16 Желтоқсан - Тәуелсіздік күні
Тақырыбы: Қайдасыңдар, құйынның құрбандары!
Тәрбие сағаттың мақсаты: 1986 жылдың желтоқсанындағы адал да, аңғал Қазақ жастарының бодандыққа қарсы жойқын бұлқынысы, бейбіт шеруге шыққан, тұңғыш рет Кеңес империясының зорлықшыл тас қамалына тайсалмай қарсы шыққан желтоқсан құрбандарының ерлігін, жалынды жырларын оқушылар көңіліне ұялату. Оқушылардың тіл байлығын, сөйлеу мәдениетін дамыту.
Оқушыларды адамгершілікке, Отанын сүюге, сыйластыққа, ұлтшылдыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Мультимедия, желтоқсанға шыққан жастардың фотолары салынған буклеттер,
шарлар
Жүру барысы:
Алишер: Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Құшақ жая таныстым сан тіліммен.
Жаман үйді қонағы билейді деп,
Қала жаздап айырылып өз тіліммен.
Өзге тілге еліктеп ел болмайық,
Қазағымның артық жоқ өз тілінен.
Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тіліммен
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Мен – жігітпін, айқасқа, сынға асықпын,
Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.
Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда,
Шарықтасам, қыран боп қырға шықтым.
Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым өмірге, қайта келдім.
Мен мыңда бір тірілдім мәңгі өлмеске
Айта бергім келеді, айта бергім.
Ұлы аманат етейін еркіндікті,
Ел құлдықты білмесін жер кіндікте
Аңсаймын мен сенемін туады ертең,
«Қазақ болу» зор бақыт күндер тіпті.
І – жүргізуші Жаннұр: Құрметті ұстаздар, оқушылар! Біз бүгін дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген әйгілі 1986-ның желтоқсанына арналған «Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан» атты тәрбие сағатын ашық деп жариялаймыз. Тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер.
ІІ – жүргізуші Гүлдана: 16 – желтоқсан. Бұл ерлік пен өрлік, қайғы мен қасірет мидай араласқан әрі жарқын, әрі қаралы күн еді. Бұл қасіретті күн Қайрат, Қайыркелді, Түгелбай, Сәбира, Ербол, Ләззат сынды жүздеген, мыңдаған қыршындардың қанатын қиып түскен озбырлық күні, өктемдік үні еді.
Радиодан төтенше хабардың белгісі берілді.
1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумында Д. Қонаевтың зейнеткелікке шығуына байланысты Республика компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы міндетінен босатылды. Оның орнына Ресейден келген Г. В. Колбин сайланды. Төтенше өткен пленум 18 минутта аяқталды.
Жазира : Асығыс өткен пленум шешімі дүйім Қазақ халқымен санаспаушылық болып табылды. Пленум шешіміне көңілі толмаған халықтың жүрегінде наразылық ұшқыны лаулай түсті.
Көрініс: Сахнаға екі студент шығады, бірі – жігіт, бірі – қыз. Қолдарында конспекті дәптерлері бар.
Жаннур: Мақсат, сен естідің бе? Кеше Дінмұхамед ағамыз орнынан алыныпты дейді.
Алишер: Қойшы, рас айтасың ба? Кімнен естідің?
Жаннұр: Кеше куратор ағайдан естідім. Бүгін Брежнев алаңында көп адам жиналады екен.
Алишер: Неге? Неліктен?
Жаннур: Қонаевтың орнына Ресейден бір орыс келіпті дейді. Халық наразылық білдіріп жатқан көрінеді. Куратор ағай ол жаққа бармаңдар деп ескертті.
Алишер: Қой, біздің мұнда тығылып қалғанымыз дұрыс болмас. Жүр кетейік. Тез барайық!
Шаттық: Иә, аңғал сеніммен алаңға шыққан бейкүнә қыз – жігіттер «контрреволюционер» емес еді. Олардың ойы халықтың құқықтары мен проблемалары туралы сөз жүргізу еді. Алайда оларды бір қолында шоқпары, бір қолында қалқаны бар қарулы, сақадай сай әскерлер қарсы алды. Бейбіт шеруге шыққан жастардың бейбіт тілегі ағаш жаңқасындай быт-шыт болып ұшып жатты. Үкімет үйінде жастар шеруін қуғындау үшін астыртын «Құйын - 1986» деген оперативті жоспар құрылып жатты. Ал алаңдағы жастар жайбарақат еді, аңғал еді, алаңсыз еді.
Көрініс: Алаңда жастар бейбіт, жайбарақат. Қолдарында «Каждому народу – своего вождя», «Ленин идеясы жасасын», «Қазақстан - қазақтардікі», «Ресейге қайт» деген транспоранттар бар. Оларға Алишер мен Жаннұр да келіп қосылды.
Дауыс: Қонаевты шақырыңдар! Ақиқатын айтып, түсіндірсін барлық жағдайды.
Дауыс: Қазақстаннан адам табылмады ма? Қазақстанға басқа жерден басшы әкелгені несі?
Дауыс: Талап – тілекті айтамыз, шықсын ортаға басшылар!
Осы кезде «Менің Қазақстаным» әні айтылды. Жастар теңселіп тұрып бұл әнді ерекше бір шабытпен тамаша орындайды.
Прокурор: Балалар! Уа, балалар! Мен Республика прокурорымын. Тараңдар! Жатақтарыңа қайтыңдар! Ұят болды! Мен сендерге күш қолданамын! Үйге қайтыңдар.
Осы кезде залда әскери команда беріледі.
Әскери адам: Первая рота! Слушайте мою команду. Производится операция «Құйын». Немедленно разогнать экстремистов и хулиганов! Первая рота, за мной! Ура!
Осы кезде залға сырттан қаруланған әскери адамдар – көктен кіріп, алаңдағы жастарды ұрып – соға бастайды. Қаралы музыка баяу ойнап тұрады. Қарулы әскер сахнадан жаралы қыздар мен жігіттерді біртіндеп сүйреп, жұлқылап әкете бастайды. Беті – аузы қан, ұзын шашы жайылып бетін жапқан жас Қазақ қызын екі әскери солдат сүйрей бастады. Қыз жұлқынып, халыққа қарап ышқына сөйледі.
- Әй туғандар! Жігіт болсаңдар шығыңдар бері қарай! Қосылыңдар біздің қатарға
Осы кезде қарулы милиционер қыздың көк желкесінен шоқпармен ұрып қалады. Қыз сылқ етіп есінен танып қалады.
Нуртілеу: Міне, өмірден тағы бір қыршын жас қызғалдақ осылай кеткен еді. Алматы музыка училищесінің студенті Ляззат Асановаға өзін - өзі өлтірді деген өтірік жала жабылған еді. Тексере келе Ляззаттың да алаңда болғаны анықталды.
Хор:«Желтоқсан желі»
Аяжан: Иә, Қайраттың балаң үнінен, Махамбеттің арынын, Шәкәрімнің қайғысын, Мағжанның махаббатын, Мұқағалидың арман – сағынышын, өкініш – күрсінгенін сезгендей боласың. Орталықтың қара түнегіндей найзағай боп жарқылдап, жыр нөсермен күн шұғыласындай жалпақ әлемге танылған бүкіл адамзатқа жүрек шашқан «Ұлы Қайрат, ақын Қайрат, батыр алты алаштың арасы болған Қайрат кім еді?...»
Жаннұр: Қайрат Рысқұлбеков 1966 жылы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Әкесі Ноғайбай бақташы, шешесі Дәметкен сауыншы болатын. Қайрат Шу қаласына таяу жердегі Новотащик селосындағы шопан балаларына арналған мектеп-интернатта оқыды. Қайрат мектепте бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болды. Қабырға газеттерінің редакторы болып, мақала жазумен әуестенетін.
Ортаға басын дәкемен ораған Қайрат шығады.
Қайрат: Күнәдан таза арым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты – құрбандық,
Атам десең атыңдар!
Аяжан:Пешенесіне жазылған аз ғана ғұмырдың соңғы сағатына дейін мынау алдамшы дүниеден рахым күтіп, күдерін үзбеген сұңғыла жігіттің көңілі кім үшін, не үшін мерт болуға тиіс екенін сезе бастаған тәрізді. Оған бағытталған оқ кәдімгі қылмыскерге емес, тығырыққа тірелген қоғамның бар шындығын басқаша түсінетіндерге, яғни саяси «теріс көзқарастағыларға» арналған оқ еді. Қайрат болмаған күнде де алаңда ұсталған жігіттің бірінші нөмірлі жігіттің «ұлтшыл» атанып, осы кепті киюі ғажап емес-тін.
Ернұр: Иә, ізгілік атаулыдан күдер үзіп, ең соңғы үміті, бар сенімі күйреген, рухани езілген балаң жігіт:
Жел кірді көңіліме жиырма бірде,
Айдады ерікке қоймай сол несібе.
Желпілдеп, желдім екен несіне,
Түседі адасқаным енді есіме, - деп қатты торыққан, қайсар рухты Қазақ жігіті орысша қазақша судай жігерлі, отты жігіт еді. Өкінішке орай, 1988 жылы 13 мамырда Семей түрмесінде Қайрат Рысқұлбеков 21 мамыр күні таңда өмірден өтті. Қанаты қайырылып жарық күнмен мәңгі қоштасты. Есіл ер көзі тірісінде шындыққа жете алмай қапыда жер жастанды.
Жазира:Кінәлі ме, ақын Қайрат, ер Қайрат,
Ауа жетпей атып шыққан алаңға.
Қылғындырған қиянатқа көнбеді ол
Тапталғысы келмеді оның табанға.
Әсте естен шығармайды жыр мұңы,
Айтады ылғи домбыраның күмбірі.
Аты аталса күрсіндірер жылатып,
Желтоқсандық азамат пен құрбыны.
Жатыр бүгін Мойынқұмның бауырында
Қара өлеңнің ерте солған бір гүлі.
Айналайын, ағайындар ақ жүрек,
Жолың түссе, басына бар, тағзым ет
Гүлдана: Ол тірі қалғанда ақын болар ма еді.... Ерте солған жыр әлеміндегі гүл едің ғой, Қайрат... Ал мына өлең жолдарына құлақ түріп қарайықшы
Әкетай – ақ пайғамбардай жасың бар,
Туа бермес сіз секілді асылдар.
Қартайғанда жүрегіңді қаралап
Кесір болды – ау біз секілді масылдар.
Айналайын қарындасым, қарағым,
Сені ойласам үзіледі жұлыным.
Сенің ерке ақ жүзіңді көре алмай,
Кетіп барам мен айдауға құлыным
Жасмин:Міне, осы бір жан тебірентер сәтте Қазақ елінің еркіндігі, бостандық жолына бас тіккен азаматтар, туған елінің тәуелсіз мемлекетболғанын көре алмай өмірден өткен желтоқсан батырлары Қайрат Рысқұлбеков, Ляззат Асанова, Ербол Сыпатаевтардың рухына тағзым етіп, еске алу – ұлттық парызымыз.
Гүлназ: Өмір өзен толқындары бізді әйгілі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан уақыт өткен сайын алыстатып бара жатса да жүректерде мәңгілік ұмытылмайтын қастерлі бір нәрсе бар. Ол – дүр сілкіндірген сол үш күн ішіндегі Қазақ қыздарымен мен жігіттерінің рухына, ерлігіне деген тағзым құрмет. Бұл аға – апаларымыздың аңсаған армандары мен үміті, тілектері бұл күнде толық жүзеге асты. Бір ғана өкініш бар, ол азаттық үшін жан аямай алысқан боздақтардың кейбірінің бүгінгі бақытты сәттерімізді көре алмауы.
Жазира: Қазақстан! Туды алтын дәуірің,
Алғандайсың жұлдыздардың жарығын
Алтын заңың құтты болсын қымбаттым
Туған күнің құтты болсын алыбым!
Армандарды жақындатқан тым алыс
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс
Егемендік ел бақыты ертеңі
О, халайық құтты болсын қуаныш.
Жасмин:М. Шаханов «Мұзға жаққан алау».
Алишер: Қ. Әбілдақызы «Желтоқсан оқиға емес» өлеңдерін оқыды.
Мұғалім: Міне, оқушылар өздерің айтып отырғандай осы оқиғадан кейін біздің Қазақстанымыз өзінің тәуелсіздігін алды. Қазақстанның тәуелсіздік алғанына биылғы жылы 20 жыл толғалы отыр. Басы аяғы 20 жылда еліміз ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер биігінен көрінді. Әлемнің өркениетті мемлекеттері Қазақстанды танып білді. Олармен аралас – құралас болуға сол арқылы сол елдің мәдениетін, әдебиетін толығырақ айтқанда, рухани дүниесін өне бойына сіңіруге, жақсы жақтарын қабылдауға жан – жақты мүмкіндік туды. Сонымен қатар «Біз Қазақстандықтармыз» деп кеуде кере шаттануға да бүгінгі уақыт үрдісі бізге мүмкіндік туғызып отыр. Тәуелсіздік халқымызға аспаннан түскен құдіреттің сыйы емес. Ол ғасырларға созылған ата – баба қанды жорығының, дабылды – дуылды күресінің заңды жалғасы. Жатса түсінен, тұрса есінен бір сәт кетпеген бабалардың ғасырлық арманы еді. Тереңнен ойлап, тебірене толғасақ халқымыздың барша тарихы осы тәуелсіздік үшін, елдік үшін, халықтың бас бостандығы үшін күрес еді. Желтоқсан оқиғалары – Қазақстан тарихындағы естен кетпес, аса ауыр және қайғылы беттердің бірі. Екі ғасыр бойы езіп келген империяның қуатты құрсауын бұзып, отарлаушылардың тас шеңгел құлдығынан құтылуды көксеген жастардың көз жасы, қаны бекерге төгілмепті. Он екіде бір гүлі ашылмай қыршын кеткен Асанқызы Лязаттың, Сыпытайұлы Ерболдың, Мұқанбетжанқызы Сәбираның, Ноғайбайұлы Қайраттың аңсаған армандары мен үміт тілектері бұл күнде толық жүзеге асты. Желтоқсан оқиғасы
- бұл ерліктің тарихы,
- республикадағы халқымыздың рухани жеңісі,
- демократияға жол ашу,
- тәуелсіздіктің алғашқы беті
Көп ұзамай Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президентінің ҚР тәуелсіздігі жөнінде Конституциялық заңы қабылданды. ҚР президенті Н. Ә. Назарбаевтың «1986 жылы 17, 18 желтоқсанға қатысқандарды ақтау жөнінде» 1991 жылы жарлығы шықты. Осыдан кейін еліміздің басшысы 17 – желтоқсанды «демократиялық жаңару» күні деп жариялады.
Шаттық: Осымен 4 сынып оқушыларының дайындаған шағын тәрбие сағаты аяқталды. Алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көптен – көп рахмет. Қош сау болыңыздар.