Дәріс «Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау және оның ақыры».

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


 Елімізде соңғы уақытта адамдар көп жиналатын сауда орталықтары, банктер, мектептер, әуежай, тағы да басқа жерлерде жарылғыш заттардың орнатылғаны туралы жалған ақпарат беретіндер көбейіп кетті. Осы бір құқық бұзушылықты еліміздің қай заңнамасы реттеледі, қалай олайсыздар?

  • «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңның 3-бабында Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы іс-қимылдың барысы жан-жақты баяндалады. Терроризм әлем жұртшылығын алаңдатып отырған кесел. Біздің еліміз ғана емес, осы бір террористік қауіп көрші елдерде, тіпті, одан әрі асып дамыған шет мемлекеттерде де орын алып жатыр.


Сондықтан, дәл қазіргі уақытта терроризм бойынша қылмыстық жауапкершілік қатаң бақылауға алынған. Қай елді алсаңыз да кез келген тәртіпсіздікке жауапкершілік көзделген. Қазақстан Республикасы
Қылмыстық кодексінің 242-бабында дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін қатаң жаза қарастырылған. Аталмыш жазадан басқа мұндай қылмыс жасау мемлекетке де материалдық шығын әкелетіні рас. Дайындалып жатқан терроризм актісі туралы жалған ақпарат беру нәтижесінде тұрғындар арасында үрей, қорқыныш туындайды әрі жарылыс затын іздеуге, залалсыздандыруға көп адам жұ-мылдырылып, орынды қоршау, адамдарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жүргізіліп, төтенше жағдай қызметінің күші қажет етіледі. Бір өкіндіретіні, терроризм туралы жалған хабарлаушылар өз істерінің соңы қылмыстық жауапкершілікке соқтыратынын, мемлекетке зиян келтіретінін ойланбайтындығы.
 

Ел азаматтары осындай жалған хабар беріп, құқықбұзушылыққа бармас үшін не істеуге болады және заңда тәртіп бұзғандарға қандай жауапкершілік көзделген? 
– Бірінші сауалыңызға тоқталар болсам, әрине, қарапайым халықтың құқықтық сауатын арттыруымыз қажет. Расымен де, екінің бірі құқықтық сауатты емес. Сауаттың кемелдігі азаматтарды жауапкершілікке итермелейді. Мысалы, айта кетейін, жалған терроризм туралы хабарлаған адамға
200-ден 500-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Немесе жеті жылға, иә болмаса, алты жылға бас бостандығынан айырылады.
Бұрын аталған бап орта деңгейлі қылмысқа жататын әрі ең жоғары жаза 3 жылға бостандығынан айыруды құраған-ды. Бүгінде заң қатайды. Енді елге де түзелетін уақыт жетті. 
Сонымен қатар, көрінеу жалған ақпарат таратуға да байланысты жауапкершілік бар. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 242-1-бабында қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтар мен ұйымдардың құқықтары, заңды мүдделеріне не қоғамның, немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі түрде зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға болмаса бір жылға дейінгі мерзімге бас еркін шектеуге не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Және де адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы немесе қызмет бабын пайдалана отырып, бұқаралық ақпарат құралдарын, ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдаланып жасалған дәл сол іс-әрекет 5000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. 
Жоғарыда аталған баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделгеніндей, адамға, ұйымға, мемлекетке ірі нұқсан немесе басқа да ауыр зардаптар келтірген іс-әрекеттер 7000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға я болмаса үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге, не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, ал, осы баптың бірінші, екінші, үшінші бөліктерінде баяндалғанындай, төтенше жағдайда, ұрыс жағдайында, соғыс уақытында немесе көпшілік іс-шаралар өткізу кезінде жасалған іс-әрекеттер бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соқтырады.
 

Бір қызығы, жалған ақпарат тарататындар арасында үлкендермен қатар, балалар да жүреді. Осындай келеңсіздікке барған жасөспірімдерге де жауапкершілік нақтыланған болар?
– Жалған терроризм жайында ақпарат берушілердің қатарында үлкендерді былай қойғанда, жасөспірімдердің де жүретіні өкіндіреді. Балаға бала деп қарасақ та, еліміздің Қылмыстық кодексінде оларға да жауапкершілік көрсетілген. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 15-бабында он төрт жасқа толғандардың жауапкершілікке тартылатыны жөнінде нақты айтылған.
Статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, 25 пайызға жуық терроризм туралы жалған хабар 14 жасқа толмаған жасөспірімдерден түсетін көрінеді. Бұған бейжай қарамау керек. Керісінше, бұзақылыққа барғандардың ата-аналарын азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тарту қажет.  Осындай жалған ақпар таратып елді әбігерге салатындар, телефон бұзақылары енді жазадан қашып құтыла алмайды. Оған себеп, шұғыл қызметтердің жаңа техникалық желілермен жабдықталғандығы. Жаңа  құрылғылар қоңыраудың қай жерден түскенін тез анықтап береді. Тіпті, ұялы телефондарды да анықтай алады. Және де қоңырау шалған адамның атын, тегін, мекенжайын көрсетіп беретін компьютерлік бағдарламалар да бар. Қоңыраулар үнтаспаға жазылатындықтан, қауіп-қатер дабылы түскен жерге бірнеше минутта-ақ шұғыл қызметкерлер жетіп келеді.
Жалған терроризм тек қана құқық қорғау органдарының, заң қорғау ведомстволарының проблемасы емес. Ол еліміздің барлық адамдарына қауіп төндіретіндіктен, экстремизммен күресуге құқық қорғау органдарымен қатар, барлық мемлекеттік мекемелер, тіпті, кез келген адамның атсалысқаны абзал. Сондай-ақ, жиілеп кеткен телефон алаяқтары фактілеріне байланысты жалған телефондық хабарлар түскен уақытта мұқият болу қажеттігін ескерте кетейін. Осындай фактілер кездесе қалған жағдайда алаяқтардың айтқанына ермей, тез арада құқық қорғау органдарына хабарласу керек.