Аудандық «Маңғыстаунама» сайысы аясында қоғам қайраткері Сайын Шапағатовтың 75 жылдығына орай өткізілген тәрбие сағатының жүріс жоспары.
Тәрбие сағатының тақырыбы: Ұлтын ұлықтаған Ұл.
Тәрбие сағатының мақсаты: Қара халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, рухын шыңдаған саясаткер, қоғам қайраткері- Сайын Нәдірұлы Шапағатовтың тұлғасын оқушыларға таныту; ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, ұлттың абыройын асыруға, ана тілді ардақтауға қызмет еткен аяулы азаматтың еңбек жолын үлгі ете отырып, оқушыларға рухани тәрбие беру.
Тәрбие сағатының өткізу түрі: рухани саяхат сабағы.
Тәрбие сағатын өткізу әдістері: АТК-ны қолдану, диалог, кластер әдісі, қабілетті оқушымен жұмыс, шығармашылық жұмыс.
Көрнекіліктері: Бейнеролик ,слайд, буклет
Мұғалім-жолсерік: Сәлематсыздар ма, оқушылар, бүгін біздің қоғам қайраткері, саясаткер Сайын Нәдірұлы Шапағатовтың 75 жылдығына орай өткізіліп отырған саяхат сабағымызға қош келдіңіздер.
(Бейнеролик тамашалау)
Оқушы-гид: Сәлематсыздар ма, жолаушылар, Маңғышлақ-Алматы бағытындағы пойызымызға қош келдіңіздер! 1-інші бекет - «Отпанның биік шоқысы».
(Диалогтық бөлім )
Сайын Шапағатов қай жылы, қай өңірде дүниеге келген?
Әкесі Нәдір ақсақал кім болған?
С.Шапағатов қай оқу орнын бітірген? Мамандығы қандай?
С.Шапағатовтың спорт әлеміне қатысы болды ма?
С.Шапағатов өндірістің қай саласында, қандай қызметтер атқарған?
2-нші бекет - «Әр шыңның самғап ұшқан қыраны бар» алғысөз жазу
1989 жылы жаз айында Жаңаөзен қаласында өріс алған, «Өзен оқиғасы» деген атпен Кеңес Одағына әйгілі болған Маңғыстау маусым оқиғасының себептері мен салдарларын Сайын Шапағатов жақсы түсініп жергілікті партия мен Совет басшыларын қатал сынға алды. Мұнайлы бай өлкеде тұрсада тұрмысы нашар, үй-күйі, жұмысы жоқ, өз туған және тұрған жерінде өзге ұлттан төмен күй кешіп, өгей атанған жүздеген жергілікті тұрғындарға, жастарға саяси тұрғыдан дұрыс бағыт беретін, оның себептерін ашып, шындықты айтатын ұйым қажет болды. Міне, «Парасат» саяси-қоғамдық ұйымы осылай дүниеге келді.
Ортаға ғаламтор желісімен жақсы жұмыс жасайтын үш оқушыны шақырамын.
1-оқушы –ғаламтордан осы «Парасат» қоғамының құрылу себептері мен алғышарттарын табу;
2-оқушы – «Парасат» қоғамының алдына қойған негізгі мақсаттарын табу;
3-оқушы – «Парасат» қоғамының атқарған жұмыстарын табу.
3-інші бекет. «Жақсының аты өлмейді» Рефлексия.
Тілші-оқушы: Сайын аға туралы естеліктерді тыңдап өтейік.
О. Көшбайұлы: Сайын Шапағатовтың аты аталғанда көз алдыңа қара халықтың арын арлап, жоғын жоқтаған ақберен Азамат келеді. Тұла бойынан туған жерінің өзімен біте қайнасқан даласының иісі аңқыған, өзі арман еткен жемісінің дәмін көп тата алмай, «тар жол, тайғақ кешудің» қиын соқпағында өмірден ерте кеткен ерекше бір болмыс иесі келеді. Өйткені ол бүкіл бітім-болмысымен «Ата қоныс – ар үшін, әке мен бала, жар үшін, арыдан қалған із үшін, артынан туар біз үшін» (С.Адай) арпалысуды арман етіп, өз халқының тарихы мен мәдениетіне, өткені мен бүгініне қанып, суарылған, шыңдалған нағыз сегіз қырлы семсер еді!
А. Қилыбаева: - Қандай қоғамда да оқшау адамдар болады. Оның сөзі де, өзі де, ойы да, тіпті қимыл-әрекеті де, талабы да өзге болғандықтан қасаң қағидалы кісілерге тосын, оғаш болып көрінетін. Сайын Шапағатоы – өте қайсар, білімді еді. Оқшаулығымен ғана емес, өзінің көшбасшылығымен , көрегенділігімен, шешендігімен, парасаттылығымен көзге ең алдымен түсетін Сәкең сондай ерекшеліктерімен дара болатын. Оның орындаушылары болдық. Ол кезде менің Сайынның деңгейіндей сауатым, ілімім болған жоқ. Өйткені ол әбден дайындалған жігіт екен, өмір бақи дайындалған. Небір білгіштердің аузын аштырмайтын. Сол кездегі басшылықты тыңдата білді.Сайын бастаған біздер талап етіп барған жиындарымызда шенділер тайсақтап шыға келетін.
А.Досанова: - Қалай дегенмен, Маңғыстаудағы ғана емес Қазақ еліндегі соңғы онжылдықтардағы алғашқы демократиялық қозғалыстың дем берушісі - Сайын Шапағатовты ұмытуға болмайды. Ол кісінің көп ұстанымдары уақытында ескерілмегенімен олардың дұрыстығын тарих дәлелдеп шықты.Сайын Шапағатов туралы қолдағы бар деректерді мұқият жинақтайтын уақыт өтіп барады.
Тілші-оқушы: Құрметті, оқушылар, бүгінгі саяхатымыздан алған әсерлеріңіз қандай?
Мұғалім-жолсерік: Қазақстан демократиялық саяси ұйымдарының көшбасшы қайраткерлерінің ірі тұлғасы, «Парасат» қоғамдық-саяси демократиялық қозғалысының тұңғыш төрағасы – Сайын Нәдірұлы Шапағатов қысқа, қиын – мәнді өмірінде қарапайым мұнайшы-оператор, комсомол, кәсіподақ, партия қызмет жолдарынан өтіп, ірі саяси тұлға, қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді.
Ол бар болғаны 51 жыл өмір сүрді. Бірақ, оның жарқын бейнесі, тындырған істері, көтерген мәселелері ел азаматтарының, саяси серіктерінің , халқының есінде мәңгі сақталады деп анық та нық айтуға болады.
Жасаған жұмыстары:
Фабрика, зауыттар, кәсіпорындарға ұлттық мамандар көптеп тартылуына ықпал етті;
Қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалардың ашылуына тікелей араласты.
Ұлттық тіліміз бен мәдениетімізд, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді, өнерді дамыту, халықтар достығын үгіттеу бағытында Республикалық,облыстық, аудандық деңгейдегі шараларды ұйымдастыру;
Халықтың әлеуметтік-тұрмыс жағдайына байланысты келелі мәселелерді батыл көтеріп, шешіп отырды.
Өткен уақыттардағы ата-мекен, жер атауларының тарихи атауларының қайтарылуына өз ықпалын тигізді.Нәтижесінде, Қазақстанда бірінші рет облыс орталығы Шевченко қаласы Ақтау деген тарихи атауына қайта ие болды.
Алғаш рет еліміздің батыс аймағында ұлықсат етілген бейбіт шеру ұйымдастырып, партия мен үкімет басшыларына саяси, әлеуметтік талаптар қойды.
Алдында ғана таратылған Маңғыстау облысының қайта құрылуына тікелей атсалысты.
1989 жылы 14 наурызда Қазақстанда тұңғыш рет Сайын Шапағатовтың бастауымен Маңғыстауда жыл басы – Наурыз тойы ұйымдастырылды.
1989 жылы жаз айында Жаңаөзен қаласында өріс алған, «Өзен оқиғасы» деген атпен Кеңес Одағына әйгілі болған Маңғыстау маусым оқиғасының себептері мен салдарларын Сайын Шапағатов жақсы түсініп жергілікті партия мен Совет басшыларын қатал сынға алды. Мұнайлы бай өлкеде тұрсада тұрмысы нашар, үй-күйі, жұмысы жоқ, өз туған және тұрған жерінде өзге ұлттан төмен күй кешіп, өгей атанған жүздеген жергілікті тұрғындарға, жастарға саяси тұрғыдан дұрыс бағыт беретін, оның себептерін ашып, шындықты айтатын ұйым қажет болды. Міне, «Парасат» саяси-қоғамдық ұйымы осылай дүниеге келді.
1989 жылы сәуірде «Қоғамдық ұйымдар туралы» ҚР Заңы қабылданғаннан кейін, 4 маусымда «Парасат» қоғамы құрылып, тамыздың 17-нде «Парасат» қоғамы заңды тіркеуден өтті. «Парасат» қозғалысының негізгі мақсат ұраны: Қазақ елін ақиқат пен әділдік, бірлік пен тірлік, адалдық пен шындық үстемдік еткен, өркениетті демократиялық, құқықтық, тәуелсіз, унитарлық, ұлттық мемлекетке айналдыру!»