Ұрланған балалық...
Соғыс... Соғыс... Бұл сөздің мағынасын үш жасар бала Мұхаметжан түсініп те үлгермеді. Күнделікті таңнан қара кешке дейін көзі жасқа толы, көңілі қобалжыған, жол жаққа жалтақтап қарайлай беретін, көктем келісімен темекі өсіруде еңбек етіп, алты ай қыс кезінде тон тігіп, киіз басып, пима тігумен, аз да болса майданда жүрген ер азаматтарға көмегіміз тисе екен деген оймен, осы кездегі ауылдың бас көтерер үлкендері әйел адамдар ішінде, оның да анасы - Зағи ана бар еді. Бірақ, бұл аналар еңбек майданында жалғыз-жарым емес, құндақтаулы балаларымен бірге болатын. Анасының етегінен ұстап, еш кедергі келтірмей, құдды бір енесіне ерген құлындай жүгіріп жүрген баланы анасының құрбылары Тайлақ атап кетіпті. Бара- бара өзінің азан шақырып қойылған есімін ұмытып, «тайлақ» сөзін естісе әлі күнге «ау» деп жалт қарау, әдетке айналған. Соғыстың арқасында еркелікті ұмытып, ерте есейген бала белі қатпастан соқамен жер жыртып еңбекке құлшына араласты. Бүгінде заман өзгерген, адам өзгерген уақытта Мұхаметжан атамыздың жасы жетпістің сегізін арқалады. Шелек ауылында жарты ғасырды бірге өткізген, суықта бірге тоңып, ыстықта біріне-бірі көлеңке бола білген өмірлік жолдасы Үсенова Айым әже екеуі, еліне құрметті, сыйлы, үлгілі отбасының иелері. Бес қыздың әкесі мен шешесі, жеті немеренің бақытты атасы мен әжесі атанып, енді шөбере сүйсек деген асыл арман алға жетелеп өмір сүруде. Еміс-еміс есінде қалған естеліктер есіне түссе, әлі күнге көзіне жас алмай отыра алмайды. Ес білгелі анасына қол ұшын беріп, егістік алқабында басталған балалық шақ, сол жерде қалып қойғанын сезбей де қалған екен. Қуанышты хабар үй-үйді аралап, соғыстың аяқталғанын естігенде, ол да көршілес балалармен сүйіншілеп ауылды аралаған еді. Бірақ, баласының қуанышын ана көңілі бөлісе алмады, тек үнсіз я жымиған, я жылағаны белгісіз күйде отыра берді. Иә, бұл үлкен қуаныш еді. «Жеңіс» сөзі әп-сәтте ауыл- аймақты гүлдендіріп, құлпыртып жіберді. Ұзақ уақыт жылдың қай мезгілі екенін ұмыта бастаған ауыр кезеңнен соң қайта оралған, бұл – көктем мезгілі еді. Бала Мұхаметжан ана көңілін жылдар өте келе түсінді. Әкесі Айтжанов Шаяхмет 1941 жылы Сталинград қаласын азат ету соғысында ауыр жарақат алып, Молотов (қазіргі Орал) қаласында госпитальде жатқан кезінде төбеден жауған жау бомбасының астында қаза тапқандықтан, үйінің есігін тек қана қайғылы қара қағаз қаққаны есінде. Араға қаншама жылдар салып, сол қаладағы Белгісіз солдатқа арналған ескерткіш тақтада әкесінің есімі қашалып жазылғанын дереккөздерден білгенде ғана мәңгі оралмасын түсінгендей. Әкесінің кіші бауыры Құрманғали (Құрмаш) Айтжанов анасының айтуы бойынша Алматы қаласында механиктер дайындайтын техникумда оқып жүрген жерінен 19 жасында Фин соғысына аттанады. Соғыс аяқталғанда қасында бірге болған ауылдың адамы Берлинде немістердің лагерінде бірге болғандығын, аман екендігін, бірақ қамаудан босатқанда есік алдында есімін атап біреудің тоқтатқанын, содан қайта кездеспегендігін үйге келіп хабарлапты. Өкінішке орай Құрманғали атамыз елге, үйіне оралмапты. Өзінің үлкен ағасы Баймұхан Айтжанов 1943 жылы Қытайда жүріп жатқан соғысқа қатысып, жараланып үйіне оралғанда үлкен қуанышқа кенелтіп еді. Ерте ме, кеш пе жан алатын сұм соғыстың салған ізі, күннен күнге ағзасын ауырлатып, көп ұзамай демеу көрген ағасы да өмірден озыпты. Осы кезде сәл де болса жүрегі жібіп, өмірге деген құлшынысы артқан анасына да, еркек кіндік бір отбасына жауаптылық сезініп, жүк арқалаған балаға да өте ауыр әсер етті. Әпкесі Діллә, қарындасы Айымгүл үшеуі Зағи ананың көңіліне кірбің түсірмеуге тырысып адал еңбектерімен, таза пейілдерімен сүттей ұйыған ауылдың белді, сыйлы, құрметті отбасының бірі болып ел қатарлы өмір сүрді.
[pic]
Қазіргі таңда өткен күн көз алдынан бейне бір көрген түстей немесе қорқынышты фильмдей өтіп жатыр. Бірақ, бұл – елес емес. Бұл – ұрланған балалық шақ. Әлі күнге соғыс салған жараның аузы жазыла қоймады. Сондықтан да атамыз: «Бала бақытын ешкім ұрламасын, ешқашанда қара бұлт төбемізден төнбесін, балалардың болашағы тыныш, бейбіт, ашық аспан астында, қуаныш пен шаттыққа толы болсын», - деп ақ батасын беріп жүр.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы М.Маметова ат.орта мектеп Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Ш.Айтжанова