Бактыгуль Ешекенева
«Чернова орта мектебі» КММ
Шығыс Қазақстан облысы
Катонқарағай ауданы
Аққайнар ауылы
«Ұлттық тәрбие-ұлт болашағы»
Мақсаты: Ата-аналар мен балаларды сайысқа қатыстыра отырып, мектеп пен ата-ана байланысын нығайту.
Міндеттері:
. Оқушылардың ұлттық тәрбие бастауы, отбасынан басталатындығы, отбасы құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту. Ұлттық салт-дәстүрді, өнерді оқушылардың санасына құю.
. Ұлттық тәрбие туралы білу іскерлігін дамыту.
. Ұлттық тәрбие негізіне тәрбиелеу
Тәрбие сағатын өткізудің формасы: сайыс
Әдісі: сұрақ-жауап, топпен жұмыс, ой қозғау, ойын, жаттығу, слайдтармен жұмыс.
Көрнекілігі: үнтаспа, слайдтар, сызба, қолөнер бұйымдары, асық, ою-өрнектер, «Тәрбиенің ең тамаша мектебі – отбасы»
Сайыстың барысы: ұйымдастыру кезеңі
Сайыс, сайыс, көңіл шіркін тасысын,
Сайыс, сайыс жанкүйерлер қол ұрсын.
Өнерлерін аямайтын біздерден,
Сайыскерлер ортамызға кеп енсін, – дей отырып бүгінгі сайысқа қатысушы топтарымызды қол соғып қошеметтеп ортаға шақырамыз. («Ата толғауы» күйінің әуені естіліп тұрады. )
Ал ендігі кезекте сіздерге сайысымызға өз ой пікір, тұжырымдарын білдіретін сарапшыларымызбен таныстырып өтейін.
Мұғалім: Құрметті ұстаздар мен ата- аналар, оқушылар!
Бүгінгі «Ұлттық тәрбие-ұлт болашағы» атты сайысымызға қош келдіңіздер.
Өнегелі ұрпақ ата–баба дәстүрін, әдет-ғұрпын, ырым-тыйымдарын дәріптейді. Біздің халқымыз салт-дәстүрге бай ел. Болашақта жақсы азамат болып өсулеріне, жан-жақты тәрбиелі болуларына отбасына берілген ұлттық тәрбиеге байланысты. Олай болса ұлттық тәрбиенің бастауы – отбасы деп бекерге айтылмаған.
Мұғалім: сайысымыз 7 бөлімнен тұрады. Енді сайысымыздың бөлімдерін таныстырып өтейін.
Сайыстың бөлімдері:
«Сәлем – сөздің анасы!» (Таныстыру)
«Өнерлі отбасы» (ән, би, өлең, мәнерлеп оқу)
«Өнерліге өріс кең» деп, өз қолдарынан жасалған бұйымдарымен таныстыру және қолөнер бұйымдарына салатын түрлі түсті ою-өрнектерді қағаздан қиып алып, таныстыру.
«Жарасып тұр дәстүрім» ұлттық дәстүрлердің бірін көрсету
Ұлттық ойындарды білеміз бе? ( Ұлттық ойынның түрін айту, көрсету)
«Менің отбасымның ұлттық тағамы» (Ұлттық тағамдарымыздың аттарын айту. Ұлттық астың дайындалу жолымен таныстырып, пайдасы туралы әңгімелеу)
«Ұлағатты ұлттық ұғымдар»
Мұғалім: Салт-сана, дәстүр сияқты әр халыққа тән өздерінің ұлттық ойыны болады. Қазақ халқының ұлттық ойындары сан алуан. Сайысымызды бастайтын кезек ретін анықтау үшін «Шеңбер» ойынын ойнайық. Шеңбер сызамын, оның ортасына асықтарды тізіп қоямын. Сіздер шеңбердің сыртында тұрып атасыздар. Қай топ асықтарды шеңбердің сыртына көп шығарса, сол отбасы сайысты бастайды.
Мұғалім:
Отбасылар келіп қапты танысуға,
Әдеппенен, ізетпен танысуға –дей келе
«Сәлем – сөздің анасы!» (Таныстыру)
Мұғалім:
Шалқып тасып әніміз,
Жадырасын жанымыз.
Өлең айтып, би билеп
Сайысамыз бәріміз, дегендей сайысымыздың келесі бөлімі «Өнерлі отбасы»
Мұғалім:
Шеберлердің өнер тамып қолынан,
Жаңылмаған ата - баба жолынан .
Шебер қолдар өз өнерін көрсетсін,
Біз көрелік шеберлердің өнерін-деп
«Өнерліге өріс кең» деп, сайысымыздың келесі бөлімі өз қолдарынан жасалған бұйымдарымен және қолөнер бұйымдарына салатын түрлі түсті ою-өрнектерді қағаздан қиып алып, таныстыру.
Мұғалім : құрметті қонақтар, сіздерге де көңіл бөлген дұрыс сияқты. Мына үзік-үзік сөздерден мақал құрастыру керек.
Ұяда .... ұшқанда .....(Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің)
Өле ... бөле...( Өле жегенше бөле же)
Тентектің ... түстен ...( Тентектің ақылы түстен кейін кіреді
Сөз ... өтеді (Сөз сүйектен өтеді)
Мұғалім: «Жарасып тұр дәстүрім» ұлттық дәстүрлердің бірін көрсету.
Бесікке салу – жаңа туған баланы бесікке салу дәстүрін көрсетті.
Қазақтың ғұрыптарының бірі «Ат қою» рәсіміне кезек берілді.
Тұсаукесер – сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын дәстүр көрсетілді.
Мұғалім:
Ұлттық ойындарды білеміз бе? ( Ұлттық ойынның түрін айту, көрсету)
1.«Бес тас» ойыны ойналды.
2. «Арқан тарту» ойыны ойналды.
3. «Сақина салу» ойыны ойналды.
Мұғалім:
Қазақ халқы үшін дастарқаннан үлкен, дәмнен үлкен нәрсе жоқ. «Ас- адамның арқауы» дегендей келесі бөліміміз «Менің отбасымның ұлттық тағамы» (Ұлттық тағамдарымыздың аттарын айту. Ұлттық астың дайындалу жолымен таныстырып, пайдасы туралы әңгімелеу)
Мұғалім:
Бүгінгі сайысымыз қызықты өтуі үшін кезекті «Ұлағатты ұлттық ұғымдар» деген танымдық ойынға берейік. Мына сандықшада асықтар салынған. Ол асықтардың бетінде сан жазылған. Сандықшадан кез-келген бір асықты аласыңдар. Шыққан сол санға байланысты сұраққа жауап бересіздер
Әжелер кезеңі.
« Наурыз тойы» , Қыдыр ата туралы не білесіз
.Ұлттық тәрбие беруде әжелердің үлесі неде деп ойлайсыз?
Шежіре туралы не білесіз? (Шежіре дегеніміз бір атадан ұрпақты таратып айту)
Киіз үй туралы не білесіз?
Аналар кезеңі
«3» саны нені білдіреді.
«5» саны нені білдіреді
«7» саны нені білдіреді
Балалар кезеңі.
Қазақ халқының тәрбие құралдарының бірі –тыйым сөздер. Бұл сөздер балаларды жаман әдеттен, жат пиғылдан сақтандырған.
Тыйым сөздер айту
Мұғалім:
Әділқазылар шешімін шығарғанша сынып оқушылары (сөзі мен әнін жазған Абдығафур Кенжебаев) «Домбыраның күмбірі» деген әнді орындап берсін.
Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар бүгінгі тәрбие сағатымызды қорытындылай келе, келіп қатысқан ата-аналарға алғыс білдіремін.Әрбір отбасына қуаныш, бақыт, мейірімділік тілеймін.
Қорытындылау.
Сайыскерлерді марапаттау
Осымен, бүгінгі мерекелік шарамыз аяқталды. Назар қойып, алтын уақыттарыңызды бөліп тыңдағандарыңызға көп рахмет.
Сайыстың қорытындысы. Әрбір жауаптары үшін топтардың алған ұпайлары саналып, жалпы көрсеткіші анықталды. Жеңіске жеткен топ марапатталды. Оларға мақтау қағаздары ұсынылды. Қорытынды мектеп директорына беріледі.
Қолданылған әдебиеттер:
«Әнші балапан» ән жинақ
« Жеті қазына» (С. Кенжеахметұлы)
Қазақ халқының салт – дәстүрлері ( С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова)
«Өнерліге өріс кең»
«Балғын балалық» (Абдрахман Асылбек)