Сыйынар ем-Ана деген тәңірге

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...



Тақырыбы: «Сыйынар ем, Ана деген тәңірге»


Мақсаты: Ана жайлы тамаша сөздер, өлеңдер, әндер арқылы ардагер, ұстаз-аналар мен аруларды мерекемен құттықтау, оқушыларды мейірімділікке, ұстамдылыққа тәрбиелеу, ұстазға ата-анаға деген құрмет сыйын арттыру, ана еңбегін қадірлей білуге үйрету.
Көрнекілігі: аналар жайлы нақыл сөздер,мақал-мәтелдер.
1. Әйел - ана әйел - еңбекқор, әйел қайраткері

2. Ана - біздің күніміз.

3. Ана - өмірдің жүрегі.

4. Нәзіктік атаулының жиынтығы - ананың алақаны, сондықтан да ол - сәби үшін ең жылы ұя.

В.Гюго

5. Әлемде өзгермейтін үш-ақ зат бар, ол - ананың ақ сүті, күннің нұры, сәбидің күлкісі.

А.Хорьким


Барысы:
Кіріспе:

Мұғалім сөзі: 
Ана-өмір қолдаушысы әлемнің 
Шаңырақтың шаттығы мен шуағы 
Сейілмесін жанарынан ананың 
Тіршілікке төккен нұрлы шуағы 
Аялайық аналарды әрдайым 
Қуанышқа бөлейікші өздерін 
Әжелердің,аналардың,қыздардың 
Мұң шалмасын күлім қаққан көздерін 
Ана- барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі, оны тәрбиелейді,өсіреді. Адам бойындағы барлық асыл қасиет күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды. Ана -ұлы адам, Ана-құдіретті жан ,ендеше бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын, 
Аяулы аналар!!! 
Арулар! 

Жүргізуші: Кеш жарық, қымбатты ұстаз-аналар, арулар! Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып,тағы да 8-наурыз халықаралық әйелдер күні келді.Осынау көркем мерекенің қай кезде де орны бөлек.Олай болатыны,аналарға деген ыстық сезім,алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Олар-өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі тек аналармен ажарлы. Бүгінгі арайлап атқан нұрлы таңмен бірге әрбір сәби жүрегі өзің деп соқса,бүгінгі мерекелік кешіміз де аналарға арналады.

Біз ғана емес,қадір тұтқан бабалар.
Аналардан туған небір даналар.
Ана деген тіршіліктің тірегі,
Армысыздар,қасиетті аналар!

Жүргізуші: Құрметті аналар, біздің мектептің ұстаздары, қыздары! 8-наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесі құтты болсын! Сіздерге әрқашан сыр бермес денсаулық, өмірдің шапғатын тілейміз! Бұл күні өздеріңізге бағытталған тілектер періштенің құлағына шалынсын...Әрдайым мейірім шуағын шашып жүре беріңіздер.

Сіздерден өскен балалар
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен,
Құрметті абзал аналар. – дей келе құттықтау сөз кезегі 8 «Б» сыныбының ұлдарына беріледі.

Рамазан: Әйел-Ана, Әйел-Өмір, Әйел-тіршілік өзегі. Өмір бесігінде іңгә тербетіп, адамзат баласына ұрпақ сыйлар ұлы құдірет иесінің есімі әрқашанда қастерлі, сөзі-өсиет, тұғыры биік.

Дүйсенбай: Алтын құрсағынан адамзаттың алабы жаратылған асыл ананың жүрегі үлкен, жүзі мейірімді, қолы қайырымды.

Алишер: Көңіл шуағына мейірім төгілген аяулы жанның өмірден алар несібе жемісі-алтын босағасы мен сүйкімді перзенті болар.

Бақытжан: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да қарызыңнан құтыла алмайсың» деген ұлы ғұламалардың сөзі бар.

Мұратбек: Шынымен солай. Адамзат жүріп өткен небір ауыр жол, алмағайып заманнан ұрпағын аман-есен бүгінгі күнге жеткізген әйел-ана құдіретін жырмен өрнектеп, әнмен әлпештеп, сөзбен айтып тауысу мүмкін емес.

Сайран: Ана-болашақтың демеушісі,ұлттың жебеушісі,сәбилердің бақыты.

Жүргізуші:
Көңілің Алатаудың ақ қарындай,
Мейрімің күннің шуақ шақтарындай.
Қалайша аяулы ана тына алармын,
Ән болып сағыныштан ақтарылмай,-деп абзал аналарымыз бен қырмызы қыздарымыздың құрметіне Рагатова Айгерімнің орындауындағы «Анашым» атты әнін қабыл алыңыздар.


Жүргізуші:

Мерекеге арналады бүгін билер.
Көтерілсін, қанекей, көңіл күйлер.
Алдарыңызда қазіргі шығыс биі,
Таң қалдырып қанекей би билеңдер, – демекші, ендігі кезекте «Шығыс биін», қабыл алыңыздар
!


Жүргізуші:

Жанұяның жылуын суытпай, тал бесікті тербей отырып, тебірене толғар бесік жыры ,аңыз ертегілері мен жақұт жырлары арқылы ұрпағының бойына адамдық қасиеттерді дарытып отырған аналардың құдіретті сезімдеріне арналған әсем әнді қабыл алыңыздар. Еликбаева Акнұрдың орындауындағы «Апатайым, анашым» әнін қабыл алыңыздар.

Жүргізуші:

Аналар адамды бесігімен баулиды... Өмірдің іргетасы солардың қолымен қаланады. «Жәннәт-аналардың аяғының астында» деп, ислам діні әйелдерді ерекше құрметтейді. Егер де бір үйде қыз бала дүниеге келсе, береке, молшылық, бейбітшілік болады, ата-анасына қуаныш әкеледі деп жорыған екен.
Теңіздей тербетіліп көл бетінде,
Бишілер билеп кетті тербетіле.
Аққудай қалықтаған теңіздегі,
Бишілер өнерлерін көрсетуде,- алдарыңызда Бекет Қалдыгүл Какимбекова Диананың онерін тамашалаңыздар.


Жүргізуші:
«Отбасы-шағын мемлекет» деген сөз бар. Ынтымағы келіскен, түтіні түзу ұшқан әрбір шаңырақ мемлекеттің құт берекесі. Әйел-ана отбасы жылуын сақтаушы, қоғамның ертеңі болашақ балаларды тәрбиелеуші. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» дегендей, бақытты бүлдіршіндеріңіздің әсем әнін қабыл алыңыздар.

Ән: «Ұстазым », орындайтын: Ереже Дүйсенбай, Кәдірханов Рамазан, Қайсар Сайран

Жүргізуші: Тіршілікке нәр берген ана сүті қандай құдіретті. Әлемдегі жақсылық көзі, адамдық қасиет, ақ тілек мейірбандықтың бәрі ана деген сөзбен астасып жатыр.
Аяулысың, ауылымның асылдары,
Жайнасын көңілдердің жасыл бағы.
Сендер үшін ән менен күй, өлең мен би,
Сендер үшін мереке шашулары

Қиялға қиялменен қарыштайды.
Шәкірттер шын жүректен тебіреніп,
Жырларын аналарға бағыштайды. Олай болса шәкірттеріңіздің аналар жайлы өлең шумақтарын тыңдайық.


Шоқан:

8 Наурыз 2015 жыл көктемі,
Қыстың кетті аязының өктемі.
Мерекеңіз құтты болсын ханымдар,
Күндей болып жарқыраңдар көктегі!


Тоқтар:

Әйел, қыздар сендер көктем гүлісің,
Ақындардың өлең арнар жырысың.
Ұрпақ жалғап, өмір сыйлап адамға,
Ғасырларға жалғасады бұл ісің.


Рамазан:

Сұлусыңдар күн нұрынан жаралған
Шапақтарың бар әлемге таралған,
Гүлдеріне жаз күнінің ұқсайсың,
Орындалсын жүректегі бар арман!


Бақытжан:

Құтты болсын аналардың мейрамы!
Жарқыраңдар, жаз күніндей жайдары!
Мерекесі бұл көктемнің алғашқы,
Бақыт берсін әр көктемнің айлары!


Дүйсенбай:

8 Наурыз қуанышқа бөлесін!
Әкелсінші жаздың жылы елесін!
Барлық халық аман болып елімде
8 Наурызға жете беріңіздер келесі!

Осы айтылғандардың бәрі шындық, бәрі шын, аналар ажалдан күштірек, жапанға бір тоқтамсыз данышпандарды, ақындарды, ерлерді тауып беретін аналар. Барлық жақсылықты себетін де аналар. Ендеше сол аналар алдында бас иелік!

Ана –барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш,тіршіліктің қайнар бұлағы.қазақ әйелінің дастарханы тоқ,қонағы ырза,дүниесі түгел.Олар үшін бірінші орында отбасының берекесі тұрады.Бөбегін бесікке бөлеп,әлдилеп аялаған ана бақыт құшағында емес пе?!

Бір өзіңнен бастап өмір жолдарын,
Жүрегіңе,жүрегімді жалғадым.
Өзің мына сыйға берген өмірде
Ақ сүтіңді ақтап өту-арманым.
Барша ана,құтты болсын мерекеңіз
Әрқашанда ана сізбен берекеміз.
Ақтасақ ақ сүтіңді,асыл анам.
Сонда біз кісілікке теңесеміз.

Жүргізуші: Құрметті қонақтар ,біздің «Сыйынар ем Ана деген тәңірге» атты мерекелік кешімізді көңіл қойып тамашалағандарыңызға көп-көп рахмет.

Демеңіз біз өнерді аяп қалды,
Мезгіл де біраз жерге таяп қалды.
Қош болып тұрыңыздар көріскенше,
Осымен концертіміз аяқталды.