«Оралхан оқулары» ойдағыдай өтті.
Воздвиженко орта мектебінде «Оралхан Бөкей оқулары -2016» байқауының екінші кезеңі қорытындыланды.
Көркем әдебиетті насихаттап, талантты жастарды анықтауды мақсат тұтқан байқауда 23 мектептен 30-ға тарта оқушы бақ сынасты. Нәтижесінде мектебіміздің намысын қорғаған қос үміткеріміздің де мерейлері үстем болып, олжалы оралды. Қаламгердің «Апамның астауы» әңгімесі бойынша монолог, «Желтоқсан желі» драмасынан үзінді және жетекшісі А.Исаеваның шығарған «Оралхан Бөкейге арнау» өлеңін оқыған 7-сынып оқушысы Бейсенбаева Әсемгүл жүлделі 2-орынды еңсерсе, «Жылымық» повесінен монолог және «Желтоқсан желі» драмасының желісі бойынша «Құлыным менің-2» шығармасын сахналап, М.Айтхожинаның «Ел-Ана сені ешқашан ұмытпайды» өлеңін оқыған 9-сынып оқушысы Жирен Ұлболсын өзін көркемсөз оқудың хас шебері екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, бас жүлдені иеленді. Жетекшісі –Хасенова Тұрсынгүл Еркінқызы мектептегі тәлімі мол мұғалімдердің бірі.Жыл басынан бері оқушылары бірнеше сайыстарға қатынасып,жүлделі орындар иеленуде. Естеріңізге сала кетсек, бұл оқушымыз былтырғы сында 2-орынмен шектелген болатын. Екі оқушыны қырандай баптап, тұлпардай жаратып топқа қосқан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандары – мектептегі тәжірибелі мұғалімдердің бірегейлері. Республикамызда тұңғыш рет аталып өтіп отырған «Алғыс күні» қарсаңында, шаршы топтан шын жүйріктерді жазбай танып, шынайы бағасын берген әділқазылар алқасына да айтар алғысымыз шексіз.
Баласы тайға мінсе, тақымын қысатын халықпыз. Оқушымыз облыстық байқауға жолдама алды. Аудан намысын қорғау үшін тер төгетін Ұлболсынға арқалатар үміт жүгінің де бәсі басым. Сәттілік серігі болсын!
Апаханов Бейімбет Жақанұлы,
мұғалім, № 26 орта мектебі,
М.Мәметова ауылы.