Сабақтың тақырыбы: Сән туралы түсінік.
Мақсаты:Оқушылардың киім туралы түсініктерін кеңейту,тұтынушылық талаптарды білуге үйрету.
Міндеттері:
Білімділік: Оқушыларды «сән», «стиль», «костюм» ұғымдарымен таныстыру.
Дамытушылық: Материалдарды есте сақтау қабілетін жетілдіру; оқушыларды талдау жасауға және киім стилінің ерекшеліктерін ажырата білуге үйрету.
Тәрбиелік: Оқушылардың эстетикалық талғамдарын қалыптастыру, өзара көмек көрсетуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Аралас.
Сабақтың әдістері:
Суретті-түсіндірмелі (әңгіме, дидактикалық материалдармен жұмыс, үлгілерді көрсету)
Репродуктивті (өз бетінше жұмыс)
Жартылай ізденісті
Көрнекілік және құрал-жабдықтар: Cуреттер, сән журналдары, оқулық, дәптер, қарындаш, қайшы, желім, флипчарт.
Сабақтың барысы:
І.Ұйымдастыру кезеңі.
Сәлемдесу.
Сабаққа дайындықтарын тексеру.
Сыныпты ою-өрнек бөлшектерін құрастыру арқылы төрт топқа бөлу. Ою-өрнек атауларын айту.
I-топ «Зооморфтық»
II-топ «Ғарыштық»
III-топ «Өсімдік тектес»
IV-топ«Геометриялық»
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру. Ұяшықтардағы ою түрлерін таңдап алып, сұрақтарға жауап беру.
Иық бұйымдарыне не жатады?
Көйлек қандай бөлшектерден тұрады?
Қолдануына қарай бұйымдар қандай түрге бөлінеді?
Өңдеу түрлеріне не жатады?
Ер және әйел киімдерінің конструкциялық ерекшеліктері қандай?
Қамзолдың қандай пайдалы қасиеттерін білесің?
Құрал-жабдықтардың техникалық қауіпсіздік ережелері?
ІІІ. Жаңа тақырып.
Қазіргі кезде кез келген адамның өз қалауынша сәнді киінуіне мүмкіндігі бар. Тіге білетін және осы іске қызыққан адам өзіне ыңғайлы және сәнді бұйым тігіп кие алады.
Киім өзінің бастамасын алғашқы қауымдағы шөптен жасалған белдік байламдардан, жануар терісінен денесіне жапқан жабулардан алады. Киімді суықтан, ыстықтан, жараланудан, сырып кетуден сақтап қалу үшін киді. Киім үшін тек тікелей табиғаттан алынатын, өңдеуді қажет етпейтін материалдарды ғана пайдаланған. Мұндай киім қарапайым болған және не жыныстық не әлеуметтік жағынан айырмашылығы болмаған. Тарихи кезеңдерге байланысты адам қауымдарға бөліне бастағаннан кейін, киімді түрлі жыныстық, әлеуметтік, мүліктік белгілері бойынша бөліп қарау туындады. Осыған орай, костюм өзінің жетілуінің ерте кезеңінен бастап адамның қоғамдық өмірінде болып жатқан барлық өзгерістерін көрсетеді.
- Қыздар сендерге сән, костюм, стиль туралы мағлұматтар жинап келуге тапсырма берілген болатын. Осы сөздердің мағынасын ашайық.(оқушылар сөзі)
Сән ( франц. Moda , лат. Modus – өлшем, әрекет тәсілі)-киім кию мәдениеті, өмірдің әр түрлі сферасында жеке талғамның уақытша үстемдік етуі.
Костюм ( франц. Costume – киім-кешек ) – белгілі бір ұлттың, дәуірдің, әр түрлі қоғамдық топтардың тұрақты киім үлгісі. Киім үлгілерінің пішіндерінің алмасуы қоғаммен бірге өзгеретін әр дәуірдің эстетикалық идеалын, көркемдік бейнесін көрсетеді.
Стиль ( лат. Stylus) – мәнер, сипат, ерекшелік. Сонымен қатар стиль сол дәуірдің мәдениетін, сұлулық туралы түсінігін, қоршаған ортаға қарым-қатынасын көрсететін тұрақты, анық, ерекшеленген дәуір тілі.
Киімде бірнеше: классикалық, спорттық, романтикалық және фольклорлық стильдер болады.
Классикалық стиль – келісті, іскерлі, элеганттты (өзгермейтін стиль) салыстырмалы түрде тұрақты, сән әлеміндегі өзгерістерге онша беріле бермейтін киім түрлері кіреді.
Оның негізгі белгілері – форманың тұрақтылығы, адамды іскер, ұстамды етіп көрсету, мінсіздігі, қолайлылығы, беріктігі.
Ерлердің классикалық киімдеріне – костюм шалбар немесе тек шалбардың өзі, жакет-костюм, ағылшын пальтосы, плащ, ал әйелдердің классикалық киіміне – жеңді көйлек жакетімен, белдемше, блузка немесе жакет, шалбар мен жакет-жейде кіреді. Қазіргі кезде классикалық киімдер аясы ерлер үшін де, әйелдер үшін де трикотаж күртешелердің ештеңеге міндеттемейтін еркін түрлерінің енуіне байланысты біршама кеңеюде. Әйелдер киімінің құрамына ерлер пиджагі, жейдесі, шалбары түпкілікті енді.
Классикалық стиль:
Қимылға кедергі келтірмейді, ыңғайлы;
Нәзік реңкті немесе ұсақ суретті жоғары сапалы мата;
Түстері қатты ашық емес және нәзік;
Аксесуарлары мен әшекейлері ұстамды;
Орташа өкшелі немесе өкшесіз жайпақ аяқ-киімдер.
Спорттық стиль – демалыста, спортпен айналысқанда, саяхатқа шыққанда киюге ыңғайлы киімдер. Жалпы спорттық стильдегі киімдерде адам өзін еркін және ыңғайлы сезінеді.
Романтикалық стиль – әдемілік, ерекшелік, сүйкімділік немесе нәзіктікті әдеттегіден тыс бөліп көрсетеді. Романтикалық стильдің ерекшелігі – қатпарлар, желбіреушелер, шілтерлер, банттар жиынтығынан тұрады.
Фольклорлық стиль (этникалық стиль) – ұлттық сипаттағы осы заманғы киімдер. Бұл стильде ұлтық ою-өрнектер, кестелер, қол жұмысының көптеген элементтері кеңінен пайдаланылады.
Қазақстанның қазіргі сәнгерлері (модельер) ұлттық киімдердің дәстүрлерін сақтап дамытуда. Көненің құндылықтарын біздің заманымызға жеткізуге тырысады.
Қазіргі заман өзінің тұрмыстық киім стилі, өзінің таза көрінісін сирек қолданады. Көбінесе стильдердің араласуы кездесіп отырады. Бұл құбылыс эклектика деп аталады.
Қазіргі сәнді демократияшыл десе де болады. Ол таңдау идеясы мен еркіндігінің көптігімен, яғни әр түрлі стильдермен, пішіндермен, үлгілермен, сондай-ақ әр түрлі көлемдерімен және алуан түстің гаммалығымен ерекшеленеді.
Костюм-өнер туындысы. Ол адамзат мәдениетінің даму кезеңдерін көрсетеді.
Костюмді композициялауда түс үлкен рөл атқарады. Түсті дұрыс таңдау киім моделін жасауда көп көмегін тигізеді.
Қазіргі заман жеткіншектерінің киім үлгілері, көңіл-күйді көтеріңкі етіп көрсететін қанық түстермен және спорттық, фольклорлық еркін стильде болуымен сипатталады.
ІV. Сарамандық жұмыс. Постермен жұмыс. Оқушылар стиль түрлерін таңдау арқылы төрт топқа бөлінеді.
1-топ: Романтикалық стиль.
2-топ: Классикалық стиль.
3-топ: Спорттық стиль.
4-топ: Фольклорлық стиль.
Сән үлгілерін постерге жабыстыру, көрсету, сипаттау.
V. Ағымдағы нұсқаулық
VІ. Материалды бекіту
«Сән», «стиль», «костюм» ұғымдарына анықтама беру.
Классикалық стиль дегеніміз не?
Спорттық стиль дегеніміз не?
Романтикалық стиль дегеніміз не?
VІІ. Соңғы нұсқаулық
-Сабақты қорытындылау. Кері байланыс парағын толтыру. Не білдім? Нені білгім келеді?
-Баға қою.
VІІІ. Үйге: «Сән», «стиль», «костюм» туралы түсінік. Сән үлгілерін салу.
ІХ. Жұмыс орнын реттеу.