«Ж.Ақылбаев атындағы эксперименталдық мектеп - гимназия» КММ
«Ұрпақ тәрбиесі – ел мұраты»
Өткізген: А.А.Есенова
6 «Ә» сыныбы
Ақсу – Аюлы мекені
2015-2016 оқу жылы
Тақырыбы: «Ұрпақ тәрбиесі – ел мұраты»
Тәрбие сағатының мақсаты:
Білімділік: Оқушыларға ұрпақ тәрбиесі ең алдымен отбасынан басталатындығын түсіндіру. «Отбасы», «Тәрбие» деген сөздердің мағынасын білуі.
Тәрбиелік: Оқушыларды жаңа тақырыпты талқылауға, өз бетімен жұмыс істеуге үйрету, ой өрісін, ойлау қабілетінің белсенділігін арттыру.
Дамытушылық: Инабатты, тәрбиелі тұлғаны қалыптастыру.
Сабақтың түрі: дәстүрлі
Сабақтың әдісі: талқылау
Сабақтың көрнекілігі: Интербелсенді тақта
Сабақтың барысы:
1.Ұйымдастыру кезеңі.
Оқушылармен сәлемдесіп, сынып ұжымын сабаққа бейімдеу.
Кіріспе сөз
Мұғалім: Адамның адамшылдығы – ақыл,
ғылым, жақсы ата, жақсы ана,
жақсы құрбы, жақсы ұстаздан
болады.
Абай
Бала тәрбиесі — өте ерте заманнан бастап адамзатты толғандырып жүрген өмірдің өзекті мәселелерінің бірі. Нәресте шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, ата -ананың аялы алақанына, мейірім — шапағатына бөлінеді, ата- ананың мейірімді жүзі, жылы жүрегі, ыстық құшағынан балаға дүниеге есігі ашылады, оның дүниеге танылып, өмірді білуі осыдан басталады. Баланы болашақ өмірге, белсенді еңбекке даярлауда, оның ақыл ойы, адамгершілік- эстетикалық сезімдерін, логикалық ойлау қабілетін қалыптастыруда – балаға құрметпен қарау қажет. Баланың қажеттілігі мен қызығушылығын түсіне білу ата – ананың, тәрбиешінің басты міндеті.
Егеменді еліміздің болашақ ұрпақтарының сана-сезімін, ұлттық психологиясын, ата-бабаларымыздың салт дәстүрімен сабақтастыра отырып, тәрбиелеу қазіргі күннің ең өзекті мәселенің бірі болып есептелінеді.
Ұлттың болашағы ұрпағында болса, ұрпақтың болашағы ұстаз қолында. Осы кезде К. Д. Ушинскийдің пікірінше «Баланы жан – жақты етіп тәрбиелеу үшін оны жан – жақты білу керек» деген пікірі педогикалық іс-әрекеттің психологиялық қызметпен тығыз қарым – қатынаста болу керектігін дәлелдеген.
Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі.
Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындығы, өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алмайды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе? Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасында бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы бар.
Ата-ана өз отбасын нығайта отырып, сонымен бірге оның балаларға толған мүшелерін үй болуға, өз шаңырағын көтеруге әзірлеуі басты, әрі өте жауапты міндет болып саналады. Жас отаудың түтіні түзу шығып, махаббат пен тату-тәттілік, береке-бірлік орын тепкен жылы ұяға айналуы, босағасы берік, болашағы нұрлы болуы көбіне-көп жас жұбайлардың үлкен үйде алған тәрбиесі, көрген өнегесіне байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда, соны ілерсің», «Анасына қарап, қызын ал», — деп, халық бәрін бастан кешіп, сынақтан өткізгендіктен айтқан. Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік те отбасында шын ықылас-пейіліменен баланың көкірегінде орын алады. Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап-тілектері – баланың «әдепті бала» болып өсуі. Сондықтан қазақ жанұясы әрдайым: «Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсіргені. Қазақ отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Үнемі жанұясында осылай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып шыға келеді. Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, балаларының ер-азамат болып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған. Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі — әйел. Әйелдің бұл рөлі отағасының жамағатына, бала-шағаның анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас-қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая, биіктей береді. Әрине, әйел де өзінің аналық борышын ұмытпағанда, әсіресе, ерімен қабағы жарасып, тату – сүйіспеншілікте тұрғанда мәртебесі арта түспек. Әйелдің еріне қарым-қатынасы балалардың әкеге көзқарасының, сипатын анықтайтыны берік есте болуға тиіс. Мұның өзі, бір жағынан, үй ішіндегі әдептің бастау көзі екені анық. Демек, балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы, ерлі-зайыптылар балалар көзінше бір-біріне қатты, балағат сөздер айтыспақ түгіл, дауыс көтеріп, керісуге тиіс емес. Олай еткенде, өз беделдерін жоғалтудың, бала – шағаның жүрегін шошытып, зәресін ұшырудың үстіне, олардың кейін өздері отбасы болғанда, алдарынан шығатын жаман әдеттің бірі болады.
Бұл жағынан аналардың балаларға: «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» т.б. сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы қандай ғанибет! Атақты «Абай» эпопеясында халқымыздың осыған орайлас қадірлі дәстүрін танытатын мынадай бір тағылымды эпизод бар. «… Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешірек жеткен, 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: «Әй балам, анда әкеңдер тұр, әкеңе барып, сәлем бер!» – дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі». Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы осындай тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық.
Ата-ананың бір-бірінің қадір-қасиетін осылайша ардақтап, беделін өсіруі, араларында өкпе-наз, кикілжің туа қалғанда, оны балалардан оңашада, екеу ара шешіп отыруы – шынайы инабаттылық, әдептілік. Атап келгенде, қоғамда әдеп-инабат өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылуында отбасының маңызы орасан зор. Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне қатысты әдеп-адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ, демек, ұрпақтарына құтты қоныс, жайлы болашақ қамтамасыз етілмек!