«Салтанат» бөбекжай-бақшасы» МКҚК
[pic]
1, 2 топтың ата-аналар жиналысында
«Сәлеметсіз бе-бұл мен! Келіңіз танысайық!» тренингі
Педагог-психолог: Калиева Г.Р.
Петропавл қаласы,
2016-2017 оқу жылы
Ең бірінші психолог бейімделу мәселесінің теориялық жағын қарастырып, қысқаша мәлімет берді.
Психолог: «Балабақшаға бірінші рет келген бүлдіршін үшін алғашқы ай бейімделу кезеңі болатыны сөзсіз. Бейімделу дегеніміз бала ағзасының жаңа немесе өзгерген жағдайға үйренуі. Кез келген балаға жаңа бөлменің, жаңа ойыншықтардың, жаңа адамдардың, жаңа өмір ережелерінің бір мезетте ұсынылуы эмоционалды және мәліметтік стресс болып келеді. Баланың балабақшаға бейімделу дәрежесін оның психикалық және физикалық денсаулығы анықтайды.
Жағымды бейімделу бес күннен бір айға дейін созылып, балада салмақтың түсуі, көңіл-күйдің және тәбеттің болмауы, ұйқының бұзылуы сияқты жағымсыз белгілер байқалмай, күн тәртібі сақталып, белсенді ойын, жақсы тамақтану, ұйықтау, құрбыларымен және ересектермен араласу орын алады. Егер бала аурушаң болса, жүйке-психикалық дамуы қалыс қалса (мысалы сөйлеу дамуының артта қалуы диагнозы), үй және балабақша тәртіптері арасында үлкен айырмашылық байқалса, отбасында жеткіліксіз эмоционалды қатынас жасалса, қолайсыз бейімделу өтеді. Мұндай жағымсыз психоэмоционалды жағдай үш айдан алты айға дейін созылып, бүлдіршін өзін жайсыз сезініп, жабырқаулы көңіл-күйде болып, топ балаларымен белсенді ойнамай, жылап, тәрбиеші сөзіне, балабақша ережелеріне бейжай қарауы мүмкін.
Баланың балабақшаға бейімделуінде маңызды орынды отбасы алады, себебі ата-анасына тым бағынышты, өзіне сенімсіз, ынжық, сылбыр балалардың жаңа ортаға тез бейімделіп кетуі екіталай. Ата-ана зейін көрсетіп, қолдау жасауға, уақытында баладан алшақтай алуға, жайсыздықта керек сөзді тауып уатуға, қажет болғанда талап қойып, оны орындатуға, шыдамдылық танытып, байсалдылық көрсетуге дайын болғаны жөн. Бұл үрдісте ата-ананың балаға балабақша, тәрбиеші, топтас балалары жайлы оң позиционалды баға беруі балабақшаға келу ықылас-тілегін жоғарлатпаса, төмендетпейді».
Келесі кезекте баланың балабақшаға бейімделуінде ата-ана нені басшылыққа алу керектігі жайында сөз етілмек және оның мәнін тренинг жаттығулары арқылы түсіндіруге тырысты.
«Бірлесе қозғалу» жаттығуы
- Барлық ата-аналарға доп беріледі. Ата-аналар алдарына доп қойып, бірлесе алға қарай жүрулері керек.
Талқылауға арналған сұрақтар:
«Өз қолыңмен жаса» жаттығуы
Ата-аналарға ақ қағаз таратылады. Ол қағаз дәл ортасынан ұзынша бүктеледі. Кейін ата-анаға баланы осы қағаздан қолмен жыртып көрсетуі ұсынылады. Кейін әр ата-ана өзінің қағазда бейнеленген баласын көрсетеді. Осы көрсетілім арқылы ата-анаға өз балаларын өзі мүсіндеп тәрбиелейтіні, өзінің жеке мысалы арқылы оның мінезін, өмір салтын қалыптастыратыны айтылады.
«Сабырлық, сабырлық, сабырлық» жаттығуы
Ата-аналарға ашуланған, баласына көңілі толмаған кезін есіне түсірілуі сұралынады. Осы кездегі әрекеттері сұралынып, өздерін ұстау бойынша әрекеттер айтылады (ішінен 10-ға дейін санау, қағазды жырту, умаждау, қасындағылармен құшақтасу, өз мәселесімен бөлісу, т.б.).
«Сыйлық» ойыны
Сіздердің қиялдарыңыз бен ойларыңызға ерік беріңіздер. Қазір бір-бірімізге ым-ишара арқылы сыйлықтар сыйлаймыз.
Психолог ата-анаға баласының бейімделуін жеңілдету үшін қандай қадамдар жасағаны дұрыс екенін айтты. Бұл төмендегі шарттар:
мекемемен (меңгерушімен, топ тәрбиешілерімен, дамыту және тәрбиелеу бағдарламасымен, үйге берілетін тапсырмалар мазмұнымен, күн тәртібімен, тамақтану мәзірімен, ойын алаңымен, т.б.) танысу;
тәрбиешілерге бала туралы толық мәлімет беріп, оның ерекшеліктерін айту, оларға сенім білдіріп, бірлесе әрекет ету, ата-аналар жиналысына қатысып отыру;
баламен әңгімелесу және ойнау (балабақшаны мақтау, яғни онда қызықты танымдық сабақтар болатынын, би билеп, ән салумен қатар суреттер салатынын айту, басқа балалар арасында ойнаумен, тәтті ботқалар жеумен қызықтыру, арнайы киімдер, кеңсе заттарын әперу арқылы қызығушылығын арттыру, балабақша жағдайын үйде ойнау, әсіресе балаға тәрбиешінің рөлін беру, т.б.);
балабақшаға түсудің алғашқы күндері баланы серуендеуге қатыстырып, екі-үш сағаттан қалдырып, ойнау әрекетіне тарту, үйренуін қадағалап отыру, күнде топта болған жағдайларды сұрастырып, айтылған жайттарды үйде қайталап, өрісін кеңейту, жағымды сәттерге баса назар аудару, таңертеңгі уақытта баланы балабақшаға әкелгенде қолға ұстамау, жетектеу, топқа жіберер алдында көп әңгімелеспеу;
бала үйде болғанда махаббат пен қамқорлыққа бөлеу (жылы сөйлеу, зейінді тыңдау, тактильді және көздік контакт жасау) және қауіпсіздікті қамтамасыз ету (міндетті түрде балабақшадан алып кететінін айту, белгіленген уақытта келіп отыру, балабақшаны жағымсыз бейнеде танытпау);
баланың қарым-қатынас аясын кеңейту, басқа адамдарға жағымды қатынас қалыптастыру, үй ауласында таза ауада жиі серуендеу, қолдау ретінде өзіне ұнаған ойыншықтарды әперу, сүйікті ойыншықтарын топта ойнауға беру, дәруменге толы әртүрлі тамақ дайындау, денсаулығын қадағалау;
демалыс күндері күн тәртібін сақтау, баланың тұру уақытын 30-40 минутқа ғана кешеуілдету, үйде дербестікті қолдау, өз бетінше әрекет етуге ынталандыру.
Психолог: «Балабақша – бүлдіршін үшін ұжымдық қарым-қатынастың бірінші тәжірибесі. Әр баланың мүмкіншілігі, қабілет-қарымы әртүрлі болуына қарай бейімделуі де түрліше өтеді, сондықтан алдымен баланың жағымды ішкі эмоционалды жағдайын қамтамасыз ету керек. Балаға жайлы және жақсы болғанда ғана ол ортаға тез үйреніседі, үйлесімді дамиды. Бүлдіршін ата-анасы сұрамай-ақ балабақшада жаттаған тақпағын көңілдене айтып берсе, күні бойы болған топ оқиғаларын өзі баяндаса – бұл оның бейімделгенінің бірінші белгісі. Ересектер баланың аталмыш жағымды эмоционалды жағдайын әрі қарай қолпаштап, оның тұлғасының қалыптасып, жан-жақты дамуына бар мүмкіндікті жасағаны абзал».
Психолог кездесуге уақыт бөліп, белсенді қатысқандары үшін ата-аналарға алғысын білдірді.