Қазақтың ұлттық сәндік қолданбалы өнері бейнелеу пәнінен сабақ жоспары (1 сынып)!

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Сынып: 1

Пән: бейнелеу өнері

Күні: 16. 01. 2016

Сабақтың тақырыбы: Қазақтың ұлттық сәндік-қолданбалы өнері.

Сабақтың мақсаттары:

  1. Білімділік: Оқушыларды қазақ халқының өте бай сәндік мұраларымен, қазақтың қолданбалы өнері дәстүрлерімен таныстыру;

  2. Дамытушылық: Оқушылардың ой-өрісін, ойлау қабілетін дамыту, қошқармүйіз өрнегі негізінде қарапайым қазақ ою-өрнегін жасауға үйрету;

  3. Тәрбиелік: Оқушыларды адамгершілікке, ұқыптылыққа, халық рухы көрінісі ретіндегі халық қолөнеріне қызығушылық пен сүйіспеншілік сезіміне тәрбиелеу.

Сабақтың тегі: жаңа сабақ.

Сабақтың әдіс-тәсілдері: көрнекілік, сұрақ-жауап, түсіндіру, демонстрация.

Сабақтың көрнекіліктері: қазақтың сәндік-қолданбалы өнері шығармалары: сырмақтар, текеметтер, көрпеше, бау, басқұрлар. Киіз үй көрінісі. Ою-өрнек түрлері. Оқулықтағы иллюстрациялар.

Құрал-жабдықтар: өрнектер дайындау, түрлі түсті қағаз, қайшы, желім.

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі.

Психологиялық дайындық:

Күлімде, күн, күлімде,

Күлсін барлық бала шат.

Берекелі бүгіндей,

Бейбіт болсын болашақ.

ІІ. Жаңа сабақ.

  • Біз суретші өмірімізді көркейтетін адам екенін айттық. Бұған ежелгі адамдар да мтылған. Әрине, суықта жаурамау үшін жай ғана мал терісін жамылуға, тастан сенімді қару жасауға, тұруға ыңғайлы үңгір табуға болады. Алайда ежелгі адамдардың өзін бұл қанағаттандырған жоқ, олар өзі күнделікті пайдаланатын нәрселерін әсемдеуге тырысты.

  • Көшпелі қазақтардың дәстүрлі тұрағы – киіз үй. Киіз үй – жиналмалы дөңгелек құрылыс. Ол қолайсыз ауа райынан қорғайды, көшуге жеңіл әрі ыңғайлы. Қазақ халқы өзінің тұрағына сүйіспеншілікпен қарап, оны нағыз өнер туындысына айналдырған. Киіз үй есігі шығысқа қараған, ондағы ой – күн сайын келген бірінші қонақ жылу алып келсін дегені. Киіз үйдің ішкі райы – жылылық, жайлылық пен мереке райы. Ондағы нәрселердің бәрі шеберлердің қолынан шыққан, барлық заттар солардың қолдарының, аялы алақанының жылуын сақтап қалған секілді. Киіз үйдің керегелері, едені киіз-кілемдермен, сырмақтармен, текеметтермен жабылған, жоғарғы уық ілінген бөлігі бау, басқұрлармен безендірілген. Текемет басу нағыз мерекеге айналады. Әйелдер үлпілдеген күзгі жүнді шиге салады, оған ыстық су себеді, содан кейін орайды да, аяқтарымен тебеді. Бұл – ұзақ әрі күрделі процесс. Осыдан кейін киізге түрлі түсті жүннен ою салады да, қайта орап, білектейді. Шеберлер жұмысын көруге(араларында балалар да бар) көп кісі жиналады. Әйелдер ән салады. Дайындалған бұйымға – текеметке мерекелік көңіл күй дариды, одан жылылық, күн сәулесі еседі, тіпті ол да көңілді ән салып тұрғандай сезіледі (әңгімелесе отырып, әрбір бұйымды мүмкіндігіне қарай көрсетіп отырамын).

  • Текеметтегі сурет сызықтары нәзік, біршама күңгірттеу, бұл оның дайындау технологиясына байланысты, ал мозаика техникасы бойынша әзірленген сырмақта суреттер дәл салынған. Оюлар ақ фонда қара болып, қара фонда ақ болып көрінеді, бұл біркелкі екі суреттің құбылып, түрлі пішіндер туындалатынын көрсетеді де, түсі әр түрлі өрнектердің бір-бірімен жақсы жымдасып, кірігіп тұрғанын сездіреді.

  • Қазақ халқының оюлары бай да ерекше. Қазақтар оюлардың бейнесін қоршаған табиғаттан алған, сондықтан олардың атауларында да өзіндік ерекшелік бар; мысалы, қошқармүйіз, маралмүйіз, құсқанатты, түйетабан, қызғалдақ. Олардың бәрі табиғаттың, оны қоршаған ортаның тым сан саналы, аса әсем көріністерін беруге барынша құлшынып тұрғандай әсер қалдырады. Егер әрбір өрнекке жіті қарасақ, суретшіні не нәрсе шабыттандырғанына көз жеткізу қиын емес (қазақтың әр түрлі оюларын оқушыларға көрсетемін).

Өздік жұмыс

Әңгімелесу аяқталғаннан кейін дәптерге шаршы ішіне қошқармүйіз өрнегінің төрт дайындамасы көрсетіледі. Жапсырмалау балалардың қалауы бойынша, екі түспен – қызыл және қара, ақ және қызыл түспен орындалады. Балалар үйден біркелкі төрт өрнектің дайындамасын әкеледі. Осындай түстегі екі парақ қағазды қоса әкеледі. Тапсырманы түсіндіру кезінде өрнектердің өзара қашықтығының бірдей екеніне назар аудартамын. Өрнектерді(бөлшектерді) шаршы ішіне орналастырып, олардың дұрыстығын салыстырып, мұқият желімдейді. Желіммен және қайшымен жұмыс істегенде сақ болған дұрыс, өткір құралдармен жұмыс істеген кезде қауіпсіздік ережелері туралы ескертемін. Бұдан соң әркімнің қалауы бойынша, қосымша бөлшектерді(дөңгелекшелер, ромбиктер, үшбұрыштар) қиып, біреуін оюдың ортасына, төртеуін бұрыштарға орналастыру керек(мұны тапсырмаларды бәрінен бұрын аяқтаған балалар орындайды).

Шаршылардың біркелкі өлшемде болуына көңіл аудару қажет, ал өрнек әр түрлі болуы мүмкін – біреуі тігінен созылыңқы, біршама иілген немесе керісінше болуы ықтимал. Бұл бұйымның көрнекілігін арттырады.

ІҮ. Сабақты бекіту.

  • Сонымен біз бүгін киіз үйде болдық. Қазақ қолөнерінің кейбір түрлерінің қалай жасалатынын білдік; еске түсірейік, олар қалай аталады? Тіпті біздің өзіміз де қазақ оюларын жасап көрдік. Ал келесі сабақта біз мұны қалай орындағанымызға көзімізді жеткіземіз.

Келесі сабақта бір ватман парағына барлық ою-өрнектерд желімдеймін. Бөлмеге сән беретін айшықты, мерекелі кілем шығады.

Ү. Қорытындылау.

- Бүгінгі сабақ сендерге ұнады ма?

- Көңіл-күйлерің қалай?

ҮІ. Бағалау.

Оқушыларды салған суреттеріне байланысты және де суреттерін ұқыпты салуларына байланысты бағалаймын.