіңді,
Тазалап жүр тісіңді.
5 – оқушы Амина
Қарсы ал ерте күн көзін,
Төсегіңді жина өзің.
Асықпай іш тамақты,
Жалама аяқ - табақты.
6 – оқушы Дәмелі
Сыйлап сәлем беремін
Көршілерді көргенде.
Ізетпен бас иемін,
Үйге қонақ келгенде.
Әдепсіз деп сөкпесін,
Анама айтып өкпесін.
7 – оқушы Мансур
Атам маған қашан да,
Кішіпейіл бол деген.
Ата сөзі санамда,
Мақтанбауды жөн көрем.
8 – оқушы Айнұр
Өзгелерден өзімді,
Санамаймын жоғары.
Артық айтып сөзімді,
Желпінгенім жоқ әлі.
9 – оқушы Эльхан
Атам маған қашан да,
әділетті бол деген.
Ата сөзі санамда,
Жүрем тура жолменен.
10 оқушы: Рауан
Көшелерден біз өткен,
Ата көрсең жақын кеп.
Сәлем берем ізетпен,
Ассалаумағалейкум деп.
11 оқушы: Аяна
Қалдыратын ұятқа,
Жалған сөзге төзбеймін.
Жеткізетін мұратқа,
Тек шындықты көздеймін.
Енді балалар, топқа бөлініп тұрайық.Жарайсыңдар балалар, енді орналасып болсақ тақтаға назар аударайық.
Жоспары:
1. «Әдептілік жемісі»
2. «Бөшкеден шыққан басқатырғылар»
3. «Құпия хаттар»
4. Есте сақтау минуты
5.Суреттер сөз шертеді
6. «Жақсыдан үйрен-жаманнан жирен»
7. Сөзжұмбақ
Мұғалім: Бүгінгі заман адамы сегіз қырлы, бір сырлы болып өсуі керек. Оның ең бастысы - оқушылар үшін әдептілік. Біз сыныпқа кіргенде әдептіліктің бірінші ережесін байқаған болатынбыз. Ол қандай ереже?
- Біз бір - бірімізбен амандастық.
- Амандасу – әр халықтың мәдениетінің алғашқы беташары.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан,- деп Абай атамыз айтқандай кішіге мейірімді, досыңа қайырымды, еңбексүйгіш, шыншыл да қамқор болсаң, өсе келе ата - анаңның, Отаныңның мақтанышы боласың.
Ендеше мына тақтада «Әдептілік жемісі»ілінген, алмаларда сұрақтар жасырылған, соған жауап берейік.
I бөлім Бой сергіту
1. Досқа қалай болу керек?
2. Әдептілікті бізге кім үйретеді?
3. Әдептілік туралы мақал айт?
4. Өзіңе көрсетілген ізетке, жасалған ілтипатқа, сыйға не айту керек?
5. Үзіліс кезінде дәлізде қалай жүру керек?
6. Көпшілік орындарда, көшеде, автобуста өз - өзіңді қалай ұстау керек?
7. Әдепті бала қандай болу керек?
8. Қоштасар сәтте қандай ниет білдіресің?
9. Әдепсіз бала қандай болады?
II бөлім «Бөшкеден шыққан басқатырғылар»
Топ мүшелері қапшықтан нөмірлері бар шарларды алып шығады. Мұғалім әр балаға жалғастыр ойынын түсіндіреді. Өз ішінде талқылаған соң топ басшылары жауап береді.
1. Үлкендердің алдынан – (кесіп өтуге болмайды.)
2. Кішкене баланы - (жылатуға болмайды)
3. Құстарды – (атуға болмайды.)
4. Қыз баланы – (сыйлау керек.)
5. Сабақтан - (кешігуге болмайды.)
6. Сыныпта (айқайлауға болмайды)
7.Үлкен кісіні( сыйлау керек).
8. Үлкеннің тілін (алу керек).
9.Үлкендерге (сәлем беру)
10.Кішілерге (қамқор болу)
11.Оқу құралдарын (күтіп ұстау керек)
12.Тәртіпті (тәрбиелі болу керек)
ІІІ бөлім: «Құпия хаттарға» жауап беру
1 – хат: Құрметті достар!
Менің көршімнің баласы бар. Өзі өтірікші, көзбе – көз өтірік айта қояды. Маған күнде келіп ойнағысы келеді. Мен онымен дос болып бірге ойнайын ба?
2 – хат:
Сен бір құшақ газет – журнал көтеріп келе жатқан пошташыға кездестің...
Не істейсің?
3 – хат:
Анаң ас пісіріп жатыр, ал інің мазасызданып кетті....
Не істейсің?
IV Есте сақтау минуты
Мына әріптерден адам бойындағы жақсы жаман қасиеттерге байланысты сөздерді тауып жаз.
Лдаа, қлаас, зөміішл, кеттен, ітітпәрт, зіспітртә, ытпықұ, зсыпықұ
Жауаптары:
Адал, салақ, өзімшіл, тентек, тәртіпті, тәртіпсіз, ұқыпты, ұқыпсыз
Ү. Суреттер сөз шертеді
1-топ. «Қонақ бола білеміз бе?
Қонаққа барғанда өзіңе ыңғайлы киім таңдап ал.Киімін өзіңе жарасымды, таза, ұқыпты, жинақы болсын. Қонаққа барғанда бөлменің есігін қағып кір.Үйге кірмес бұрын аяғыңды сүртуді ұмытпа. Егер қар жауып тұрса баскиіміңді, пальтоңды тазалап кір. Үйге кіргенде ең алдымен үлкен кісілермен, достарыңмен амандасу керек. Ер адаммен қолғабыңды шешіп, екі қолдап амандасады.
2-топ. Дастархан басындағы әдептілік.
Дастархан басында дұрыс отыру, мәдениеттілікті көрсетеді. Дастарханға отырмас бұрын, алдымен қол жуу керек. Ас ішіп отырып, кітап оқу, көп сөйлеу- ыңғайсыз әдет.
Ән: «Не деу керек?»
ҮІ. : «Жақсыдан үйрен – жаманнан жирен»
(әр топқа өлең оқылады, ұйқас жауап айту)
1. Бұрылатын қызға да,
Ұрынатын ұлға да.
Төбелеспей жүрмейтін,
Қандай бала бұл тұрған? (тентек, сотқар)
2. Кітап түбі қырқылған,
Күнделігі жыртылған.
Сабаққа да самарқау,
Қандай бала бұл тұрған? (бұзық)
3. Сабақ айта білмеген,
Шақырмасаң жүрмеген.
Сабақ бетін ашпайтын,
Баланы сен кім дер ең? (жалқау)
4. Сыйлап үлкен ағаны,
Сәлем берген баланы
Кім дейміз? - Әдепті екен бұл дейміз.
5. Таудай биік талабы,
Жақсы оқитын баланы
Кім дейміз? - Үлгілі екен бұл дейміз.
6. Кітап, дәптер, қаламы
Кір шалмаған баланы
Кім дейміз? - Ұқыпты екен бұл дейміз.
VІІ Сөзжұмбақ
Мына өлең шумақтарынан «Ф» әрпін сызып тастап оқысаң Ермек Өтетілеуовтің «Әдептілік әлемі» өлеңінің шумақтарын оқи аласыңдар.
Әдептілік әлемі
Қарсы ал ерте күн көзін,
Төсегіңді жина өзің.
Асықпай іш тамақты,
Жалама аяқ - табақты.
Пышақты ұста оң қолмен,
Шанышқыны сол қолмен
Нанды үгітпе, қадірле,
Қабығымен бәрін же.
Саусағыңды сормағын,
Салдыр - салақ болмағын
Әдет қыл бұл ісіңді -
Тазалап жүр тісіңді.
Жарайсыңдар балалар әр сайыстан сүрінбей өте жақсы өттіндер енді сабағымызды қорытындылай келе «әдептілік» ережесін құрайық
Әдептілік ережесі:
1. Сәлемдесу
2. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу
3. Үлкенге жол беру, автобуста орын беру
4. Табиғатты аялау
5. Үлкеннің тілін алу керек.
6. Әдепсіз бала болмау керек.
Ән: «Мен әдепті баламын»
Бүгінгі сынып сағатымызды «Ақ тілек» жаттығуымен аяқтайық.
Шарларды алайық. Әр әдемі шармен бірге менің сендерге деген ақ тілегім де бар. Қолдарыңдағы шармен бірге берілген әдемі хатты ашып оқыңдар.
«Ақ тілек» жаттығуы
Құрметті оқушым!
Егер сен бала күніңнен әдепті болып өссең, есейе келе ата - анаңның, өз Отаныңның мақтанышы боласың. Абай атамыздың ғибратты сөздері естеріңде болсын! Адам бойындағы асыл қасиеттерді бағалай білетін әдепті де әдемі бала болатындарыңа сенеміз!
Мұғалім:
Қипақтайды қит етсе, анаң, әкең
Қайтсем ғана осыны адам етем
Басқалардың осындай балалары
Тап осындай жаңғалақ болар ма екен?- деп М. Әлімбаев ағамыз айтқандай, ата - анамызды ренжітпей әдепті бала болайық.
Осымен тәрбие сағатымыз аяқталды. Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет. Сау болыңыздар.