Қазақ тілінен диктанттар жинағы 3 сынып

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


3 сынып

Қазақ тілінен диктанттар

Менің әжем

Менің әжем ауылда тұрады. Жаз айында ауылға барамын. Әжемнің аяғы ауырады. Ол далаға шыққанда мен таяғын қолына ұстатып, қолтығынан сүйеймін. Әжем маған ризалықпен күлімдей қарайды.

Әжем өте шебер адам, ешқашан бос қарап отырмайды. Оның жасаған оюлы сырмақтары мен оюлы тақиялары аудандық көрмеде тұрады. Әжемнің көмекшілері бар. Олар Халима, Гауһар, Ғалия, Әсия апайлар.



Жұлдыздар

Жетіқарақшыға ұқсас тағы да бір кішірек «шөміш» бар. Ол да жеті жұлдыздан құралады. Көбінесе Кішіқарақшы деп аталады. Жетіқарақшы бойынша Кішіқарақшыны табу оңай. Екеуі бір-біріне жақын орналасқан. Бірге туып, бірге батады. Жетіқарақшының басы оң жаққа, сабы сол жаққа қарап тұрады. Ал Кішіқарақшының, керісінше, басы сол жақта, сабы оң жақта. Кішіқарақшының сабының ұшындағы жұлдыз Темірқазық деп аталады. Ол- әжептәуір жарық жұлдыз.



Мақта

Мақта жазда гүлдейді. Күзде мақтаның қауашақтары жарылады. Одан үлпілдеген ақ мақта көрінеді. Мақтаның ашылмаған қауашығын қоза дейді. Мақтадан көп нәрсе жасалады. Одан жіп иіріледі. Жіптен мата тоқылады. Мақтаның шитінен май шығады.

Мақта өте бағалы болғандықтан, оны «ақ алтын» деп атайды.


Ат қою.

Жаңа туған сәбиге ат қою-ерекше салтанатты ғұрыптың бірі. Ат қоюға қазақ халқы ерекше көңіл бөлген. Әрине, алдымен жақсы есімдер мен елге әйгілі адамдардың атын қойған. Сонымен бірге бала есімін жақсы, беделді кісілерге қойғызып, батасын алуды да ұмытпаған.

Халық баласына жақсы ат қоюға тырысқан. Ырым етіп бұрынғы батырлар мен ақындар, шешендердің де атын қояды. Бірақ қасиетті әулие-әмбилер мен ұлы адамдар есімін қоюға тыйым салынған.





Шабдалы


Шабдалы – жапырағы түсетін ағаш. Шабдалының жапырақтары ұзын болады. Жеміс шыққанша қызғылт түспен гүлдейді. Жемісі шырынды, тәтті немесе қышқылтым болады. Жемісінің құрамында қант, түрлі дәрумендер бар. Одан тосап қайнатылады, шырын, сусын дайындалады.

Жабайы өскен түрінен мәдени өсімдік етіп шығарылады. Қытайда мұны төот мың жылдан бері егеді. Шабдалы Қытайдан, Иран, Кавказда және Жерорта теңіздік аймақтарға тарады.


Мен оқуға қалай бардым

Менің Әбіш деген құрдасым ба еді. Әкесі оны оқуға берді. Бір күні ойнайын деп бардым. Әбіш кітап оқып отыр екен. Тыңдасам, кітабында жұмбақ, мақал, өлең, басқа да жақсы сөздер көп екен.

Оқу үйренсем, мен де сондай оқыр едім деген ойға қалдым. Үйге қайтып келдім. Оқуға бару ойымнан кетпеді. Әкем мен апам бұл ойымды ұнатты. Ертеңіне әкем мені оқуға апарды.

Аңқау күшік

Біздің Мойнақ деген күшігіміз бар. Мойнақты шеңберден қарауға үйретпек болдық. Бірақ күшік шеңбер ішіне қарғымады. Содан соң қағазға мысықтың суретін салдық. Оны шеңбер ішіне байлап қойдық. Мойнақ суретті көрді. Аңқау күшік суретті тірі мысық екен деп қалды. Оған оқтай атылды. Сөйтіп, Мойнақ шеңберден қарғуды үйренді.



Жүзім


Жүзім- көпжылдық шырмауықты өсімдік. Оның жемісі сүйекті және сүйексіз келеді. Бүлдіргендерінің түсі қара, көк, жасылдау, ақ, қызыл, сары болады. Бүлдіргеннің пішіні- домалақ, сопақша. Ғалымдар мен бағбандар жүзімнің мыңдаған түрін шығарды. Жүзімнің кептірілген түрін мейіз деп атайды.


Арқар


Арқар- ірі тау ешкісі. Бұл аяқтары ұзын, сымбатты жануар. Мойны мен кеудесі жұмсақ үлпілдеген жүнмен жабылған. Еркек арқардың бойы екі метрге, салмағы екі жүз килограмға дейін жетеді. Жүнінің түсі қоңырқай сұр түсті. Басында шиыршықтала бұралған мүйіздері бар. Арқар таудың ашық жерлерін мекендейді. Мерзімдік қоныстарын ауыстырып жүреді. Қыста биік таудан аласа тауға түседі. Көктемде ұрғашы арқар бір, сирек екі лақ төлдейді. Енесі төлін күзге дейін емізеді.



Акула


Акуланың салмағы он төрт тонна болады. Оның ұзындығы жиырма метрге дейін барады екен. Қаңқасы түгел шеміршектен тұрады. Денесі сүйір, қуатты болып келеді. Желбезектерімен тыныс алады. акула- шапшаң жүзетін жүзгіш. Акула терең суда немесе су түбінің үш мың метр тереңдігінде мекендейді. Акуланың көпшілігі- жыртқыш. Акуланың иіс сезімі жақсы дамыған. Ал көру сезімі нашар дамыған. Жыртқыш акула балық, ұлулармен қоректенеді.



Жыланбалық


Жыланбалық сүйекті балық топтарына жатады. Денесі жылан тәрізді ұзын. Қарапайым жыланбалықтың ұзындығы он сантиметрден үш метрга дейін болады. Салмағы төрт килограмнан алты килограмға дейін жетеді. Еуропа өзендерінде, Солтүстік Африка мен Атлант мұхитының араларында тіршілік етеді. Жиналып қалған уылдырығымен жыланбалық Атлант мұхитына жетуге асығады. Сол жерде уылдырық шашады. Бірақ өзі өледі.

Теңіз жыланбалықтарының ұзындығы үш метр болады. Салмағы алпыс бес килограмға дейін жетеді. Жыланбалықтың еті дәмді, өте майлы.



Жер


Жер – аспан әлеміндегі сансыз көп ғаламшардың бірі. Көлемі жағынан одан үлкен де, кіші де мыңдаған ғаламшар бар. Солардың ішінде Жерде ғана тіршілік бар.

Жер өз кіндігінен айналады. Толық бір айналым 24 сағатқа созылады. Бұл- бір тәулік. Сондай-ақ Жер Күнді айналып та қозғалады. Күнді толық бір айналып шығуға 365 күн 6 сағат 9 минут 9 секунд уақыт кетеді. Бұл- бір жыл деген сөз.

















3 сынып

Қазақ тілінен мазмұндамалар

Құйрықсыз түлкі

Бір түлкінің келе жатқанда, аңдаусызда құйрығы қақпанға түсіп қалады. Құйрығын үзіп, өзі әрең құтылады. Бөтен түлкілердің қасында жалғыз өзі шолақ болып жүруге ұялады да, ол барлық жолдастарын шақырып жинап алып:

- Құйрықты сүйретіп жүру неге керек? Сұлу да емес әрі қашан да ыңғайсыз ауыр, бәріңіз де құрықтарыңызды кесіп тастаңызда,- деп, оларға насихат айтты.

Сонда жолдастарының арасынан бір түлкі:

-Егер құйрығың бүтін болса, сен бұлай айтпас едің-ау,- дейді.

Мұны естіп бөтен түлкілер күле бастады. Құйрықсыз түлкі ұялып, оларға көрінбейтін болды.


Тақтаға жазылатын сөздер: аңдаусызда, насихат.


Жоспар:

1. Құйрығынан айрылған түлкі

2. Түлкінің ақылы

3. Басқа түлкілердің жауабы.

























Қазақ тілінен көшіру диктанты


Құлпынай

Құлпынай – көпжылдық өсімдік. Оның гүлдері қалқанды гүлшоғырына жиналып өседі. Құлпынай шырынды, тәтті, хош иісті болады. Үлкендігі мен пішіні әртүрлі болып келеді. Емдәмдік бағалы тағам болып табылады. Құлпынай тәбетті ашады. Ас қорытуды жақсартады. Одан тосап қайнатады. Шырын, сусындар дайындайды.



Ала күшік

Әкем маған базардан күшік сатып әкеп берді. Бұл менің талайдан бергі арманым еді. Оның түрі қызық. Бауырында қара ала жолақтары бар. Күшік маған қатты ұнады.Алдына сүт қойып едім, сылп-сылп еткізіп іше бастады. Оның атын Арыстан деп қойдым. Арада екі жыл өткенде ол тайыншадай ит болды. Бір күні Арыстаным зым-зия жоқ болып кетті. Досым оны көрші ауылдан көргенін айтты. Содан кейін мен оны шынжырлап ұстайтын болдым.



Шыршалы тоғайда

Біз шыршалы тоғай ішінде серуендеп жүрген болатынбыз. Бір мезетте қараңғы тоғайға келіп кірдік. Тарлау соқпақ жол көрінді. Біз осы бір кішкентай ғана соқпаққа түсіп жүріп кеттік. Соқпақ бізді қалың шөбі бар алаңға алып шықты. Біз жасыл шөп үстінде демалмақ болып жата қалдық. Көзіміз ілініп кетіпті. Бір кезде иттің қатты үргені естілді. Ит қып-қызыл түлкіні қуып жүр екен.