«Наурыз жыл басы»
(тәрбие сағаты)
Мақсаты: Балаларға Ұлыстың ұлы күні туралы мағлұмат беру, балаларды елін, Отанын сүюге, ұлттық салт – дәстүрін дәріптеуге тәрбиелеу.
Барысы: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!
Естімеген естіңіздер!
Тыңдамаған тыңдаңыздар!
Ауылда той басталды!
Қайырлы күн, құрметті қонақтар.
Ұлыс күндеріңіз құтты болсын!
Келе жатыр жылымыз,
Мейрамдаймыз мұны біз.
Халқы сүйген мейрамды,
Қарсы алайық Наурызды!
Наурыз тойын жұп жазбай,
Қошеметпен қарсы алып.
Досқа құшақ ашайық,
Өлең-жырға басайық.
Қазақтың бір салты деп
Тойға шашу шашайық.
(«Наурыз» әні орындалады. Ортаға шашу шашып әже келеді.)
Қош келдіңіз әже, бүгін бізге қонақ болыңыз! Төрлетіңіз.
Баршаңызды халқымыздың ең ұлы мейрамы, адам баласымен табиғат ана қайта жаңғырып, түлейтін – әз Наурызбен шын жүректен құттықтаймыз!
Күллі шығыс жұртына ортақ мереке Наурыздың тарихы тым тереңде жатыр. Күн мен түн теңелетін, ырысы мол мереке біздің жан–дүниемізді шуаққа бөлейді, ой ниетімізді таза арнаға бұрады. Бұл кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен түсіністіктің мерекесі.Бұл күні біз өткен жылда жасаған жұмысымызға есеп беріп , келешекке жоспар құрамыз,тәуелсіз еліміздің өркендеп өсуі жолында жаңа бастамаларға негіз қалаймыз.Наурызда айтылған барлық тілек қабыл болады деген де наным бар.
Наурыз күні той-думан,
Ортамызды ашайық.
Әнімізбен халыққа,
Інжу-маржан шашайық.
Ән: «Қош келдің, төрлет Наурызым»
Балалардың тақпақтары:
Бәрекелді балалар. Тақпақты сондай жақсы айтады екенсіңдер. Ал енді Күш сынасуға, әркімнің өз ептілігін сынауға уақыт келіп жетті.
Ойын: «Күш сынасу»
Қазақтың мың бұралған биі қандай?
Әсемдік әлемінен құйылғандай.
Сахнаға шыққанда сұлу қыздар,
Тағаты көрерменнің тиылғандай.
Би : «Қамажай »
Халқымыздың ұлттық өнерінің тағы бір керемет түрі бұл айтыс. Наурыз мейрамында ақындар айтысы болып отырған. Ақындар жақсылық пен жамандық, суық пен жылының күресін жырлаған.
Халқымыздың ежелден келе жатқан бұл төл өнері бүгінгі ұрпақ бойында да өз жалғасын табуда. Осындай тамаша өнерді жалғастыру өз парызымыз деп түсінген кішкентай айтыскерлерімізді қошеметтеп қарсы алайық.
Қыздар айтысы: Тұмар мен Ақмаржан
Бауырласқа тәнтіміз,
Бұзылмаған салтымыз.
Кең даламның ежелгі,
Қазақ деген халқымыз.
Өзге ұлттай біздің де,
Бар дәстүр мен салтымыз
Би: «Көкпар»
Наурыз жырын жырлаймыз,
Онымен де тұрмаймыз.
Шыңдалып жеткен бұл күнге,
Ел дәстүрін сыйлаймыз.
Наурыз мерекесі ұлттық мерекеміз болғандықтанда өз ұлтымыздың салт-дәстүрін айтпай кетпеске болмас. Салт-дәстүрлерінің ішіндегі бала тәрбиесіне байланысты тәрбие дәстүріне тоқталсақ.
Қазақтың салттарын ата-аналарымыз қаншалықты білетінін тексеріп көрелік. (Қоржыннан сұрақтар таңдалып алынады. Ата-аналар жауап береді.)
1.Шілдехана-жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын-сауық, той.
2.Кіндік кесер-нәресте туған сәтте оның кіндігін әйелдер кесуге (кіндік шешесі) дайын тұрады. Кіндік кесу-мәртебелі, абыройлы іс.
3.Бесікке салу-жаңа туған баланы бесікке салу. Бесік қасиетті,киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі.
4.Тұсау кесер-сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып.
5.Базарлық-алыс сапарға шыққан адамдардың жақындарына (жерлес,көрші-көлем,жас балалар, сыйлас адамдарына) әкелген сыйлығы.
6.Байғазы-балалардың, жастардың жаңа киім үшін берілетін ақшалай,заттай сый.
7.Асату-ет желініп болған соң төрде отырған ақсақал табақта қалған етті жас балалар мен жігіттерге асатады.
Мінекей көптеген салт-дәстүрлерімізді біліп біраз мағлұмат алдық. Енді ата-аналарымыз ұлттық салт-дәстүрдің әр түрін көрсетпекші. Барлығымыз тамашалайық.
Ұлттық салт-дәстүр көрсеткен аналар мен әжелерге кәде сый көрсету.
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен жақсы күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй.
Ән: «Ақ тілек» (қыздардың орындауында)
Ей, балалар, балалар!
Енді маған қараңдар!
Наурызды тойлайық,
Қызық ойын ойнайық.
Ойын: «Арқан тартыс»
Наурыз – шыр айналған жылдың басы,
Адамның өлшенеді өмір жасы.
Қазақтың пейіліне, жарасады,
Әр үйде дастарқанға толған асы.
(Ата-аналар дайындаған ұлттық тағам түрлерімен таныстырады.)
Наурыз шаттық әніміз,
Салтанатты сәніміз.
Ән саламыз бәріміз,
Би билейміз бәріміз.
Би: «Батырлар»
Ән: «Наурыз-біздің Жаңа жыл»
Ұлыстың ұлы күні ұлы адамнан бата алса, сол жылы олжалы болады дейді. Әже, батаңызды беріңіз. (Әже бата береді.)
Наурыз құтты болсын!
Дендеріміз сау, мықты болсын!
Наурыз тойы келе берсін!
Барлық халық бақытты болсын,
Қош ,сау болыңыздар, халайық!
Көріскенші күн жарық болсын!
Осымен бүгінгі ертеңгілігімізді аяқтаймыз.