Қар атаулары.
Қар – қыста жауатын ақ түсті тоңазыған атмосфералық тосап.
Ақша қар – жаңа жауған таза қар.
Ала қанат қар – бір аумаққа жауып, бір аумаққа жаумай жерге ала түскен қар.
Жапалақ қар – ірі түйіршікті жапырақтап жауған қар.
Көбік қар – жерге түскенде астыңғы қабаты ери беріп, беті көпіршіген жұмсақ қар.
Күртік қар – беті қатқан, жаяу жүргенде ақсақ ойылатын қалың қар.
Қасат қар – ұзақ жатқан қалың қар.
Қиыршық қар – жентектелген түйіршік қар.
Қырбақ қар – жұқа жауған қар.
Мұздақ қар – үстін мұз торлаған, көкшіл түсті беті жылтыр сырғанақ қар.
Омбы қар – ат бауырлайтын қалың қар.
Сүрі қар – ерте түсіп ерімей, қыс бойы қалыңдаған, тозаң топырақ сіңіп, беті күлгін тартқан нығыз қар.
Сіреу қар – ұзақ мезгіл мызғымай жатқан аяқ бастырмас, көлік жүрісіне бөгеу, қатты үрпек қар.
Үйіме қар – боранды жел сырғытып, бір жерге тау – төбе үйілген қар.
Үрме қар – жел үрлеп, жиынтықтаған тығыз қар.
Жаңа Жыл қарсаңында.
Сұлтан Қалиұлы.
Безендірдік
Аулада
Өсіп тұрған шыршаны.
Әсемдеуге әр бала
Бар өнерін жұмсады.
Жасап келді бірі – піл,
Бірі – барыс, арыстан,
Бірі – қораз, бірі – құр,
Бірі – бүркіт, сауысқан.
«Қырау» да бар, « қар» да бар,
Іліп жаттық тырмысып.
Төбемізде қарғалар
Әрі – бері жүрді ұшып.
Шыршамыз тұр жасанып,
Ойыншықтар тізіліп.
Көз алмай біз,
Тамсанып,
Қарап тұрмыз қызығып.
Қуаныстық:
«Шамдары
Тіпті ғажап болды» деп.
Ал қарғалар
Маңдағы
Қарағайға қонды кеп.
Бізге де жұрт тамсанып,
Тұрсын дей ме қызығып,
Өздерінше
Жасанып,
Күтіп отыр тізіліп.