Көркем әдебиет арқылы мектепке дейінгі жастағы балалардың тілін дамыту
Айжанова Ботагөз Жиенбайқызы
Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласы,
МКҚК «Күншуақ» балабақшасы»
«Халық ауыз әдебиетін білмейінше,
еңбекші халықтың нағыз
тарихын білу мүмкін емес»
Тілдің қоғамдық, тәрбиелік қызметі ерекше екені мәлім. Өйткені, тіл – адамдардың бір - бірімен пікір алысып, қарым - қатынас жасайтын құралы. Тіл мәдениетін меңгеру – адамның сәби шағынан іске асатын, келе - келе біртіндеп жетіліп отыратын нәрсе. Балабақшада бүлдіршіндерді ауыз әдебиеті үлгілерімен таныстырып, олардың рухани өмірін байыта түсу балабақша тәрбиешілерінің міндеті болып табылады.
Аз сөзбен көп мағына беретін мақал, мәтел, аңыз ертегілер, эпостық шығармалар ғасырлар бойы ауыздан ауызға жатталып, жинақтала келе бүгінгі ұрпақтың рухани азығына айналып отыр. Бала тілін ұстартуда бұл халық қазынасы – ауыз әдебиетінің орны ерекше.
Қазақ ауыз әдебиеті – талай ғасырдан келе жатқан мұра, сарқылмас бай асыл қазына. Одан халқымыздың өткенін білеміз, сол арқылы бүгінгі заманымыздың ұлылығын танимыз. Халық ауыз әдебиетінен халқымыздың батырлық, ерлік тарихын көреміз. Қазақ ауыз әдебиетінің негізгі түрлеріне мақал – мәтелдер мен жұмбақтар, санамақтар мен ертегілер, жаңылтпаштар жатады. Бұлардың бәрі Отанды сүюге, ерлікке, елін қорғауға тәрбиелейді. Халық ауыз әдебиетінен сусындаған баланын тілі ұшқыр, ойы зерек, алғыр, қиялын шарықтатып тіл байлығын молайтады. Ауыз әдебиетінің үлгілерімен таныстыру үшін, алдымен оқылатын материалдың көлемін, мазмұнын жас ерекшелігіне байланысты анықтап алу керек.
Қазақтың мақал-мәтелдері болсын, жұмбақ-жаңылтпаштары мен ертегілері болсын – бәрі де балаларды Отанын сүюге, ерлікке, елін қорғауға үндейтіні белгілі. «Сөздің көркі – мақал» деп халық бекер айтпаса керек. Балаларға арналған мақалдар білім алуға, оқуға шақыра отырып, олардың тілін ширатуды көздейді. Мысалы, «Отан- отбасынан басталады», «Өнер – бұлақ, білім- шырақ» т.б.сияқты мақал-мәтелдеріміз балаларға терең ой салып, көркем сөйлеуге жаттықтырып, сөздік қорын дамытса, жұмбақтар баланы байқағыштыққа, тапқырлыққа баулып, ой – қиялын ұштастыруға көп әсер етеді. Мысалы, Түнде күлімдейді,
Суда дірілдейді. (Ай)
Дымқылдап күнде сен
Қолыңа сүйкесең,
Кетіп кір-ласың
Тап- таза болсаың
Бұл не? ( Сабын)
Халықтық шығармалар ішінде баланы дұрыс та, айқын сөйлеуге үйрететін, тілін жаттықтыруға бейімдейтін жанр – жаңылтпаш. Балалар жаңылтпаш арқылы сөздерді дұрыс сөйлеуге, жеке дыбыстарды алмастырмай дұрыс айтуға үйренеді. Мысалы, «Гүлім гүлге қарап күлімдеді, Көгілдір гүлге қонған аралар гуілдеді», «Бала бал арасын қуалады, Бал арасы баланы қуалады» т.б.
«Ертегісіз өскен бала рухани мүгедек адам» -деп Б. Момышұлы ағамыз айтқандай қазақ фольклорындағы ертеден келе жатқан көне жанрлардың бірі - ертегілер. Ол ұрпақтан-ұрпаққа тараған мол мұра. Ертегінің мектеп жасына дейінгі балаға тигізер әсері мол. Ертегі баланы төзімділікке, шыдамдылыққа, тапқырлыққа, еңбекқорлыққа шақырып, мақтаншақтық пен сараңдықты табалайды. Әділеттілікті қолдап, сезімтал ұяң мейірімді жандарды алдау мен арбаудан қорғайды . Балалар жағымсыз кейіпкерлердің жаман әрекеттерінен бойларын аулақ ұстап, жақсылыққа құмартады.
Қазақ ертегілері мазмұнына байланысты 4 –ке бөлінеді:
Қиял- ғажайып ертегілер.
Хайуанаттар туралы ертегілер.
Тұрмыс- салт ертегілері
Шыншыл ертегілер.
Мектеп жасына дейінгі балаларға осы аталғандардың бастапқы екі түрі оқытылады. Оқу жұмысы балалардың жас ерекшелігіне орай жоспарланады. 3-4 жастағы сәбилер тобында ауызша әңгімелеп беру тәсілі қолданылады. 5-6 жастағы ересек балалар тобында оқығанды тыңдату мен әңгімелеп беру қатар жүргізіледі.
Мен балаларға ертегіні сабақта және сабақтан тыс уақыттарда да өткіземін. Сонымен қатар, күннің екінші жартысында айтылған ертегінің мазмұнын толық қабылдау және тіл байлықтарын арттыру мақсатымен түрлі көңіл көтеру ойындарын жүргіземін. Балаларға ертегілерді үсте л үсті театры, саусақ театры, мысалы, «Мақта қыз бен мысық» ертегісін сурет немесе слайд бойынша әңгімелеу арқылы, «Бауырсақ» ертегісін қуыршақ театры арқылы , «Мақтаншақ қоян», «Қоянның үйшігі» етегіліерін драматизациялау арқылы, «Жеті лақ пен қасқыр» ертегісін көлеңке театры арқылы, «Шалқан», «Үйшік» ертегілерін атрибуттармен сахналау тәсілдері арқылы үйретемін. Осы аталған ертегілерге практика жүзінде мен ертегі персонаждарының қуыршақтарын , костьмдерін, көрнекіліктерін жинақтадым. Әр ұйымдастырылған іс-әрекеттерді мен балаларға қызықты етіп өткізуге тырысамын.
Қорытындылай келе, бала тілін дамытуда, ой – өрісін кеңейтуде халық ауыз әдебиетін балабақшада пайдаланудың маңызы зор. Ауыз әдебиетімізде халқымыздың түсінік, пайымы, тәлім-тәрбиесі бар. Осыдан үлгі өнеге алып, ата-бабамыздың амфанаттап кеткен асыл қазынасын жоғалтпай, мына жаһандану заманында құндылығын арттыра берейік.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Ғылыми әдістемелік педагогтік журнал
«Отбасы және балабақша» №1. 2014 ж.
2. Ғылыми әдістемелік педагогтік журнал
«Отбасы және балабақша» №3. 2015 ж.
3. Ғаламтор сайттарынан алынған.