«Қош бол, бастауыш»
Мақсаты : Білімнің сара жолы бастауыштан басталатынын, бастауышта алған білімнің негіз болып қаланатынына көз жеткізу. Мектепті , ұстаздарды құрметтеп, еңбектерін бағалай білуге тәрбиелеу. Өз Отанының адал ұлы мен қызы болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі : «Қош бол, бастауыш» фотомонтажы , слайдтар , гүлдер мен шарлармен сахнаны безендіру.
Музыка ойнап тұрады. (Күй немесе әдемі оқушыларға тән әннің әуені).
Мұғалім:
Бүгін міне жақсы күн жарқыраған,
Көңілдер қуаныштан сарқыраған.
Қоштасатын күн келді бастауышпен,
Қиындау болып тұр-ау бүгін маған.
Кеше ғана алдыма келген еді,
Именіп ұлы ұяға енген еді.
4 жыл бойы сусындап біліммен,
Ұшатын қанат қағып келді кезі.
Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп мектеп табалдырығын қуана аттаған ұл-қыздарымыз ойлары толып, бойлары өсіп бастауыш сатысымен қоштасқалы отыр. Олай болса 4 сыныптың «Қош бол, бастауыш» атты бастауышпен қоштасу салтанатына қош келдіңіздер.
Бұл салтанат қуаныш баршамызға,
Мұндай күй болған сірә қаншаңызда.
Қол соғып, қошеметтеп шақырайық,
4 – сыныпты ортамызға.
(Оқушылар ортаға шығады)
Нуржан:
Армысыздар жас достар,
Болашаққа жол бастар.
Білім деген ғажаптың,
Келешегі қазақтың,
Басталады сендерден.
Ксения:
Қоштасу тойын бастайық,
Ән мен биге басайық.
Өнерімізді көрсетіп,
Құрметіне бұл тойдың.
Ән мен шашу шашайық.
(осы жерде Ксения шашу шашады)
Мұғалім:
Ал, енді Алмаз бен Нұржанның орындауында «Қазақ жастары» әнің қошеметпен қабыл алыңыздар!
Мұғалім: Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары жаны жаздай жайрандаған.
«Қыз өссе» елдің көркі деген сөзді,
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам! – деп мың бұралған бишілерімізге кезек береміз. «Қамажай» биі.
Көрініс: «Пәндер айтысы»
Математика: Достар, жүріңдер. Ғылымға барып ақыл – кеңес алып, даудың төрелігін сұрайық.
Ғылым: Бұл не айқай, бұл не шу?
Математика (тізерлеп амандасып, қолын көкірек тұсына қойып):
- Ғылым аға, біз пәндер сізден бір даудың төрелігін сұрай келдік.
Ғылым: Ендеше, баяндаңдар.
Математика: Қымбатты мәртебелім, өмірде менің орным ерекше. Өйткені адам баласына керегі мен. Мен есеп болмасам, адамдар сағатты, сауданы, жерді т. б. ғалымдар есебін қалай есептей алады.
Ана тілі: Жоқ, Мәртебелі Ғылым, адам баласы ана тілі болмаса тіл қоры, тіл байлығы, сөйлеу, тілдесу мәнін білмес еді.
Қазақ тілі (жүгіне отырып, қолы көкірек тұсында):
- Қазақ тілі болмаса дауысты, дауыссыз дыбыстарды айыра алмас еді. Қазақ тілінде қанша әріп барын да білмес еді. Буын, жұрнақты ажырата алмас еді. Мемлекеттік тілде еркін сөйлей алмас еді.
Ағылшын тілі:
- Тоқтаныз, Қазақ тілі. Сен осылай сайрап тұрғанда мен де қарап қалмаспын. Әлемде үш тұғырлы тіл жайлағанда ағылшын тілінің орны ерекше. Өйткені, мен арқылы компьютер, бүкіл дүние жүзі ғаламторға еркін самғай алады.
Орыс тілі (басын иіп): Ғылым тақсыр, менің айтар датым бар. Орыс тілі болмаса, қалайша ол үш түрлі тіл болмақ? Мен арқылы адамзат баласы сөз мәтінің аударып, ресми тілде сөйлеп, орыс тіліндегі көптеген кітап қоры арқылы білімін шыңдап жатыр емес пе?
Дүниетану:
- Ал, мен арқылы адамзат баласы таза ауада дем алып, денсаулығын нығайтып, табиғат аясында тынығып, салауатты өмір салтын құра алады. Мен оларға таза ауа беру арқылы ерекшемін. Менсіз сіздердің күндеріңіз не болмақ?
Дене тәрбиесі (спорттық қимыл көрсетіп):
- Қымбатты достар, барлығыңның сөздеріңді тыңдап мен бір ойға калдым. Сіздер айтқан құбылыстарды іске асыру үшін ең алдымен дене қозғалысы ширақ, шымыр болу керек қой.
Ғылым: Өнер, сен неге үнсіз қалдың?
Өнер: Мен достарымның сөзін тыңдап қайран қалып тұрмын. Ақыры бір - бірімізбен байланысты екенбіз деп сабырлықпен әдеп сақтап тұрған жайым бар. Олай болса, адам баласына тазалық, әдептілік, мәдениетті сөйлеу, сыпайы, тәртіпті, үлгілі болуды қалаймын.
Ғылым: Барлығынның жауаптарынды тыңдадым. Десек те өмірде адам баласына әрқайсыңның керекті екендерінді ескертемін. Сондықтан «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген ұранды қағида етіп, татулықпен тарқасайық, достар.
Мұғалім:
Мектеп деген білім кені, жыр кені,
Мектеп деген ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген тәрбиеші адамға,
Мектеп деген даналардың мекені.
Ксения:
Кітап, қалам қолға алдық
Бір сыныпқа жиналдық.
Ажырамай арамыз
Болашаққа барамыз.
Алмаз:
Мектебім, сүйікті мектебім,
Бауырыңда түлеймін, жетемін,
Сен бұлақ, мен қайың бұр ашқан
Өзіңнен нәр алып көктедім.
Мектебім, жылы ұя бесігім,
Күнде ашық мен үшін есігің
Білімнің шуағы мол сепкен,
Ұстазым, қымбат қой есімің!
Нуржан:
Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,
Алтын ұя, ақ босаға киелі.
Қанат қаққан білім алып өзіңнен,
Күллі шәкірт саған басын иеді.
Мадина:
Армысың сен, алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағым,
Мектебіме арналады бұл әнім.
Сынып әншілерінің орындауында «Мектебім» әнін қарсы алыңыздар.
Мұғалім:
Көпшілікке өнерді,
Көрсетейік керемет.
Келесі тамашалайтыңыздар «Вальс», 4 – сынып оқушыларын қарсы алыңыздар.
Мұғалім:
Білім алған өзіңнен,
Дәрігер, ұшқыш, бар ғалым.
Саған ыстық сезіммен,
Қарайды жұрт мұғалім.
Алмаз:
Сүйікті мұғалім,
Бес алсам ұнадым,
Екі алсам сынадың,
Алдыңда әрқашан,
Бас иіп тұрамын,
Сүйікті мұғалім!
Мадина:
Мектеп – кеме, білім – теңіз!
Барар жерге тез жетеміз.
Адаспаймыз ұлы жолда,
Ұстаз берген білім қолда.
Нуржан:
Әріптерді үйретіп,
Жақын болған кім бізге?
Жамандықтан жиреніп,
Ақын болған кім бізге?
Десек, ол жан - мұғалім
Қапастағы елдердің
Мұңын айтқан кім бізге?
Көрікті сан жерлердің,
Сырын айтқан кім бізге?
Рахмет, саған мұғалім!
Ксения:
«Мұғалім – мектептің жүрегі» - деп Ыбырай атамыз бекер айтпаған. Олай болса, келесі жырларымызды ұстаздарымызға арнаймыз.
Хор: «Ұстазым»
Мұғалім:
Дүниеге әкелген ол да сенің анашың ,
Ақ сүт беріп өсірген ол да сенің анашың.
Тіл алмасаң кешірген ол да сенің анашың ,
Мәпелеген баласын аман болсын анашым - деп, сөз кезегін ата-аналарға береміз.
Мұғалім:
Ата – аналарға арнап «Анажаным» әнін қабыл алыңыздар.
Келесі тілекті Ксенияның әпкесіне кезек берейік. Ол 4 – сыныпқа арнап қазіргі заман биін дайындап алып кепті, қанекей, Диана мен оның құрбыларын қошеметпен қарсы алайық.
Бұйрық. 2016 жыл. 4 сынып балдырғандары бастауыш патшалығынан орта буын патшалығына қабылдансын. Қабылданбас бұрын осы жылғы дәстүрге байланысты ант берілсін!
1. Бастауыштағы қызықты күндерді мәңгі естен шығармауға.
(Ант етеміз – хормен бірге)
2. Әліппе ұстатқан алғашқы ұстаздың еңбегін ақтауға.
(Ант етеміз – хормен бірге)
3. Орта буында оқитын басқа пәндерден қорықпауға.
(Ант етеміз – хормен бірге)
4. Бастауыш патшалығының атына кір келтірмеуге.
( Ант етеміз, Ант етеміз, Ант етеміз) – 3 рет ақырғысын.
Мұғалім:
Өздіріңмен адымдап аспандаймын,
Сендер барда ешкімнен жасқанбаймын.
Бастауышты бітіргелі тұрған сендер,
Ал мен тағы бір белестен асқандаймын.
Мен үшін бәрің бірдей, қарақтарым,
Орындалсын арман, тілек талаптарың.
Самғаңдар биіктерге, қайырмасын
Енді ғана қатайған қанаттарың.
Иә, қатайды қанаттарың.
Тағы бір өтсем бе деймін санап бәрін,
Мінекей, бүгін міне бәріңе де,
Қимастықпен қараймын мен ШӘКІРТТЕРІМ!!!
Мұғалім: Жұлдызыңды жақ! Бұл сөз тек сіздерге арналады, бастауыш сыныпты аяқтағалы түрған түлектер!
Ұстаздарыңыз соған тілекші. Жолдарыңыз болсын, түлектер!
Аттанарда ұрпағым бақ жолына,
Түссін деп тура нақ жолына,
Арнайы ақ матадан жол төседік,
Ырым ғып түлектердің Ақ жолына!
(Ақ жолмен түлектер шығарып салынады)