Абай шығармашылығындағы табиғат лирикасы
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев: “Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс “деген екен.
Ұлы ағартушы , ақын, сазгер Абай өмірінің соңына дейін қазақ халқының жарқын болашағы үшін күресті. Артына қалдырып кеткен аса құнды мұраларында Абай адам бойында кездесетін жаман мінез- құлықтарды сынады және адамдықты, ақыл мен білімді алға қойды. Сонымен қатар, басқа туысқан халықтардың мәдениеті мен өнерін білуге щақырды.
Ұлтымыздың ұлы перзенті- хакім Абайдың, өз заманынан оза туған ақынның терең ойлары мен асыл сөздері келешек заманымызда да гауһардай жарқырап, көзі ашық көкіректерге нұр болып құйыла берері хақ.
Абайдың ақындық әлемі мағыналық ауқымы өте кең ұғым. Абай поэзиясы- өз заманындағы қоғамдық өмірдің ең көкей тесті, ең күрделі және маңызды мәселелерін қозғаған, толғаған поэзия. Оның өлеңдерінде, қара сөздерінде қазақ өмірінің көркем бейнеленген телегей теңіз шындығы бар. Абай шығармалары қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында өзінше бөлек, өрісі аса биік, мүлде жаңа ой- пікір, көркем сезім әлемін ашқаны даусыз.
Балаларының жанына жақын Абайдың табиғат лирикасы мен өсиеттері. Абайдың табиғат лирикалары өз алдына жеке сөз етуді міндеттейді. «Абай бейнелеген жаз бен қыс, көктем мен күз, жайлаудағы ауыл, даланың түнгі тынысы, әр түрлі кейіптегі табиғат көріністері ғана емес, адам жанының құбылыстарымен, елдің тіршілік – тынысымен тікелей байланысты өміршең суреттер» дейді ғалым Т.Ақшолақова.
Абай – табиғатқа жан бітіре, көркем де әсерлі бейнелеудің теңдесі жоқ шебері. Абайға дейін қазақта табиғаттың белгілі бір сәтін, көрінісін немесе жылдың әр мезгілін арнайы жеке өлең етіп жазу дәстүрі болмаған. Ақынның айтуынша табиғат – күллі тіршілік атаулыны құтты қоныс мекені, алтын ұя, тал бесігі, Абайдың осы тақырыпқа жазылған шығармалық мазмұны қоршаған табиғаттың жанды бояуын, іңкәр сәтін кінәрәтсіз құрметпен, оның ішінде қазақтың барлық іс- әрекетін, салт- дәстүрін, мінез, ой қабілетін көрсете білгенін дәлелдеді.
Табиғат - адам баласының еңбек етіп, өмір сүретін ортасы. Бар байлық, қазына, тіршілік, табиғат дүниежүзі әдебиетіндегі ірі классик ақындардың барлығының да шығармаларынан орын алды. Әр дәуір, әр жағдайға лайықты табиғатты әркім әртүрлі жырлады. Біреулер табиғат арқылы өмір сүретін, біреулер табиғатты суреттеу арқылы көңіл-күйін, өз көзқарасын айтып берді. Ал кейбіреулер белгілі бір кезеңдерде өмірдегі күрес-тартыстардан безіп, табиғатты ғана жырлап, өмірден безу көйгейін тартты. Қайткенмен де, табиғат көркем әдебиеттен үлкен орын алды.
«Абай – қазақ мәдениеті тарихында орны зор, замандастарынан ойы озық, еңсесі биік ерекше тұлға. Сондықтан да өзім ақынның шығармаларын оқытпас бұрын, ақынның өмірімен таныстырып кеткенді жөн көрдім. Ондағы мақсатым - оқушылар ақынның шығармаларын шын ықыласпен оқып – үйреніп, ақынның өзін құрмет тұтып, үлгі аларлық дәрежеде тәрбиеленуі керек», - дейді тәжірибелі ұстаз. Абай өмірін оқытудың барысында оның өскен ортасының өнегелік жағын жекелей анықтап, дәлелдей айқын көрсете білудің маңызды екендігін баса айтқан.
Абай Құнанбаев 1845 жылы Семей облысының Шыңғыстау өңiрiнде дүниеге келген. Алғашында Абай өз аулында жалдамалы молдадан бiлiм алды. Кейiн ауқатты Құнанбай баласын Семейдегi Ахмет Ризаның медресесiне оқуға бердi. Медреседе ол Шығыс әдебиетiн көп оқыды, қаладағы орыс мектебiне барып жүрдi. Мектепте жүрген шағында ақындық талабын байқата бастады. Алайда аға сұлтан Құнанбай Абайдың қаладағы оқуын аяқтатпады. Абайдың әндерi, өлеңдерi қазақ даласына кең тарады. Абай шығармаларының терең пәлсапалық ойлары – кейінгі ұрпаққа қалған өшпес мұра.
Бүгін біз Абайдың табиғат лирикасы жайында сөз етпекпіз. Ең алдымен «лирика»деген сөзге түсініктеме беріп алайық. Лирика дегеніміз - ақынның ішкі жан-дүниесінің сезім күшімен тебірене толқуы, өз басының көңіл-күйі, күйініш-сүйініші.
Лириканың 4 түрі бар.
1. Философиялық
2. Саяси
3. Махаббат
4. Табиғат.
Абайдың табиғат лирикасы жалаң келмей, жамыраңқы келеді. Оның пейзажы қимылға, адаммен қарым-қатынасқа, мағыналыққа толы. Абайдың пейзажы біздің қанымызға дарып, санамызға сіңіп кеткен. Көктем келсе, біз Абайдың сөгілген бұлтын, ойнаған найзағайын еске аламыз. Жаз шықса, біз Абайдың көкорай шалғынына аунағандай боламыз. Күз болса, біз Абайдың дымқыл су бүріккен тұманына шомылғандай әсерленеміз. Қыс түссе, біз қалтыраған ақ сақалды шалды көз алдымызға елестетеміз. Абайдың самалы, сағымы, желі, жаңбыры, үскірігі, аязы баяғы күйінде тұрғандай сезінеміз. Оның байлығы баршамызға жетіп жататындай. Абайдың бір ұлылығы осында. Абайдың да айрықша жырлағанының бірі табиғат болды. Ол табиғат аясында өсіп, оны сүйе білді. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Күз», «Қыс», «Жаз» деген өлеңдерін оқығанда, табиғаттың әртүрлі құбылысы көзіңе елестейді. Жаратылыстың жайдары жазын, түсі суық тұманды күзін, не болмаса сақылдаған аязы мен қарлы боранын өзің көріп тұрғандай боласың. Мысалы, «Желсіз түнде жарық ай» деген өлеңінде:
Желсіз түнде жарық ай
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен гүрілдеп.
Қалың ағаш жапырағы,
Сыбырласып өзді-өзі.
Көрінбей жердің топырағы
Құлпырған жасыл жер жүзі, - деп, жазғы түннің әдемі суретін алдыңа тартады, жаз кезінің желсіз тымық күні, аспандағы жарық айдың суға түскен сәулесі, жазғы ауыл, оның жанындағы терең сай, гүрілдеген өзен суретшінің бояуы арқылы тұтас бір картина ретінде көз алдыңа келеді.
Ақын жайнаған жаздың әдемі көркін осылай суреттесе, сол сұлу сурет өзгеріп, гүл, жапырақ солып, түсі қашқан күздің суық кескінін:
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болса, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін, тойғаны ма, тоңғаны ма?
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай, - деп, күз түсумен бірге бәйшешек солып, ағаштардың сидиып, жапырағынан айрылғанын, ерке жазда мәз-мейрам болып келген жастардың, асыр салып ойнаған балалардың көрінбейтіндігін, қысқасы, көңілсіз күздің бейнесін тамаша түрде елестетеді.
«Күз» өлеңінде шөп қуарып, күн салқындап, көңілсіз кездің келу суретін бұлжытпай берумен қатар, мал баққан көшпелі, шала көшпелі ел үшін күздің жағдайсыз кезең екендігін айқындайды.
Кемпір, шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең, - дейді. Жалғыз бұл ғана емес, қай жерін оқысаң да, көзіңе күзгі кедей ауылдың көңілсіз сүреңі елестейді.
Абай «Қыс» деген өлеңінде қысты адам бейнесінде суреттеп береді. Бұрын қысты бұлай суреттеу болмаған-ды. Абай оны қазақтың ұғымына сай «кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды» деген тәрізді байырғы сөздер арқылы образдар жасайды. Қысты ақ сақалды шал бейнесінде суреттеу бұрынғы қазақ әдебиетінде, Абайдан басқаларда кездеспейді. «Қыс» деген өлеңнің басқа жағын былай қойғанда, бұл шығармадан қыстың қырдағы елге қандай әсері барлығын, мал баққан жылқышыға, жалпы шаруаға жылдың ең бір қолайсыз кезі екендігін айқын көруге болады. Өйткені қыс өз тұлғасында толық берілген. «Қыс» өлеңін оқығанда, аязды қыстың суық лебі бетке тигендей болады. Табиғат тақырыбында жазылған бұл өлеңдері - ақынның асқан суретші екендігіне толық дәлел.
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Дем алысы - үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды.-деп Абай қыстың кескінін де аса шеберлікпен суреттейді. Үскірік бораны бұрқырап тұрған қысты рақымсыз адам бейнесіне ұқсатады. Қыстың малға да жағдайсыз соқыр, мылқау күш екендігін аңғартады.
Абай жылдың қай мезгілін суреттесе де, ең алдымен оның шындық бейнесін береді. Жоғарғы үзіндіде келтірген өлеңдердің қайсысын оқысақ та, сол кездің суреті көз алдыңда тұрады. «Қылышын сүйреткен қыс», «Масатыдай құлпырған жаз» өз кескінімен көрінеді. Жылдың төрт мезгіліндегі табиғаттың өз әдемілігінің мына жері кем қалыпты деп ешкім таласа алмастай етіп суреттелінеді.
Ақын өлеңдерінде табиғаттың тек жалаң суретін ғана беріп қойған жоқ, оны адам өмірімен нық байланыстыра білді. Мал бағумен күн көріп, көшіп-қонып жүрген қазақ елінің өмір шындығын дәлме-дәл көрсетіп, жылдың әрбір мезгілінің мал баққан елге қандай әсер ететіндігін баяндады:
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.-деп Ақын қазақ даласындағы жазғытұрғы кездің барлық суретін толық берумен бірге, бұл кезді қазақ халқын еңбекке жұмылдыратын, тіршілік үшін күресінің қайнар көзі деп таниды.
Абайдың тағы бір өлеңі - жазғы шілде кезін суреттеген өлеңі. Ақын бұл өлеңінде жаздың дәл кемеліне келіп тұрған кезін көрсетпек болады. Жаздың әдемі көрінісін:
Жаздыгүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек
Ұзарып өсіп толғанда,
Күркіреп жатқан өзенге,
Көшіп ауыл қонғанда,
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер,
Бүйірі шығып ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Арасында құлын, тай,
Айнала шауып бұлтылдап, - деп суреттейді.
Табиғатты оқиғамен байланыстыра суреттеу халық ауыз әдебиетінде де болды. Бірақ қазақ әдебиетінде табиғаттың өзін жеке тақырып етіп алып, Батыстың классик ақындарының үлгісімен суреттеу Алтынсарин мен Абайдан басталады. Әсіресе оны жоғарғы сатыға көтерген - Абай.
Табиғаттағы құбылыстарды қимылға келтіріп, жанды бейнеге, яғни кейіптуді қолданады. Сыртқы ортаның тіршілікке әсерін Абай шығармаларындағы табиғат лирикасынан жылдың төрт маусымындағы тіршілік сипаттауын байқаймыз. Абай –оқығаны, білгені мол, білімі терең, дана ақын болумен қоса табиғаттың құбылысын ерте түсінген табиғатшы ғалым.