«Жарқын болашақ иесі-бүгінгі жас маман».
(психологиялық тренинг)
Мақсаты: Жас мамандарға көмек көрсету және ұжымда психологиялық ахуалды қалыптастыру, кәсіби құлшынысын арттыру, жігерлендіріп, көңіл-күйін көтеру. Сонымен қатар ұйымшылдыққа, сенімділікке, бір-бірімен жақын танысып, білісіп, ашылуына көмектесу.
Қатысушылар: жас мамандар.
Өту түрі:
І. Сәлемдесу.
ІІ. «Ақшақар» ойын жаттығуы.
ІІІ. «Айналма» ойын жаттығуы.
IV. «Келісу керек» ойын жаттығуы.
V. «Шеңбердегі саусақтар» ойын жаттығуы.
VІ. «Қай орындықты таңдайсыз?» тесті
Қорытынды
Тренинг ережесі:
1. Тыңдай білу.
2. Сөзді бөлмеу.
3. Белсенділік.
4. Шығармашылық.
5. Төзімділік.
6. Сыйластық.
Психолог сөзі:
Сәлеметсіздер ме, құрметті ұстаздар! «Мұғалім-тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын қалап жатқан жас маман. Өйткені ел болашағының кілті-бүгінгі жас ұрпақтың қолында. «Тек жоғары сауатты, дарынды, дана, әрі отансүйгіш мұғалім ғана лайықты ұрпақ тәрбиелеп шығара алады»-деп Елбасы атап көрсеткен болатын. Мұғалімдікке жас талапкерлерді тарту-қоғамымыздың өзекті мәселесіне айналған еді. Осы орайда ұстаздықты жүрек қалауымен таңдап, жоғары және орта арнаулы оқу орындарын ойдағыдай аяқтап, ортамызға келіп еңбек жолын жаңа ғана бастап жатқан жас мамандарға қадамдарыңыз құтты, еңбек жолдарыңыз сәтті болсын деген тілектестігімізді білдіре отырып, «Жарқын болашақ иесі-бүгінгі жас маман» атты психологиялық тренингіне қош келдіңіздер дейміз! Қатысушыларымыз түрлі-түсті конверттерді таңдау арқылы 2 топқа бөлінеді. (Жасқыран тобы және топжарған тобы»).
І.Сәлемдесу.
Мейірімді жүрекпен,
Ақпейілді тілекпен,
Амандасып алайық,
Бір жадырап қалайық.
«Бір-бірімізбен амандасайық» (сәлемдесу). Екі топ бір-бірімен қарама-қарсы тұрады.
Мақсаты: бір – біріне жақын болуға, бір – бірін түсіне білуге, тренингке қатынасушылар арасында жағымды атмосфера қалыптастыру.
І нұсқа: оң және сол жақ көршілеріңізбен құшақтасып амандасамыз.
ІІ нұсқа: арқаларыңызды тигізу арқылы
ІІІ нұсқа: оң және сол жақ тізелеріңізді тигізу арқылы
ІV нұсқа: басыңызды тигізу арқылы.
ІІ. «Ақшақар» ойын жаттығуы.
Мақсаты: бірлесе ойлауға, шешім қабылдауға, көшбасшыны анықтауға, көздеген мақсатқа бірлесе жетуге бағытталған.
Қажетті құралдар: жіп, қарындаш, бос шырын бөтелкесі. Жіп қатысушылар санына қарай бөлінеді. Мыс: 16 қатысушы болса 8 бөлік.
Нұсқауы: қатысушылар жіптің көмегімен қарындашты бос шырын бөтелкесіне салулары қажет. Әр адамның қолында жіптің бір ұшы қалу керек. Егер қарындаш жерге түсіп кеткен жағдайда қайта жалғастырылады. Ойын жаттығуы аяқталғаннан кейін қатысушылар талдау жасап, өз ойларын білдіреді.
ІІІ. «Айналма» ойын жаттығуы.
Мақсаты: бір-бірімен байланыс орнатуға үйрету, шапшаңдықты, қимыл-қозғалыс дағдыларын қалыптастыру, жағымды көңіл күй орнату.
Нұсқауы: қатысушылар шеңбер жасап қолдарынан ұстап тұрады. Жүргізушінің белгісінен кейін айналмадан қолдарын үзбей, дене мүшелері арқылы өтіп шығу керек. Жаттығуды күрделендіру үшін айналманың орнына жіп қолдануға да болады.
Қажетті құралдар: айналма (обруч).
Талдау: ойын жаттығуы аяқталғаннан кейін қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салады.
ІV. «Келісу керек» ойын жаттығуы.
Мақсаты: логикалық ойлау арқылы кез-келген жерден шыға білу. Яғни ым-ишара арқылы бірін-бірі түсіну, жест, мимика арқылы вербалды емес қарым-қатынас орнату.
Нұсқауы: қатысушылар 2 топқа бөлінеді. Жүргізуші топ басшыларына 1 минут ішінде бірнеше сөз оқиды. Бұл жерде топ басшысы өз тобына ым-ишара арқылы жеткізуі керек. Қай топ көп сөз тапты, сол команда жеңіске жетеді. Әр сөз 5 ұпаймен есептелінеді. («Жасқыран тобына» – көзілдірік, дәрігер, жол, коньки, кітапхана, үй, футбол, әке, ұялы телефон, қуану). («Топжарған тобына» - аспаз, балық, сыйлық, суретші, мүсін, домбыра, көбелек, компьютер, денсаулық, мектеп.)
V. «Шеңбердегі саусақтар» ойын жаттығуы
Мақсаты: ептілікке, ұжымдық көзқарастарын қалыптастыру.
Нұсқауы: қатысушылар сұқ саусақтарының басына айналманы қойып, топпен бірге белгіленген жерге дейін алып жүрулері керек. Айналманы алып келе жатқан кезде қолдың жоғары қарай көтеріліп кететіні байқалады. Егер жоғары көтеріліп кеткен жағдайда немесе түсіріп алған кезде ойын қайта басталады.
Қажетті құралдар: айналма (обруч).
Талдау: ойын жаттығуы аяқталғаннан кейін қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салады. Неге айналма жоғары көтеріліп кететіні жөнінде сауал тасталады.
VI. «Қай рындықты таңдасыз?» тесті
Қорытынды. Тренинг ұйымшылдыққа, сенімділікке, бір-бірімен жақын танысып, білісіп, ашылуына көмектесу мақсатында жүргізілді. Сонымен қатар, тренинг барысында топ болып бірлесіп жұмыс жасау қабілеттерін арттыруға, топ үшін жауапкершілікті қаншалықты сезінулерін көруге әрбір қатысушының өзіне мүмкіндік береді. Адамды жігерлендіріп, өзін топпен араласуға және жан-жақты көрсетуге, қасында жүрген адамдардың мінез-құлқы туралы тереңірек білуде де шараның берері мол болды деп есептейміз. Тренинг болашақ жас мамандарға алдағы уақытта ұжыммен бірлесіп, топ болып жұмыс істеуге, кез-келген қиындықтарда шыдамдылық танытуға, қысыл таяң жағдайларда өзін қалай ұстау керектігіне де үйретеді.
Ұстаздық еңбек жолдарыңызды жігерлі күш-қайратпен шыңдап, биіктен көрініңіздер. Барлықтарыңызға әрқашанда сәттілік серік болсын деп тілейміз!!!
Келесі сөз кезегі әділқазыларға беріледі.