Ашық тәрбие сағатыТәуелсіздікке - 24 жыл!

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...



3 - сынып Ашық тәрбие сағаты

12.12. 2015 жыл

Тақырыбы: "Тәуелсіздікке – 24 жыл!"

Сабақтың мақсаты: Тәуелсіздік туралы мағұлмат беру. Еліміздің тәуелсіздігін атап өту мерекесі қарсаңында ел тарихына шолу жасау. Тәуелсіз еліміздің жетістіктерімен таныстырып, білгендерін тереңдету. Ата - бабамыздың тәуелсіздік жолындағы ерлігін үлгі етіп, өз Отанын сүюге, еліне, халқына қызмет етуге тәрбиелеу.

Тәрбие сағатының түрі: таным сабағы

Сабақтың көрнекілігі: бейнежазбалар, суреттер, слайд, қабырға газеті.

Пәнаралық байланыс: әдебиеттік оқу

Барысы:


І.Кіріспе "Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!" деген елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сөзімен сабағымды бастағым келіп отыр.

Әнұран орындалады.

Ынтымақтастық атмосфера қалыптастыру

Туған жердің қорғайтын әрбір талын,

Әнұранмен қарсы алған әрбір таңын.

Құрметтейтін тіпті оның көбелегін,

Біз боламыз, о, Отан жас қыраның!

/ балалар шаттық шеңберінде бәрі бірге орындайды/

Топқа бөлу "Бірлігіміз жарасқан - Егемен Қазақстан", "Тәуелсіз елім - Қазақстан" /сөздер жазылған кеспе қағаз алу арқылы оқушылар топқа бөлінеді/ ІІ. Тұсаукесер

"Қазақстанның тәуелсіздік күні"

-Балалар, бұл бейнероликтен не көрдік? Қалай ойлайсыңдар, бүгінгі сабағымыздың тақырыбын аша аламыз ба?

/бейнеролик көру арқылы оқушылар өздері сабақтың тақырыбын ашады/


ІІІ. Негізгі бөлім

Бейнежазба "Ата - бабам тарихы - менің тарихым"

/әдебиеттік оқу пәнінің электронды оқулығынан көрсету/

-Иә, балалар, бүгінгі Қазақстан әлем назарында, жері, халқы бай ел. Бүгінгі тәуелсіздікке халқымыз оңайлықпен жеткен жоқ. Ата - бабамыз өз жерін, Отанын, халқын қорғаймын деп тарихи оқиғаларды бастарынан кешірді.

"Тарих қойнауына көз жүгіртейік"

/слайдтан көрсете отырып, айтып өтемін/

1/ 1465 жылы қазақ хандығы құрылды. Хандықтың іргесін қалаған қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібек.

2/ Тарихта аты шулы "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" деген қаралы атқа ие болған 1723 жылғы жоңғар шапқыншылығы қазақ жерін ойсыратты.

3/ Бұдан кейін Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт - азаттық көтеріліс, ішкі Бөкей ордасындағы көтеріліс, Сырым Датұлы бастаған көтеріліс, 1916 жылғы Амангелді бастаған ұлт - азаттық көтеріліс болды.

4/ 1918 жылы Қазақстанда Кеңес үкіметі құрылды.

5/ 1925 - 1933 жылдары Голощекиннің "Кіші октябрь" саясатының салдарынан негізгі күн көрісі болған малдан айырылып, миллиондаған (2млн 200 мың) қазақ аштықтан қырылды. Көптеген (1,5 млн) қазақтар әлемнің төрт бұрышына босып кетті.

6/ 1936 - 1938 жылдары қазақ халқының зиялы қауымының өкілдері қуғын - сүргінге ұшырап, халқым, елім деп жүріп "Халық жауы", "Ұлтшыл" деген жаламен атқанын атып, қалғанын азаптап өлтірді. (А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Ж.Аймауытов)

7/ 1941 - 1945 жылғы Ұлы Отан соғысында фашизммен күресіп, қаншама есіл ерлеріміз көз жұмды. Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, Б.Момышұлы, Т.Бегелдинов т.б. 100 - ге тарта қазақ хаһарманына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

8/ Семей полигонында сыналған 600-ден астам ядролық жарылыстардың кесірінен 1949 - 1950 жылдары осы өңірдегі 500 мыңнан адам уланды.

Осындай қиындықтарды басынан кешірсе де, қазақ халқы мойыған емес. Бұған дәлел қазақ халқының ең соңғы өліп тірілуі біздің халқымыздың қайғы - қасіретіне, сонымен бірге мақтанышына айналған 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы.

Жанартаудай бұғып жатқан ұлттың ыза - кегі сыртына бұрқ етіп, қазақ жастарының көтерілісі басталды.

"Желтоқсан тағылымы" сол кезең туралы айту.

18-ақ минутқа созылған Қазақстан Орталық Комитетінің V пленумінде елімізді ширек ғасыр басқарған Д.А.Қонаевтың орнына Колбиннің сайлануы халық ызасын тудырды.

Еліміздің тәуелсіздігін аңсаған жастар "Тәуелсіздік керек, қазақ халқының өз көсемі болсын!" деген ұранмен алаңға шықты. Пленум шешіміне қарсы шығып, ұлт намысын ту еткен қазақтың өрімдей ұл - қыздарының бейбіт шеруін "жүгенсіздік", "ұлтшылдық", "нашақорлық", "маскүнемдік" деп әдейі бұрмалап түсіндірді.

Бұл күні Ләззат Асанқызы, Сәбира Мұхамеджанқызы, Ербол Сыпатайұлы, Қайрат Ноғайбайұлы сынды жүздеген қыршындарымыздың қанатын қиған еді.

КСРО Халық депутаттарының І съезінде Мұхтар Шахановтың бастамасымен желтоқсан оқиғаларына байланысты түпкілікті баға жөнінде комиссия құрылды. 1996 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды ақтау туралы жарлық шықты. 17 желтоқсан Демократиялық жаңару күні деп жарияланды. Халқымыздың егемендігі жолында құрбан болғандарын дәлелдеп, оларды ақтау үшін барынша күрескен қайсар азаматтарымыз: Мұхтар Шаханов, Хасен Қожа-Ахмет сынды ағаларымыз көп еңбек етті.

Иә, төрткүл дүниені дүр сілкіндірген әйгілі желтоқсанның арман тілегі орындалып, елімізде тәуелсіздік таңы атты. Желтоқсан оқиғасы туралы жазбаған ақын, жазушы жоқтың қасы. Келесі кезекте Жұмаш Кенебеавтың өлеңін тыңдау.

"Желтоқсан желі ызғарлы..."

/слайдтан көрсету, желтоқсан құрбандарының ерлігіне тағзым етіп,

1 минут үнсіздік жариялау/

"Суреттер сөйлейді"

/оқушыларға суреттер таратып беремін, суретке қарап қай оқиғадан көрініс екенін жазып шығады/

Сергіту сәті

/Әли мен Айя Тәуелсіздік туралы ән айтады/

"Тәуелсіздік белестері"

Осы жылдар ішінде талай белестен астық, Қазақстанды әлем таныды.

Желтоқсан көтерілісінің арқасында 1991 жылы еліміз өз алдына егемендік алып, тұңғыш Тәуелсіз ел дүниеге келді.

Халықаралық қатынастарда қалыптасқан қағидалар бойынша өзге елге кіріптар болып отырған елмен ешкім төте байланыстар жасамайды. Тікелей келіссөздер жүргізіп, халықаралық шарттар жасау тек бірін - бірі өзгеден тәуелсіз, өзін - өзі басқаратын, еркін мемлекеттер деп танылған елдер ғана арасында жүреді. Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып Түркия мемлекеті таныды.

Бейнежазба көрсету "Сен білесің бе?"

/Балапан телеарнасынан алынған бейнероликті көрсетемін/

Тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихы: "Оқиғалар жылнамасы"атты алдын ала дайындаған қабырға газетімді көрсетіп, 1991 - 2015 жылдар аралығында елімізде болған маңызды оқиғаларға шолу жасаймын.

IV. Қорытынды бөлім

Рефлексия

Екі топқа тапсырма беремін.

Бірінші топ "Қазақстан - тәуелсіз ел" тақырыбында шағын шығарма жазу.

/шығармада ата - бабалар, тәуелсіздік, аңсаған, дамыған, сол себепті, сондықтан, көк туымыз, желбіреген сөздерін пайдаланыңдар/

Екінші топ "Бес жолды өлең" әдісі арқылы "тәуелсіздік" тақырыбына өлең құрастыру.

Зат есім(1)...

Сын есім (2)...

Етістік (3) ...

Сезімді білдінетін сөз (4) ...

Синоним (1) ...


Білімдіден шыққан сөз-

Талаптыға болсын кез.

Нұрын, сырын көруге

Көкірегінде болсын көз, - деп Абай атамыз жырлағандай талапты, көкірегі ояу, білімді де еңбекқор ұрпақ болу біздің міндетіміз!

Ендеше, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын!

"Тәуелсіздікке - 24 жыл!"

/құттықтау сөз бейнероликтен көрсету/

Зейін қойып тыңдағандарыңызға рахмет!