Пәні: Өзін- өзі тану
Күні: 12 ақпан 2016жыл
Сабақтың тақырыбы: Қамқор болып өсемін.
Сабақтың мақсаты: «Қамқорлық» ұғымының адамгершілік құндылығы ретіндегі маңыздылығын ашу.
Сабақтың міндеттері:
Қамқорлық туралы түсінік беру;
Адамға, табиғатқа қамқорлық жасау іскерліктерін дамыту;
Қамқор, қайрымды, мейрімді болуға тәрбиелеу.
Көрнекі құрал: бейнетаспа.
Шаттық шеңбері:
Қайрымды жүрекпен,
Мейрімді тілекпен,
Ізгілікті ниетпен
Қамқор болып өсемін.
Мультфильм көру. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?»
Балаларға «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі көрсетіледі.
Көрсетіліп болған соң мультфильм бойынша сұрақтар қойылады.
● Ана қарлығашқа қандай қамқорлық көрсетті?
●Қарлығаш адам баласына қандай қайырымдылық жасады?
Балалар сұрақтарға жауап беріп, қорытындылайды:
Осы мультфильм арқылы адамның құстарға, құстардың адамдарға қамқорлық жасай алатынын білдік. Қамқорлық- адамға, табиғатқа, жан- жануарларға жаңашырлықпен қарау, көмектесу.
Сергіту сәті: «Көлеңке»
Оқушылар көлеңке рөлінде, ал мұғалім ортада жүргізуші болады.
Мұғалім:
Көлбеңдеген көленкем.
Құмырсқа қалай жүреді?
Көрсетші, менің көлеңкем.
Оқушылар қимылмен құмырсқаның жүрісін көрсетеді.
Мұғалім:
Көлбеңдеген көленкем.
Құстар қалай ұшады?
Көрсетші, менің көлеңкем.
Оқушылар қимылмен құстардың ұшуын көрсетеді (басқа да жан- жануар, жәндіктерді қосу мұғалімге байланысты).
Мәтінмен жұмыс:
Оқушылардың қамқорлық жайлы түсініктерін тереңдету мақсатында мәтінмен жұмыс жүргізіледі. Мұғалім оқушыларға мәтінді оқып береді. Сосын балалар өздері оқып шығады. Мазмұнын түсінген соң балалар сұрақтарға жауап береді.
Балапан мен мысық Д. Мамырова
Наурыз айы келді. Балалар қараторғайларға ұя жасады. Асан да құстарға ұя дайындады.
Бір күні ұяда үш балапан пайда болды. Шешелері тамақ әкелуге кеткенде балапандардың біреуі жерге құлап түсті.
Оны көріп ала мысық балапанға жақындай түсті. Қараторғайлар балапанын айнала шырылдай ұшып, Асаннан көмек сұрағандай болды. Асан балапанды құтқармақ болып мысыққа ұмтылғанда, мысық қаша жөнелді. Асан жерде жатқан балапанды апарып ұясына салды. Қараторғайлар шат- шадыман болып әсем әуенге басты.
● Асан құстарға қандай қамқорлық жасады?
Шығармашылық жұмыс.
Сабақта шығармашылық жұмыс бойынша оқулықта берілген суреттерге қарап, оларға қандай қамқорлық жасау керектігін айту тапсырылады. Оқушылар бұл жұмысты жекелей немесе топпен орындалуларына болады. Балалар жұмыс нәтижесін сынып алдында жария етеді.
Жаңа ақпарат:
Мұғалім оқушыларды оқу ақпаратымен таныстырады. Оқу ақпаратында «Адамның жақсы өасиеті өзгелерге қамқорлық жасай білуінен көрінеді» деп айтылған. Оқушылар ақпаратпен танысып, мұғалімнің басшылығымен өз ойларын қосып түйіндейді.
Ойын:
Балалардың белсенділіктерін арттыру үшін «Ұядағы балапандар» ойыны өткізіледі.
Оқушылар «балапан», «қарақұс», «ұя» сөздерін айта отырып үш топқа бөлінеді. «Ұя» тобы шеңбер жасап дөңгелене тұрады. Шеңбер ортасына «Балапан» тобы жайғасады. «Қарақұс» тобы қапысын тауып ортадағы балапандарды шеңберден шығарып алуға тырысады. Оларды «ұя» тобы қорғайды. Егер «қарақұс» тобынан бір бала шеңбер ішіне қалып қойса, онда ол «балапан» тобына қосылады. Ал олар «балапан» тобының бір оқушысын шеңбер ішінен шығарып алса, ол оқушы «қарақұс» тобына қосылады. Осылайша ойын жалғаса береді. Саны көбейген топ ойынның жеңімпазы аталады.
Назар аударыңдар:
Мұғалім Алпамыс пен Махаббаттың ақыл сөздерін оқып береді. Оқушылар осы сөздердің мағынасын ұғыпғ естеріне сақтайды:
Қамқорлық жасауды үйрен!
Шамаң келсе көмектес!
Қорытындылау
Мұғалім сабақты қорытындылайды:
Қамқорлық – адамның адамға, адамның табиғатқа, жан- жануарларға жақсылық жасауы. Біз бүгінгі сабақта қамқорлықты риясыз, яғни қайтарымсыз жасау керектігін түсіндік.
Дәптермен жұмыс:
Мұғалім «Қандай үй жануарларына қамқорлық жасағыларың келеді? Солардың (күшік, мысық, тоты құс, қоян, лақ, қозы, т.б.) суретін салындар»- деген тапсырма ұсынады.
Жүректен жүрекке:
Оқушылар мұғаліммен бірге шеңберге жиналады. Балалар оң қолдарымен жүрек түсын ұстап, мұғаліммен бірге мына өлең жолдарын қайталайды:
Күн нұрындай көңілім,
Даламдай кең пейілім.
Бәріне ортақ шуағым,
Қайрымды боламын.