Сабақ жоспар Токарь станогында ағаш ою технологиясы. (6 сынып)

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Сабақтың тақырыбы: Токарь станогында ағаш ою технологиясы.

сынып: 6

Сабақтың мақсаты:

  • Сабақты игеруге, терең білім алуға үйрету;

  • Икемділігін дамыту, шеберлігін арттыру;

  • Еңбек сүйгіштікке, ұқыптылыққа, талғампаздыққа, әдептілікке тәрбиелеу;

Көрнекіліктер: плакаттар, технологиялық карта, шаблон, әдебиеттер, оқулықтар, т.б.

Пәнаралық байланыс: сурет, сызу, биология, тарих, математика.

Сабақтың түрі: аралас сабақ


Сабақтың барысы:

Ұйымдастыру кезеңі: оқушыларды түгендеу, жұмыс киімін кигізу.

Үй тапсырмасын тексеру: өтілген тақырыптарға сұрақ - жауап жүргізу арқылы тоқталу.

  1. Ағашты көркемдеп өңдеу дегеніміз не?

  2. Ағашты өңдеу дегеніміз не?

  3. Неліктен ерте заманда біздің ата-бабаларымыз күнделікті өмірде, тұрмыста ағаш бұйымдарын, заттарын көп пайдаланған?

  4. Көне ұлттық ас үй бұйымдарын атаңдар.

  5. Ағаштан жасалған ұлттық көне үй жиһаздарын атаңдар.

Жаңа сабақ:

- Балалар, бүгінгі сабағымызда ағаш жоңумен айналысамыз, яғни токарь станогында цилиндр тәріздес ойылып, өңделген бұйым жасаймыз. Ағаш жоңу токарь станогында жұмыс істеу ретімен, әдіс-тәсілдермен, жасалу жолдарымен технологиялық картаға қарап жұмыс істеп үйренеміз.

Біріншіден, біз ағаш материалын даярлап аламыз. Ағаш материалының өлшемдері: ені 50х50 мм. ұзындығы 400 мм етіп екі жағын 90º та тік бұрыш жасайтындай кесіп аламыз. Шаршының диагональдары қиылысқан жері кесу орталығы болып табылады және біз сол жерді қарындаштың көмегімен сызып белгілеп, қоларамен тереңдігі 4-5 мм ойып кесіледі. Патронға бекіген үш тісті айырдың ортаңғы айыры дайындаманың тура ортаңғы нүктесінде тығылып тұруы керек. Дайындаманың екінші жағын, яғни артқы тетік еніп қысып тұратын жағын алдыңғыдай ретпен сызамыз, диагональдары қиылысқан жері - тесу нүктесі болып табылады. Табылған нүктені белгілеп, арнайы тескіш құралмен тереңдігі 7-10 мм тесеміз.

Дайындама ағаштың қырларын қол сүргімен сүргілеп, цилиндр тәріздес қылып дайындаймыз. Жұмысқа кіріспес бұрын станокты толық тексеріп аламыз. Ағаш оятын, жонатын қашауларды өткірлеп, жұмысқа даярлап аламыз. Арнайы жұмыс киімдері жинақы да ыңғайлы болуы керек. Дайындаманы алдыңғы тетік пен артқы тетік аралығында мөлшерлеп қойып, артқы тетікті негізгі станок тірегіне болт, гайка көмегімен арнайы кілттер арқылы бекітеміз. Содан кейін артқы тетіктің үстінгі, дайындаманы қысып тұратын үшкір басты бұрандасының штурвалын айналдыра бұрау арқылы екі тетік ортасына дәлдікпен дайындаманы қысып бекітеміз.

Дайындалған ағаш материалдың осіне саптама тұтқалы тіректің қапсырма темірі параллель орналасуы тиіс. Ол орталықтар сызығынан жоғарырақ, цилиндрдің үстіңгі бетінен 3-4 мм қашықтықта орналасады. Дайындалған ағаш материалын қолмен айналдырып, айналысқа түскен кезде оның саптама тұтқалы тіректің қапсырма теміріне тимейтініне кәміл сену керек. Осыдан кейін шпиндельді қажетті жылдамдықпен айналатындай жағдайға келтіріп, жұмысты атқаруға кірісеміз.

Оң қолымызға жартылай дөңгелек қашауды ұстап, сол қолымызбен қашауды тығырыққа тірей сол қолымызбен басып. Қашауды баяу және біркелкі қозғалыс арқылы саптама тұтқалы тіректің қапсырма темірі бойымен ілгері жылжытып, айналысқа түскен ағаш материалға тиетіндей етеді. Бөлшектің үстіңгі қабатын қажетті диаметрге дейін оның қысқа бөлігінде ғана өңдейді. Содан соң бұл өзге бөліктерді өңдеуге көзбен шамалап жүргізе беруге бағыт береді. Қарадүрсін өңдеу процесі кезінде цилиндрдің диаметрін оқтын-оқтын бақылап отыру қажет: өңдеуді 4-5мм болған кезде бітіруге болады.

Әдемілеп өңдеу кезінде қиғаш жүзді қашауды жартылай дөңгелек қашау сияқты ұстау керек; оның жүзі жонып өңделетін цилиндрге 45º бұрыш жасау керек. Цилиндр тәріздес дайындамаға оюлап, бірнеше жерден ойық сызықтар салған кезде, қиғаш жүзді қашауды керегінше градус мөлшермен бір жағын кесіп, ойып алғаннан кейін екінші жағын да тура сондай мөлшермен ойып кескен дұрыс. Әдемілеп ойып болған соң, арнайы зімпара қағаздармен ажарлап, майдалап тегістейміз. Дайындаманың екі жағы шетінен 3-4 см өлшеп алып қиғаш жүзді қашаумен әдеттегідей кесеміз, алайда толық кесіп тастамаймыз, 15 мм қалтырамыз. Станокты тоқтатып болғаннан соң, тетікпен цилиндр тәріздес бұйымды босатып алып екі жағындағы кесінді қалдықты арамен кесіп аламыз. Жұмысты толық аяқтап шығамыз.

Пысықтау сұрақтары:

  1. Бұйым жасауға қандай ағаштарды қолданамыз?

  2. Станокта неше адам жұмыс істеуге болады?

  3. Егер де топтық жұмыс болған жағдайда қалай жұмыс жасаймыз?

  4. Жонылатын, ойылатын ағаш қандай жағдайда болуы керек?

  5. Жұмыс істеп тұрған станоктан қанша метр арақашықтықта тұру керек?

Сарамандық жұмыс: Қауіпсіздік ережесін еске түсіру, ескертулер, қолданылатын құралдардың дұрыстығын тексеру.

Бағалау: Орындаған тапсырманы тексеру, салыстыру, қателіктерін ескерту, дұрыстау, т.б

Сабақты аяқтау: құрал-саймандарды тазартып жинау, жұмыс орнын ретке келтіру, жұмыс киімін шешу.

Үйге тапсырма: §7 84-86 бет оқу,материал әкелу.