Тіл тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз 9-сынып

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


142 орта мектеп















Тіл тірегіміз,

соғып тұрған жүрегіміз



Сыныбы: 9

Сынып жетекшісі: Б. Көшербаев

















2016–2017 оқу жылы

Тақырыбы: «Тіл тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз»
Мақсаты: Оқушыларды туған халқының тілін қастерлейтін саналы да парасатты азамат етіп тәрбиелеу; оқушыларға мемлекеттік тілді білудің маңызы жайлы айту және оны құрметтеуге үйрету; оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырып, тілді құрметтеуге, тіл байлығын, маңызын түсіне білуге баулу; оқушыларды өлең оқып, ана тілі туралы ән айтуға баулу, тіл туралы мағлұматтармен бөлісу.
Типі: Дәстүрлі

Түрі: Аралас
Әдісі: баяндау, сұрақ-жауап, ой қозғау
Көрнекілігі: карточкамен жұмыс, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар жазылған карточкалар

Тәрбие сағатының барысы:
І. Ұйымдастыру бөлімі:

1-жүргізуші:Армысыздар, қымбатты қонақтар! Ұлағатты ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі мейрам – тілдер күні!  Қазақстан Республикасының халықтарының тілдер мерекесі күніне орай өздеріңізбен қауышып отырмыз. Олай болса, тәрбие сағатымызды бастайық! Мерекемен құттықтау үшін сөз мектебіміздің директор міндетін атқарушы Молдабаев Қанат Шаяхметұлына беріледі. 

2-жүргізуші: Тіл – қандай ұлтта, елде болмасын әрқашан қастерлі де құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл – әрбір елдің жаны.

1-жүргізуші: Осыдан тура 27 жыл бұрын – 1989 жылы 22 қыркүйек күні "Тіл туралы" заң қабылданған болатын. Бұл заңда Қазақ ССР-нің мемлекеттік тілі қазақ тілі, ал орыс тілі – ұлтаралық тіл деп бекітілген еді.


Мұғалім: Тіл дегеніміз – адаммен бірге пайда болып, қатар жасасып келе жатқан қоғамдық құбылыс. Бұдан біз тілдің адамнан айырылмас серігі екенін көреміз. Тіл арқылы адамдар бір-бірімен пікір алысып, өзара түсінісіп, оны қатынас құралы ретінде пайдаланып отырады. Әр адам өз ойын басқа біреуге тіл арқылы жеткізсе, біреудің ойын тіл арқылы түсінеді. Тіл халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін келбеті, болмысы деуге болады. Халықтың тарихта қалуы тіліне, тілінің сақталуына байланысты. Ана тілі – адам болып жаралғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп - өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Ана тілі жүректінің терең сырларын, халық тарихының барлық кезеңдерін, жанның барлық толқындарын ұрпақтан – ұрпаққа сақтап отыратын қазына. Қазақ тілі аса бай, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрымын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден май тамады десе де сыяр. Халықтың тіліне жырына құлақ салсаң, небір алуа – шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне... Осындай майса, сұлу тілді қалай өгейсітуге болады. Мағжан атамыздың: «Жан көріністерінің ең қымбаты – ой, ой тілі – сөз. Тіл адам жанының тілмашы. Тілі кем болса, адамның қор болғаны...» деген сөзі дәлел деуге болады.
Сол секілді, қазіргі таңда еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі болып бекітілді. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы Заңы» күшіне енді Болашағымызды баянды етер басты қаруымыз – тіліміз. «Адамға екі нәрсе тірек тегі, 
Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі», – деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай кез-келген мемлекеттің, елдің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тірегі де сол елдің ана тілі болмақ.Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Біздің Отанымыз – Қазақстан. Қазақстан Республикасының өз елтаңбасы, әнұраны, туы бар. Сонымен қатар өз тілі бар. Тіл – халық тарихы, тіл – ұлттық қазына, тіл – біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз.
Тіл мерекесіне байланысты бұл шарамыз тілдерді алға қарай дамытуға қосар азда болса өзіндік үлесіміз. Біз енді, туған еліміздің тілін ардақтап, сол тілде сауатты жазып, ойымызды жеткізе білсек нұр үстіне нұр емес пе?

2-жүргізуші:

«Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін» -, деп тіршіліктің тірегі болған қазақ тілі жайлы Әбділда Тәжібаев атамыз жырлағандай, әркімнің өз тіліне деген құрметі, өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрметпен бірдей.

Аружан: 
Қымбат маған ана тілім, бал тілім, 
Қымбат маған дана тілім, ар тілім, 
Ақ сүтімен бірге сіңген бойыма, 
Ана тілім – ардақ тұтар алтыным. 
Ана тілін жырлап өткен талайлар, 
Жырлап өткен Ыбырай мен Абайлар. 
Қасиетті менің ана тілімде, 
Өшпес мәңгі алаулаған арай бар. 
Өлен – жырмен арайланса, тау күліп, 
Ардақтымды жырлап өтем әң қалып. 
Жалғастырып жаза берем мәңгілік 

Бекзатхан
Ана тілім, жүрегісің анамның, 
Жүрек ана, мен өзіңнен жаралдым. 
Сағат сайын саулығыңды тілеймін, 
Сенсіз маған керегі жоқ ғаламның. 
Сенің арқаң қанып ішсем тұнықтан, 
Сенің арқаң дүниеден сыр ұқсам. 
Анашымды ұмытқаным емес пе? 
Ана тілім егер сені ұмытсам. 
Сенің әрбір тынышыңнан күн кешем, 
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем. 
Ел бетіне қалай тура қараймын, 
Ана тілім егер сені білмесем. 

Мұғалім: Балалар, тіл туралы біз не білеміз? Ойларымызды ортаға салайық.
Дана: Халық бар жерде тіл бар. Тіл бар жерде өнер бар. Өнер бар жерде жанкүйер бар. Әр халықтың ана тілі – оның бақыты, оның қуанышы.
Дархан: Туған тілің мақтан ету, оны таза сақтау, оның өрлеп, өсе түсуіне еңбек сіңіру - әрбір қазақ отбасының жүрегі.
Ерсұлтан: Халықтың қуаты – тілдің қуаты. Біз ана тілімізді ең айтқыш, ең білгір, ең бай тілдердің біріне айналдыруымыз керек.


Мұғалім: Балалар, тіл туралы қандай мақалдардың жалғасын жазыңдар.

1. Тіл тас жарады,
Тас жармаса, бас жарады.

2. Өнер алды қызыл тіл.
3. Тіл қылыштан өткір.
4. Басқа бәле тілден.
5. Шебердің қолы ортақ,
Шешеннің тілі ортақ..

1-жүргізуші: Әрбір тіл ұлы өзінше, 
Атадан қалған аманат. 
Құрметте оны, құрметте, 
Түсініп мәнін жамағат. 
Ана тілің біліп қой, 
Еркіндігің, теңдігің. 
Ана тілің біліп қой, 
Мақтанышың, елдігің. 
Ана тілің – арың бұл, 
Ұятың боп тұр бетте. 
Өзге тілдің бәрін біл, 
Өз тіліңді құрметте! 


Мұғалім: Мына жұмбақтардың жауабын табайық.
1. Жағалай-жағалай тас қойдым, 
Жирен атты бос қойдым. (тіс, тіл)
2. Отыз екісі диірмен тартып, 
Бір қапқа салады. (тіс, тіл)
3. Екі әскер соғысып жатыр, 
Ортасында бір елші. (тіс, тіл)
4. Әрі сүйексіз, 
Әрі тиексіз. (тіл)
5. Ақ тоғайдың ішінде
Кісінейді күрең тай. (тіл)


2-жүргізуші:  Тіл деген – алып мұхит түбі терең,

Піспегі толқын шашқан күбі ерен.

Қадірін тілдің сұра сақаулардан,

Көзіне жас алып бір күбірлеген.

Тіл деген – жарық жұлдыз аспандағы,

Арманның қиял жетпес баспалдағы.

Қадірін тілдің сұра мылқаулардан,

Көлінен ұшпай қалған қасқалдағы.

Тіл деген – адастырмас темірқазық,

Өрісі магнитінің өмірге азық.

Қадірін тілдің сұра кереңдерден,

Сөйлеуді арман еткен көңіл жазып.

1-жүргізуші: Кешіміздің тізгінін көсемсөз шеберлеріне берейік!

Сағыныш: «Қазақ тілі» Мағжан Жұмабаев

Күш кеміді, айбынды ту құлады;

Кеше батыр – бүгін қорқақ, бұғады.

Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,

Қан суынған, жүрек солғын соғады. 

Қыран құстың қос қанаты қырқылды,

Күндей күшті, күркіреген ел тынды.

Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ,

Батыр, хандар – асқан жандар ұмытылды!

Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың,

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың …

Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен – тілім,

Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.

Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!

2-жүргізуші: Қазақпын мен, қазақтың бөлшегімін,

Қажеті не басқаның өлшемінің?

Қазақ деген жалғыз ұлт мен боламын,

Енді міне жетеді көпке үнім.
2-жүргізуші: Мұзафар Әлімбай

Ана! – десем ана тілі ойға оралар. 
Баладай қуанарсың тойға барар. 
Тыңдасаң көне аңыздан көркем нақыл 
Олжам да қанжығама байлап алар. 
Тере білсек бір-бір ауыз қара өлең, 
Неше миллион інжу-маржан шамамен?! 
Қанша гүлден -қазақ тілі бақшасы, 
Қандай дана өлшер қандай бағамен?! 
Ерке тіл, еркелеткіш тілім кенім: 
Еркежан, айналайын, күнім менің, 
Ақ ботам, қоңыр қозым, алтын айым, 
Қанша рет жүрек толқып, сүйінгенің! 
Ана тілім ырысты ма, кұнды ма? 
Деп сұрамас, тегін білген сұңғыла. 
Туған тілде ас қайырған сайын да, 
Оқығандай серпіліп қал бір дұға. 
Шұлғытар орыс тілді Олжастарды, 
Жарқырат қазақ тілі алмастарын. 
Халқына олжа салған айта алады, 
Кім қосты сандығыңа мен қосқанды?! 
Жұпарлы қырда алуан гүлдер таптым, 
Өміршең өзіміздің тілден таптым. 
Тіл екен жемістісі, жұпарлысы, 
Аялап халық баққан гүл мен бақтың.


Бекзатхан: «Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы», Мұхтар Шаханов

Жаһандану рухсыздығы өз жеңісін тойлауда.
Содан қазір қаншама адам бейім былай ойлауға:
“Мен қай тілде еркін сөйлеп, оқи алам, жаза алам, 
Білім, жұмыс, нан таба алам, сол тіл – менің өз анам”
Бірақ қарсы тұжырым бар осы адасқан байламға:
Біз жалқыны мойындамай, ұға алмаймыз жалпыны.
Тіршілікте бір адамды шексіз сүю арқылы
Адамзатты тану әрі сүюге жол табасың.
Және әркім шын қадірлеу арқылы өз анасын, 
Ұғар оның сатылмайтын сезімінің бағасын.
Өз ұлтыңның тілін, салтын, парқын сүю арқылы
Күллі әлемдік биікке өрлеп, ардақтайсың жалпыны.
Сан түрлі тіл меңгереміз, айдындап ой қарқыны.
Ал ғаламдық ортақ тілсіз -
Бірлік – гүлсіз, сенім – нұрсыз, 
Бірақ ана тіліңе оның түспеу керек салқыны.
Бұл табиғи жолдан айну қырсық қаупін өсірер.
Тарихың тұр санаңа өткел тастап, 
Өз тіліңе ойлау, сөйлеу тоқталған сәттен бастап
Бүкіл баба рухымен
Ұлттық, гендік-ақпараттық байланысың кесілер.
Тағдырыңнан ата мұра шамын солай өшірер.
Өз тіліңді жерсінбеудің, 
Өз анаңды менсінбедің
Арсыздығы қай дәуірде болып еді тапқырлық?
Ол – рухани мүгедектік әрі ұлттық сатқындық?
Аз қайғы ма, талабыңды түсінігің алдаса?..
Мейлі он тіл, 
Тіпті жүз тіл меңгергенің далбаса
Өз ұлтыңның тілі менен рухы
Ой-санаңа іргетас боп қалмаса.


Мұғалім: Балалар, «сағат» ойынын ойнайық

Дархан: «Үйрен ана тіліңді», Оразақын Асқар

Өз тіліңсіз көрсең де өз күніңді,

Өз тіліңсіз болсаң да асқан білімді.

Өз халқыңа бола алмайсың азамат,

Білмей тұрып туған ана тіліңді.

Әлде қалай жоғалтса ана баласын,

Бала іздеп таппай ма өз анасын.

Өгей шеше секілді өзге тіл де өгей,

Өз тіліңмен ертерек тап жарасым.

Сенде айып жоқ, тілің де емес кінәлі,

Ешкімнің жоқ болса да оған күмәні.

Үйренбесең, өз тіліңді білмесең.

Жазықсыз-ақ жазғырып ел тұрады.

Қаның жаның, қазақы ұлттық түрің бар,

Сенен үлгі алар қызың, ұлың бар.

Перзентісің еркін, азат халықтың,

Тәуелсіз ел, мәртебелі тілің бар.

Аружан:  «Бір досқа» Әдібай Табылды

Өзге тілді белгенге,

Білімді боп билейсің.

Кергенменен құр кеуде,

Өз тіліңді білмейсің.

Төс қаққанмен күнде сен,

Демес халқың «құлыным».

Өз тіліңді білмесең,

Неге керек білімің?!

1-жүргізуші:  Қазір дүниеде 2796 түрлі тіл қолданылады. Қолданатын жан саны 50 миллионнан асатын тіл – 13. Егер бұл тілдерді қолданатын жан санының аз-көптігіне қарай тізсек, реті мынандай болады: қытай тілі, һинді-ордо тілі, ағылшын тілі, испан тілі, итальян тілі. Бұл тілдер 65 мемлекетте мемлекеттік тіл ретінде қолданылады.

Дүниежүзінде ресми тіл саны алтау: қытай тілі, ағылшын тілі, орыс тілі, испан тілі, француз тілі, араб тілі.

2-жүргізуші:  Жалпы 6 мыңға жуық тілдің 100-і ғана мемлекеттік деген статусқа ие болған. 1989 жылы «Тіл туралы» Заң  қабылданғаннан бері қазақ тілі де осы мемлекеттердің  қатарына кіргеніне қуаныштымыз.

1-жүргізуші: Көрермен қауымға тіл туралы қызықты деректерімізді бөлісе кеткеніміз жөн сияқты.

2-жүргізуші: Ендеше, адамзат тарихындағы көп тілді меңгерген полиглот ғалымдар мен басқа да тіл туралы қызықты фактілерімізді естеріңізге сала жүріңіздер

Дана: Шығыс ғұламасы Әл-Фараби  70-ке жуық тілді меңгерген.

Ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгерген. Орыс тілін орта жастан асып барып, кеш меңгерген.

Сағыныш: А.С.Пушкин француз, ағылшын, неміс, итальян, испан, латын, грек, славян тілдерін білген. Көне еврей тілін зерттеген. Луначарский испан тілін 57 жасында үйренген екен.

Ерсұлтан: Профессор Құдайберген Жұбанов көп тіл білген кісі. Тіпті ана тілімізді салыстырмалы жүйемен үйренуге де, зерттеуге де себі бар деп жапон тілін де игерген. Кибернетика “атасы” деп есептелетін Норберт Винер 13 тілді зерттеген.

Бекзатхан: Люксембург халқының түгелге жуығы төрт тілде еркін сөйлей алады, әсіресе, жастары. Ең бастысы, Люксембург балалары мектепке дейін төрт жастан бастап тегін ана тілінде, екінші сыныптан бастап француз тілінде оқиды. Ағылшын тілі алтыншы сыныптан басталады.

Аружан: Дүниедегі барлық аударма шығармалардың 33% ағылшын тілінен аударылса, 15 % – француз тілінен, ал 1%  неміс тілінен аударылады.

Мұғалім: Олай болса, құрметті оқушылар, тілді үйрену ешқашан кеш емес. Ол үшін тек ниет пен еңбектену ғана қажет.
Аружан: Туған тілім - бабам тілім - өз тілім,
Туған тілім - анам тілім - өз тілім,
Туған тілім - далам тілім - өз тілім,
Туған тілім - адам тілім - өз тілім.
Дана: Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер,
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар!

Қорытынды: Қалың елім қазағыңа қорған бол!
Жеткіншегім жайқала өсіп орман бол,
Шет тілі мен компьютерді меңгеріп,
Елге тірек, нағыз ұлттық тұлға бол!

Тіл – халықтардың қазынасы, сан ғасырлық жүріп өткен жолымыздың шежіресі. Егемендігімізді баянды болсын десек, ұлттық рухымызға өріс тілесек, туған тілімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Бүгінгі тәрбие сағатымыз көңілдеріңізді біраз серпілтіп, тың мағлұматтар берді деген үміттеміз. Осымен біздің тіл мерекесіне арналған тәрбие сағатымыз аяқталды. Уақыт бөліп, көңіл қойып тыңдағандарыңыз үшін көп рақмет!







Тіл тас жарады,


.........................................................




Өнер алды ......................................




Тіл қылыштан.................................




Басқа бәле........................................




Шебердің қолы ортақ,


.........................................................

Жағалай-жағалай тас қойдым, 
Жирен атты бос қойдым.



Отыз екісі диірмен тартып, 
Бір қапқа салады.



Екі әскер соғысып жатыр, 
Ортасында бір елші.



Әрі сүйексіз, 
Әрі тиексіз.



Ақ тоғайдың ішінде
Кісінейді күрең тай.