Тақырып: Кешірімділік – көңіл кеңдігі
Құндылық:Сүйіспеншілік
Қасиеттер:Мейірімділік, адалдық, ізгілік, кішіпейілділік
Сынып:8
Мақсаты: «Кешірім», «кешірімділік» туралы түсініктерін кеңейту;
Айнала қоршаған адамдарға кешіріммен, түсінушілікпен, ізгілікпен қарауға үйрету;
Міндеті:
1.Оқушыларға кешірімділік туралы терең білім беру, кешірімді болудың
пайдасы туралы түсіндіру.
2.Өз ойларын еркін айта білуге үйрету, сөздік қорларын дамыту, өмірге деген
көзқарасын қалыптастыру.
3.Оқушыларды кешіре білуге және кешірім сұрай білуге тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілі: Түсіндіру, пікір алмасу
Көрнекілігі: слайд, үнтаспа
Сабақ барысы:
1.Ұйымдастыру кезеңі
Тыныштық сәті. Нұрға бөлену.
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолдарыңызды айқастырмаңыздар. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюғаболады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.
Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарығызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.
Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естейді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте-бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз, олардың да жұрегі нқрға толсын.
Осы нұр бұкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын...Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын... Нұр менің ішімде... Мен Нұрмын».
Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз...
Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады.
2. Үй тапсырмасын тексеру
Оқулықта берілген М.Мақатаевтың «Жүрейік, достар , күнде өстіп» өлеңін оқып, берілген сұрақтар бойынша дайындалып келу тапсырылған. Үй тапсырмасын тексеріп, оқушылар сұрақ бойынша жауап береді.
Қандай рахат!
Жүрейік, достар , күнде өстіп.
Ренжу деген
Ренжу деген-білместік.
Бауырларым –ау!
Бәріміз бірге күн кештік,
Арамызға біздің қай жақтан келді күндестік?!
Жүруші едік қой
Мұңымыз бірге, арман да,
Армандап жүріп,
Келдік қой осы орманға,
Көзімізді ашып,
Қарайық атар таңдарға,
Күндестік құрысын!
Күндестік құрысын!
Күндестік деген- жат көрік,
Тастайық оны, нақ ортасынан қақ бөліп!
Елдер мен елдер,
Материктермен материк
Достасып жатыр,
Татулық туын көтеріп.
Бауырластықтың жалауын бізде көтеріп,
Жарқын өмірден
Жауласпай жүріп өтелік!
М.Мақатаев
Адамдар арасындағы реніштің тууына не себеп болады?
Адам адамға тек қуаныш сыйлауы керек деген пікірді түйіндеңдер.
Өкпелеп, ренжігенде өздеріңді қалай сезінесіңдер? Сол сәтте өздеріңе назар аударып көрдіңдер ме?
Басқаларға деген өкпе-назыңның себебіне үңіліп көрдіңбе?
Балалардың жауаптары тыңдалып, былайша қорытындыланады: адамдар арасындағы жағымды қарым-қатынасқа өкпе, реніш нұқсан келтіріп, өзара түсінбеушілік туғызады. Сол себепті өкпе, ренішке бой алдырмай, адамдарға түсіністікпен, ізгілікпен, құрметпен қарауға ұмтылу керек.
Айналаңдағыларға үнемі өкпе, реніш білдіріп, риза болмау- адамның өміріне, көңіл күйіне, денсаулығына кері әсер етеді.
3. Дәйексөз
Кешіре білген адам-күшті адам
Ахмет Йүгінеки
Мұғалім дәйексөзді ұл балаларға бір бөлек, қыз балаларға бір бөлек және барлығына бірге хормен қайталатады.
4. Әңгімелеу
Мұғалім әңгімені өзі айтып береді. Оқушылар әңгімені тыңдап, мәтін бойынша сұрақтарға жауап береді.
Шіріген картоп
Өсиет әңгіме
Баяғы өткен заманда бір кісінің балалары әркез бір-біріне өкпелеп, ренжіп жүреді екен. Ол өкпе, реніштерінің кесірінен араларында алаауыздық, түсініспеушілік туып, отбасынан береке –бірлік кетеді.
Олардың бұл келеңсіз әркетіне әке бір күні балаларын шақыртып алып, мынандай тапсырма береді:
-Айналайын балаларым, сендерге менің бір тілегім бар, соны орындаңдар. Дәл қазірден бастап, өздерің ренжіп, өкпелеп жүрген адамдарды естеріңе түсіріп, олардың аттарын жеке-жеке картоптарға жазып, ол картоптарды дорбаға салып, жатсаңдар да, тұрсаңдар да жандарыңнан тастамай алып жүріңдер.
Балалары әкесінің жұмбаққа ұқсас тілегін түсінбесе де, айтқанын орындайды. Балалардың бірінде бірнеше картоп болса, енді бірі қаптың біраз бөлігін толтырады.
Осылайша балалар картоп салынған дорбаны күн сайын жатса да, тұрса да арқалап жүреді.Алайда күн артынан күн өткен сайын картоп салынған дорбаны арқалап жүру ыңғайсыз болғанымен қоймай, дорбадағы картоп шіріп, жағымсыз иіс шығара бастайды. Айналадағы адамдарда оларға бір түрлі көзқараспен қарайтын болды. Енді балаларға ауыр сасыған жүкті арқалап жүру азап болады. Өзара ақылдасып, әкесіне келеді.
-Әке, мына тапсырмаңызды енді одан әрі орындай алмаймыз. Картоптың ауырлығымен қоса, күн өткен сайын жағымсыз иіс шығарып шіріп барады. Мұны енді көтеріп жүру мүмкін емес. Адамдар да бізге жиіркенішпен қарайтын болды. Әке сіздің бұл сынағыңыздың мәнін түсінбедік,- деді.
- Әкесі: Айналайын, құлындарым мен сендерге бұл тапсырманы берген себебім сендердің бір- біріңе айнала қоршаған ортаға өкпе- реніштерің осы картоп сияқты екенін түсіндіргім келіп еді. Өкпе-реніште осы жүк сияқты жан дүниемізге салмақ салады. Тек қана салмақ салып қоймай, оны бүлдіреді. Ал бүлінген, ластанған жан дүние айналасына жарық сәуле шашпайды, әр кез осы сасыған картоп сияқты болады, -дейді.
Сол күннен бастап қарияның балалары айнала қоршаған ортаға, бір-біріне деген өкпе- реніштің зиянын ұғынып, әр кез кешірімді болып, кешірімділіктің күшін түсініп, тату- тәтті ғұмыр кешіпті деседі.
Әкесі балаларына неліктен мұндай тапсырма береді?
Балалары тапсырманы қалай орындады?
Балалар әкесінің тапсырмасынан қандай сабақ алды?
Өздеріңнің басқаларға өкпелеп-ренжіген кездерің болды ма? Неліктен?
Кешірімділіктің пайдасы қандай?
5. Фильмінен үзінді көрсету.
« Менің атым Қожа» фильмінен үзінді көрсетіледі.
Қожаның әкесінің кешірімділігін мектеп күзетшісінің баяндап беруі туралы.
6. Шығармашылық жұмыс
Сыныпты топқа бөліп, әрбір топқа бір тұжырымды тапсырады. Оқушылар ол тұжырымды «себеп-мысал-қорытынды» әдісі бойынша талқылап, өз ой қорытындысын шығарады.
Ойлағаныңыз тек оң болсын,
өйткені ойлағандарыңыз – сөздеріңіз болады.
Сөздеріңіз тек оң болсын,
өйткені сөздеріңіз – әрекетіңіз болады.
Әрекетіңіз тек оң болсын,
өйткені әрекетіңіз – әдетіңіз болады.
Әдеттеріңіз тек оң болсын,
өйткені әдетіңіз – құндылығыңыз болады.
Құндылығыңыз тек оң болсын,
өйткені құндылығыңыз – тағдырыңыз болады.
6. Топпен ән айту.
Мейірімді болайықшы, ағайын
Сөзі: С. Қалидікі
Әні: Қ. Махандікі
Көктем етіп көркейтсе де маңайын,
Көріп жүрміз өкпешілдің талайын.
Өшігуді қояйықшы өзгеге,
Кешірімді болайықшы, ағайын.
Көк нөсерін көл етсе де жауынгер,
Көк пен жерді сел етсе де дауылдар.
Пейілдерді пенделікпен тарылтпай,
Мейірімді болайықшы, бауырлар!
Болашаққа қол ұстасып барайық,
Ақиқаттың ауылын іздеп барайық.
Кішірейіп кетпес ғазиз басымыз,
Кішіпейіл болайықшы, халайық!
Ел болғанмен емеспіз ғой онша көп,
Сонда дағы бөлінумен шаршап ек.
Өзімізге қалайтұғын нәрсені,
Тілейікші өзгеге де, болса деп!
7. Үй тапсырмасы:
Үйге оқулықтан келесі сабақтың мәтіні «Кешірімнің күші» атты әңгімені оқып келу және сұрақтарға жауап беру тапсырылады.
Сабақты қорытындылау:
Адам кешірімшіл болып, кешіре білуге үйренгенде өмір қуанышқа, жақсылыққа толы болады. Ондай адам өзімен-өзі, өзгелермен үйлемімділікте өмір сүреді.
Кешірімді болу – айналаңа деген мейірімді болудың, ақылдың, өзара түсінісудің көрінісі. Адамдар өзгелерді кешіруарқылы мейірімді бола түседі.
8. Соңғы тыныштық сәті:
Баяу музыка қосылады.
Көзімізді жұмып, тыныштықта бүгінгі сабақты есімізге түсірейік. Бүгінгі сабақта алған қасиеттерімізді жүрегімізге жеткізіп, сақтайық. Енді көздеріңізді ашсаңдар да болады