ШҚО Өскемен қалалық округы «№33 орта мектебі» КММ Бастауыш сынып мұғалімі Копбаева Жулдыз Рысбековна
Сыныбы: 1 «А»
Тақырыбы: Құстар қалай қыстайды?
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: құстардың тіршілігіндегі басты ерекшелігі, ең қажетті жағдайы және өлі табиғатта болатын өзгерістердің тірі табиғатқа әсері туралы қосымша мәлімет алу арқылы сабаққа деген қызығушылығы артады, оқушылар құстар туралы алған білімдерін толықтырады және пысықтайды;
Дамытушылық: оқушының ой - өрісін, дүниетанымын, көру, шығармашылық қабілеттерін, сөздік қорын, белсенділігін, қызығушылығын, қиялын, тілін дамыту:
Тәрбиелік: оқушы дүниетанымын дамыта отырып, табиғатты сүюге, құстарды қорғауға тәрбиеленеді.
Сабақтың түрі: дәстүрлі сабақ
Сабақтың типі: аралас сабақ
Сабақтың әдісі: сұрақ – жауап, түсіндіру, пәнаралық байланыс (еңбек, ана тілі), ойын.
Сабақтың көрнекілігі: тақырыптың мазмұнына байланысты бейнелі және заттық суреттер, қима қағаздар, жемшашар және оның үстіне әзірленген құстар дастарханы.
Сабақтың барысы:
І. Қызығушылығын ояту.
Қоршаған ортамен сәлемдесу.
Сәлеметсіз бе, ашық аспан!
Сәлеметсіз бе, күннің көзі,
Сәлеметсіздер ме, қоршаған орта!
Сәлеметсіздер ме, қадірлі қонақтар!
II.Өткен сабақты қайталау.
- Оқушыларға аңдардың суреті беріліп, сол аңдарды сипаттайды (2-3 аңды сипаттайды).
-Қыс туралы не білесіңдер?(қарлы, боранды, аязды, суық жыл мезгілі)
-Табиғатта қандай өзгерістер болады?(қыста жерді қар тегіс жауып қалады, ағаштар мен бұталар жапырақсыз қалады).
-Қысты қалай қарсы аламыз? (қысқа дайындаламыз, үйді жылытамыз,
отын дайындаймыз, малды қораға кіргіземіз).
-Құстар мен жануарлар қысты қалай қарсы алады?(қысқа жануарлар әрқалай дайындалады.Біреулері қыс бойы тәтті ұйқыға кетсе, басқалары жортып жүріп, қоректерін табады. Көптеген құстар жылы жаққа ұшып кетеді)
-Бұл құстарды қалай атайды? Олар неге ұшып кетеді? (салқын түскенде құстардың жемі азаяды, суыққа шыдай алмайды).
- Құстардың мектепке келе жатқанда немесе мектептен үйге бара жатқанда, аулада ойнап жүргенде қайсысын кездестірдіңдер?
- Жаңа айтқанымыздай, қыс мезгілінде көретін шымшық, торғай, қарға, сауысқан, тоқылдақ т. б. сияқты жылы жаққа ұшпайтын, біздің жақта қыстайтын құстарды “Отырықшы құстар” немесе “Қыстап қалатын құстар” дейді. Отырықшы құстарға тоқталу:
ІІI. Мағынаны ажырату.
- Балалар, бүгінгі сабағымызда құстар жайлы білімдерімізді толықтырамыз.
Құстар жануарлардың маңызды тобы.
-Құстарды қандай жануарлар деп атайды? «қанатты жануарлар»
-Құстардың пайдасы қандай? Құстар туралы білетініміз де аз емес.
IV. Оқулықпен жұмыс 92-94 бет (мәтінмен жұмыс)
1.Мәтінді рөлдерге бөліп оқыту. (Торғай, құр, сауысқан, тауық, қаз, қарға)
- Құстардың тіршілігі жайлы не білдік? Үй жене дала құстарының қысқы тіршілігіқандай?
-Қыста құстардың тіршілігінде қандай қиындық туады?
-Үй құстарын адамдар не үшін және қалай бағып қағады?
-Құстар қыста немен қоректенеді деп ойлайсың?
/Ағаш бүршігін, кепкен жемістерді қорек етеді, ұйқыға кетеді./
2. «Құстарды топтастыру» ойыны.
Күннің жанына жыл құстарын, қар жанына қыстап қалатын құстарды қою.
Күн – қарлығаш, бұлбұл, аққу, көкек. Қар - торғай, сауысқан, көгершін, қарға.
V. Сергіту сәті:
Құстар болып ұшамыз. / Қанат жайып ұшу/
Құстарға жем шашамыз / Саусақтармен жем себелеу/
Құстарға ұқсап жем жейміз / Бастарын жоғары –төмен көтеру /
Құстарға ұқсап су ішеміз / Басты шалқайта көтеру/
Құстар болып ұшамыз / Қолды жайып ұшу/
VI. Дәптермен жұмыс
-Суреттен ұша алмайтын құстарды тап.
VII. Ойын « Шешуін тап» Құстар жайлы тапсырма орындау.
- Бізге орманшы ағай тапсырмалар әкеліпті. Соларды орындап көрейік. Ұйқасын тап.
1-тапсырма:
Ала қанат ... (сауысқан)
Қалдықты жеп ... (тауысқан)
Жем іздейді ... (тоңбай)
Аязда ... (суықторғай)
2-тапсырма: Құс суретін құрастыру, пайда болған құс туралы әңгімелеу. /тоқылдақ/
3-тапсырма: Құстардың атымен аталатын қандай қыздардың аттарын білесіңдер?
4- тапсырма: «Болады-болмайды» жаттығуы
Мұғалім шартын түсіндіреді. Шарты: Құстарды баптауға қатысты іс-әрекеттер айтылады. Дұрыс, әрі тура мағынадағы сөйлем айтылса, қол шапалақтайды, бұрыс сөйлем айтылғанда келіспесе, аяғын топылдатады.
- Құстарды таспен атуға болады.
- Құстарды тамақтандыруға болады .
- Құстың ұясынан жұмыртқа алып, жаруға болады.
- Құстардың ұясын бұзуға болады.
- Құстарға қамқорлық жасауға болады.
5-тапсырма: Құстар жайлы жұмбақтар шешейік.
Көк жүзiнде жылжып жай,
Керуен құрған тiзiлiп,
Iлгек-iлгек шынжырдай,
Қалмайды олар үзiлiп? (Тырна)
Ағашта болса егер мең,
Хабар берiп морземен,
Тұмсығымен емдейдi,
Сосын көңiл демдейдi. (Тоқылдақ)
Түнде жортады,
Жарықта қорқады. (Жарқанат)
Қызыл бұжыр айдары бар,
Қоқиланған айбары бар.
Ауық-ауық азан салып,
Өңеш керген айқайы бар. (Қораз)
6-тапсырма: “Сәйкесін тап!” ойыны (Қыстап қалатын құстардың дауыстарын сәйкестендір)
Қарға------ шиқылдайды
Сауысқан----- тоқылдайды
Шымшық------ қарқылдайды
Тоқылдақ --------шақылдайды
Құр ----------- құрқылдайды
VIII. Ой толғаныс
Естерініңізде болсын, халқымыз мыналарды ырым еткен:
Құстардың ұясын бұздырмайды. «Бетіңе шұбар түседі» деп торғайдың жұмыртқасын жарғызбайды. Қарғайды деген сеніммен балаларды торғайға тигізбейді. «Киелі құс» деп аққуды атқызбайды, оған құс салғызбайды. «Құс төресі –байғыз» деп, оны ұстап алса, босатып жібереді. Қыран құстарды атқызбайды. Киіз үйдің шаңырағының шандуына қарлығаш ұя салса, балапандары ұшып кеткенше, киелі құстың назасына қалмау үшін көшпей отырады. Көгершін бейбітшілік, тыныштық нышаны деп айтады.
-Құстар болмай қалса не болады ?
Апат болады. Ормандар, далалар үнсіз қалады.Құстар туралы жаңа өлеңдер
мен тақпақтар жазылмайды .Зиянды жәндіктермен кеміргіштер қаптап бақ-
тар мен бақшаларды қаңыратып тастайды.Құрттар, қабық қоңыздар орман-
дарды кеміріп тастайды.Орман жемістерінің тұқымдарын тарататын еште –
ңе қалмайды.
-Ал ондай болмас үшін біз не істеуіміз керек ?
-Жемшашар жасап, ағашқа іліп қоюымыз керек. Жемшашарға құстарға арнап, тағам қалдықтарын тастау керек.
Жылы жаққа ұшпайтын
Біздің жақта қыстайтын
Құстар жүрсе жуықта
Жем шашуды ұмытпа! - деп, бүгінгі білген құстарымызды “Құстар
дастарқанына шақырайық” (құр, сауысқан, қарға, тоқылдақ, ала қарға, кептер, суықторғай, шымшық).
IX. Қорытындылау:
Бүгінгі сабақ бойынша сұрақ-жауап
- Бүгінгі сабақтан қандай әсер алдыңдар, сабақ ұнады ма?
- Біз қандай құстармен таныстық?
- Құстар қандай екі топқа бөлінеді
- Құстарды не үшін қорғауымыз керек?
X.Бағалау.
Қуанышты хабарлама. Сабаққа қатысқан оқушыларға жұлдызшалар таратылыды.
XI.Үйге тапсырма беру.
Қыстап қалатын құстарға қамқорлық көрсету, олардың бір күндік тіршілігін бақылау, дәптерге жазу. Мәтінді оқып келу.