Құмырсқа (Форміцідае) – [link] Осы уақытқа дейін ара өсірушілер олардың не үшін билейтінінің сырын аша алмай келген. Жуырда мұның сыры да ашылғандай болыпты. Яғни гүлдер көп орын ұяға жақын болса, аралар шеңбер жасап ұшады екен. Ал бұл би барлық араларды сол жаққа шақырғаны, сондай-ақ сегіздік жасап ұшатын болса, азықтық орынның алыс екенін көрсеткені болып табылады екен.
Осы жуырда ғана зерттеушілер араларды контрабанда мен лаңкестікке қарсы күресте, есірткі саудасында қолдануға болатынын анықтады. Өйткені, өзіне жағымды иісті сезген аралар тілдерін шығарып, шәрбәт нәрін іздей бастайды. Сондықтан қажет етілген иіске араларды өте жеңіл үйретуге болады.
Ол үшін аралар бірнеше иіс араластырылып жіберілген бөлмеге қамалады. Осында ол өзіне қажет еткен иісті ажыратып, тауып ала-алады. Осындай жолмен араларды жарылғыш затарды және есірткілерді, тағы басқа да нәрселерді тауып алуға үйретуге болады.
Сондай жаттығудың бір түрі ретінде үйретілген аралар далалық жағдайда минаны табу үшін ашық ауаға жіберіледі. Аралардың қай жерге жиналып жатқанын анықтау үшін лазерлі аппарат қойылады. Монтана университетінің ғалымдары осындай тәжірибелердің бірнеше түрін жүзеге асырып үлгерді.
Ғалымдардың тағы бір анықтағаны, аралар ауада улы қоспалардың барын сезсе, мінездерінде өзгерістер туындайды екен. Сонымен бірге, аралар азық-түлік тауарларының сапалылығын және контрафактілік тауарларды да анықтай алады.
Аралардың арасы
Оқыс қимыл жасадың дегенше, шабуылға ұшырадым дей бер. Мұнда ұшып жүрген бәленбай мың ара саған келіп жабысады. Бұл – араға тән табиғи құбылыс. Ұясының алдында тайраңдап жүрген аю екен деп қала ма, әйтеуір, оқыс қимылды (араны қағып жіберу, басыңды тұмшалап қашу) өздеріне төнген қауіп-қатер деп түсінеді.
Еркек. Ана. Жұмысшы
Былай қарасаңыз, ара – басында бір шөкім миы жоқ жарғаққанаттылар отрядына жататын жәндік. Жабайысын қосқанда дүниеде қанша түрі бар екенін білмеймін, білетінім, Алланың қалауымен бір жүйеден ауытқымай тіршілік ететін, қолға баптауға бейім бақшадағы кәдімгі бал арасы. Дүние есігін ашқан ара 5–6 ай өмір сүреді екен.
Бір ұяда бір аналық ара, бірнеше жүз еркек ара және ондаған мың (100 мыңға дейін) «жұмысшы» ара болады. Ұрғашы ара ұяда ұрпақ өсіреді. Ол – аралардың ішіндегі ең ірісі. Ал сол ұяда екінші аналық пайда болса болды, біз секілді жеке шаңырақ болып, енші алуға асығады. Көрпе-жастығың мен қазан-ошағыңды ала кеткен секілді, аралар ұядағы жарты жұмысшы араларды ілестіре кеткенімен қоймай, шырын қорын да бал сауытына тыға кетеді.Жаңа ұшып шығатын үйірді рой атайды. Сол ройың ұядан ұшып шығып, жақын маңдағы тал-терек, өрік бұтақтары секілді жерге бас-аяғы жиналғанша, барлауға кеткен аралар келгенше жиналып отырады. Барлаушы аралар басқа жерден ыңғайлы, болшақта өмір сүре аламыз-ау деген тұрақ тауып хабар әкелем дегенше әрекетке кіріскен жөн.. Ара ұяның тап-таза екенін, ондағы дайын су жаңа балауыз керілген рамка бар екенін көргенде, оларға да керегі сол, қайда кетсін. Ду-ду етіп ашу шақырады да, сол жерде тұрақтап қала береді. Міне, осылай балшелегіңді көбейте бересің.
Мүлтіксіз тәртіп
Ұядағы әрбір ара өзінің қызметі мен міндеттерін жақсы біледі және оны мүлтіксіз орындайды. Бір маусымда ара ұясы 100-200 келі бал жинайды. Яғни дала кезіп тынымсыз сірне таситын жұмысшы ересек ара аптасына 6-7 келі балды қорға қосады. Аса шебер Алла тағала өз құдыретімен араның ауыз қуысын бал жасау үдерісінің алғашқы буыны өтетін кішігірім «цех» етіп қойған.
Ондағы қалыпты жылу деңгейі ауыз қуысындағы шырындардың біртіндеп балға айналуының алғашқы әрекеттеріне жағдай жасайды. Құдды бір ұшып жүрген тірі зауыт. Ал ұяда жас аралар сірнені тор көзшелерге салып, желдетіп, артық ылғалын жояды. Олар жұмыртқадан жаңа шыққан ұрпақты қоректендіреді, ұяшықтардың тазалығын, ауа алмасуын қадағалайды. Көзшелер балға толғаннан кейін, оны балауыз қақпақшамен жабады.
Зер салып қарасаңыз, бал құйылатын ұя клеткаларының алты бұрышты екенін және әрбір қабырғасы мен бұрыштарының өлшемі бір-бірімен керемет үйлесімділікпен дәл келетінін байқайсыз. Бұндай дәлдікті аралар кімнен үйренді? Неге ол үш бұрыш немесе бес бұрыш емес?
Тор клеткалар бір-біріне үйлесімділікпен жабысатын балауызға бал сыйымдылығы молырақ болатынын қайдан білді? Қазіргі заманауи құрал-жабдықтармен жарақтанған құрылысшылар миллиметрлік дәлдікпен алты бұрышты үйлерді жапсарлап сала алар ма еді?
Еркек аралардың еркек деген атымен аналығын ұрықтандырғаннан басқа бітіретін ештемесі жоқ. Бірақ олардың көбейіп кетуі бал жиналуына көп әсер етеді. Азайып кетуі де бал арасының көбеюіне зиянын тигізеді.
Өйткені ұяның аузында екі күзетші ара тұрады. Оның міндеті ұшып келіп жатқан араларды тексеріп отырады. Өз ұясының арасы болған күнде де әкелген шырыны жоқ болса, кіргізбестен қайта ұшырып жібереді. Егер ол ара тағы бос келіп тұрса, күзетші аралар оның басын алуға толық құқы бар. Ал мұндай тәртіпті бұзам деген еркек ара сол жерде желкесі қиылады. Ұя маңына көз салып қарасаң, аралардың қаңқасын көріп, арам оймен келген бөтен ара немесе тәртіпке бағынбаған аралар екеніне куә боласың. Еркек араның шырын таситын сауыты тұрмақ, шағатын инесі де болмайды.
Жас аралар ұя ішіндегі міндетін толық өтеп шыққан соң, тәтті шырын мен гүл тозаңдарын жинау үшін дала кезетін жауапты іске араласа бастайды. Жаратушының түйсіктеріне салуының арқасында бал аралары шырынды гүл мен шүйгінді шөп атаулыны тез-ақ табады. Және оны өз қауымдастығындағы өзге араларға жедел хабарлайды. Шуақты күндері ауа райы аяқ асты бұзылып жаңбыр жауып, құбыла қалу біздің таулы аймақта қалыпты жағдай. Осындай күндердің бірінде әкем ара ұясы тұрған жердегі ілініп тұрған шойын темірді қатты затпен бір ұрып қоятын. Әлгінің үні біразға дейін гуілдеп тұратын. Сөйтсек, жаңбырдың астында, тұманда қалған аралар осы дыбыс арқылы өз ұясын табатын көрінеді.
Ғибрат
Күн райының құбылмалы сәттерінде адасып, суға ағып немесе түрлі құстардың тырнағында кетіп жатса да, өзінің 5-6 айлық өмірінде Алла тағала тарапынан берілген міндетін мүлтіксіз орындап жатқанын көріп, Құрандағы «Аралар» сүресінің 69-аятындағы: «…Содан кейін түрлі жемістермен қоректеніп, Раббың көрсеткен, қолайластырған жолдармен жүр. Араның қарындарынан түрлі-түсті бал шығады. Онда адам баласы үшін шипа бар. Шын мәнінде, мұның өзі – түсінген жан үшін ғибрат»,- деген жерін оқып, шарасыз екеніңді мойындайсың.
Аралардың тағы бір қасиеті – тазалық. Аралардың артқы екі аяғында тарақ секілді мұрттары болады олар жүрген жерін сыпырып тазалап отырады. Ал кейбіреулері жамбастарына жабыстырып алған гүл тозаңынан жасалған балауызымен ұяның кем кетік жерін бітейді. Тізіліп тұрған ұяны кездейсоқ тышқан аралап кетсе, жағымсыз иістен қырылып қалатыны тағы бар. Сондықтан болар, ара лапастарында әкем жабайы мысықтар ұстайтын.Тамағын беріп қойсаң болды, жәшіктер арасында пысылдап ұйықтап жатады.
Спирт, әтір секілді иіспен бал арасына жақындасаңыз, ара ашуланып шағуы мүмкін. Темекі, түтін иісі де араның ашуын туғызады. Ал шаққан ара сол жерде инесін қалдырып, өзі біраз ұшып барып өледі. Оған себеп теріге кірген ине екіге айырылып у жіберілген соң, қайтып тартқанда, инемен бірге араның ішек құрылысы қалып қояды. Белгілі бір мүшесінен айырылған ара өлмегенде қайтсін.