Классный час на тему Невада-Семей

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Тәрбие сағатының тақырыбы: Ядролық қарусыз болашаққа!

Тәрбие сағатының мақсаты: Семей полигонының жабылуының 25жылдығы, Семей ядролық сынақ полигоны және оның халық денсаулығына тигізген әсері, Семей ядролық полигонындағы сынақтардың адамдарға, қоршаған ортаға әсері туралы түсінік ала отырып пікір алмасып ойларын ортаға салу.

Тәрбие сағатының көрнекілігі: Презентациялық слайдтар, ұлағатты сөздер, стикер, маркер т.б.

Тәрбие сағатының түрі: ашық тәрбие сағаты

Тәрбие сағатының барысы: (ашылуы) Бейнетаспа «Семей туралы ән»

Кіріспе сөз:

Мұғалім: Құрметті қонақтар мен ұстаздар! Бүгінгі 8 «А» сынып оқушыларының «Ядролық қарусыз болашаққа!» атты тақырыбындағы тәрбие сағатына қош келдіңіздер!

Биыл Семей атом сынақ қозғалысының жабылуына 25 жыл. Тәрбие сағатының мақсаты оқушыларға Семей ядролық полигонында 40жыл бойы жүргізілген сынақтардың адамдарға, қоршаған ортаға әсері туралы мағлұмат беріп, оқушылардың ойымен бөлісу.

Келесі кезекте бейнетаспаға назар аударайық.

1 Бейнетаспа: 25 жылдығын хабарлау


І-жүргізуші: Асұлан

КСРО заманында Қазақстан аумағында  [link]  ядролық полигоны ашылды. Бастапқысынды адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Кейін сынақты жер астына жасай бастады. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті.

ІІ-жүргізуші: Аружан

1949 жылғы 29 тамызда тұп-тура таңғы сағат жетіде көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп кенеттен Жер денесіне қадалып, оны шарпып өтіп, аспанға көтерілген. Отты шардан соң, сұрапыл қуат пен көз қарастырар сәуле бас айналдырып жібергендей бір сәтте жер қабығының ыстық күлі мен иісі көкке көтерілген. Жер лыпасының өрттең иісі қолқа атар түтіннің ащы иісін қолдан жасалған жел әп-сәтте жан жаққа таратты.

Таяу жерлердегі сирек ауылдарда тұратын адамдар дір ете түскен жер мен жарты аспанды алып кеткен от-жалынға таңырқап, үйлерінен қарап тұрған.

Жалғыз түп шөп қалмаған, түтігіп қарайып кеткен даланың тұл жамылғысы. Жан-тәсілім алдында жанталасқан тышқандардың, қарсақтардың кесірткелердің өлі денесі табылған.

І-жүргізуші: Асұлан

Қазақстанның тарихын еске түсірейік.

1- тарихшы: Аружан. Атом сынақ полигонын салу, онда жарылыстар жасап, қаруды жетілдіру жұмыстарының сол кездегі Кеңес Одағының мемлекеттік мүдделерінен туындағаны рас болатын. Алайда оны қазақ жеріне, халқы недәуір тығыз орналасқан өңірге салуға болмайтын еді. Қырық жылдан астам уақыт ішінде Семей атом полигонында 456 жарылыс болды. 1963ж. дейін атом бомбалары жер бетінде ашық ауада сыналды. Атом полигоны бұрынғы Семей облысының және Қарағанды, Павлодар облыстарының іргелес жатқан аудандары тұрғындарының денсаулығына үлкен зиян келтірді. Бұл өңірде қатерлі ісік, қан ауруларымен сырқаттану жиіледі. Бұрын қазақ арасында болып көрмеген сұмдық сырқаттар көбейді. Халықтың генетикалық қорына үлкен қауіп төнді.

2 –тарихшы - Жанна. 1949ж. бұрынғы Кеңестер Одағының басшылары Шыңғыс тауының солтүстік – батыс бөктеріндегі Дегелең жотасының түбіне атом бомбасын сынау полигонын орналастыру туралы шешім қабылдады. Әскери – өнеркәсіптік кешеннің басшылары жергілікті халықтың мүдделерімен санаспай, сынақ өткізетін аумақты кеңейте берді. КСРО Қорғаныс министрлігі 1954ж. Абыралы ауданы аумағын полигонға босатып беруді талап етті. Ондаған елді мекендердің тұрғындарын басқа жаққа көшіруге бұйрық берілді. Тұрғындарға енді бұл жерлерге ешқашан қайтып оралмайтыны ескертілді. Алғашында бұқара бұған наразылық білдіргенмен кейіннен лажсыздан көнді. Ошақтағы оттарын сөндіріп, ата-мекендерін тастауға тура келді. Адамдар бір – бірімен, туып өскен жерімен, суымен қоштасты. Құрбандық шалып, ата – бабаларының бейіттерімен қоштасты.


Әуен ойналады

Көрініс. (Айжан апа - Алтынай, Қазыбек немересі - Ерасыл )

Автор: Айжан апа немересі Қазыбекті ертіп ауыл шетіндегі молалы төбеге келді.

Саман кірпіштен қаланған төрт құлақты бейіттің қабырғасына сүйеніп тұрып, ол ауыр күрсінді.

Айжан апа: - О, құдай, не жазып едім?! Көрсетерің көп екен ғой әлі.

Автор: Әжей іштей күбірлеп ұзақ отырды. Қазыбек оның не деп отырғанын естіген де, түсінген де жоқ. Енді бірде әжесі екі алақанын жайып, дауысын қаттырақ шығарып, құдайға жалбарынған тілектерін айтып бет сипады.

Айжан апа: - Ұлым, ұмытып қалып жүрме. Белгілеп, есіне сақтап ал. Мына жатқан сенің атаң Нысанбайдың қабірі. Ана жерде ұлы бабаң Жанау батыр жатыр. Атаң өлгенде сен не бар – жоғы екі – ақ жаста болатынсың. Марқұм қайсар адам еді. Өмірінің жартысы большевиктердің абақтысында өтсе де, жауға жүнін қомпайтып, мойынсынбай өмірден өтті. Сенің қандай адам боларыңды кім білсін?...

Қазыбек немересі: - Мен де Жанай атамдай батыр боламын.

Айжан апа: - Е, құлыным – ай! Батырлардың заманы өткелі қашшан. Енді қайтып оралмайсыңдар, ата жұрттан мәңгіге қуып жатқан өкіметке қай батыр не істей алады.

Автор: Кемпір бейітті құшақтап, ұзақ жылады. Осы кезде өзге молаларға да ауылдан қаптап адамдар келе бастады. Әркім өз аруақтары жатқан бейіттермен қоштасуда. Бейіт басы күңіреніп кетті.


Хор: 8 сынып оқушылары.

«Заман – ай» әні (өлеңі – Ұ. Есдәулетовтікі, әні – П. Мұхамеджановтікі).


ІІ-жүргізуші: Аружан

1949 жылдан 1963 жылға дейін жер бетінде жасалған сынақтардың зардабы өте ауыр болды.. Бұл аймақтағы аурулардың есеп-қисабы 1990 жылға дейін мұқият жасырылып келді. Облыста онкологиялық, жүрек-қан тамыр, жүйке және психикалық аурулар саны күрт өсті. Азап шегіп, өлім құшқан адамдар қаншама. Отбасыларында кемтар балалар көбейді. Бұның өзі қазақ ұлтының келешегіне төнген зор қауіп болатын 1980 жылдардың аяғына қарай халықтың төзімі таусылып, шегіне жеткен еді.

Олай болса, келесі кезекті экрандағы бейнетаспаға назар аударайық.


2 Бейнетаспа: 1949жылғы жарылыс.

І-жүргізуші: Асұлан

Сөз «Табиғат жанашырларына » беріледі.

Монтаж:

1-оқушы: Ақнұр

Ей адамдар,

Күн мен гүлден жаралған

Тіршілік иесі-

Жер анаға қараңдар!

Зор қайғыдан күрсінгенде

«Аһ» ұрады дүние.

Жаратылыс заңдылығы бұзылса,

Сонда болар кім ие?

2-оқушы: Аружан

Уланса ауа

Уланамыз бәріміз.

Уланса су

Уланатын тағы біз.

Уланса жер

Уланады өсімдік.

Уланса мал

У тарайды бізге де.

Улы затпен күреспейміз біз неге?

3-оқушы: Өмірзақ

Аз ба мынау жер бетінің жарасы,

Семей менен Сарыөзекке қарашы.

Мұңын шағып,шерлі үнменен уілдеп,

Ыңырсиды қазағымның даласы.

4-оқушы: Алтынай

Адамдардың табиғатсыз күні жоқ,

Мұны айтуға табиғаттың тілі жоқ.

Табиғаттың тарылтпайық мөлдір,кәусәр тынысын,

Пәк табиғат жүрегімнің тамылжыған жырысың.

Ей адамдар,қалай ғана қатыгездік жасайсың,

Ол анаң ғой,ал сен кенже ұлысың.

І-жүргізуші: Асұлан

Семей полигоны – әлемдегі ең ірі полигонның бірі. Ондағы атом жарылыстарын тоқтату арқылы қоршаған ортаның радиациялық тозаңмен ластануына шек қою – мәселенің бір жағы ғана. Әлемдегі ірі сынақ полигондарының жойылуы –дүниежүзілік атом соғысының болдырмаудың да ең қажетті алғы шарты болар еді.

Сонымен қоса, полигонды жаптырған күннің өзінде, осымен іс біте қоймады. Өйткені жарылыстан зардап шеккен халықтың денсаулығын қалпына келтіру үшін жүргізілетін жұмыстардың өзі ұшан-теңіз және ол көптеген жылдарға созылады.

Осы жағдайларды ескере отырып, жаңа қоғамдық бірлестік құру қажеттігі айтылады. Оның аты «Невада - Семей» болсын деп ұсыныс жасалды.

Невада – Америка Құрама Штаттарының бір әкімшілік бірлігінің аты. Онда АҚШ - тық атом полигоны орналасқан. Қоғамның аты «Невада - Семей» қойылуы оның жұмысының дүниежүзілік мәнін, түбінде Кеңестер Одағының ғана емес, АҚШ - тың да (өзге елдердің де) полигондарын жабу мақсатын көздегенін көрсетеді.


3 Бейнетаспа: (дыбыссыз) Митингінің өтілуі

ІІ-жүргізуші: Аружан

1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын жабу үшін күресті бастауға ұйғарған «Невада - Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Оны басқарған – белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов.Халықтың бастамасымен тұңғыш рет КСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу – мораторий жасау туралы шешім шығарды. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарған күні – 1991 жылдың 28 тамызы. Сөйтіп, тиянақтылық пен елімталдық көрсеткен қазақ халқы өз мақсатына жетті: ең үлкен полигон жабылып, атом қаруынан бас тарту әрекеті жасала бастады. 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылды


Монтаж: Айсұлу, Аружан

1-оқушы: Айсұлу.

Артымда менің жоғалып кеткен заманым бар,

Заманмен күйіп, өлімге түскен адам бар.

Жырлайды жүрек, жылайды менің жанарым,

Жырланып жатқан жылдарымның мынау атынан.

 

Ғасыр да кетті, Семей де кетті көп есем,

Зияны оның ұшан теңіз көп десем,

Жылады дала, құлады қала

Қиратып ойын дананың

Қазақтың дархан, ойыменен сөйлесем.

 

Сын сағат менің, сыңғырлап жатыр санамда,

Дүр сілкінді оған да- мынау ғаламда

Алдымда менің ашыла жатқан ғылым бар,

Сондықтан оған дірілдеп жатыр қалам да.


Мұғалім: Бүгінгі тәрбие сағатымызда қаншама құнды пікірлер, еліміздің, жеріміздің, халық тағдыры, денсаулығы, табиғат құбылыстары, қоршаған ортаның зардап шегуі, ластануы т.б. көптеген мағлұматтар айтылды.


Қазір 3 топтың оқушылары берілген тақырып бойынша жұмыс жасап, постер арқылы бүгінгі тәрбие сағатымызды қорытындылайды.

(Постермен жұмыс)

Бейнетаспа: «Туған қалам- Семейім»

І-топ: «Семей ядролық полигонындағы сынақтардың адамдарға, қоршаған ортаға әсері»

Топ мүшелері: С.Аружан, Аружан, Жанна, Ерасыл, Өмірзақ.

ІІ-топ: «Ел тағдыры - жастар қолында»

Топ мүшелері: Асұлан, Досбол, Нұрдәулет, Ақнұр, Алтынай

ІІІ-топ: «Ядролық қарусыз болашаққа!» тәрбие сағатына кері байланыс.

1. Не білдім? 2. Не білгім келеді?

Топ мүшелері: Айсұлу, М.Аружан, Аружан, Диас, Айдын


Қорытынды сөз:

Мұғалім: Постер жұмысын (Семей атом сынағын ) қорытындылау.

Болашақ тарих беттерінде ядролық қаруға қарсы шыққан ағаларымыздың да есімдері алтын әріптермен жазылатынына сеніміміз мол. Болашаққа жол ашқан ағаларымыздың алдында біздер бас иетін боламыз.

Құрметті оқушылар! «Ел тағдыры-жастар қолында» деп бекер

айтпаған. Қазақстанның өркендеуіне, өсуіне, дамуына өз үлестеріңді қосып, еліміздің экономикалық және әлеуметтік жағдайларын жақсартуға, еліміздің тыныштығын сақтап, өз елін құрмет тұтатын саналы да тәрбиелі азамат болуларына сеніміміз мол.


І-жүргізуші: Құрметті қонақтар мен ұстаздар!

Бүгінгі 8 «А» сыныбының «Ядролық қарусыз болашаққа!» атты тәрбие сағатын тамашалағандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз.


Жүргізушілер: Қош сау болыңыздар!

267 орта мектеп












ТАҚЫРЫБЫ:





8 «А»сынып жетекшісі: Идирисова К.Б.

























2015-2016оқу жылы