Салем-сөздің анасы тәрбие сағаты 2 класс

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Тақырыбы: Сәлем - сөздің анасы.



Мақсаты: оқушыларды әдептілік қағидаларымен таныстыру,имандылық, адамгершілік ұғымдарын кеңейту. Халқымыздың ұрпақ тәрбиесінде ғасырлар бойы қолданып келе жатқан мақал-мәтелдерін, ырым-тыйым, ұлағатты сөздерінің мән-мағнасын түсіндіре отырып бабалар рухында тәрбиелеу, сәлемдесе білуге, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға тәрбиелеу.

Көрнекілік: ұлағатты сөздер,мақал-мәтелдер, суреттер,тыйым сөздер.

1-жүргізуші

Ата-ананың тілегі,

Адам болып өскенің.

Адамдықтың белгісі,

Адам болып өскенің.

2-жүргізуші:

Әдептілік дегенің

Әрқашанда керкгің.

Әсемпаздық дегенің,

Әуре сарсаң әлегің.

Екеуі бірге: Тәртіпті бала сүйеніш,

Төбең көкке жетеді.

Тәртіпсіз бала күйініш,

Төмендеп басың кетеді.

Мұғалім: Қай халық болмасын, қай ел болмасын, бір-біріне жылы мейір мен кең пейілділікті, достықты, амандық-саулық сұрасып, өзінің аманекендігін білдіруі - сәлемдесуінде.

1-жүргізуші: Адам баласы қашанда тыныш, бейбіт бір-бірімен сыйласып өмір сүруді аңсаған, армандаған. Сондықтан сәлемдесу - әдептілік ғана емес, имандылықтың да нышаны.

2-жүргізуші: Олай болса, «Сәлем - сөздің анасы» деген мақалды.

Білгені жөн әр қазақтың баласы.

Ендеше, 2-класс оқушыларының дайындаған «Сәлем – сөздің анасы» атты ашық тәрбие сағатын ашық деп жариялаймыз.

1-оқушы: Әкем: «Үлкен кісіні көрсең, оны танысаң да, танымасаң да сәлем бер» деп отырады.

2 – оқушы: Халқымыздың төбе биі Төле бидің «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал орнынан тұрып сәлем берер» деген сөзі бар.

3 – оқушы: Ислам діні сәлем беруді, рұқсат сұрауды шариғатқа кіргізген.

«Сәлем – Алланың жердегі есімдерінің бірі» делінген 347 – хадисінде.

4 – оқушы: 91 – хадисінде: «Біріңмен-бірің сәлемдесіп жүріңдер, сонда ғана араларыңда мейірім махаббат оянады» делінген.

5-оқушы: Егер сізге сәлем берілсе, сіз одан да жақсырақ болмаса да, тап өзіндей етіп жауап қайтарыңыз.

ІІ. Негізгі бөлім.

«Сәлем-сөздің анасы»





1-жүргізуші: Халқымыздың ақ сақалдыатаны, ақ жаулықты ананы сыйлап, алдынан қия өтпеу –ата дәстүріміз.

Кішінің үлкенге алдымен сәлем беруі, салт дәстүріміздің алғашқы қағидасы.

2-жүргізуші: Қарттарға амандасудың қарапайым түрінде қаншама қамқорлық, әдемі жарастық жатыр десеңізші!

Сәлем бере білейік (сахналау)

Ақсақал мен жігіттің амандасуы

Жігіт: Ассалаумағалейкум, ата!

Ата: Уағалейкумассалам, балам!

Жігіт: Деніңіз сау ма ? Аман есенсіз бе?

Ата: Құдайға шүкір, балам. Тәңірдің берген ырыздығын жеп жүріп жатырмыз.

2.Қарт әже мен қыз баланың амандасуы.

Қыз: Армысың, әже!

Әже: Бар бол балам!

Қыз: Үй іші, бала шағаңыз аман ба?

Әже: Үй іші, бала шағаңыз аман ба?

Әже: Тәңірге тәуба күйлі-қуатты , аман –есен.

Бәрі: Үлкенге де сіз

Кішіге де сіз

Барша жанды құрметтеп,

Бас иеміз біз.

1-жүргізуші: Қазақта «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп сәлем берер» деген сөзі бар.

2-жүргізуші: Өйткені жолаушының алдынан шығып сәлем беру, бұл халқымыздың тектілігін, жол білетін әдептілігін білдіреді.

1-жүргізуші: Мақал сөздің мәйегі дегендей келесі бөлімді мақал-мәтелдерге берейік.

6 – оқушы

1.Сіз деген әдеп.

Біз деген көмек.

2.Әдепті бала арлы бала,

Әдепсіз бала сорлы бала.

7-оқушы:

3. Әдепті бала ата-анасын мақтатар.

Әдепсіз бала ата-анасын қақсатар.

4.Әдептілік белгісі иіліп сәлем бергені.

5. Аманы түзудің заманы түзу.

8-оқушы: Әдептілікті анадан үйрен.

Әдептілікті данадан үйрен.

Әдептің не екенін әдепсіз адамды көргенде білерсің.

Көрініс: Көшеде кездесіп тұрған әкім мен байдың қастарынан бір мұжық өтіп бара жатып, иіліп, бас ұрып сәлем береді. Үлкен әкім мұжыққа одан да төменірек бас ұрып сәлем алады. Қасындағы бай - Тақсыр, осыншама жұрттың үстінен қараған әкімсіз, осы бір мұжыққа неге сонша бас ұрып амандасасың ?- дейді.









Сонда әкім: -Ешбір ілім-білім үйренбеген мұжық сонша иіліп әдекптілік көрсеткенде, мен одан әдепсіз болып қалайын ба?- депті.

Жүргізуші: « Әдептілік белгісі иіліп сәлем бергені,

Жақындықтың белгісі – келіп кетіп жүргені», деп халқымыз бекер айтпаған болар.



Жү ргізуші: Келесі сөз кезегі балаларда.

9-оқушы: Атам маған әманда,

Әдепті жан бол деген.

Ата сөзі санамда.

Жасы үлкенге жол берем.



10-оқушы :

Алдын орап кісінің ,

Кесіп өтпей көлденең.

Ізетімен кішінің,

Сәлемдесіп қол берем.

11-оқушы:

Көршілерден біз өткен.

Ата көрсем жазып кеп

Сәлем берем ізетпен.

«Ассалаумағалейкум» –деп.

12-оқушы : Анам маған (М.Мақатаев)

Анам маған-үлкенді сыйла,

Сәлем бер, - деген.

Сол сөзі ізгілігін құйған ерен.

Үлкендерден ауысқан кішілікті,

Үлкендердің өзіне сыйға берем.

Көршілерді көргенде,

Сыйлап сәлем беремін,

Әдепсіз деп сөкпесін,

Анама айтып өкпесін.





13-оқушы: Отын жарып беремін,

Суды да алып келемін.

Аялаймын мамамды,

Тиеді ылғи көмегім.

Ең елгезек баламын,

Үлкен тілін аламын.

Өссем деген ойым бар,

Таудай биік талабым.



[pic] [pic]







14-оқушы: Әдеп әліппесі.

Қарсы ал ерте күн көзін,

Төсегіңді жина өзің.

Асықпай іш тамақты,

Жалама ыдыс - аяқты.

Нанды үгітпе қадірле,

Қабығымен бәрін же.

Сыйлап үлкен - кісіні,

Қамқорлыққа ал кішіні.



Бәрі бірге: Кім үлкенді тыңдаса,

Кім үлкенді сыйласа.

Үлкен болған кезінде,

Сыйлы болмақ өзі де.

Жүргізуші: Үгітті, ақылды қандай адамға айту керек?

Жүргізуші: Үгітті ұққанға, ақылды жұққанға айту керек.

Жүргізуші: Ат пен ер қандай жерде не үшін шабады?

Жүргізуші: Ат шабысына қарай, ер нмысына қарай шабады.

Жүргізуші: Дүниеде не тәтті?

Жүргізуші: Аста тұз, адалда дос тәтті.

Әдептілік сәлемдесуден басталады дейді халқымыз. Амандасу - әр халықтың мәдениетінің алғашқы беташары. Амандасу бейбіт пейілдің, достықтың , ықыластың белгісі. Келесі бөлім: «Ырым тиым – ұлағат көзі» деп аталады.

1-оқушы: Құр беталды ермекке

Бос бесікті тербетпе.

Жоқ әдетті шығарма

Түнде көлден су алма.

Адамдарды санама

Түнде айға қарама.

2-оқушы:

Ұнасын, ұнамасын

Бұзба құстың ұясын.

Ұқсама тентек балаға

Пышақтың жүзін жалама.

Шаршасаң сәл – пәл аялда

Бірақта жерді таянба.

3 – оқушы: Ақыл есің бүтінде

Кісіге қарай түкірме.

Ұлттық салттан бұлжыма

Жұма күні кір жума.

Дастарханға емінбе

Көп алдында керілме.















4 – оқушы: Тірі жанды иықтама

Бостан – босқа ұйықтама.

Айтқан сөзді бағамда.

Күлме кемтар адамға.

Ешқашан үлкен кісіге

Отырма беріп сыртыңды.

Жүргізуші: Сәлемдесудің бірнеше түрі бар: төс қағыстырып амандасу, қол беріп амандасу, маңдайдан иіскеп амандасу, қолдан сүйіп амандасу.

Жүргізуші: Әдепті бала әдептілікті қайдан үйренеді ?

Жүргізуші: Кітаптан, журналдан, газеттен, анадан, мұғалімнен ,мақал-

мәтелдерден,жақсы адамнан.

Жүргізуші: Мұсылман халқында амандық салты «Ассалаумаағалейкум»деген сөзден басталады.Ол сізге «Алланың нұры жаусын» деген сөз.

Жас адам жолы үлкен адамға алдымен қолын ұсынады,ал сәлем алушы «Уағалейкумассалам» деп оң қолын ұсынады.Ол «Алланың нұры маған бір есе жауса, сізге екі есе жаусын» деген сөз.

Қорыту сөз: Осымен 2 –класс оқушыларының «Сәлем -сөздің анасы» ашық тәрбие сағаты аяқталды.

Бәрі бірге:

Жақсылардан үйреніп,

Боламыз біз жақсы адам.

Жамандықтан жиреніп,

Үлгі аламыз жақсыдан.