Манашова Жанаргүл Қалдымұратқызы
Т.Жармағамбетов атындағы орта мектебінің бастауыш класс мұғалімі. Байғанин ауданы Ақтөбе облысы
Тәрбие сағаты
Сайыс тақырыбы: «Әкеге қарап ұл өсер»
Мақсаты: 1. Халықтық педагогиканы насихаттау,мектеп пен ата-ананың
байланысын нығайту. Өнерлерімен танысу.
2. Отбасы ынтымақтастығын дамыту, әкелердің бала
тәрбиесіндегі ролін нығайту.
3. Әкеге қарап ұл өсер, әке тәрбиесін алу, үлгі тұтуға тәрбиелеу.
Өту барысы:1. Ұйымдастыру.
Кіріспе.
Қайырлы күн қадірлі қонақтар! Жарқын болашаққа нық қадам басқан жас бүлдіршіндер! 7 мамыр- Отан қорғаушылар күні құтты болсын! Бейбітшілік, тыныш заман болсын! Ер балаға үлгі-өнеге беретін әкелер аман болсын дей отырып, 1 класс оқушыларының арасынан ұйымдастырылған «Әкеге қарап ұл өсер» атты сайысымызға қош келдіңіздер.
Жүргізуші: ӘКЕ,АНА. Осы бір сөздердің ішінде қаншама ұлылық жатыр десеңізші?!
Жиналыппыз сәтті күні бәріміз де,
Үлкен-кіші, жасымыз да, кәріміз де.
Төрлетіңіз қадірменді қонақтар,
Жайнаған мына біздің төрімізге- деп
алдарыңызда өнер көрсететін отбасының тірегі әкелерді балаларымен қоса ортаға шақырайық, таныс болыңыздар.
Нұрқанат және әкесі Мұратхан Наурызбаевтер отбасы
Нұрхан мен әкесі Ермек Нұрашовтар отбасы
Нұржан мен әкесі Сертай Елтаевтар отбасы.
Жүргізуші: Балалар, қолдарыңды алға созып, алақандарыңа қараңдаршы, бас бармағыңды кімге теңейсіңдер? Қалған саусақтарыңды ше? (Балалар жауаптарын тыңдау). Ендеше менің сөзіме де назар аударып көріңдер:
Бас бармағым — атам, үйдің данасы.
Балаң үйрек — әжем, ошақ анасы.
Ортан терек — әкем, отау панасы,
Шылдыр шүмек — шешем, шаңырақ ажары.
Титтей бөбек — мен, бәрінің базары.
Балалар және ардақты әкелер, қош келдіңіздер дей отырып, сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
Бүгінгі сайысымызды бағалайтын әділ –қазы алқасын сайлап алайық.(төрешілерді сайлау)
Жүргізуші:
Жақсы бол, жігіт болсаң ел көргендей,
Досыңа қосылғандай дәм бергендей.
Жігіт бол, жігіт болсаң бұлғақтамай.
Орынсыз сөз сөйлеме шаң қаққандай.
Еліңе жақсы сөзді жаса әуелі.
Халқыңа көңіл бөліп тыңдатқандай.
Сайыс кезеңдерімен таныстырайын
1.Таныстыру
2. Үй тапсырмасы: Қолдан шыққан бұйымдар. (қол өнер бұйымдары немесе отбасымен жасалған қандайда бір бұйымды таныстыру, жасалу жолдарына тоқталу.)
3.Көркіңе ақылы сай (сұрақтарға жауап)
4.Сөз -мерген (мақалдар жарысы)
5.Өнер көрсету (ән немесе би)
6.Анамыз үйде жоқта... (ілгек қадау, шаш өру)
7.Күш атасын танымас (спорттық шаралардан үзінді )
Жүргізуші:
Ей,жігіттер!
Сендерге артар міндет көп.
Көтер биік ата-салтын құрметтеп.
Ақтай білсең ата-баба үмітін,
Әрбір сөзі – тәлімі мол бір мектеп,-дей отырып сайыскер отбасылармен танысайық.
1-бөлім. «Таныстыру» (Ұлдар өздерін таныстырады)
Жүргізуші:
Сайысымыздың келесі 2-ші бөлімі «Қолдан шыққан бұйымдар» яғни үй тапсырмасы. Жігіттеріміз өз қолынан шыққан бұйымдарын халыққа көрсетіп, жасалу жолын түсіндіреді.
Жүргізуші:
Білекті бірді жығар
Білімді мыңды жығар,- дей отырып, сайысымыздың 3-ші бөлімі «Көркіне ақылы сай» деп аталады. Әкелеріміз бен ұлдарымыздың білімдерін анықтайық.Ойлануға 1 минут беріледі.
Жүргізуші:
Сайысымыздың 4-ші бөлімі «Сөз мерген»деп аталады. Ұлдарымыз тақырып таңдайды, сол тақырыпқа байланысты мақалдар айтудан жарысады.Ең төмені 3-тен кем болмауы керек.
Жүргізуші:
Өнерлі өрге жүзеді талаптанып,
Қыран биік самғайды қанаттанып.
Адам үшін парыз ғой өнер іздеу,
Жүрген соң Адам деген атақты алып, - дегендей, ендігі кезең 5-ші бөлім « Өз өнерін » көрсету. Ұлдар өз өнерлерін көрсетеді.
Жүргізуші: Сайысымыздың ең қызықты кезеңі де жетті. «Жігітке жеті өнер де аз » дей келе, 6-шы бөлім «Анамыз үйде жоқта » деп аталады. Аналарымыз қыдырып кеткен сәтте, әкелеріміз ұл-қыздарының киімдеріне түйме қадап, ұлдарымыз қарындастарының шашын өріп мектепке жіберу керек. Сәл сәттегі қимылдар. (түйме қадау, шаш өру)
Мұғалім: Сайыскерлеріміз дайындалғанша, қыздарымыздың жыр шумақтарын қабыл алыңыздар.
Музыкалық үзіліс. Ән: «Алға,қазақ жігіттері!»
Жүргізуші:
Ат өнері білінбес,
Бәйгеге түсіп жарыспай.
Ер өнері білінбес,
Қоян қолтық алыспай,-дей келе сайысымыздың соңғы 7-ші бөлімі «Күш сынасу»
Жүргізуші:
Келесі тамашалайтын әсем ән жігіттерімізге арналады. Ән: «Сарбаздар»
Сергіту сәттері. Қызықты тапсырмалар:
1 тапсырма — «Қызықсыз газет». 1 минут ішінде әкелер газетті бір қолмен ұсақ жыртып тастау керек, сол сәтте бала әкесін екінші қолынан ұстап тұрады. Ұпайға газеттің бөлшектері саналады.
2-тапсырма: Баласының дәптердегі жазуын табу
3-тапсырма: Қайсысы білгір,білімді,
Талабына қарайық
Кімдер зерек,кім жылдам
Тапқырларды табайық-деп логикалық ойлау ойыны «Әдептілік» сөзінен бірнеше сөз құрастыру.
Әділ-қазылар алқасының қорытынды сөздері
Сайыскерлерді марапаттау.
Қорытынды:
Бала үшін әкенің орны бөлек. «Әке» деген сөзді айтқанда өзіңе пана болар, қиындыққа қалдырмас,арманыңа қол созсаң ақ батасын беріп ақ жол тілейтін адамың екенін бала жүрегі сезердей. «Әкең барда орындалар арманың» дегендей,өмірдегі керегіңді алдымен бір Алла, екінші әкең берері анық.
Тамағымның тоқтығы,киімімнің бүтіндігі, оқуымның сапасы, ұйқымыздың тыныштығы- осының бәрі де асқар таудай айбатты әкелердің арқасы. Ендеше бар баланың бақытына бір Алладан кейінгі панасы «Әкелер» аман болса екен деймін!
Барына риза болсын көрермендер,
Үйреттік азын-аулақ білмегенін
Осымен бұл қызықты тәмәмдасақ,
Тағы да үйретерміз аман болсақ- деп сайысымызды аяқтаймыз.
[link]