Тәрбие сағаты: Мен елімді сүйемін

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Батыс Қазақстан обл. Сырым ауданы. ЖББ Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің (І санатты ) бастауыш сынып мұғалімі Надирова Қараша Амангелдіқызы.

Ашық тәрбие сағаты


Тәрбие сағатының тақырыбы: «Мен елімді сүйемін»

Мақсаты: Оқушылардың «Отан», «туған ел» туралы түсініктерін кеңейту, өз елін, туған жерін сүюге, патриоттық сезімге тәрбиелеу, отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, рухани

адамгершілікке тәрбиелеу.

Көрнекілігі: еліміздің рәміздері, шарлар, интерактивті тақта, суреттер.


Өтілу барысы:

1. Ұйымдастыру

2. Кіріспе:

- Отан - әр адамның жүрегіне жылы тиер қасиетті сөз. Отан - сенің туған елің, туған жерің, дос - жарандарың, туған - туысқаның. Отан - бұл өзіңнің тұратын, өмір сүретін, қызмет ететін жерің. Осы үлкен Отанның ішінде әр адамның өзі туған, өзіне өте жақын ауылы, қаласы, көшесі бар. Әрбір адам үшін туған ел, туған жер әруақытта да қымбат. Өйткені, сен туған өлке, саған алтын бесік - атамекен болып саналады. Отан адам үшін біреу ғана. Отанды анаға теңейді. Себебі, Отан сендерді анаңдай қорғайды, көмектеседі, күш береді. Біз Отанымызды, елімізді сүйеміз. Туған ел, туған жерсіз адамның күні жоқ.

- Балалар, «Туған жерсіз адамның күні жоқ» - дегенді қалай түсінесіңдер?

- Туған ел, туған жер деген сөздер адамның жүрегіне жылы әсер етеді.

- Туған елін, өскен жерін сүю әр адамның парызы.

- Әр адам туып өскен жерін аялайды, қастерлейді, қорғайды, мақтан тұтады.

- Өйткені, Отан - алтын бесігіміз, ата - анамыз!

- Біздің Отанымыз қалай аталады?

- Астанамыз қай қала?

- Еліміз өз тәуелсіздігін қашан алды?

- Ендеше Отан, туған ел туралы жырлап, ән шырқайық.

1. Асыр салған таласып,

Біз - туған ел баласы.

Қандай байтақ Отаным,

Жан - жағыңа қарашы.

2. Жеңдіріп біз ашуды

Ақылға әркез келеміз

Азамат боп ержетіп

Ағаларға ереміз.

3. Отаным кең көсілген

Төсінде ырыс өсірген

Қаптаған мал, алып дән,

Бәрі менің несібем.

4. Жайнатар кең өлкені

Болашақтың ертеңі.

Біз - бақытты балдырған

Ата - ананың өркені.

Хор: Ән «Отан»

6.Отан - сенің ата - анаң

Отан - досың, бауырың.

Отан - өлкең, астанаң,

Отан - аудан, ауылың.

7. Отан - тарих, Отан - тіл,

Жасаған елің, ер халқың

Отан - өлең, Отан - жыр,

Көтерген көкке ел даңқын.

8. Отанды жас - кәріміз де,

Туған жер деп сүйеміз.

Өйткені онда бәріміз де,

Туып өмір сүреміз.

9.Қуат алған өзіңнен,

Туған елдің ұлымын.

Бақытты етіп өсірген,

Отанымның гүлімін.

-Туған ел, туған жер дегенде адамның бойын қандай сезімдер билейді?

Отан, туған жерге байланысты мақал – мәтелді жалғастырып айту:

Отансыз адам – (Ормансыз бұлбұл);

Отан – оттан да (ыстық);

Ел іші – (алтын бесік);

Отан – елдің анасы, ел – (ердің анасы);

Туған жерге (туың тік);

Туған жердей жер болмас, (туған елдей ел болмас);

1-оқушы: Қазақстан біздің сүйікті – Отанымыз. Көрсең көз тоймас асқар шыңды таулары, айдын шалқар көлдері, жайыла аққан өзендері, ормандары бар.

2-оқушы: «Отан – отбасынан басталады» — деп халқымыз айтқандай, Отан ең мағыналы, қасиетті ұғым. Әрбір адамның отбасы, тұрған мекені, өскен ортасы, аймағы, мемлекеті – оның жарық дүниедегі жансаясы, өмір өрісі, оттай жандырған Отаны. Отанымызды сүйіп, аялау, туған жеріміз оның тарихын білу біздің парызымыз.

3. Қорытындылау:

- Иә, балалар, елін, жерін сүйетін азамат болып шығу үшін қандай бала болуымыз керек?

Елге деген махаббат ананың сүтінен тарайды, елден жырақ жүргенде туған жер, елге деген сүйіспеншілікті сезінесің. Өз еліммізді сүймеу, тарихын құрметтемеу мүмкін емес. Сондықтан да елге деген құрмет, сүйіспеншілік нығая берсін. Еліміздің даңқы, жетістігі арта берсін! Тыныштығы бұзылмасын, халқы баянды бақытты, бейбіт өмір сүруін қалаймыз!

- Әрбір адам туғаннан - ақ, ел бесігінде тербеледі. Өйткені, ол сол жердің топырағында өсіп, суын ішіп, ауасымен тыныстайды, табиғатпен біте қайнасып, адам болып қалыптасады, сол ортадан тәрбие алады. Сол себепті, өз елінің, өз Отанының азаматы ретінде Отанына сүйіспеншілікпен қарайды. Әрбір адам үшін туған жерден ыстық, қадірлі, қымбат ештеңе жоқ. Болуы да мүмкін емес!