Сыныптан тыс тәрбие сағаты Әжелер сайысы

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...



«Сүйенер әжең болсын, Сүйіндірер немерең болсың!»

(Әжелер мен немерелер сайысы)

Дайындаған қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері: С.Б.Манатова ; А.М.Рақымбаева, №6 гимназия, Семей қаласы



[pic]

Әжелер мен немерелер сайысы

Тақырыбы: «Сүйенер әжең болсын, Сүйсінер немерең болсың!!!»

Мақсаты: Халық педагогикасын оқу – тәрбие барысында қолдану. Әжелер, ұстаз ұжымын ынтымақтастыру. Ұлттық тәрбиенің мақсатын жүзеге асыру.

Міндеттері:

  1. Білімділік: Әр отбасының мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін арттыру. Ұлттық қасиетті сақтауға, туған тілді қастерлеуге тәрбиелеу.

  2. Дамытушылық: Танымдық қабілеттерін, логикалық ойлауын, шығармашылық белсенділіктерін арттырады.

  3. Тәрбиелік: Шешендікке , тапқырлыққа, шапшандыққа тәрбиеленеді.

Әдісі: жарыс, топтық жұмыс.

Сайыс түрі: Танымдық-зерделік жарыс.

Көрнекіліктер: асық, нақыл сөздер, қоржын, презентация, және т.б.

Сайыстың өту барысы.

1-жүргізуші: Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл! Бұл ұлы мереке! Осы мерекеге тартуымыз «Сүйенер әжең болсын, Сүйсінер немерең болсын!!!» атты әжелер мен немерелер сайысын қабыл алыңыздар! Біз сайысымызды бастаймыз!!!

(Сайыс Е.Қасанғалиевтің «Атамекен» әнімен ашылады)

2-жүргізуші: ендігі осы сайысқа Төле бидей төрелік ететін әділ-қазылар алқасымен таныстыруға рұқсат етіңіздер! (барлық сайыс бес ұпайлық жүйемен есептелінеді).

  1. 6 гимназияның директоры: Ахметова Майра Ғаббасқызы

  2. Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары : Әлжанова Назигүл Төлеуғожақызы және Ткачева Нейла Борисовна

  3. Оқу ісі жөніндегі орынбасары: Тампишева Айжан Слямханқызы

  4. Кітапханашы: Жақсылықова Күлпан Ғаббасқызы

  5. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі: Ықласова Бақыт Ықыласқызы

1-жүргізуші:

Жиналыппыз сәтті күні бәріміз де,

Үлкен- кіші, жасымыз, кәріміз де.

Төрлетіңдер, қадірменді қонақтарым,

Гүл-гүл жайнап біздің мына төрімізге.

2-жүргізуші:

Апатайым, анашым,

Ақылы мол данасың.

Қамқоры сен сәбидің,

Гүлі де сен әр үйдің, - деп ортаға әжелерді шақырамыз.

1-жүргізуші:

Той деп бүгін көңіл шіркін тасиды,

Той деп халқым шашу шашады!

Шашу, шашу!!!

2-жүргізуші:

Қадірлі әжелер мына қоржыннан асық алыңыздар. Енді сіздер немерелеріңізді қалай еркелетесіздер? Дәл солай еркелетіп, немерелеріңізді шақырып, эмблемаларын тағасыздар.

  1. «Ботақаным, келе ғой!»

  2. «Құлыным, менің, келе ғой!»

  3. «Қошақаным,қозым менің!»

  4. «Сары балапаным менің, келші мұнда!»

1-жүргізуші:

Он алтыншы желтоқсан,

Тәуелсіздік алған күн.

Мерекеге ел тосқан,

Атамменен барғанмын.

Қойылым:

Асанали:

«Ата, айтшы, ал енді?

Тәуелсіздік деген не?

Тамсандырған әлемді

Ән бе, әлде өлең бе?»

Ермек ата:

« - Тәуелсіздік?

Бұл – бақыт,

Сарқылмайтын шаттық қой,

Көздің жасын құрғатып,

Келген бізге бақыт қой!

2-жүргізуші:

Ғасырлар бойы бостандықты аңсаған қазақ халқы үшін бұл шынында да айтып жеткізе алмайтын мол бақыт, асыл арманның жүзеге асуы еді! (слайд көрсетіледі)

І кезең «Таныстыру»

1-жүргізуші: «Жеті атасын білген ер, Жеті жұрттың қамын жер» демекші сайысымыздың бірінші кезеңі таныстыру.

  1. 2 «А» Сандра:

Армысыздар, ағайын!

Иіліп сәлем салайын.

Алдыменен өзімді,

Таныстырып алайын!

Атым – Сандра,

Ұрпағымын, арғынның,

Наташадай анамды,

Мақтан тұта аламын!

Ұлы Абай жерінде

Семейде мен тұрамын!

Толмасам да сегізге ,

Екіншіде оқимын.

Мен қазақтың қызымын,

Ән айтуға үйренген.

Мен қазақтың қызымын,

Мың бұралып билеген.

Мен қазақтың қызымын,

Әлия мен Мәншүктей.

Қажет болса ел үшін,

Жан беруге дайынмын!

  1. 2 «Б» Сұлтан:

Бойымда тұнып қанағат,

Жақсыға қалған салауат.

Ассалаумағалейкүм,

Армысың, жайсаң жамағат!

Мен, Сұлтан, құлынтайыңмын,

Көктегі күн мен айыңмын.

Бес қаруым сайланып,

Сынасуға дайынмын!



  1. 2 «В» Дамир:

Тектілер туған елденмін,

Қасиетті жерденмін,

6 гимназияның жалауын

Желбіретіп келгенмін!

Батасын берген ақсақал

Азамат бол, нар бол деп.

Алла деп шықтым алдыңа,

Жаратқан ием жар бол деп !



  1. 2 «Г» Амалия:

Көздерім болса жалынды ,

Ел үшін қиям жанымды.

Шыққан соң енді ортаңа,

Көрсетейін барымды!



[pic]



ІІ кезең «Әжелер сайысы»



2-жүргізуші: Әжелер бесік жырын біле ме екен? «Халық тәлімі – тәрбие бастауы», «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген, ендеше «бесік жырына» құлақ салайық, ағайын!

2 «А»:

Әлди, әлди, шырағым,

Көлге біткен құрағым.

Жапанға біткен тірегім,

Жаным менің жүрегім!

2 «Б»:

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем.

Жылама бөпем, жылама,

Жілік жағып берейін!

2 «В»:

Мойнымдағы маржаным,

Қорадағы мал жаным.

Бесігіңе жата ғой,

Тәтті ұйқыға бата ғой!

2 «Г»:

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем.

Қонақ келсе қой бөпем,

Қой тоқтысын сой бөпем,

Құйрығына той бөпем!



ІІІ кезең «Немерелер сайысы»

1-жүргізуші: Бұл сайытың шарты бойынша немерелер әжелеріне арнап жыр оқиды.

2 «А» Сандра:

Аналарды сүйеміз,

Сөзін ойға түйеміз.

Әрқашан біз ардақтап,

Әжеге бас иеміз!

2 «Б» Сұлтан:

Мейірімі –желжібек,

Күндей ыстық құшағы.

Ет жүрегі елжіреп,

«Құлыным» деп құшады!

2 «В» Дамир:

Атама жыр арнаймын,

Сертімнен берген таймаймын.

Ақтар ата үмітін,

Ұрпақпын деп ойлаймын!

2 «Г» Амалия:

Әжем менің шежіре,

Көп ертегі біледі.

Сыртта жүрген кезінде,

Бізді ойлап жүреді.



2-жүргізуші: Ән шашу.



ІҮ кезең «Қазақтың салт-дәстүрін білеің бе?»

1-жүргізуші: «Ата мұраң – асыл қазынаң» демекші сайысымыздың төртінші кезеңі «Қазақтың салт-дәстүрін білесің бе?» деп аталады!

2-жүргізуші:

Ана тілім қасиетті өз тілім,

Тілім үшін шаттанамын мен бүгін!

Өз тіліммен паш етемін өмірге,

Қазағымның ата-салтын, дәстүрін!

1-жүргізуші: «Сүйінші» дегеніміз не?

2 «А» сыныбы: «Сүйінші» дегеніміз жақсы хабар, Әсіресе дүниеге келгенде береді.



[pic]

Қойылым:

Асанали:

  • Ата, ата, немерелі болдыңыз! Сүйінші, сүйінші! Алақай, алақай!

Ермек ата:

  • Сүйінші ала ғой! Астымдағы атымды ал сүйіншіге!

1-жүргізуші: Иә, қазақ халқы жомарт келген, сүйіншіге астындағы атын берген!

2-жүргізуші: ал келесі әніміз сіздерге арналады, құрметті қонақтар!

Ән «Сүйінші » Орындайтын: Сандра

1-жүргізуші: «Байғазы » және «көрімдік» дегенімізі не? Мазмұны не? Айырмашылықтары қандай?

2 «Б»: «Байғазы» - балалардың, жастардың жаңа киімі үшін (мысалы, қамшы, ертоқым) берілетін заттай не ақшалай сыйлық. «Көрімдік» жаңа туған балаға, жас келінге, құдасына, күйеуге береді. Мұның мазмұны алып –бәәіреуде ғана емес жақын адамдардың адамгершілігін, ниетін ашық қолдығын танытудың белгісі ретінде қаралады. Айырмашылығы «көрімдік» адамға, жандыға беріледі, ал «байғазы» көбінесе жансыз дүниеге қатысты қолданылады.

2-жүргізуші: «Иткөйлек» және «қырқынан шығару» деген әдет-салттың мағынасын түсіндіріңіз?

[pic]

2 «В» : «Иткөйлек» дегеніміз ырымшыл халқымыз баланы туғанына қырық күн, яғни қырқынан шығарғаннан кейін оның көйлегіне тәтті түйіп, иттің мойнына байлап жіберетін дәстүр бар. Итті балалар қуып жетіп, мойнындағы көйлекті шешіп алып, тәттісін бөліп жейді. Көйлекті баласы жоқ келіншектер ырым қылып алады немесе адамдар алыс жолға шыққанда жол амандығын тілеу барысында апаттық болмауын ырым етіп бойларында сақтаған. Иткөйлектің шығуын ит мойнына байланғаннан емес, оны жеті қазынаның бірі деп, ірң баламыз көп болсын деген ырыммен астасып жатыр.

«Қырқынан шығару» әдетте баланың туғанына қырық күн толған кезде баланы ыдысқа қырық қасық су құйып шомылдырып, шашын, тырнағын алады. Осы дәстүрді «қырқынан шығару» деп атаймыз. Бұл ресми дәстүр. Оған үлкен әжелер, әйелдер қатысады, кәде беріледі, дастархан жайылады.

1-жүргізуші: «Ерулік» және «тәбәрік» ғұрып-салттарының мағынасын түсіндіріңіз.

2 «Г»: «Ерулік» - ауыл ортасына жаңа үй көшіп келсе, қоныстанса, сол ауылдың бұрынғы адамдары жаңа үйге «Ерулік» деп ас пісіріп, табақ тартады. Бұл жаңа адамдарды бөтенсітпей, өз ортасына тартудың, сыйласудың үлкен белгісі.

«Тәбәрік» - бір ойын тойда бәйге, жүлде алса одан жанындағыларға үлес беруі керек. Мұндайды жұрт одан «тәбәрік» деп сұрап алады. Олжалы адам әдеп бойынша тәбәрік беруге міндетті, бермесе сарандық, дәстүр сыйламағандық болып есептеледі.

[pic]

Ү кезең «Бірігіп ою-өрнек ою»

2-жүргізуші: «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген халқым айтпақшы ендігі кезек әжелер мен немерелердің бірігіп өнері мен шеберліктерін ортаға салатын сайыс болмақ.

(Сайыскерлер ою ойғанша залда көрермендермен ойын ойналады. Көрермендерден отбасына байланысты мақал мен мәтелдер сұралады.)

1-жүргізуші: Біздің ойыншыларымыз болғанша көрермендерге тағы бір әсем ән сыйлаймыз.

Ән «Әжеме». Орындайтын: Сұлтанов Тимур.

ҮІ кезең «Ырымдар мен тыйымдар»

2-жүргізуші: Жалпы алғанда қазақ халқы ырымшыл халық қой. Оған дәлел қазіргі сайысымыздың өзі. Мінеки, «Ырымдар мен тыйымдар» кезеңіне де келіп жеттік.

2 «А» : «Үйде ысқырма жылан келеді»дейтін ырым мен ұғым бар. Қазақ ұғымында жылан дұшпан болып есептелген. Немесе айдалада ысқырған желдей ұлыған қасқырдай баспанасыз қаласың деген ырым бар.

2 «Б»: «Нанды бір қолыңмен үзбе» деген ырым бар. Ол дегеніміз киелі асты қорлаумен бірдей. Ертеде халқымыздың ұғымында нан ұсағын тастама «обал» болады, жеп қойсаң бай боласың деп тәрбиелеген.

2 «В»: «Тізеңді құшақтама» деген ырым бар. Тізені құшақтау ол жаман ырым. Жалғыз қалудың белгісі деген.

2 «Г»: «Үйдегі жан басын санама» деген ырым қазақта бұрыннан бар. Көп балалы ата-аналар жан басын санағанды жек көрген. «Көз тиеді! Көп екен деп сұқтанба» деп айтқан.

ҮІІ кезең «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер»

1-жүргізуші:

Ұлы халқым есептескен текпенен ,

Ата салтын ешкім аттап өтпеген.

Мың пәледен құтқарады бір бата,

Адам болмас бата естіп өспеген.

2-жүргізуші: Сайысымыз өз мәресіне жетіп те қалды. Үлкендерден бата сұрайық. [pic] [pic] [pic] [pic] [pic]

Асанали: Иллай әумин, апа, бата беріңізші!

[pic]

2 «А»:

Талмайтын талап берсін,

Самғайтын қанат берсін,

Баянды бақыт берсін,

Ұзақ ғұмыр берсін.

2 «Б»:

Үкілі ат астықтан,

Өмір бақи кетпесін.

Елдің ерке ұлы боп,

Атақ-даңқын өшпесін.

2 «В»:

Азамат болсын ардақты,

Мінезі болсын салмақты,

Өнері болсын жан-жақты,

Айтқандарым оң келіп,

Алла берсін зор бақыт.

2 «Г»:

Жарығын сөнбесін,

Жалының өшпесін,

Көңілдерің көктесін,

Бақыт бастарыңнан кетпесін.

2 «В»:

Ел қорғаны батыр бол,

Ел жырауы ақын бол,

Табанын жерден таймасын,

Ор қоянды көзді бол,

Шешен тілді сөзді бол,

Өркеңді бол, ойлы бол,

Өз құрбыңның алды бол! Әумин!

1-жүргізуші: Енді бұл кешімізді қорытындылау үшін сөз төрелігімен көзге түсетін әділ-қазылар алқасына беріледі.

2-жүргізуші: «Орамал тон болмайды , жол болады.» деп осы орамалдарды сыйға тартамыз. Осы сайыстан естелік болып қалсын.

1-жүргізуші: Балалар, біздің болашағымыз. Ендеше бала-шағамыз жарқын болсын, Тәуелсіздіміз баянды болсын!

2-жүргізуші:

Апатайым өзіңді,

Жырлап өтем ән қылып,

Қамқоршы боп біздерге,

Жүре берші мәңгілік! – деп сіздермен қоштасамыз.

1-жүргізуші:

Келесі көріскенше күн жақсы болсын, ағайын!