ҰСТАЗ - ҰЛЫ ҚЫЗМЕТ
(Ұстаздар және қарттар күніне арналған іс-шараның сценариі)
І БЛОК .МЕРЕКЕЛІК КЕШТІҢ АШЫЛУЫ
ФАНФАРА
ПРОЛОГ
Көңілді әуен фонында оқушылар ортаға шығып, жастар биін билейді.
(ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚОЙЫЛЫМЫ)
Армысыздар қадірменді ардагер аталар мен әжелер, аяулы ұстаздар!
1-оқушы: (Өмірзақ)
Ең алғаш осы білім ордасынының табалдырығын аттаған кезімде, қарлығаштың қанатындай ғана кішкене бала едік. Қате басқан қадамымызға сын көзбен қарап, ақ тілегімен демеу болған ұстаздарымыз сіздерсіздер.
2-оқушы: (Ерасыл) Қыздар, жігіттер, бүгін қандай мереке? (бір қадам алға шығады)
Барлығы хормен: Ұстаздар мерекесі. (Аяқтарын алға қадам басып, тарс еткізеді)
3-оқушы: (Досбол) Иә, иә. Олай болса, ыстық ықыласымызды, жүрек жарды тілектерімізді аямайық. (Әр оқушы алға қадам басып, сөздерін айтады)
4-оқушы: (Айдын) Аса мейірімді, жаны жомарт
5-оқушы: (Нұржан) Сөзіне берік, өнегесі асыл
6-оқушы: (Диас) Шыншыл мінезді, пейілі дархан
7-оқушы: (Нұрдәулет) Жүрегі батыр, ерен еңбекшіл
оқушы: (Өмірзақ) Байламы берік, ойы өткір Ұстаздар (Бірге бір қимыл жасап, айтады)
БІРГЕ: МЕРЕКЕЛЕРІҢІЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
2-оқушы: (Ерасыл)
Жігіттер, менің ойымша, кез-келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі ұстаздық – тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез-келген адамға қона бермейді. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз тегін айтылмаса керек.
3-оқушы: (Досбол)
Иә, Диас, мен сенің сөзіңе толығымен қосыламын. Себебі,
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы.
4-оқушы: (Айдын)
Сөзі бойға ексе білім қуатын,
Көзі зерттеп жан-дүниеңді ұғатын.
Қайда жүрсем бірге ұстаз бейнесі,
Іс-қимылы аңсар арман – мұратым.
5-оқушы: (Нұржан)
Бала десе ойламайды өз қамын,
Көрсем дейді күнге де қол созғанын.
Шын жүректен жатса-тұрса тілейді,
Шәкіртінің өзінен де озғанын.
6-оқушы: (Диас)
Адам бар ма мұғалімнен жаны ізгі,
Аялаймын олар басқан әр ізді.
Арманым не алабына қадірлі,
Өнегелі болсам ұстаз тәрізді
Өмірзақ: МҰҒАЛІМ ОЛ - М - МЕЙІРІМДІ
Ерасыл: Ұ - ҰЛАҒАТТЫ
Досбол: Ғ - ҒАЗИЗ
Айдын: А - АҚЫЛДЫ
Нұржан: Л - ЛАЙЫҚТЫ
Диас: І - ІСКЕР
Нұрдәулет: М – МАМАН
7-оқушы: (Нұрдәулет)
Ұрпақпен өмір жолы жалғанады,
Көңілді күндер тусын алдан әлі
Ән-шашу, әсем әуен, түрлі өнер,
Бірге: Бүгінгі күн сіздерге арналады!
ХАБАРЛАУСЫЗ «КӨҢІЛДІ КҮН» БИІ
1-жүргізуші:
Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген – анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың.
Армысыздар, құрметті ардагер ұстаздар, ата-аналар және оқушылар! Бүгінгі «Ұстаз-ұлы қызмет» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
2-жүргізуші:
Мерекелік шарамыздың қадірлі қонақтары – ардагер ұстаздар.
1-жүргізуші:
Бүгін - ардагер ұстаздарымыздың, мұғалімдер қауымының кәсіби төл мерекесі. Бүгінгі күн ұстаздар, сіздерге арналмақ.
БІРГЕ: КӘСІБИ МЕРЕКЕЛЕРІҢІЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
ІІ БЛОК. ҚҰТТЫҚТАУ
1-жүргізуші:
Ұстазға әркім басын ию керек,
Кемеңгер, ақылшым деп білу керек,
Сен бүгін керемет боп кетсең дағы,
Жеткізген сол ұстаз деп білу керек.
2-жүргізуші:
Мерекелік кештің құттықтау сөзі ардагер ұстаздарымызға беріледі.
(АРДАГЕР ҰСТАЗДАРДЫҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ)
1-жүргізуші:
Құрметті ардагер ұстаздар, Сіздерге дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілейміз. Ыстық ықыластарыңызға алғысымыз шексіз.
2-жүргізуші:
Құрметті ардагер ұстаздар! Мектебіміздің кәсіподақ ұйымының атынан мерекелік сыйлығымызды қабыл алыңыздар!
(ОҚУШЫ ҚЫЗДАР СЫЙЛЫҚТАРДЫ АРДАГЕРЛЕРГЕ ТАПСЫРАДЫ)
Хабарлаусыз « Спасибо вам, учителя!» әні Ж.Ескендір, Т.Иса
1-жүргізуші:
Маған мәңгі ұстаз болып қаласыз,
Жүрегімнен үлкен орын аласыз.
Көп мұғалім бірі болып қалмайсыз,
Сеніңізші, сіз өйткені ұстаз әрі анасыз.
2-жүргізуші:
Терең ойлы сөздеріңді жаттаймын,
Үміт еткен сеніміңді ақтаймын.
Үзбей берген біліміңнен сусындап,
Жұмсақ, жылы үніңді есте сақтаймын.
Сахна төріне мектебіміздің жас мамандарын және үлгілі оқушыларын құрметпен шақырамыз
ІІІ БЛОК. ҰСТАЗ-ҰЛЫ ҚЫЗМЕТ
ДИАЛОГ:
КАНИЕВА ГАУХАР:
Мұғаліммін жан оты жарқылдаған,
Минутым кем ой қуып шарқ ұрмаған.
Жүргіншімін қағаз жүк қолтықтаған,
Азаматтық ақ тыныс алқынбаған.
Жас ұрпағы елімнің — қан тамырым.
Мен — жүрекпін.
Қан құям, салқындаман.
Лүпіл қағып соғамын, лыпыл қағып,
Қуат құйған қажымас халқым маған.
БЕРІК АҚМОНШАҚ:
Даналықтың ұстаз боп жалғап ісін,
Еңбек еттің балауса арман үшін.
Сен - ертеңгі бәйтерек болашақтың
Бүгінгі күн тер төккен бағбанысың.
Таныдың да мінезін әр баланың,
Ұштай түстің ұл - қыздың арман - әнін.
Шәкіртіңнің болашақ биігінің
Іргетасын алдымен сен қаладың.
Сізбенен біз бар әлемді қиялменен шарлаймыз
Тест орындап, зерттеу жасап, сабақтардан қалмаймыз.
Сіздер кіргенде дәу картаны қолға алып есіктен,
География, апай мен ағай келді деп біз жайнаймыз.
САМИДИНОВА ГҮЛНҰР:
Мұғаліммін.
Жұмыскер жай адаммын.
Жас өренге мейірі бай адаммын.
Космос ашқан жанкешті болмағанмен,
Ұстаз деген атаққа сай адаммын.
Ой түзейді жас ұлан маған қарап,
Бой түзейді жас ұлан маған жанап.
Шәкірт пікір ұштайды мен арқылы,
Сондықтан да төтенше маған талап.
Балаға мен — әрқашан сая жаймын.
Асылымды бойда бар аямаймын.
Өреннің де қан құям жүрегіне,
Бағбандай гүл күткен аялаймын.
АЛПЫСБАЙ ЖАНЕЛЬ:
Парыз жүктеп қыз бенен сенімі ұлдың,
Армандарын ақ қанат сен ұғындың.
Мұңайса да, қамықса бала жаны,
Шипагері екен деп сені білдім.
Болмысыңмен осындай дараландың,
Асқақтығын ұқтырып балаға ардың.
Сен өйткені осынау мамандықты
Жүрегіңмен әу баста қалап алдың.
Қосып, алып, бөліп тағы көбейткен,
Шаршы ауданын тауып, санды теңейткен.
Математика ағайлар мен апайларға мың алғыс,
Есептеуді бізге талмай үйреткен!
БУГЕНБАЕВА САНИЯ:
Сынып жетекшімін,
Ұйқысыз күн кешемін.
Шыт жаңа соны ойлармен жүздесемін.
Альпинистің азабын көрсемдағы
Кемімді іздеп
Шыңдардан із кесемін.
Сыныбым — менің сахнам, отты алаңым.
Сонда жанып, қып-қызыл шоқ боламын.
Шоқ болмасам, қып-қызыл от болмасам,
Онда тоқырап тот басып жоқ боламын.
Шынында мен сыныпқа сертпен келем,
Қорғасындай зіл болып өрттен денем.
Жалғыз ой бар көкейде —
Шәкірттерді Iзгіліктің аулына ертсем деген.
САРСЕНБАЙ АРУЖАН:
Ұстазым екінші анам аялаған,
Біздерден бар білімін аямаған.
Сынып жетекші апайлар сізге ерекше көп алғыс,
Таңертең күнде құшақ жаяр алдан
Әр адамға құрметпенен қараған,
Өз бойынан мол ізгілік тараған.
Талап пенен тәртіпті тек ту етіп
Сынып жетекшілер, сіздей қайда бар адам?!
Iзденісім, еңбегім, тебіренісім,
Ақыл-ойым, жігерім — жер жемісім…
Бәрі дағы балаға — оқушыға,
Ұстаз тұтып соңыма ергені үшін.
АРҒЫНБАЕВА ЖҰЛДЫЗАЙ:
Шәкірт — менің мәртебем,
Мен — баспалдақ.
Мен арқылы шырқасын ол аспандап.
Мерейленем,
Бой сергіп жасарамын,
Жас ұланға ақ жарқын жол ашқанға-ақ.
Оқушыммен мақтанам,
Олар сансыз.
От жүрекпен өртене сүйем шамсыз.
Деп тілеймін таусыла:
Оза шауып,
Жүйріктерден сурылып шықса шаңсыз!
Деп тілеймін:
Қиынға қолын созса!
Арман қуып талаптың жолында озса!
Лек-легімен
Сиремей,
Қатар бұзбай,
Қалың көпір қайысқан тобында озса!
ЖАРЫЛҚАСЫН НАЗЕРКЕ:
Талай ақын арнап кеткен жыр-әнін,
Даңқы биікте ұстаз атты тұлғаның.
Өмір жолын үйретуге арнаған,
Ұстаз шіркін, екінші анасы баланың,
Ұстаз деген данасы ғой дананың,
Күш жұмсайды оқуына баланың.
Ұстаз тұлға, шаршамайды, шалдықпас,
Олар адал, иесі ой-сананың.
Құтты болсын кәсіби мерекеңіз,
Осымен тоқтамасын белесіңіз.
Есіміңіз көтерілсін бұдан әрі,
Осы біздің сізге деген тілегіміз
Хабарлаусыз Әйгерім «Ардақты ұстазым» әнімен
ІҮ БЛОК. МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ
1-жүргізуші:
Құрметті ардагер ұстаздар және мектебіміздің мұғалімдер қауымы! Кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, кешіміз концерттік номерлерге жалғасын табады.
1-жүргізуші:
Сахнада «Домбыра-дастан» ансамблі, «Жыр шашу».
2-жүргізуші:
Қазақтың халық әні «Дүние-ай»
1-жүргізуші:
Қазанғаптың күйі «Ақжелең»
1-жүргізуші:
2-жүргізуші:
Мен сендерді іздеймін:
Өренім деп,
Бір-бір иірім – әрқайсың
Тереңім деп –дегендей мектебіміздің мақтаныштары, өрендері, терең білімді түлектеріміздің құттықтауларына берсек.
ВИДЕО ҚОСЫЛАДЫ.
2-жүргізуші:
Мерекелік концерт жалғасын табады. «Алтын ұя мектебім» орындайтын вокал
1-жүргізуші:
Әніміз ардагер ұстаздарға арналады.
Келесі тыңдайтындарыңыз ән «Әнім сен»
2-жүргізуші:
Ұстаздық жол жеңіл емес кімге де,
Кім көрінген ілікпейді жүлдеге
Мүсіндеуге келешектің келбетін
Күн-күн сайын шығады ол мінбеге
Ән «Қыдырып қайтайық» Алтынай мен Мирас
(ӘН АЙТЫЛЫП, СОҢЫНДА ХОР САХНАҒА ШЫҒАДЫ)
ХОР. «ҰСТАЗЫМ» ӘНІ. ОРЫНДАЙТЫНДАР:
YІІ БЛОК. ІС-ШАРАНЫҢ АЯҚТАЛУЫ
1-жүргізуші:
Құрметті ұстаздар, қадірменді қонақтар! Мұғалімдер мерекесіне арналған «Ұстаз – ұлы қызмет» атты мерекелік кешіміз өз мәресіне жетті.
2-жүргізуші:
Жандарыңызға шуақ шашар сәулелі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтап, сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, қажымас қайрат, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға береке мен шаттық тілейміз.
1-жүргізуші:
Құрметті ардагер ұстаздар, мұғалім апайлар мен ағайлар! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!
2-жүргізуші:
Еске алғанда осы күндерді жиылып,
Таусылмасын естеліктер тыйылып.
Ұстаздарым, көп рахмет сіздерге
Бас иеміз алдарыңызда иіліп!
Осымен мерекелік шарамызды аяқтауға рұқсат етіңіздер. Келесі жүздескенше, сау-саламатта болыңыздар!
Бірге: Мерекелеріңіз құтты болсын!