«Өнерлі қыз, өнегелі жеңге» жеңгелер мен арулар сайысы
1-жүргізуші: Қайырлы күн халайық, өнер сүйген,
Көрермендер көңілге көп ой түйген.
Құттықтаймыз арулар, аналарды,
Сый тартайық әсем ән, тәтті күймен.
2-жүргізуші: Жыр арнайық оларға жігері ассын,
Гүл арнайық көңілі шалқып тассын.
Сыр арнайық жүректі жарып шыққан,
Нұр арнайық қуатын беріп жастың.
1-жүргізуші: Құрметті ұстаздар, аналар, қыз-келіншектер және көрермендер! Сіздерді алда келе жатқан 8-наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздердің отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, бастарыңызға бақыт тілейміз.
2-жүргізуші: Бүгін мерекеге орай мектебімізде өткізілгелі отырған қыз балалар мен олардың жеңгелеріне арналған «Өнерлі қыз, өнегелі жеңге» атты сайысқа қош келдіңіздер. Бұл сайыста қыздар мен жеңгелер өз өнері, білімі, тапқырлығы және шеберліктерін көрсетіп сынға түскелі отыр.
1-жүргізуші: Ендеше сайысымызға қатысушы сайыскерлерді ортаға шақырайық.
1. 5а Мариям жеңгесімен
2. 5ә Нұрсезім анасымен
3. 6 Жансая жеңгесімен
4. 7 Арайлым жеңгесімен
5. 9 Ақбота жеңгесімен
Алдымен сайыскер ару, жеңгелеріміздің ішінен білімі мен білігі, бағы мен бабы қатар жанған жандарды дәл анықтап беретін әділ-қазы алқасымен таныстырып алайық:
1. Бергалиева Шынар Маратқызы – оқу ісі жөніндегі орынбасары
2. Мендыбаева Рабиға Зайтунқызы Жаратылыстану бірлестік жетекшісі
3. Еслямова Айжан Бақтыгалиевна – Сынып жетекшілер бірлестігі
2-жүргізуші: Ендеше көрермендерге сайыстың шарттарымен таныстырып өтейік. Сайыс 5 бөлімнен тұрады.
1. «Сәлем – сөздің атасы» (өз тобын таныстыру)
2. «Сен салт – дәстүрді білесің бе?» (сұрақ-жауап)
3. «Шебердің қолы алтын» (ою өрнек)
4. «Өнерлі өрге жүзер» (өз өнерлерін көрсету)
5. Сұлулық сыры (шаш үлгісі)
1-жүргізуші: Сәлемдесу атадан қалған салтымыз,
Осы салтты ұстанады халқымыз.
Сайыскерлер өнерді сал ендеше,
Амандасып көріңіздер өзгеше, - дей келе сайысымыздың алғашқы шарты «Сәлем – сөздің атасы» бөлімінекезек береміз.
1-жүргізуші: Құрметті қазылар алқасы өз бағаларыңызды берсеңіздер.
2-жүргізуші: Көзінің оттарын ұғындырып,
Көрсетер көп іздеген мығым қылық.
Келесі бұл сайыстың жоспарында,
Түседі бәсекеге білімділік.
Сайыстың екінші бөлімі «Салт –дәстүр – асыл қазынам» деп аталады. Екінші шарт бойынша сіздер кеспе қағазда жасырылған ата салтымызға байланысты сұрақтарға жауап берулеріңіз керек.
Қазақ халқы салт дәстүрге өте бай ел. Бұл оның мәдениетті, әрі тәрбиелі ел екендігінің айғағы. Белгілі қоғам қайраткері, заңгер Нағашыбай Шайкенов «Ұлт дәстүрі – заңнан да биік», - деген. Демек салт дәстүрлі ел – мықты әрі тұғыры биік ел. Біздің халқымыз өз ұрпақтарына ғасырдан ғасырға ұлт қасиетін салт дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, үлгілі жөн-жосықпен, әдепті ырым - тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл, инабатты қыз өсірген.
Халқыңа деген құрмет оның салт дәстүрін қастерлеумен бағаланады. Ал, дәстүр өмір сүру салты, ендеше арулар мен жеңгелерімізді бұл қырынан да сынап көрелік.
1-жүргізуші: Енді сайыскерлеріміздің бұл сында қаншалықты шымыр болғанын білсек, қазылар алқасы.
2-жүргізуші: Сайыстың үшінші бөліміне өтейік. «Шебердің – қолы алтын» дейді атам қазақ. Сөзге де шебер, іске де ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтардың бірі – оның қолөнері. Бұл бөлімнің шарты бойынша жеңгелер мен аруларымыз ою ояды. Күрделі әрі ұқыпты ойылған ою жоғары бағаланады.
Сайыскерлер ою ойып болғанша, алдарыңызда Муканова Маншук әнімен тамашалаңыздар.
2-жүргізуші: Қазақ халқы өнегелі бай ел екен,
Өнер деген мол қазына, кең екен.
Домбыра тартып, ән айтып жырламайтын
Өнерсіз қазақ кем де кем.
Шуақ төгіп мерейлі көңілдерге,
Ұйытқы болсын тыңдаған көрерменге.
Сынға түскен енді қазір сайыскерлер,
Өнерлерін көрсетеді сіздерге,-
Келесі 4 - бөлім «Өнерлі өрге жүзер» деп аталады. Бұл бөлімде сайыскерлер өз өнерлерін ортаға салып сынға түседі.
1-жүргізуші: Келесі бөлім «Сұлулық сыры» деп аталады. Бұл бөлім бойынша жеңгелер қыздарының немесе қыздар жеңгелерінің шаштарын сәндеп беруі керек.
Сайыскерлеріміз дайын болғанша, музыкалық сәлемдеме. 9 – сынып оқушысы Орынова Ақбота «Анашым» әнін қабыл алыңыздар.
1-жүргізуші: Сайыстың аты сайыс, мұнда біреу жеңеді, енді біреу жеңіледі. Жеңімпаздарымызды анықтау үшін сөз қазылар алқасына беріледі.
2-жүргізуші: Ән жырдан көңілдерді қуантыңдар,
Барымен шат-шадымен болыңыздар.
Қоштасайық, келесі кездескенше,
Әрдайым сау-саламат болыңыздар!
Осымен бүгінгі мерекеге орай өткізіліп отырған сайысымыз аяқталды. Келесі кездескенше!